- Мақала
- 28 Қараша, 2024
ӘН МӘДЕНИЕТІНІҢ ҚҰДІРЕТІ МЕН ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Өзге де халықтар сияқты қазақ халқының да жаңарған өмірдің іргетасын қалауы оңайға түскен жоқ. Біз кеңестік дәуірдің қазақ даласына келуі, оның саясаты мен экономикасын ғана емес, сонымен қатар бүкіл рухани өмірі мен мәдениетін де жаңаша түрлендіріп, қазақ халқын жаңа белестерге бастауға әрекет еткендей болды деп өсіп-жетілдік. Халқымыздың мәдени-әлеуметтік өміріндегі өзгерістер, оның рухани ой-мүддесіне әсер етпей қоймады. Мәдениет пен өнер белгілі ортада біркелкі дамып, өркендей алмайды. Ол тарихи-мәдени кезеңдерге сәйкес қоғамның өсуіне, адамның өзгеруіне тікелей жетекшілік жасап, ғылыми-зерттеушілік әсерін тигізді. Соған лайық дамып отырады. Алғашқы қауымдық қоғам мәдениеті, одан соңғы құлдық, феодалдық, буржуазиялық, социалды қоғам мәдениеттері еске келіп, ең жоғарғы адамгершілік, көркемдік, әсемдік, жаңа мәндегі өміршең өнердің тууына ықпал, әсер етті.
Өткен мәдениеттің жаңа мәдениетке ауысуы қоғам тарихының заңды, мәдениетті түрде жаңаша түрленуі болып саналады. «Мәдениет дегеніміз – бүкіл адамзаттың тарихында жасалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы», – деп бағалайды ғылым. Екінші сөзбен қорыта айтқанда, «Мәдениет пен білім материалдық өндіріс пен қоғамдық сананың, тәрбиенің, ғылым мен қоғамның даму кезеңіндегі дәрежесін көрсетеді». Өткен замандағы музыка өнерінің негізгі мазмұны – қазақ халқының қайғысы мен мұңы, қуанышы мен шаттығы, тұрмыс-тіршілігінің көрінісі. Соның бәрі ән-күй арқылы түрлі музыка аспаптарының құдіретті сазымен сүйемелденіп, елден-елге, жұрттан-жұртқа жайылып, өз арнасымен таралып жатты. Оны таратушылар халықтың арасынан суырылып шыққан, табиғаттың өзі берген дарын иелері: әнші, күйші, жыршы, бақсы-қобызшы, айтыскер, сырнайшы, т.б. өнерпаздар болды. Әрине, ерте заманда қазақтың жерінде дарынды танып баулитын, халықты өнерге бейімдейтін бірде-бір оқу орны, арнаулы мектеп болмады. Өнер мектебі өмірдің мәдени көзі болып, некен-саяқ топ жарып шыққандар, өздерінен бұрын өмір сүрген өнер адамдарының мұрасын бойына сіңіріп өсіп жатты. Өнерге ұмтылған жастар, өз өнерін дамыту үшін атағы шыққан өнер қайраткерлерінің соңынан еріп, солардың батасын алды, мұрасын игеріп, елге танымал болды.
