- Мақала
- 28 Қараша, 2024
Жанқожа батырдың Созақ қамалын алуы

Қоқанның әміршісіне арқа сүйеген Созақ ханы халыққа тізесін батырып, ойына келгенін істеп, елге зәбір көрсетеді. Қорлыққа шыдамаған халық Кенесары хан мен Жанқожа батырдан көмек сұрап кісілерін жібереді. Хабарды алысымен Кенесары хан да, Жанқожа да белгілеген жерге әскерлерімен барады. Жанқожаның бес жүз әскерін азсынып, өзінің үш мың әскеріне көңілі толған Кенесары хан Жанқожаға қарап:
– «Жауды көп қашырады, атағы Бараққа қалады» – дегендей әскеріңнің саны аз екен, Ә» – дейді. Сонда Жанқожа таңқалған пішінмен:
– Ау Кене хан! Көзің көптен қорқып қалған ба, қалай? Көптің де көбі бар, аздың да азы бар. «Мен аз едім, анау көп екен» – деп қолыңдағы мал-жаныңды тегін бересің бе? Көптің де, аздың да Құдайы бар емес пе?» – дейді.
Созақ қамалына жақын барып, ертең қалай соғыс ашу керектігін ойласқанда, Кенесары хан: – Біз үш жүздің баласымыз. Соғысты әр жүз ретімен жүргізсін. Соғыс мерзімі әр жүзге үш күннен берілсін. Егер осы тоғыз күннің ішінде бірде-бір жүз соғысып, Созақты ала алмаса, үш жүз бірігіп соғысатын боламыз. Ертең ертемен ұлы жүз әскері шабуылға шықсын! – дейді.
– Ал қалған екі жүздің адамдары не істейді? – деп сұрақ, қояды Жанқожа.
Сонда хан: – «Алыстан шаршап келген әскерлер кезекті күнге дейін аттарын тынықтырып, өздері демалып жата берсін» – дейді. Ертеңіне ұлы жүз әскері Созаққа аттанғанда, Жанқожа өзінің батырларымен ойласып: – Қазіргі мына жүріп жатқан соғыстан еш нәтиже шықпайды. Өйткені Созақ ханы екі жылдың ішінде мұндай соғыс әдісіне үйреніскен. Соғыстың әдіс-айласын өзгертпесе, босқа арамтер боламыз, шығын да шығады, оның үстіне Қоқан жағынан әскер келіп қалса, онда Созақты алу былай тұрсын, өзіміздің аман құтылуымыз екіталай. Бұл жағын Кенесарының ойлауы керек еді. Менің айтарым: «Біз кезегіміз келгенше Қоқан әміршісінің жолын күзетіп қайтайық. Құр мұнда босқа жатқаннан ештеңе шықпайды» – дейді. Олар түнімен жүріп, Қоқан әскері келеді-ау деген жолдағы бір бұлаққа барып қонады. Батырлығымен қоса көріпкелдік қасиеті бар, Жанқожа батыр әр бағытқа бірнеше шолғыншыларды жібереді. Жанқожаның ойлағанындай Қоқанның ханы жағдайды есітіп, жедел түрде Созақ ханына көмекке сегіз жүз әскерге бас етіп, Тоған батырды жіберген екен. Сегіз жүз жау әскері екінші күні Жанқожа батырдың жасағына жақындап келіп қалады. Батыр өз жасағын тездетіп сапқа тұрғызып, Қоқан әскерінің алдынан қарсы шығады. Қоқандықтар да бұларды көріп кім екендігін білу үшін «жаушы» жібереді. Келген жаушы: «Кіші жүздің атақты батыры Жанқожа екенін Тоғанға айтып барады. Мұны естіген Тоған: – Жекпе-жек! Жекпе-жек! – деп атын ойнатып ортаға шығады. Жасы үлкен Дәрменқұл батырынан Жанқожа рұқсат алып, Тоғанға қарсы ортаға қарай жүреді. Тұрпаты үйген төбедей, қолы келсаптай, саны бөренедей, ала көз ожар қара Тоған найзасын батырға кезеніп тұрды. Жанқожа да сабырлы кейіппен көзінен от шаша, екі қабағының арасы тастай түйіліп, найзасын оңтайлы ұстап қарсы жүрді. Найзаларын енді салады-ау дегенде жерді қара түнек тұман басып, көзге түртсе көргісіз қараңғы болады да қалады. Екі батырдың не істеп жатқанын әскерлер білмеді. Тұман ашылғанда жұрт Тоғанның қолы артына байланып, Жанқожаның алдында жаяу келе жатқанын көрді. Сосын соғысқа екі жақ кірісіп кетеді де, көп ұзамай қоқандықтар жеңіліс табады. Тұтқындарды жаяу айдаған Жанқожа Созақты қоршап жатқан Кенесарыға келеді. Жанқожа Қоқан жаққа кеткенде Кенесары: «Бес жүз адаммен менің қолымнан не келуші еді деп, Жанқожа бастаған Кіші жүздің әскері қашып кетті», – деп сыртынан даттаған болатын.
Сондықтан Кене хан Жанқожаның қайтып келгенін жақтырмады және не бітіргенін білгісі де келмеді.
Келесі күні Жанқожа тұтқындармен Тоғанды Кенесары ханға апарып, болған оқиғаны баяндайды. Кенесары:
– Тоған, сені Жанқожа қалай байлап алды, – деп сұрады.
