- Мақала
- 28 Қараша, 2024
Өтініш ескерусіз қалмады

Ел өңірлері бүгінде қарқынды даму үстінде. Инфрақұрлымдық жүйелер жаңғыртылып, жаңа нысандар бой көтеруде. Жетісу облысының Көпбірлік ауылына қатысты осыны айтуға болады. Жуырда Көпбірлік ауылына кітапханасы бар жаңа мәдениет үйі салынатыны туралы өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданындағы іс-сапары кезінде мәлім болды. Облыс әкімі тұрғындармен кездесуінде осындай игі жаңалықты айтып сүйіншіледі. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыл тұрғындарының өтініші назарсыз қалмай, өңір басшысы лауазымды тұлғаларға аталған нысанның құрылысын жүргізуге әзірлік жұмыстарын қолға алу жөнінде тапсырма берген.
Көпбірлік ауылының халқы облыс әкімімен жүздесуге жуықта қолданысқа тапсырылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алдына жиналды. Жүздесуде жергілікті халық ауылға келетін жолдың түзеліп біткеніне және ауыз судың сапасы да жақсартылғанын тілге тиек етті. Облыс әкімі өз кезегінде тұрғындардың өмір сүруін жақсартуға бағытталған осындай жұмыстар әлі де жүзеге аса беретінін айтты.
– Көпбірлік – облыстың ең шалғайдағы ауылының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз облыс орталығына жақын елді мекендерді ғана емес, алыс жатқан ауылдарды абаттандыру мен дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ең бірінші сапалы ауыз су, жол, жарық және әлеуметтік нысандар керек. Тұрғындар тұрмыстың жақсарғанын сөз жүзінде емес, іс жүзінде сезінуі тиіс. Сіздердің ауылға келетін жолды жөндеп бітірдік, ауыз судың сапасын жақсарттық, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, ауылдық әкімдік салып бердік. Енді сіздердің өтініштеріңізге сәйкес кітапханасы бар мәдениет үйі тұрғызылады. Екі ауылдық округке ортақ өрт сөндіру депосын құрып, қажетті техникамен қамтамасыз етеміз. Сол сияқты көшелерді жөндеуге, жарықтандыруға назар аударылады, – деді өңір әкімі Б. Исабаев.
Ауыл халқы жасалып жатқан оң өзгерістерге ризашылығын білдіріп, өзге де талап-тілектерін білдірді.
– Ұзақ жылдардан бері біздің шалғайдағы ауылға арнайы келген бірінші облыс әкімісіз. Бұл ауылдықтардың мәселесі назардан тыс қалмайтынын көрсетеді деп ойлаймын. Мысалы, ауылымызда заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Мұнда балаларымыз дзюдо, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен секцияларға барып жүр. Бұл олардың денсаулығын нығайтуға да пайдалы. Осы жерден мықты чемпиондар шығады деп сенеміз. Ендігі бір тілегіміз, осы спорт кешенінің артында орын бар, сол жерге балалар үшін воркаут алаңын салып берсеңіздер, – деді ауыл тұрғыны Нұрлан Бердахметов.
Тағы бір тұрғын ауыл балаларын түрлі жарыстарға апару үшін шағын автобус бөлінсе деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі айтылған ұсыныстарды қолдап, аудан әкіміне және өзге де тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.Сол тәрізді осы кездесуде ауылдан Балқаш көлінің жағалауына апаратын 2,5 шақырымдық жолдың мәселесі де көтерілді. Ел тұрғындарының сөзінше, әсіресе жаңбырлы күндері жағалауға жету қиындық тудырады. Өз кезегінде облыс әкімі аталған жолға қиыршық тас төсеуге қаржылай көмек көрсетілетінін айтты.
Айта кетейік, бұл шақта Көпбірлік ауылындағы осы жылы қолданысқа тапсырылған ауылдық әкімдік ғимаратында болды. Үштөбе қаласындағы аудандық емхананың «Б» блогындағы жөндеудің барысынан хабардар болып, сондай-ақ жақында ашылған жаңа үлгідегі әскери комиссариат ғимаратында болды. Сондай-ақ аймақ басшысы Ескелді ауылындағы блокты-модульді медициналық пункт пен мәдениет үйінің құрылысы барысымен танысты. Бүгінгі таңда Жетісудағы Қаратал ауданының ең шалғай елді мекені – Көпбірлік ауылының тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізгені де көптің көкейіндегі түйткілді шешті. Ауылда орталықтандырылған су құбыры болғанымен, соңғы жылдары тұрғындар тұзды су ішуге мәжбүр болған еді. Түйткілдің қалайша шешілгенін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданына барған жұмыс сапары барысында арнайы көріп қайтты, – деп хабарлады Жетісу облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұрнағы кезде, яғни 2010 жылы ауылда сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылған еді, атап айтқанда жаңа желілер салынып, тереңдігі 100 метрден асатын ұңғыма қазылып, тұщыландыру қондырғысы орнатылды, ысырмалары ауыстырылды. Қолға алынған шараларға қарамастан, соңғы жылдары судың тұздылығы литріне 5,9 грамнан 8 грамға дейін өскен, сол себепті бұл ауыл халқын мазалаған мәселеге айналған болатын.
Бұған байланысты облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, мәселені шешуге қажетті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 2 км желіге қайта жаңғырту жүргізіліп, жаңа су мұнарасы тұрғызылды, оған қоса тұздану деңгейі литріне тіпті 12 граммға жеткен күнде де суды тұщыландыруға қуаты жететін жаңартылған тұщыландыру қондырғысы орнатылды.
Аймақ басшысы Көпбірлік ауылына барған сапарында судың сапасын көріп, тұрғындармен жолықты. Осы орайда кездесуге қатысқан ауыл тұрғындарының бірі Зәмзәгүл Несіпбаева:
– Ауыз су – тіршіліктің негізі көзі, денсаулықтың кепілі. Сондықтан оның сапасының жақсы болғаны маңызды. Бізде бірнеше жылдан бері ауыз су сапасы нашар болатын. Биыл бұл мәселе сіздің қолдауыңызбен шешімін тапты, халық риза. Ауылымызға бұдан былай да көңіл бөлінеді деп сенеміз, – деді. Атап өтсек, Көпбірлік ауылында 179 аула бар, соның 168-і орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Ауыл тұрғындарының саны 900-ден асады.
Балауса ӘБДІҚАЙЫМҚЫЗЫ,
Жетісу облысы

102 рет
көрсетілді0
пікір