Қазақ халқы тегінен әнге, күйге бай халық. Ән салмайтын, күй тартпайтын жан кемде-кем. Халқымыздың әртүрлі жиын-той, думандарында ән айтылмай, домбырада күй тартылмай қалмайды. Той бастаушы мазмұны терең өлеңді шалқытып, күйді құйқылжыта ойын-тойды ашады, мереке-мейрамда жыршы жыры мен қиссасын айтып, домбырашы, қобызшы күйлерін тартады. Содан кейін кезек әншілерге тиеді. Әдетте, әнді екі не үш кісі қосылып айтады. Мұндайда әнші топтан жеке-дара суырылып шығатын шын өнерпаз елге танылады. Ал жас балалар аға-апаларының өнерін қызықтап, беріле тыңдап, жаттап алып, қай кезде де санасына тоқуды армандады, сөйтіп болашақ ұрпаққа сабақтастық, өнер заңы жалғасып жатты. Әбунасыр Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби (870-950) – ұлы ғалым, ойшыл философ, социолог, математик, физик, астроном, лингвист, логик әрі музыка зерттеуші бабамыздың «Музыканың ұлы кітабы» атты әлемдік жаңалық ашқан еңбегінде, «Музыка жайлы талдау», «Ырғақтардың классификациясы», «Ғалымдардың шығуы», «Ғалымдардың энциклопедиясы» және басқа еңбектерінде физика ғылымы тұрғысынан дыбыстардың, музыкалы-эстетикалық құрылысын жан-жақты зерттеп, дыбыстар аралығының ең жақын аралығын анықтап, 0,5 тонға келтіріп, 12 дыбысты адамзатқа ұсынды. Біз күні бүгінге дейін адам баласының дыбысты қабылдау қасиеті зерттеліп қалыптасқанын айтып, мақтана алмай жүргеніміз тарихи ақиқат, шындық. Әл-Фараби музыканың адамға емдік қасиетін, жағымды әсерін жан-жақты дәлелдеп, сондай-ақ оның адамның жан дүниесіне әсер ететін тәрбиелік мәні зор екенін баса айтқан екен. Мінеки, халқымыздың ән-күй мәдениетінің құрылымы 0,5 тоннан құрылып, 9, 12 пернелі домбыра ғасырларды атқарып, академик Ахмет Жұбановтың ұсынысымен 19, 21 жарты тондық құрылыммен әлемді таңдандыруда.
«Айқап» журналында басылған мәдениет қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ән-музыка жөніндегі біраз айқын ойлары өз заманының шындығын дәлелдегендей. «Байқаймын, біздің қазақ әнқұмар халық... Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағы жиылып, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді... Бір халықтың әні кетсе, сәні кетсе, жаны кетеді... Әнді сақтаудың қамын қылыңдар!Жолдастар! Жас балаларды ән-күй үйренуге қызықтырыңдар! Жаңа шыққан өлеңдердің жүректі жандандыратынынан үні жақсы балаларға ән салғызып қойсаңдар, о шіркін қандай ұтымды! Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ көрсетпей, есті деп, қадірлі етіп көрсетуге тырысыңдар!» – деп өсиет қалдырған-ды. Сайып келгенде, Сұлтанмахмұт та халықтың музыка шығармашылығын жинау, оларды орындату, жас буынға қазақтың әншілік дәстүрін үйрету мәселелерін қозғайды. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға ауызекі тарап келген ән мәдениетінің ХХ ғасырдың 1920 жылынан бастап жаңарған дәуірі басталды. Ұлты поляк, қазақ халқының бірінші халық артисі, халқымыздың ән-күйін жинақтап қағаз бетіне түсіріп, қажырлы еңбек сіңірген композитор, фольклоршы Александр Викторұлы Затаевичтің (1869-1936 жж.) Мәскеуден шығарған «Қазақтың 1000 әні» кітабы 1925 жылы бүкіл әлемге таралып, Ұлттық ән мәдениетіміздің құндылығын жоғары көтеруге көп ықпал еткен-ді. Оның жалғасы ретінде Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» монографиясы Орынбордан 1931 жылы басылып шығып, інжу-маржан құндылығымызды алтын қор ретінде халықтың рухани байлығын дамыта түскен тарихи кезең болған-ды.
Аталған еңбекті қолына ұстап отырып, орыс халқының ұлы жазушысы Максим Горькийй 1929 жылы «Кеңес Одағы бойынша» деген мақаласында: «Міне, менің қолымдағы «Қазақтың 1000 әні» деген жинағы асқан сұлу, мелодиялары болашақ Моцарттарға, Бетховендерге, Шопендерге, Мусоргскийлерге және Григтерге бай материал екен. Барлық жерде – Зыряндарда, бұйраттарда, шұбаштарда, марилерде және тағы басқаларда болашақтың данышпан музыканттары үшін ғажайып сұлу мелодиялардың бастаулары», – деп бағалайды (М.Горький. Шығармалар жинағы. – 1952. – 133 бет).