Сонда ол:
– Қалай байланғанымды өзім де білмеймін. Мен ортаға шығып Жанқожаны жекпе-жекке шақырғанымда, күн ашық еді, ол маған туралап найза салым жерге келгенде, тұман түсіп, тас қараңғы болды да қалды. Үстімді қара зіл басып, екі қолым қимылдамай есімнен танып қалдым. Есім кіріп көзімді ашып қарасам, екі қолым байланып, Жанқожаның алдында айдалып келе жатқанымды көрдім, – деді. Ертеңіне Кіші жүздің кезегі келіп Жанқожаның жасағы Созаққа шабуылға көтерілді. Батыр қаланы айналып шығып сарбаздарына мынаны айтты:
– Біз елден шыққанда Созақтың қамалын бұзып, Қоқанды ол маңайдан қуып, ұлы жүзге бостандық алып береміз деп шықтық қой. Үш мың әскермен қамалды бұза алмай, Кенесары кезекті бізге берді. Біз бес жүз-ақ адамбыз. Көп әскермен олар қамалды неге бұза алмады? Біз шағын адаммен қамалды қалай аламыз? Дарбазаны қалай бұзамыз? Осыны айтыңдар? – деді сұраулы жүзбен. Бұған ешкім жауап бере алмады. Батыр тағы да:
– Олардың қамалды бұза алмаған себебі – арынан жаны қадірлі болды.
Ары үшін жанын қимады. Ал біз ар үшін жанды қисақ, аз болсақ та қамалды бұзып, Созақты аламыз. Қанекей, ар үшін жанды қиямыз ба? Бұған не дейсіңдер? – дегенде, бәрі де бір адамдай дауыстап:
– Арымыз үшін жанымызды қидық! – деді. Батыр риза болып ақ батасын беріп:
– Енді соғыс тәртібі былай болсын, – дейді.
– Үш жүз адам осы жерде қалсын. Сауыт, дулыға кигендер алдында, кимегені соңында жүріп, екі жүз қадамдай жер қалатын етіп қамалға жақын барамыз. Жау да қарап қалмай, оқ атады. Мақсат – қалай да қорғанның түбіне жету. Қорғанның түбіне жетсеңдер, оқтың атылуы тоқтайды. Сол жерге жеткен соң, қорғанның іргесімен жағалап дарбазаға жетіп, қақпаны салмағы ауыр балтамен шабу керек. Бірақ мына нәрсе ұмытылмасын, дарбазаны бұзып жатқан адамға іштен күрекпен шоқкөз тасталады. Сол кезде кейінірек тұрған біздің отыз-қырық мергеніміз қабырғаға атылған шоқкөз тастайтындарды атып құлатып тұруы керек. Қақпа ашылды дегенде, кейін тұрған үш жүз атты әскер құйындатып көзді ашып-жұмғанша ашылған дарбазадан ішке өтуі керек. Міне, осылай еткенде ғана Созақты аламыз, – деді батыр. Содан соң аз ғана адаммен Дәрменқұл мен Жанқожа екеуі бастап қорғанға қарай жаяу жүрді. Бораған оққа қарамай, бұлар қорғанға аман жетті. Қатты қарсылық көрсеткен қамалды қорғаушылар жанқиярлықпен шайқасқан батырдың жасағына төтеп бере алмай, Созақ алынды. Созақтың ханы бедеу атымен қорғанның құпия есігінен қашып кеткенін Наурызбай батыр байқап қалып, қуып жетіп айдап келеді. Созақты Жанқожа батыр алып, көңілі жайланған соң, Қоқанның тұтқындарының тағдыры қаралды. Жанқожа батыр жеңістің сағасы өзінде болғандықтан алғашқы сөзді өзі алып:
«Тұтқындарды не істейміз», – деп ойын ортаға салды. Оған Кенесары:
– Бастығы Тоған батыр етіп қоқандықтардың бәрін қыру керек – деді. Сонда Жанқожа батыр:
–Ау, Кенехан, әлі де ойланайық. Бұлар бес-алты жүз бір тайпа халық емес пе. Түгелдей қырып тастап, қанын мойныңа жүктеймісің? Бұларды өлтіргенмен қара жер тоймайды. Бірін қалдырмай қырып тастағанмен, қоқандықтар таусылмайды. Соғыстық, жеңдік. Елімізді, жерімізді жаудан құтқардық. Кегімізді алдық. Дұшпанның соғыста өлгені өлді, тірісін өлтірмейік. Еліне қайтамын дегені қайтсын. Осында қаламын дегені қалсын, – деді батыр. Кенесары сонда Жанқожа батырға:
– Осының билігі өзіңде болсын. Не істесең де, өзің біл, – деп келісті. Жанқожа:
– Созақтың ханын қарттың билігіне берейік. Баласының кегі үшін ол не істесе, соны істесін, – деп үкім шығарады. Тоған еліне қайтарылып, қалғандары тұтқыннан босатылды. Қоқанның батыры Тоған кетерінде:
– «Мен тірі тұрғанда енді қазаққа Қоқаннан жау келмесіне ант етемін!», – деп уәдесін беріп кетеді. Осыдан кейін Қоқандықтардың Қазаққа қоқандауы тыйылған еді.
«Жанқожа батырдың Созақ қамалын алуы» жөніндегі оқиғасы осындай болған екен.
Айбол Битуғанов,
Білім саласының ардагері

147 рет
көрсетілді0
пікір