• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

ҚОС ТАЛАНТ

Ұлттық музыка өнерінің саңлақтары Арман Жайым мен Алмат Сайжан туралы 

Қазақ ұлттық өнерін дәріптеп, әлемге танытып, сонымен бірге шәкірт тәрбиелеп, жас буынды алға жетелеу үстінде еңбек еткен, дәстүрлі музыкаға заманауи бояу беріп, дамуына өз үлестерін қосып жатқан Арман Жайым мен Алмат Сайжан – XXI ғасырдың белгілі дарын иелері. Олардың көп қырлы қызметінің арқасында тек бізде ғана емес, шет елдерде де қазақтың дәстүрлі аспаптарымызды, халық музыкамызды жаңаша түрде тани және түсіне бастады. Бұл қабілетті сазгерлердің еңбектері өнер саласы үшін теңдессіз құндылыққа ие.
 

Жайым Арман Айтқалиұлы 1983 жылы 25 қантарда Алматы қаласында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, күйші, дирижер, композитор Жайымов Айтқали Тілепқалиұлының отбасында дүниеге келді. Анасы да музыкант, прима-қобызшы, Алматы консерваториясында Фатима Жұмағұлқызы Балғаева класынан дәріс алып, С.Прокофьев, М.Төлебаев атындағы музыкалық мектептерінде еңбек етіп, көптеген лауреаттарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болған кісі. Арманның бойындағы талант оты жіті аңғарылып, 1990 жылы оны А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектебіне «Фортепиано» мамандығына оқуға береді. 2001 жылы Арман Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қабырғасында «Фортепиано» (2005), «Композиция» (2007) мамандықтары бойынша білім алып, 2021 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын «Композиция» мамандығы бойынша аяқтап шығады.
А.Жайым «Құрмет» орденінің иегері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, ҚР музыка қайраткерлері одағының мүшесі, ҚазҰӨУ-нің оқытушысы, өнертану магистрі. Сонымен қатар, Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Құрмет Грамотасымен», «Алпамыс Батыр» және «Қазақ Ұлттық Өнер Университетіне 20 жыл» төсбелгілерімен марапатталды. Ол әр жылдары республикалық композиторлар байқауларының лауреаты атанды: «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы – «Көроғлы» фортепианолық триосы үшін I жүлде (2009); «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы – қазақ оркестріне жазған «Мерекелік күй» шығармасы үшін I жүлде (2015); «Елге арнау» конкурсы – қазақ оркестріне жазған «Жетісу аңыздары» шығармасы үшін I жүлде (2018); «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы – симфония оркестрі мен хорға жазған «Астана» шығармасы үшін II жүлде (2018); «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы – симфония оркестріне арналған «Елім менің» шығармасы үшін II жүлде (2021); «DALA DAUYSY» КОНКУРСЫ – «Алпамыс» балеті үшін «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» номинациясы бойынша жеңімпаз (2022).Бірнеше оқулықтар мен оқу-құралдардың авторы. «Скрипкамен оркестрге арналған №1 Концерт» (2017), «Күй-дастан» (2018), «Скерцо», «Қорқыт» сюитасы, «Қобыз бен оркестрге арналған Концерт» (2019), А.Сайжанмен бірлесіп жазған «Қобызға арналған хрестоматия» (2019), «Қобыз күйлері, қобыз бен фортепианоға арналған өңдеулер» (2019), А.Жайымов, Б.Ысқақов, К.Сахарбаевамен бірлесіп жазған «Домбыра сазы» (2022) жинақтардың құрастырушысы.
Әкесінің ісін жалғастырып, биік арманын жүзеге асыруды мақсат қылған дарынды өнер иесі композиторлық қырынан жақсы танылған. Арманның шығармашылығы түрлі жанрларды қамтиды. Оның театрға, көркем фильмдерге, әртүрлі оркестрлер мен аспаптарға, вокалға арналған туындылары, сонымен бірге 250-ге жуық басқа авторлардың шығармаларының өңдеген және оркестрге лайықтаған. 