Халқымыз «Жақсыдан – шарапат» дейді. Сондай жақсылықтың бірі А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» атты жинағымен танысқан Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы мектебінің музыка мұғалімі Ахмет Жұбанов этнографтың ғылыми-зерттеу еңбегінің нәтижесіне таңданып, ой-арман құдіретіне шомылып: «Зерттеуші-фольклоршы А.В.Затаевичтің еңбегімен танысқасын, бір-екі күннің ішінде менің болашақ өмірімнің 180 градусқа өзгергенінің дәлелі ретінде, мен «Алматы-Ақтөбе-Мәскеу-Ленинград» поезының үстінде кете бардым», – деп жазады болашақ композитор-академик өзінің өмірбаянында.
Композитор, этнограф А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» жинағындағы алғысөзінде: «Ең алдымен ешқандай фонографиялық валиктің болмауына байланысты, мен өлеңдерді тірі дауыста жаздым. Келешекте әншінің бос уақытымен, мінезімен, психологиясымен, көңіл-күйімен санасатын болдым», – деп, халық артисінің тыңдау қабілетінің «абсолют» екенін дәлелдейді. А.В.Затаевичтің қамқорлығының арқасында семейлік әнші Әміре Қашаубаев Мәскеуде, 1925 жылы Парижде өткен Бүкілдүниежүзілік сауда, сән және өнер көрмесінде халық өнершілерінің жарысына қатысып, екінші бәйге мен күміс медальді алып қайтады. Күміс көмейлі дарын иесі Әміренің әншілік мәдениетінің арқасында, қалықтап ұшқан әні «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Дудар-ай», «Қызыл бидай», «Бесқарагер» және басқа әндер домбыраның сүйемелдеуімен бүкіл әлем қауымына тарап, халқымыздың ғасырлар бойы жиналған өнері мен ән мәдениетінің Еуропа сахнасынан жырлануы, бүгінде жөнді зерттеліп, лайықты бағасын алмаған, кездейсоқ емес құбылыс болатын-ды.
«Қазақтың 500 әні мен күйі» атты жинағында: «Кашаубаев обладает красивым, сильным, сочным голосом (тенор) при большом запасе дыхания. Чтобы охарактеризовать его как певца и музыканта, лучше всего сопоставить его с двумя другими выдающимися каркаралинскими певцами, «поэтом» Габбасом Айтбаевым и «бытовиком» Кали Байжановым. В этом случае Кашаубаев занял бы первое место между ними обеими», – деп бағалайды да, «Нужно однако, желать и надеяться, что отведавший из заграницы певец выйдет из этого испытания с честью для себя, выгодной для казахского и певческого искусства, коего он является видным представителем», – деп тұжырымдайды бес парақ, он беттен тұратын «Алғысөздің» аяғында А.В.Затаевич.
«Ал енді осы көп түрлі жинақты ұсынып отырған кітаптың авторлары мен бірлескен авторларына, барынша мені қолдаған және көмектескен жанашыр адамдардың атына келесі ықыласымды мына сөздермен бітіруге рұқсат етіңіздер, – дейді де, – Сіздерге, менің достарым, ашаршылық, аязды, эпидемиялы жылдарда бірге атқарылған осы еңбекті арнаймын. Сіздердің тамаша халық өлеңдерін мен жинадым, тек менің қатысуыммен өздеріңіз ұлттық жетістіктеріңізді естен шығарудан және бұрмалаудан сақтап, оларды жинадыңыздар деген көзқараста екенімді Сіздер білесіздер. Осы қиын еңбекті жақсы немесе дұрыс орындалды деп мен айта алмаймын, бірақ бойымдағы бар махаббатпен, білгірлігіммен іске асырғаным Сіздерге күмән тудырады деп ойламаймын. Ішкі сезімі халықтың, ұжымның жан дүниесімен үндесуінсіз бұл жұмыста бірде-бір қадам жасауға болмас еді. Мені, Сіздерге келген кездейсоқ келімсекті, дарынды және мейірімді қазақ халқымен мәңгі-бақи туыстастырады. Бірақ, мен кәрімін, ал Сіздердің арттарыңызда – келешек. Өздеріңіздің ұлттық рухани байлықтарыңызды сақтаңыздар, зерттеңіздер және көбейтіңіздер. Оларды өздеріңіз ұмтылған адамзат мәдениетінің бүкіл жетістіктерімен жетілдіріңіздер! Халық қойнауынан жаңарған және гүлденген қазақтың ұлттық музыкасы өссін!». Александр Затаевич. Мәскеу, қараша 1924 жыл.
Поляк халқының дарынды ұлының, қазақ халқының ғасырлар қойнауында пайда болып, елдің, халықтың санасында қаймағы бұзылмай сақталып келген ән-күй мәдениетімізді қағаз бетіне түсірген қажырлы, тарихта теңдесі жоқ еңбегі арқылы, миллиондаған қара нүктелі дыбыс белгілерін жазу арқылы, ұйқыда жатқан халық әндері мен күйлеріне қан жүгіртіп, оны тудырған дарынды халықпен өмір-бақи достасып, болашағын болжауы, сәуегей көріпкелдігі іске жүз пайыз асқанының куәгері қазақ халқы 87 жыл өткелден өтіп, Тәуелсіздік пен Егемендігін әлемге паш етті», – деп қорытындылаймыз.
Біздер, менің замандастарым, 1950 жылдардың ауылдан өсіп-жетілген жастары, егде буын кәсіби музыка мамандары: академик Ахмет Жұбанов, профессорлар Фатима Балғаева, Латиф Хамиди, Болат Сарыбаев, Құбыш Мұхитов, Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұровтардан дәріс алып, өнер, мәдениет салаларында түрлі қызмет атқарып, бүгінде 90 жылдықты тойлап, 94 жасқа аттап, 65 оқу жылының ұстазы болып, болашақ ұрпақтың жетістіктеріне қуанып, кемшіліктеріне ренжіп өмір сүрудеміз. Ән, мәдени құндылықтарымыздың жетістіктері әлем халқын бұрын да, бүгін де, болашақта да таңдандыра беретініне мен аға ұрпақ өкілі ретінде кәміл сенімдімін. Оның негізгі кілті тіліміз бен ән әлеміміздің ерекшелігінде. Әр халықты бойындағы қасиеттерінің құндылығы тілі мен музыкасында деп тұжырымдайды музыка, эстетика, әрі әлеуметтік философия ғылымы. Италия халқы неополитандық әндермен қатар, Лучано Паваротти, Доминго, Каррерас, Робертино Лореттилерімен мақтанады. Африка халқы Поль Ропеон (бас), Има Сумак (колоратуралы сопрано) сынды әншілерінің мәдениетімен сусындап, өсіп-жетілуде. Орыс халқының әлемдік атаққа жеткен әнші С.Я.Лемешев (тенор), А.В.Нежданова (лирико-колоратуралы сопрано), Ф.И.Шаляпин (бас), Л.В.Собинов, Л.А.Русланова, Л.Зыкина, т.б. әншілері өз халқының оң мәдениетін өз қалпында сақтап, халық әндерімен қатар классикалық романс, ария туындыларын әлемдік деңгейге жеткізіп орындаған дарын иелері. Олар болашақ ұрпақтарын тәрбиелеп, мәдени тарихының төрінен орын алғандар. Бойға біткен танымдық құдіреттің күшімен әр халықтың тілін, түрі мен киімін көре отырып, оған қоса тыңдай отырып, мынау қырғыздың, өзбектің, тәжіктің, орыстың, үндінің, түріктің, латыштың, француздың, грузиннің, әзербайжанның киімі, биі, әні, тілі, музыкасы деп ажырату арқылы танып-біліп өстік емес пе? Осылай танып білу әр халықтың Алланың берген өшпес, өзгермес құндылықтарының бірі десек, халық барда сол ерекшеліктер де мәңгі бірге болары хақ. Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрыптарын айтпағаның өзінде, ән мен күй, мәдени құндылықтарымызға әлемдегі ешбір халық тайталаса алмайтұғынын әлі сезінбей, менсінбей, бағалай алмай жүргенімізге кімдерді кінәлаймыз? Мен академик Ахмет Жұбановтың шәкірті бола тұра, әлемдегі дамыған халықтардың музыкалы құндылықтарының төресі ән мәдениетін зерттеп, талдап, салыстырып, ерекше қорытындыға келген шағым. 1974 жылы Одақтың делегация мүшесі болып, 14 күн бойы Италияның 12-16 сағат радио, телехабарлары арқылы, зиялы қауымдарымен кездесу, пікір алысу арқылы көп нәрсені біліп қайттым.
1976 жылы әлемді тілімен иеленген Ұлыбританияның ән, музыка құндылықтары жөнінде сауатымыз ашылып, В.Шекспир елінің тазалығына да таңданып, үнемдеу әр адамнан басталады, – деген пікірін бағалап елге оралғанбыз. Жоғарыда ән мәдениетіміздің құндылығын бағалаған ой-пікірлерді келтірдік., егер халық әндерінің құндылығы мен қажеттілігіне баға берсек, «Қамажай», «Қараторғай», «Қызыл бидай», «Маусымжан», «Сәулем-ай», «Назқоңыр», т.б. әндерге таласатын басқа елден ән таба алмайсыз. Халық композиторларының, ақындарының, Біржан салдың «Қанатталды», «Жамбас сипар», т.б. әндерді тыңдай отырып, ХІХ ғасырдың өкілі, әрі ақын, әрі әннің авторы, әрі орындаушы, домбырамен сүйемелдеуші, өз өнерін уағыздаушы, ереше дарынды тұлға Біржан Қожағұлұлын еске түсіріп, сол секілді дарын иелері Ақан серіні, Балуан Шолақты, Абайды, Әсетті, Естайды, Мәдиді, Майраны еске алып, біздер А.Затаевич айтқандай, халықтың дарынды ұл-қыздарының жалғасы, сабақтастығы екенімізді біле бермейтінімізді мойындауымыз керек. Кәсіби композитор атағына иегерлер дүниеге келтірген құнды әндерді айтар болсақ, «Қарлығаш» пен «Ақ көгершінді» тыңдап Ахмет Жұбановты, алтын қорға енген «Ақмарал, сұлу еркем», «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» әндерінен Мұқан Төлебаевтың бейнесін көргендей сезінеміз. «Алтай», «Кел, біздің ауылға» «Бейбітшілік туы берік қолда» әндерін айтқанда композиторлардың ағасы атанған Е.Брусиловский еске түседі. «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерінің авторы, алғашқы әні арқылы әлем әншілерінің қызыға орындауына ие болған жалғыз тұлға Латиф Хамидиді де ұрпақтар ұмытпайды. «Ақ бидай», «Домбыра», «Су тасушы», «Алатау баурайында» әндерін тыңдағандар Бақытжан Байқадамовты еске алады. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Әйтеуір сол қыз бір сұлу», «Қырманға кел, қалқатай», «Шолпаным» әндерінің авторы Сыдық Мұхамеджановтың есімі болашақ ұрпақтың жадында боларына сенім мол. «Абайдың арманы», «Жан сәулем», «Алатау», «Куә бол», «Елім менің» әндерін тыңдаған үлкен-кіші ел қаһарманының дарындылығына таңданып, «бұл Нұраға, Нұрата Атабайұлы Тілендиевтің туындысы» деп айтарына күмәнім жоқ.
«Жыр жазамын жүрегімнен» әні дарынды қыздарымыздың бірі Ғазиза Жұбанованың бейнесін елестетері анық. «Ұстазым», «Әлі есімде», «Ақ сәуле» әндерін естігенде тыңдаушысы Әблахат Еспаевтың аруағын еске алады. «Аяулы мекенім», «Жүрек сыры», «Сұлу Көкше», «Домбырашы құрбым» ән туындыларынан Кенжебек Күмісбековтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін сезінеміз. «Іздедім сені», «Елім менің», «Аққуымсың» әндері кеше ғана қатарда жүрген Мыңжасар Маңғытаевтың сүйіспеншілік сезімін еске түсіреді. «Ауылым», «Тамаша», «Қаздар қайтқанда» әндері Теміржан Базарбаеатың туындысы. Көп жылдар композиторлар одағын басқарған менің замандас досым Еркеғали Рахмадиевтің көпшілік айта бермейтін «Таң самалы», «Туған ел» әндерінің ғұмыры ұзақ болмақ. Кәсіби композиторлардың ағасы дәрежесіндегі Дүнгенбай Ботбаевтың ақын С. Жиенбаевтың сөзіне жазылған «Еркетайым» ән-романсы қанатын кеңге жайып, ел қаһарманы Роза Бағланованың орындауында қаншама елді аралағаны анық. Композитор Базарбай Жұманиязовтың болашақ ұрпаққа қалдырған «Көп қарадым суретіңе», «Жазира жерім» атты әндерін айтамыз. Композитор Жоламан Тұрсынбаевтың «Жетісу әндері» жинағынан тек «Қыз қарағай» әнінің құндылығы артып, әншілер мен тыңдаушылардың есінде қалды. Композитор Мансұр Сағатовтың шеберлігінен туындаған «Туған ел» атты әні көпшіліктің ойынан шығып, әуеннің жағымдылығы, сөздерінің қымбаттығымен бірлесіп, әншілер мен тыңдаушылардың сүйкімді әндеріне айналған-ды. Композитор Марат Ілиясов ұстазы Ғазиза Жұбанованың жетекшілігімен өсіп-өнген замандас композиторлары арасында қазақ ән өнерінің алтын көпірін қалаушылар қатарынан саналады. «Әуен», «Елорда» баспаларынан жарық көрген екі ән жинағында 24+50 әндері жастар мен халық игілігіне музыкалы-эстетикалық, педагогтік-психологиялық, әлеуметтік-тарихи қызмет атқаруда. «Іңкәрім-ай», «Заман-ай» әндері композитор Төлеген Мұхамеджановтың үлесіне тиесілі.
Кәсіби композитор мамандығына ие болмай-ақ, әуестікпен ән шығару құдіретіне жеткен дарынды тұғалардың туындыларынан: «Арыс жағасында», «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Сыр сұлуы», «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым», «Сыған серенадасы», «Теріскей», «Отырардағы той», барлығы 70 әнді қамтыған ән жинағынан келтірілген, Алтын қорға енген әндердің атауын көріп оқыған үлкен-кішінің санасына Шәмші Қалдаяқұлының ғасырларға жалғасатын туындыларының сөзі мен әуені қысылып-қиналмай жатқа айтыла берері, әрі ашылмаған сыр бары хақ! «Армандастар», «Алтыным», «Маралдым», «Қызыл сұңқарлар», «Сырласу вальсі», т.б. көптеген әндердің ішінен Алтын қорға енген туындылардың атауы еске түсіп, Әсет Бейсеуовтың бейнесімен кездескендей болады тыңдаушы. «Әсел», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Балқан таудың баурайында», т.б. әндері Ілия Жақановпен сырластырады. «Ауылым әнім», «Анаға сәлем», «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Атамекен» секілді құдіреті күшті әндер айтылғанда замандасымыз Ескендір Хасанғалиев алдымыздан шығады. «Сағындым Алматымды», «Сағындым Кенен атамды», «Ақ моншақты аруым», «Қара кемпірдің зары», «Үшқоңыр» әндерінің төркіні Алтынбек Қоразбаевпен кездестіреді. «Әлия», «Күнге табыну», «Дос туралы жыр», «Өмір, өмір» әндерінің болашақ ұрпаққа рухани азық боларына сенім мол, ол Сейдолла Бәйтерековтың үлесіне келеді. «Махаббат вальсі», «Ертіс вальсі», «Сен ғана» әндерін замандастарына сыйлаған Бекен Жамақаевтың бейнесін еске аламыз. «Туған күн кешінде», «Мен саған ғашық едім» сияқты Мұхтар Шахановтың әндерін менің студенттерім жатқа айтып жүр. «Келші, айым», «Ақтамақ қарлығаштар», «Ғашық жүрек» сынды әндерді Мелс Өзбеков болашақ ұрпаққа сыйлаған болса керек. «Ақ босаға», «Қимаймын» әндерінің тәрбиелік мәні мәңгілік деп Мұхамеджан Рүстемовті еске аламыз. «Жұлдызым» әні Сүгірәлі Сапаралиевтың, «Жас дәурен», «Ақ бұлақ» Бәкір Тәжібаевтың, «Бір ауыз сөз» Шәміл Әбілтаевтың, «Қара көз» Жібек Оспанованың, «Анашым», «Әке арманы», «Қыз сыны» Марат Омаровтың, «Ана туралы баллада», «Әке туралы ой», «Жезкиік», «Ұлытау» әндері Жақсыгелді Сейіловтың өз замандастарымен қатар, болашақ ұрпаққа құндылық ретінде пайдаға асарына сенімім мол. Жүректі жарып дүние есігін ашқан, құдіреті мен құндылығы жоғары әндердің өмірін ұзартып, инженерлік шеберлікпен өң беріп, құрылымына қан жүгіртіп, тыңдаушыға (делдалдық) әдіс-тәсілмен жеткізетін тұлғалар – әншілерді алатын болсақ, өзім сусындап қанағаттана тыңдап, музыкалы-эстетикалық талғамымды тәрбиелеген төмендегі әншілерді атаған болар едім: Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова, Әнуарбек Үмбетбаев, Ришат және Мүсілім Абдуллиндер, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, Досымжан Байғалиев, Бекен Жылысбаев, Абай Байтоғаев, Суат Әбусейітов, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Бақыт Әшімова, Әлібек Дінішев, Нариман Қаражігітов, Роза Рымбаева, Қайрат Байбосынов, Нұржамал Үсенбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Сәуле Құрманғалиева, Рахима Жұбатырова, Қорлан Қалиламбекова, Ғафиз Есімов, Кенжеғали Мыржықбаев, Майра Мұхамедқызы, олардың барлығы менің «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы» атты оқулық-монографиямда «мәдениет-өнер қайраткерлері» деп көрсетілген.
Өзім басқарған оқу орындарында білім алып, өсіп-жетілгендерден: Семейде Мәдениет Ешекеев, Алматыдан қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова, Толқын Забирова, Шымқаладан Алтынай Жорабаева болашақтың алтын қорына көркем дауыстары мен әсем әндерін қалдырады деп сенемін. «Ән – адам қанаты» деп босқа айтылмаса керек. Ән шығару өнері ең қиынның-қиыны екенін, оған ерекше табиғаттың құдіреті керек екеніне халқымыздың өткен мәдениеті мен өнер тарихы куә.
Ал дүние есігін енді ашқан ұрпақты өмірге ендіру, тыңдаушыны көркем де әсем өнер түрімен сусындату – кәсіби-шебер орындаушы-әншінің құдіретінде. Халықтың сүйкімді әншілері атанған Амангелді Сембин, Шахмардан Әбілов, Бағдат Сәмединова, Нұрлан Өнербаев, Рамазан Стамғазиев – есімін толық айтуға тұрарлық тұлғалар. Солармен қатар Сұлушаш Нұрмағамбетова, Сәкен Қалымов, Майра Ілиясова, Айгүл Қосанова да дәстүрлі әнге өз үлесін қосуда.
Бүгінгі сахнадағы әншілерден: Нұржан Жанпейісов, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат, Нұрлан Абдуллин, Бақыт Шадаева, Айгүл Иманбаева, Мәдина Сәдуақасова, Сейфуллин Жолбарыс пен Жұбаныш Жексенұлы, халықтың, ұлттың сыры мен бояуын жалғастыратындар қатарына: Біржан Ескендірұлы, Алмас Кішкенбаев, Қайрат пен Жұлдыздар қосылды дер едім. «Құлақтан кіріп бойды алар, әнді сүйсең менше сүй», – деп жән-тәнімен, ішкі эстетикалы, көркем сезімімен білдіріп, уағыздап тұрған Абай бабамыздан артық әннің құдіретіне баға берген тұлғаны білмей өстік.
«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар», – деп сыншы, зерттеуші, ғалым дәрежесіне сай сөз айтқан әуесқой-композитор Абай жас, бозбала кезінде-ақ, өзіне дейінгі халық әндері мен халық композиторларының ән, күй, жыр, қисса, айтыс, толғау, арнау, сыңсу, шілдехана, т.б. ұлттық фольклормен сусындап өсіп, жетіле келе, болашақ ұрпаққа теңдесі жоқ әндер сыйлағанын қазіргі жас ұрпақ бағалап, сол құндылықты жалғастырып, сабақтастық заңымен зерттесе дейміз. «Шоу бизнес» ықпалына ұрынбай, тілімізді, әдет-ғұрып, әнімізді, күйімізді, айтыс дәстүріміздің құндылығын, дамыған елдердің жастарына дәріптей білсе деген арман билейді аға буын өкілдерін. Орыстың ұлы музыка зерттеушісі, академик Б.Асафьев әннің құдіреті мен құндылығын: «Ән әуеннің осы ерекше әсерін, өлеңнің образды мазмұны нәзік интонациялық жаймен бейнелеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде музыка мен ақындық бір-бірімен жымдаса отырып, жүрекке жылы ұнамды бірлік жасайды», – деп бағалайды. Ән шығару саласы мен мәдениетінің өкілдерін айта келе, өнер тарихын талдау, салыстырумен жарыстырар болсақ, бірнеше ғасыр тарихы бар, халық ән мәдениетімен сусындап, қоректеніп, таразыдан өткен, кәсби білім алмаған әуесқой-композиторларымыз Біржан сал, Ақан сері Естай, Мәди Үкілі Ыбырай, Сегіз сері, Абай Кенендер салып берген ән мектебі мен дәстүрін жалғастырған Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Сейдолла Бәйтереков, Алтынбек Қоразбаев, Садық Кәрімбаев, Жақсыгелді Сейілов, Өмірбек Байділдаев, Бекен Жамақаев, Ілия Жақанов, т.б. 1940-50 жылдардан басталған кәсіби композиторлар мектебінің 50 шақты түлегінің ән мектебінің деңгейі, әуесқой ән мектебіне жете алмай келеді. Ал әншілерді салыстыра сөйлесек, тепе-теңдік дәрежеде, дегенмен Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай, Сегіз сері, Абай, Балуан Шолақ, Кенен, т.б. сегіз қырлы бір сырлы әнші, ақын, орындаушы, домбыра, қобыз, сырнаймен сүйемелдеуші, өздері дәріптеп уағыздаушыларға ХХ-ХХІ ғасырда жалғасы табылмай отыр. Бұл тақырып ерекше зерттелетін құбылыс.
1950-60 жылдардан бастап әнші апаларымыз Роза Бағланова, Жамал Омарованың ән-аспапты 5-8 орындаушыдан құралған ансамбльдері пайда болып, оның жалғасы ретінде Нұрғали Нүсіпжановтың «Жазира», қыздар институтының «Айгүл», политехникалық институт студенттерінің әлемді таңдандырған «Досмұқасан», оның жалғасы іспетті «Нұрмұқасан», «Муз-арт», т.б. ән-аспапты ансамбльдер халқымыздың ән өнерін жаңа қырынан, жаңа бояумен, өзегін бұзбай әсерлеп, әдемілеп, тыңдаушы қауымның көңілінен шығып, сүйіспеншілігіне бөленуінде, ұлттық дәстүр мен музыкалы-эстетикалы, педагогтік-психологиялық, әлеуметтік-тарихи рух пен тәрбиенің бары болса керек! Қазақтың ән мәдениеті тарихына аз да болса талдау мен сараптама жасай отырып, болашағы туралы сұраққа жауапты өтпелі мәдениет тарихы берері анық. Менің жеке пікірім, қазір техника мен жастардың дауысы ымдасып жарысуда. Ғасырдан-ғасырға, атадан-балаға жалғасып келген тіл мен ән мәдениеті бір-біріне бағынышты, тәуелді құндылықтары мен басқа елдерден өзіне тән сөйлену, дыбыстау, әуендеу бояуларымен, сыр-сипаттарымен ерекшеленеді. Бұл Алланың қазақ халқына берген, өзгеруге, өзгертуге, бұрмалауға көнбейтін байлығы, ерекше құндылығы деп бағалауымыз қажет. Солай боларына, солау дамуына сенімім мол.
Қорыта келе, бүгінде мен профессор, қайраткер атанып, 94-ке аяқ басқан абыз ретінде ұсыныстарымды айтқым келеді:
1.Ән-күй мәдениетімізге арнап Астанада ескерткіш, А.В.Затаевичке арнап ескерткіш-мұрағат тұрғызу керек.
2.Ән-күй мәдениетінің ғылыми түрде дамуы мақсатында Түркістанда қазақ халқының музыкалы аспаптарын даярлайтын фабрика ашу, ғылыми-зерттеу орталығын ашу – бүгінгі өмір талабы.
Пернебек МОМЫНОВ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер академиясының және Қ.А.Ясауи
атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің профессоры,
музыка зерттеуші, ҚР Еңбек
сіңірген қайраткері

193 рет
көрсетілді0
пікір