Туындылары тақырыптық жағынан кең ауықымды қамтып, түрлі эмоциялық жағдайды тереңінен сүреттейді. Бір жағынан, адамның ішкі дүниесіне үңілтетін, махаббат, сағыныш, арман, мұң, туған жерге деген сүйіспеншілік болса, екінші жағынан жабырқай көңілін сергітіп, жүректеріне сенім оятатын тақырыптар. 
Мақаламызға арқау болып отырған келесі талант иесі ол –  Сайжан Алмат Қарасайұлы. 1983 жылы 29 қараша күні Жезқазған қаласында үлкен сазгер-дирижер, қадірменді күйші, білікті ұстаз, қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері, зерттеушісі Сайжанов Қарасай Ахметұлының отбасында дүниеге келді. Әкесі Қарағанды, Жезқазған, бүгінгі күнде Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, аспапты музыкамызды әрі қарай ілгері дамытып, репертуарымызды байыта түсу жолында аянбай еңбек етуде. Таланты жарқырап тұрған Алмат 1994-2001 жылдары А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепте «Қобыз» мамандығы бойынша, 2001-2005 жылдары Қазақ Ұлттық Музыка Академиясында «Қобыз» және «Дирижерлеу» мамандықтары бойынша білім алып, 2022 жылы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің магистратурасын «Қобыз» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ол қазіргі күнде Мәдениет саласының үздігі, ҚазҰӨУ-нің аға оқытушысы, өнертану магистрі, сонымен бірге «Қазақ хандығына 550 жыл» (2015), «Қазақ ұлттық өнер университетіне 20 жыл» (2018) төсбелгілерімен марапатталды. 
А.Сайжан өзінің ерекше дарындылығымен ойнаған күйлерін мәнеріне жеткізіп, тамаша орындай білген шебер қобызшы, көптеген республикалық және халықаралық сайыстарының лауреаты. Жылдар бойы «Тілеп» қобызшылар квартетінің солисті ретінде Австралия, Италия, Франция, Жапон, Иордания, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Ресей мемлекеттерінде өнер көрсетіп, қазақтың қасиетті қара қобызын күңірентіп, бұл аспапта орындалатын музыканы насихаттауда.
Шәкірттері ұстазының орындаушылық шеберліктерін игеру дәстүрін жалғастырып, «Ерден», «Тәттімбет», «Ықылас», «Шабыт» сияқты деңгейлері биік республикалық байқаулардың лауреаттары. 
А.Сайжан «Жезкиік», «Елім-ай», А.Жайыммен бірлесіп жазған «Қобызға арналған хрестоматия», «Қобыз күйлері, қобыз бен фортепианоға арналған өңдеулер» жинақтарының авторы. Оның шығармашылық тізіміндегі «Хан Кене», «Нәубет жылдар» поэмалары қазақ халық аспаптар оркестрінің мықты репертуарларына еніп, мемлекетімізде де, шет елдерінде де кеңінен ойналынады. 
А.Қ.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында: «Қазақтың әншілерінің ішінде тек әнді ғана кәсіп етпей, бірқатар көркемөнердің басын қосып, өз тұсында «сегіз қырлы» болған қайраткерлер аз болған жоқ. Оларды осы кезде «әнші ақын», «жыршы ақын» деген аттармен айтып жүрміз. Өйткені бұл адамдар әдебиетке де, көркемөнерге де ортақ, екеуінің бірінен айырып алуға болмайды. Шығарушы мен орындаушы арасында еңбек бөлісу әлі туа қоймаған, кешегі заманда бір кісінің өзі ақын, өзі композитор, өзі орындаушы болуы да табиғи көрініс болды» [1, 298-бет].
Арман Жайым мен Алмат Сайжан – бойларынан табиғи қабілеттерінің үйлесімділігі айқындалған өз халқының дарынды ұлдары, кәсібінің майталманадары әрі дарынды композиторлар, шебер орындаушылар. Атақты қазақстандық сазгердің екеуі де үлкен дәрежедегі музыканттар отбасында дүниеге келген. Әкелері республикамыздың мәдениеті мен қазақ өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан, қазіргі замандағы белді қайраткерлер, отандық кәсіби композиторлар. Тағы бір ұқсастығы – екеуі де А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектебінде бір класта оқыған.Туындылары құрылымы жағынан күрделі, жетілдірілген, әуендік, ырғақтық стильдері өзгеше, қамтыған образдары жағынан сантүрлі болып келеді. Музыка мәдениетімізге қосқан жаңашылдылықтары – ұлттық аспаптардың мүмкіншіліктерін дамытып, классикалық, күрделі формалы жаңа шығармалар жасалуында. Дәстүрлі қобыз, сазсырнай сияқты қазақтың халық аспаптарына арнайы жазылған классикалық шығармалар – бұрын сонды болмаған өнер саласындағы ірі жаңалық болды. Кәсіби авторлардың тағы бір ерекшеліктері – өздері шығарған туындыларын өздері асқан шеберлікпен, үлкен талғамдылықпен орындауда. 
Арман Жайымның көрнекті шығармаларының бірі – қобызға арналған Концертке шағын сараптау өткізсек. Қазақ аспапты музыкамыздың дәстүрлі жанры ол – күй жанры. Күй – халқымыздың атадан балаға, ғасырдан ғасырға көзінің қарашығындай сақталып, қадірленіп жеткен қымбат қазынамыз. «Традиционные жанры казахской инструментальной музыки: а) аңыз-күйлер (древние кюи-легенды): «Аққу құлан», «Нар идірген»; б) обрядовые кюи: «Той бастар», «Жоқтау» и т.д.; в) лирические: арнау – портретные зарисовки, «Ақжелең», «Қоңыр» и т.д.» [2, 8-бет]. Соның өзінде, «Қобыз күйлері домбыра күйлеріне қарағанда онша көп тарай қоймаған. Қобызға арналып шыққан күйлердің сақталып қалғандары санаулы-ақ» [3, 7-бет]. Кейін, орындаушылардың шеберліктері артып, ұлттық аспаптарымыздың мүмкіндіктері дамып, репертуар да өз еліміздің және шетел композиторларының туындыларымен байытылды. Қазақ музыкасында дәстүрлі аспаптарға арналған алғашқы концерт жанрындағы шығармалар тек 1983 жылы жазыла бастады. Бұл – Айтқали Жайымовтың «Балдәурен» атты домбыра мен фортепианоға арналған үш бөлімді Концертиносы (1983) және Сыдық Мұхамеджановтың домбыра мен оркестрге жазылған бір бөлімді Концерті. «1984 жылы автор бұл туындысын заманымыздың дүлдүл күйшісі Қаршыға Ахмедияровқа арнаған» [4, 91-бет]. Сондықтан Арман Жайымның дәстүрлі қобызға арнайы жазылған бұл шығармасы – қазақ музыкасы тарихындағы тұңғыш концерт (2018). Бұл – ұлтымыздың дәстүрлі өнеріндегі құны қымбат жетістік.  
Күрделі формалы классикалық концерт екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде көрсетілген ерекше әдемі жарқын әуен шығарма бойы үздіксіз түрленіп, дамып, түрлі регистрлерді қамтып, бір кезде жарқын, философиялық, бір кезде үрей тудыратын әсерлі эмоцияға боялған күйде естіледі. Екінші бөлімінің музыкасы қобыз бен оркестрдің жарысын көрсеткендей болады. Түрлі техникалық әдістерге толы қобыз партиясы кейде сүйемелдеуші, кейде басты рөл атқарады. Жоғары регистрдегі әдемі әуен, кең диапазон, қос ноталар, күрделі ырғақтық суреттер, пассаждар, тез екпін, әсерлі кульминация – осы бөлімді сипаттайтын ерекшеліктер.
Концерттегі драма мен лирика, түрлі жанрлық бояулар, гармониялардың ауысулары, ауытқулар, музыкалық тақырыптың иірімдері, жарқын бейнелі контрасттар, қобызбен сүйемелдеудің виртуозды партиялары – бәрі де тепе-теңдік тауып, үйлесімді дамуда, бәрі де Жайымның композиторлық стилінің ерекшеліктері. Қобыз партиясында дәстүрлі тәсіл-штрихтарымен қатар классикалық ішекті аспаптардың әдіс-тәсілдері мен штрихтары көрініс тауып, екі-ақ ішекті аспаптың мол мүмкіншіліктері қолданылды. 
«В результате сложившейся практики мы убедились насколько высоки исполнительские возможности кобызистов, а также инструмента в частности, богатство тембровых красок» [5, 8-бет].
Бұрын ірі формалы шығармаларды қылқобызшылар өз аспаптарының диапазоны мен мензураларына байланысты өздері келтіріп, тональдықтарын аспапқа лайықтап ойнаса, бұл концерт қылқобызға ыңғайлы – арнайы кварта бұрауында жазылған. Бұл осы туындының тағы бір жаңашылдығы.
Екі дарын иелерінің бір-бірінің өнеріне деген сыйластығы мен құрметі биік деңгейде. Бұл туындысын автор өнерде де, өмірде де досы – Алматқа арнаған. Концерттегі қобыз партиясын өз қолынан өткізген редакторы да Алматтың өзі. Мәнерлі, әсерлі, отпен, тамаша техникасымен, дыбыс бояуының барлық әдемілігін жоғары шеберлікпен көрсете білген концерттің бірінші орындаушысы да Алмат. 
Бұл концерт әр қобызшының репертуарында болуына лайық және әрі шебер орындаушы бұл концерттің әр ойналуында жаңа белестері мен жаңа мүмкіндіктерді үнемі аша беретініне мол сенімім бар.  «Легче сказать, чем анализ не является, чем сказать, чем он является. Анализ музыкальных произведений и в самом деле стал чет-то вроде самостоятельной науки» [6, 9-бет]. Музыкалық шығармаға егжей-тегжейлі талдау өткізу – көп уақытты қажет ететін күрделі жұмыс болғасын, осы мақаламда Концерттің музыкалық құрылымына әзірше үстірт шолу жасадым, бірақ алдағы уақытта аспапшы ретінде музыкалық-теориялық жағынан орындаушылық бағытта толық зерттеу өткізу мақсатым бар. Екі композитордың бірге жасаған дүниелері аз емес. Мәселен, «Қобыз күйлері, қобыз бен фортепианоға арналған өңдеулер» бірлесіп жазған жинағында Алмат атақты қобызшылар Қорқыт пен Ықылас, Ж.Қаламбаев пен Д.Мықтыбаевтың күйлерін нотаға түсірді. «Мұндағы ерекшелік – күйлерді нотаға дәл түсіруімен қатар, онда кездесетін микротондарды, флажолеттерді ғасырлар тәжірибесінен өткен классикалық Еуропа музыкасында қолданылатын шартты белгілерді негізге ала отырып, қобыз аспабына лайықтаған. Енді бір ерекше айтатынымыз – ысқыштың көмегімен орындалатын флажолетті арнайы белгімен көрсету» [7, 4-бет]. Арман көптеген шетел композиторларының шығармаларын арнайы қобыз бен фортепианоға өңдеп лайықтады. «Арнайы музыкалық оқу орындарының оқушылары мен студенттері дүниежүзі халықтары композиторларының музыкасынан хабардар болуы, олардың ой өрісін кеңейтіп, орындаушылық деңгейін өсіреді. Сондықтан да құрастырушылар Франция композиторларының шығармаларын арнайы өңдеп түсіріп, осы жинаққа енгізген» [7, 4-бет]. 
Сонымен қатар, бірлесіп жасаған еңбектері – «Скерцо. Қорқыт. Концерт». Бұл жерде авторы Арман болса, қобыз партияларды редакциялаған Алмат. Және – «Қобызға арналған хрестоматия». Бұл жинаққа Арман Жайымның да Алмат Сайжанның да шығармалары енді.Менің ойымша, тек өз ісін жан-тәніменен сүйетін, мамандығының қыры мен сырын жете меңгерген, халық музыкасын терең сезінетін адам ғана оған жоғары өнер ретінде қарап, мағыналары мен заңдарын зерделеп, дамуына, тынысын кеңейтіп, жаңалықтар еңгізуіне күш салады. Өзіндік ерекше композиторлық қолтаңбасы бар Арман мен Алмат қазақтың дәстүрлі өнеріне жаңа мән беріп, аспапты музыка қорының байытуына баға жетпес үлес қосып келеді. Қазіргі уақытта да, дәстүрлі өнерімізді әлемге паш ету игілікті істерінде еш тыңбай, Қазақстанның ғана емес, шет елдердің де түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді гастрольдік сапармен аралап, концерттер береді. Кей концерттерде Арман – пианист, ал Алмат – қобызшы ретінде сахнаға шықса, кей концерттерде көрермен алдына дирижер мен оркестр солисті шығармашылық тандем ұсынылады. 
Сондай керемет көріністің бірі – осы жылдың ақпан айында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармонияда Арман мен Алматтың қатысуымен өткізілген, камерлі музыканың кеші. Тамаша кеш үстінде бірнеше авторлық шығармалар орындалды. Тағы атап өтетін болсақ, Германия мемлекетінде өткен «Eurasia-Festival 2021» фестивалі. Қазақстан музыкасына, қазақ мәдениетіне арналған бұл фестивалінде Ганновер камерлі оркестрі, өздерінің ұлттық дәлділікпен, Арман мен Алматтың шығармаларын нақышына келтіре білді. Дәстүрлі өнерімізге ерекше қызығушылық пен құрмет білдірген неміс музыканттар қазақ композиторларымыздың туындыларын жоғары деңгейде орындап, ризашылығына бөленді. 
Халқымыздың қайталанбас, қастерлі мұра – дәстүрлі өнерімізді тану, меңгеру, сақтау және келешек ұрпаққа үйрету – білікті ұстаз-мамандардың міндеті. Білімді де сауатты, өз оқыту стильдері, дүниетанымдық ұстанымдары бар Арман мен Алмат түрлі кездесулер мен шеберлік сабақтар өткізіп, өздеріңнің мол тәжірибелерімен бөлісіп, ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан дәстүрді қазіргі заманғы өнер үрдісімен сабақтастыра отырып тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін, өнер үшін ұстаздық борыштарын атқаруда. 
 Қорыта айтқанда, Арман Жайым мен Алмат Сайжанның өздерінің өзгеше, тек өздеріне тән орындаушылық тәсілі, күйшілік стилі мен мәнерлерімен ұлттық мәдениетімізде, заманауи музыка өнерімізде айрықша орын алатыны сөзсіз. «Қазақтың дәстүрлі музыкасы қазіргі таңда әлем деңгейіне таңылуда. Бір айта кететіні, әлемдік деңгейде қара қобызымыз талай ел мен мемлекеттерді таң қалдыруда. Оған септігін тигізіп жүрген өнерлі жастарымыз, шүкір, аз емес» [8, 25-бет]. Есімдері кеңінен танылған екі сазгеріміз де қазақ ұлттық музыкасын дәріптеп, өз үлестерін қосып жүрген азаматтар. Олар қазақ елінің мақтанышы. 
Жанна ДІЛМАҒАНБЕТОВА,
Ақсу қаласының Балалар шығармашылық үйі
Павлодар облысы

Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жұбанов А. «Замана бұлбұлдары» Алматы, Жазушы, 1995, 298 б.;
2.Макышбаева Г.Т. «История казахской музыки» Павлодар, 2006, 8б.;
3.Жанузакова З. «Қазақ халқының аспап музыкасы» Алматы, 1964, 7 б.;
4.Үлкенбаева А. «Домбыраға арналған шығармалар» Алматы, 2020, 91 б.;
5.Жайым А. «Скерцо. Қорқыт.Концерт» Астана, 2019, 8 б.;
6.Бонфельд М. «Анализ музыкальных произведений» Москва, 2003, 9 б.;
7.Сайжан А., Жайым А. «Қобыз күйлері, қобыз бен фортепианоға арналған өңдеулер» Нұр-Сұлтан, 2019, 4 б.;
8.Дүйсенбаева Ж. Ғылыми реферат «Ж.Қаламбаев пен Д.Мықтыбаев орындаушылық мектебі негізінде кварта қобыз күйлерінің орындаушылық ерекшеліктері: музыкалық-теориялық проблемалар» Алматы, 2020, 25 б. 
 

 

208 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз