• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

Байжанбаев феномені

Қазақ радиосының ғасырлық шежіресі ел дамуының ерекше кезеңдерінің жарқын көрінісі іспетті. Аталған радио арна еліміздің өткенінен ғана емес, қазақ даласының ғасырлық тарихынан да сыр шертіп келеді. Арнаның кешегісі мен бүгінгі даму барысынан хабар беретін радиоға қатысты деректі-анықтамалық мәліметтер оған дәлел. Еліміздің бірінші радиосының тарихына қызығушылық танытқан барша қауым – ғалымдар, ізденушілер, студенттер және қалың қауым үшін тағылым алатын құнды деректі дүниелер мұражайларымызда сақтаулы.
 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев: «Қазақ радиосы – ұлт руханиятының шежіресі, мәдениетіміздің мәйегі. Оның іргетасы осыдан бір ғасыр бұрын аса көрнекті Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынборда қаланды. Кейін Қызылорда, Алматы қалаларынан хабар таратқан Қазақ радиосы бүгінде Елордамыздан әуе толқыны арқылы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігі жөнінде үздіксіз ақпарат таратып келеді.Жүз жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қарашаңырақ ұлы даланың үніне айналды. Оның «Алтын қорында» қазақтың нар тұлғалы қайраткерлері мен өнер майталмандарының үні сақталған. Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаев, Зәмзәгүл Шәріпова, Мұқағали Мақатаев, Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бейсекеева, Сауық Жақанова, Мәмбет Сержанов, Омархан Қалмырзаев, Тыныс Өтебаев және басқа да дикторлардың дауысы тыңдарманның жадында мәңгі қалады. Елді мазмұнды хабарларымен сусындатып, әуезді әндерімен және қос ішектен төгілген күйлерімен тербетіп отырған радионың бүгінгі жеткен жетістіктері – тұтас ұжымның еселі еңбегінің жемісі. Еліміздегі радиоарналардың көшбасшысы мемлекетіміздің жетістіктері мен ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дәріптеуге өз үлесін қоса беретініне сенемін» деген пікірімен Қазақ радиосының өткеніне шолу жасап, бүгінгі қызметіне ізгі тілегін білдірген болатын[1].
Қазақ радиосының жүріп өткен жолын: «Бастау кезеңі», «Даму дәуірі» және «Жаңа белесте» атты үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Мұндағы «Бастау кезеңіндегі» Орынбор (1921-1926) және Қызылорда (1926-1931) қалаларындағы қалыптасу уақытының алар өз орны бар.
1921 жылы арнаның алғаш негізі қаланды. Қазақ елінің сол кездегі астанасы – Орынбор қаласында жұмысын бастаған радио қызметі бұқара халықтың сауатын ашуға бағытталды. Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен қазан айынан бастап, әуе толқыны арқылы радиобюллетень беріле бастады. Қазақ радиосының алғашқы үні – граммафон мен күйтабақ түрінде қазақ даласының шартарабына тарады. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлы: «Владимир Ильич А.Байтұрсынұлы мен С.Пестовский екеуін жақсы қабылдап, сөздерін тыңдайды, өлкені басқару жөнінде бірнеше нұсқаулар жасау керектігін, оларды қазақ тіліне аударып, граммофон мен күйтабақтарға жазып, халық арасына тарату қажеттігін айтады (В.И.Ленин о Казахстане, 313 б).
Қазақ радиосы 1926 жылдың 3 қазанын бастап, Орынбордан кейінгі астанамыз – Қызылорда қаласында 1931 жылдың 1 мамырына дейін жұмысын одан әрі жалғастырды. 
Ал «Даму дәуіріндегі»Алматы (1931-2012) кезеңінің орны ерекше. Қазақ радиосы 1931 жылы мамырдың басында сол кездегі қазақ елінің астанасы – Алматы қаласынан хабар тарата бастады. Шын мәнінде отызыншы жылдар Қазақ радиосының даму кезеңі болды. Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде қалыптасты. Алматы қаласының Желтоқсан көшесіндегі 175-ші ғимаратқа орналасқан «Радио үйі» радио журналистердің екінші үйіне айналды. Еліміздің ақпарат арналарының бастауы, нақтылай айтқанда электронды ақпарат құралдарының көшбасшысы саналатын Қазақ радиосы радио журналистердің ұстаханасы айналды.
Алғаш республикалық радио іске қосылғанда радио тораптары аз еді. Дауыскүшейткіш репродукторлар да жетіспейтін. Сол себепті радионы ұжым болып тыңдау әдетке айналды. Республика еңбекшілері оқу үйлеріне, көп ретте ашық аспан астында, алаңдарда жиналып, Алматыдан не Мәскеуден берілетін радиохабарларды қызыға тыңдайтын. Алматыда көшелерге, алаңдарға репродукторлар орнатылды. 1931 жылғы 1мамыр мерекесі қарсаңында Бірінші мамыр алаңында осындай – 20, Ленин даңғылында – 3, Федерация саябағында – 3 репродуктор орнатылып, іске қосылды.
Қазақ радиосы 1931 жылы мамырдың басында сол кездегі қазақ елінің астанасы – Алматы қаласынан хабар тарата бастады. Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде қалыптасты. Еліміздің ақпарат арналарының бастауы, нақтылай айтқанда, электронды ақпарат құралдарының көшбасшысы саналатын Қазақ радиосы –журналистердің ұстаханасы болды. Әр жылдарда ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін «Ауыл өмірі» редакциясы мен шет елдегі қандастарымызға арналған «Тұран» редакциясы жеке толқындарда хабар таратты. 1970 жылы салынған Алматыдағы «Желтоқсан 175» мекенжайында орын тепкен ғимарат журналистердің «Радио үйіне» айналды. Бұл күнде өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бері жинақталған «Алтын қордағы» үнтаспалар сандық форматқа көшіріліп, Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының эфирлерінен беріліп келеді. «1931 жылдан бастап Алматыда Қазақ радиокомитеті концерттер бере бас­тады. Бұл мекеме Алматыдағы музыка мекемелері арасындағы ең бір ежелгі ұжым. Ол қазақ музыкасын, өнерін өзінің көп ұлтты аудиториясында тарату ісінде үлкен рөл атқарып келді және атқарып отыр» деп жазды 1940 жылы қазақтың аса көрнекті композиторы Ахмет Жұбанов. Бертін келе үш редакция: қазақ, орыс және аз ұлттардың музыка редакциясы ұйымдастырылды. Қазақ редакциясының музыкалық редакторы және пианисті болып Борис Ерзакович тағайындалды.Концертке қатысатын негізгі адамдар Қазақ драма театрының әртістері, халық әндерінің тамаша білгірлері және орындаушылары:Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов және басқалары болды. Қазақ музыкалық хабарлар редакциясында халық шаруашылығыбойынша әдебиетші әрі ақынМақсұтбек Майшекин жұмыс істеді. Ол халық композиторларының шығармашылығымен шұғылданды, олардың әндерінің мәтіндерін жинады. Соңынан Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан Сері, Мұхит әндерінің жинағын дайындап, жарыққа шығарды.
БК(б)П Орталық Комитетінің 1932 жылғы қабылданған «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысының Қазақ радиосын дамыту үшін де маңызы зор болды. Көркем хабарларға ерекше көңіл бөлінді. Отызыншы жылдары көптеген ақын-жазушылар, композиторлар мен артистер Қазақ радиосының штатында тікелей жұмыс істеді немесе эфирге жиі шығып тұрды. Олардың қатарында қаламгерлер: Қасым Аманжолов, Мұқан Иманжанов, Бейсенбай Кенжебаев, Айтбай Хангелдин, Мақсұтбек Майшекин; композиторлар: Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Латиф Хамиди; артистер мен әншілер: Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Қосымжан Бабақов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Қуан Лекеров, Байғали Досымжанов және басқалар болды.
Қазақ радиокомитетінің құрылымы 1939 жылы штаттық кестеге сәйкес: басшылық, үгіт және насихат секторы, «Соңғы хабарлар» редакциясы, музыкалық хабарлар редакциясы, әдеби-драмалық хабарлар редакциясы, балалар хабарлары редакциясы, шығару секторы, бұқаралық жұмыс және радиотыңдаушылар хаттары секторы, радиоландыру бөлімі, радиоәуесқойлар секторы, бақылау инспекторлық тобы, механикалық хабарлар бөлімі, тораптық хабарлар секторы, атқарушы адамдар, қызмет көрсетуші адамдар, кадрлар секторы, арнаулы бөлім болып бекітілді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында радио бағдарламаларында патриоттық тақырып, елдің қорғаныс қуатын нығайту, Қызыл Армия туралы хабарларға орын берілді. Радиокомитетте арнаулы Қорғаныс редакциясы құрылды. Ал соғыс жылдарында Қазақ радиосы хабарларының маңызы ерекше болды. Оларда жауға деген өшпенділік сезімі, ашу-ыза, жаудың қолынан құрбан болғандарға деген күйініш тудырған сөздер бүкіл қуатымен эфирден естіліп жатты.Сол кездердегі хабарларда қазақстандықтардың майданға көмегі жайлы да үнемі айтылып отырды.Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясының ерліктері, Әлия мен Мәншүк туралы, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаев жайында радиохабар ұйымдастырылды. Бес жүзден астам қазақстандық жауынгерлердің Кеңес Одағының Батыры атанғаны да эфирден берілді.
Қазақ радиосында 40 жылға жуық еңбек етіп, көп жылдар бойы жастар мен балалар редакциясының бас редакторы қызметін атқарған Нәзила Баймұратова: «Пионер серігі» радиогазетінің іргетасы қашан қаланғандығы туралы: «... 41 жылы осы радиоға келгенімде, онда балаларға арналған хабар тек қана 8 минуттық және таңертеңмен берілетін-ді. Оны «Пионер таңы» деп атайтынбыз», – деп есіне алады.
Қазақ радиосының балалар редакциясының хабарлары олардың жас ерекшеліктері мен дүниетанымдарына қарай үш топқа бөлінді. Олар: балдырғандар мен төменгі, орта және жоғарғы сынып оқушыларына арналған хабарлар. Балалар мен жасөспірімдерге арналған хабарлардың қалыптасуына, дамуына осы редакцияның ардагерлері – Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рәуия Абдуллинаның, Нәзила Баймұратованың, Қасымхан Ерсариннің, ақын-жазушылар: Әзілхан Нұршайықов пен Қабдікәрім Ыдырысовтың, Мұзафар Әлімбаевтың, т.б. сіңірген еңбектері зор.
Қазақ радиосының «Алтын қоры» ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндеріне бай. Бүгінде «Алтын қорда» 1948 жылдан бері жинақталған 100 000-нан астам үнтаспа сақтаулы. Бұл күнде өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бері жинақталған «Алтын қордағы» бай үнтаспалар, ондағы аса құнды радиохабарлар мен музыкалық шығармалар сандық форматқа көшіріліп, Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының эфирлерінен беріліп келеді.
Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, одан 50-ші жылдары Қазақстанда тың игеру,1961 жылы тарихта тұңғыш рет адамзат баласының, Байқоңырдан ғарышқа ұшуы айтулы оқиға болды. Сондай жаңалықтың барлығын Қазақ радиосы тыңдаушыға жеткізіп тұрды.
1959 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Қаулысымен Мемлекеттік телерадио комитеті жанынан Эстарадалық оркестр құрылды. Бұл ұжымның басты міндеті Қазақ радиосының музыкалық қорын құру және жаңарту болатын. Оркестрдің бірінші дирижері сол кезде республикамызға танымал пианист-концертмейстер Валериан Павлович Каретников болды. Біртіндеп оркестр шығармашылық тұрғыдан өсіп, Эстрадалық-симфониялық оркестр деңгейіне көтерілді. Оркестрдің шығармашылық және орындаушылық әлеуеті Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Василий Калистратович Лисицаның келуімен байи түсті. Қазақстан композиторлар Одағымен шығармашылық байланыстар жолға қойылды. Соның арқасында музыкалық ұжымның қоржыны оркестрлік шығармалармен және көптеген әндермен толыға түсті. Осы оркестрмен елімізге танымал композиторлар Еркеғали Рахмадиев, Базарбай Жұманиязов, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Әшір Молдағайынов, Тілес Қажығалиев, Балнұр Қыдырбекова, т.б. тығыз жұмыс істеді.
Эстрадалық-симфониялық оркестрдің жанында бірнеше әнші-солистер тобы қалыптасты. Олар: Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева, Лаки Кесоглу, Гүльвира Разиева, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Люция Төлешова, Венера Қармысова, Лариса Политиди. Сондай-ақбелгілі әншілер Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Роза Жаманова, Роза Бағланова, Нағима Есқалиева, Ақжол Мейірбеков, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ғафиз Есімов, т.б. оркестрмен тұрақты түрде ынтымақтаса жұмыс істеді. В.Лисицадан кейін оркестр ұжымын Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Александр Гурьянов басқарды. Бертін келе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев жетекшілік етті. Кезінде оркестрге белгілі музыканттар Геннадий Сирота және Эдуард Богушевский де дирижерлік еткен кездер болды.
Бертін келе Қазақ радиосының құрылымы қалыптасып, дамыды.Радиохабарлардың түрі,мазмұны, нысаны, жанры одан сайын толыға түсті:
1. Радиохабарлардың түрлері – «Соңғыхабарлар», қоғамдық-саяси хабарлар, әдеби-драмалық хабарлар балалар мен жастарға арналған хабарлар, музыкалық хабарлар, т.б. 2.Нысандар – радиогазет, радиожурнал, радиодиспут, радиоүндесу, радиокөпір, радиовикторина, радио ойын, т.б.
3. Жанрлар– радиоочерк, радиофельетон, радиосұхбат, радиорепортаж, радиозаметка, радиокорреспонденция, радиошолу, одан кейін радио композиция, радиофильм, радиоайтыс, радионовелла, радиомүшәйра, т.б.жанрлары дами түсті.
Қазақ радиосының «Алтын қорында» үнтаспалармен қатар, Қазақстан композиторлары шығармаларының 3 мыңнан астам ноталық нұсқалары – қолмен жазылған клавирлері мен партитуралары сақталған. Бұған дейін Қазақ радиосы «Клавирлер жинағының» 1 және 2 томын жарыққа шығарды. Жинаққа Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Қапан Мусин, Евгений Брусиловский сияқтыкомпозиторлармен қатар, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Садық Кәрімбаев, Бекен Жамақаев сынды сазгерлеріміздің кең тараған әндерінің 50 шақты ноталық нұсқалары – клавирлері кірді.
Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендікті еншілеп, еңселі ел атанғаннан кейін Қазақ радиосы тарихының жаңа парағы ашылды. Қазақ радиосы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында тәулік бойы ақпарат таратып келеді. Қазақ радиосының әуе толқынына бүгінде 60-қа жуық хабар беріледі. Олардың ішінде жылдар бойы эфирге шығып, тыңдаушы талғамынан шыққан дәстүрлі хабарлар да бар. Қазақ радиосының хабарлары ел тұрғындарының 90 пайызға жуығын қамтиды және тәулігіне 24 сағат әуе толқынына шығады. Қазақ радиосында көп жылдар бойы қазақ, орыс, неміс, ұйғыр, кәріс, татар және ағылшын тілдерінде хабарлар беріліп тұрды.
Ал «Жаңа белесте» деп аталатын Астана (2012 жылдан бастап) қаласындағы кезең бүгінгі күннің еншісі.Қазақ радиосы 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа» орталығына көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Жетілген сандық технология орнатылған. Оны игеру арқылы радио мультимедиа сапына қосылды. Қазақ радиосы 2012 жылы 1 қазанда «Қазмедиа» орталығындағы Радиокешеннен хабар тарата бастады. 
Қазақ радиосы 2017 жылы «Қазақ радиолары» ЖШС-на айналып, қанатын кеңге жайды. Серіктестік құрамында қазір Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы және «Classic» радиосы бар. 
Қазақ радиосының құрамында 1966 жылы 1 қаңтарда «Шалқар» арнасы ашылған болатын. «Шалқар» радиосы ұлттық арна атына сай 2020 жылдың 1 қыркүйегінде басталған жаңа маусымынан тек қана қазақтың дәстүрлі музыкасын, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары ұшқыр ақпарат құралы – радио елімізде іргесін бекітіп, қанатын кеңге жая бастады. Себебі, ондағы дикторлық мектептің қалыптасып, жұртшылық әуезді әнмен қатар, жағымды үнге құлақ түрген кез еді. Бұл ретте бұлақтай мөлдір, әуезді ашық дауысымен еріксіз баурап алған диктор Әнуарбек Байжанбаевтың орны бөлек-ті. Сол кездегі үйдегі, түздегі радиоқабылдағышты сенімді серігіне айналдырған қауымның тыңдайтыны – жас Әнуарбектің жүргізетін хабарлары.
Дикторлыққа дейін Әнуарбек Нығметжанұлы жастай өмірдің ащысы мен тұщысын татып, ерте есейді. Отбасының жағдайына орай, мектепте оқып жүрген кезінде-ақ еңбекке араласып, үйінің жанындағы баспа мекемесіне хат тасушы болып орналасады. Зерек жасты баспа жұмысы баурап әкетті. Сиясы кеппеген кітаптарды бас алмай оқып, қызықты тұстарын достарына дауыстап, мәнерлеп оқып беруді әдетке айналдырады. Дикторлық қызметке дайындық осылай басталады.
Баспадағы атқаратын жұмысын ықыласпен істеді. Кітап авторларының қолжазбалары теріліп болғаннан кейін үйлеріне апарып, тексертіп оқытады. Кеткен қателері болса, түзетілгеннен кейін, қайтадан баспаға әкеп тапсырады. Осындай күнделікті жұмыс барысында Әнекең талай қазақтың марқасқа суреткерлерімен танысты. Әсіресе жазушы Сәкен Сейфуллин Әнекеңе шығармаларын оқытып, әуезді үніне тамсанып, ақыл-кеңесін айтқаны бар. 
Кейінірек Алматының жоғарғы оқу орнында дәріс алып жүрген 18 жасар Әнуарбек 1941 жылдың тамыз айында майданға аттанады. Воронеж маңындағы кескілескен шайқастардың бірінде каскасын оқ тесіп, госпитальға түседі. Басындағы жарақатынан ұзақ емделіп, елге 1943 жылы оралады. 
Соғыс уақытындағы қиыншылық кезде ата-анасына көмектесіп, қолұшын беруге тырысқанымен жоқшылық адымын аштыра қоймайды. «Екі қолға бір күрек» іздеп, арып-ашып жүргенде, баспада бірге жұмыс істегенде ағасындай болып кеткен Республикалық радио комитетінің бастығыОмарғазы (Ғазиз) Оспановты жолықтырады. Әнекеңнің даусының әуезділігін білетін комитет басшысы бірден «радиоға келіп, дикторлар байқауына қатыс» дейді. Бұл туралы Омарғазы (Ғазиз) Оспановтың радионың «Алтын қорында» сақталған естелігінде айтылады. О.Оспанов өзі де соғыстан оралып, радиодан майдан ақпараттарын оқуға Шәкен Аймановты шақырып, тағы да диктор іздеп жүрген кезінде Әнуарбек Нығметжанұлы кездесе кетеді ғой.
Айтқандай, алғашқы сыннан сүрінбей өтіп, даусымен тамсандырған жас жігітті ұжым жылы қарсы алды.Осылайша кезінде өзі айтқандай: «Жеңістің сүйінші жаңалығын Мәскеуден Левитан оқыса, қазақ халқынан қуанышты хабарларды диктор Әнуәрбек Байжанбаевтың дауысымен толқыннан таралып жатты».
Дәл осы кезеңде қазақ радиосы мен телевизиясының дикторлық мектебінің іргетасы қалана бастаған. Әнекеңмен қатар, қанаттас әріптестері Халық артисі Шәкен Айманов пен Әмина Сейітованың есімдері ерекше аталады.
Себебі, Қазақ телевизиясының іргетасы 1958 жылы қаланса, Қазақ радиосының негізі 1921 жылдан тамыр тартады. Ал Әнекең қызметін бастаған қырқыншы жылдары Қазақ радиосының шығармашылық тұрғыдан толысқан, кемелденген кезі еді. Қазақ телевизиясы мен радиосының дикторлық мектебі де қалыптасудан даму үрдісіне көшкені осы шақ болатын. Бұл тұрғыда Шәкен Айманов, Әмина Сейітова және Әнуарбек Байжанбаевтарды қазақ дикторлық мектебінің негізін қалаушылар десек, артық емес.
Шәкен Айманов соғыс жылдарында театрдағы негізгі жұмысына қосымша радиода да қызмет атқарады Әнуарбек Байжанбаевты өзіне көмекші етіп алады. Қолы босамай, радиоға келе алмай қалған жағдайда хабарлардың барлығын Әнекеңе оқытады. Осылайша, жас өсіп, қанат қатаяды. Әнуарбек те жүре келе жаңа мамандықты кеңінен игеріп, тыңдаушылардың жүрегіне жол табады.
Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың өмірдерегіне қысқаша тоқталсақ,1923 жылы 26 наурызда бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында дүниеге келген. Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, елге оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасады. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқып шыққаннан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында (1958—1962) диктор, аға диктор болып қызмет атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс-тіршілігі жайлы әр түрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларына Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті. 1973 жылы Қазақстанның халық артисі атағын алды. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. 1991 жылы ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. 
Жазушы Сәбит Мұқанов: «Әнуар оқыса солғын шығармалардың өзі торғын жібектей құлпырады» десе, жас ақын Тайыр Жароков: «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырады» деп шын ықыласпен қошемет көрсетіп жүріпті.
Бірде даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы мақаласын Әнекеңе оқуға ұсынады. Батыр ағасының өзі де әдеби дүниені құлпыртып оқитынын білетін Әнекең «сенімді ақтап шықсам екен» деп мұқият дайындалады. Жауапкершілік жүгін жете сезінген диктор бар ынты-шынтысымен беріле оқиды. Радио эфирінен жүрген шығармасы аяқталысымен-ақ, Баукең телефон соғып:
– Жарайсың, Әнуарбек! Өз дүниеме өзімнің сай-сүйегім сырқырап кетті. Көп рахмет! – дейді.
Батыр ағадан мұндай жоғары баға алған Әнекеңнің мәртебесі өсіп, төбесі көкке бір елі жетпей қалады. Ағалардың осындай алқауы өзіне жігер, қайрат бергені анық. Әнекең қазақтың талай тарланбоздарымен араласты, дәмдес болды. Тәлім-тәрбиесін терді. Өзін үнемі шыңдаумен, жетілдірумен болды. 
Үлкенге құрмет, кішіге ізеттің үлгісін көрсеткен тұлғаның бірі Әнекең еді дейді бүгінде дауылпаз диктордың інілері. «Әнуарбек Байжанбаев – сондай қарапайым, кішіге – аға, үлкенге – іні, керегінде әрқашан қасыңнан табылатын қарапайым, ақжарқын азамат» дейді олар.
 Соңынан ерген шәкірттеріне де дикторлық өнердің ұңғыл-шұңғылын үйретіп, өнегелі ұстаздық көрсетті. Атап айтқанда С.Жақанова, З.Бекетова, Ж.Асқарова, М.Сержанов, М.Қуатбеков, Ә.Бөлебаев, т.б. сынды ізбасарлар дайындады. «Ешқашан қобалжыма. Біздің оқығанымыз бірден эфирге кетпейді. Әуелі үнтаспаға жазылады, қателессең, дауысымызды қалпына келтіріп қайтадан түзейміз. Неғұрлым еркін отырсаң, даусың соғұрлым ширақ әрі табиғи шығады», – деп үйретті шәкірттерін.Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі диктор Сауық Жақанова мен Әнуарбек Байжанбаев тандемімен жасалған хабарлар бүгінде құнды дүниелер. Қазақ радиосының «Алтын қорында» қайталанбас қос диктордың жүздеген сағаттық үнтаспалары сақтаулы. Ол үнтаспаларда әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өкілдері, еңбек ардагерлері жайлы сырлы да сазды хабарлар жазылған. «Алтын қордағы» бұл хабарларды дайындауда Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанованың қосқан үлесі ерекше.
Әнуарбек Нығметжанұлы 1947 жылы Қазақ радиосында редакторлық қызметте жүрген Ғайни Бейсембайқызы Орынтаева деген жас қызбен отбасын құрады. Бір қыз, үш ұлдары дүниеге келеді. Әке жолын қуып, радиода ұзақ жылдар қызмет еткен Арыс Әнуәрбекұлы Байжанбаев биыл жетпіс жасқа толып отыр. «1971 жылы Қазақ радиосының ардагері Мира Сейітова апамыз мені радиоға техник етіп орналастырды. Үйдің үлкені болғандықтан атам мен әжемнің бауырында өскендіктен де әкеммен қалжыңдасып, еркін араластық. Радионың концерттік залында талай атақты әншілердің әнін үнтаспаға жаздым. Оның әкелігін 10 жылдан кейін сезіне бастадым. Байжеке үнемі: «Балам, дұрыс өмір сүріңдер, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, кез келген кісіге сәлем беріп жүріңдер» деп отыратын. Әкем сондай жақсы кісі еді, ешқашан қабақ шытып, дауыс көтеріп көрген емес еді» дейді Арыс Байжанбаев ағамыз.Әнекең әке-шешесі көмек сұрап келген ауыл балаларының оқуға түсуіне барынша көмектескен екен. Билігі бар, қолы ұзын деген талай азамат Әнекеңнің сөзін жерге қалдырмаған. 
Әнуарбек Нығметжанұлы талантты тани білген, құрметтеген. Талайдың жолын ашқан. Ермек Серкебаевты, Мұқағали Мақатаевты радиоға дикторлыққа шақырған. Мұқаң алпысыншы жылдары көк базарда қаппен ұн сатып тұрса керек. «Ұн сатамын... Нарынқолдың ұны...» деген зор дауысты естіп, Әнекең солай қарай аяңдайды. Сөйтіп, Мұқаңның зор дауысын ұнатып, Қазақ радиосына жетелеп әкеліп, диктор етіп қабылдатқызады. Екеуі бір-бірін өле-өлгенше құрметтеп өтеді. Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітов көшесінің қиылысында орналасқан қос қабатты үйден Әнекең басқа үйге көшкенде, сол пәтерге Мұқаң көшіп келіп кірген. Осылайша екеуінің достығы да ерекше болды. Әнекеңнің үйінен қонақ үзілмеген. Рақымжан Қошқарбаев, Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов, Жаппар Өмірбеков, т.б. көп ақын-жазушылар Әнекеңнің төрінен табылған. Суат Әбусейітов, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаевтармен қатар жүріп, жақсы дос болған. Ел атынан тіксінетін қайсар батыр Бауыржан Момышұлымен де жақсы қарым-қатынаста араласып, құраласқан.
Әнуарбек Нығметжанұлы жазушы Сәбит Мұқановпен достығы туралы кезінде былайша естелік қалдырған екен: «Сәбеңнің өміршең шығармаларымен жіті кездесіп, олардан үзінді оқып, жазушымен ағалы-інілі байланысымыз одан әрі нығая берді. Соның ішінде мына бір жай бүгінгідей есімнен кетер емес. Бірде мен жазушының атақты «Сұлушаш» поэмасын оқуыма тура келді. Бұл айтқанға жеңіл болғанмен, оңай іс емес еді. Қатты толқыдым. Іштей де, сырттай да көп дайындалдым. Асыл ағаның атақты шығармасын эфирден жөнді шығара алмай, тыңдаушылар жүрегіне жеткізе алмасам, масқара емес пе?! Микрофон алдына толқулы келсем де, шығарма құдіреті деген осы шығар, «Сұлушаш» мені жетелеп, бір сәт өзімді-өзім ұмытып, оның саяхатшысына айналып кетіппін. Ұзақ шығарма демде оқылатын сияқты. Жақсы шыққанын аяқталған соң бірақ білдім. Қасымдағы әріптестерім келіп, қолымды қысты. Әсіресе мені қатты толқытып, өзімнің сүйікті мамандығыма барынша сенімімді арттырған, мәртебемді бір өсірген шығарма авторының арнайы телефон соғуы еді. Ол былай деді:
– Сенің оқығаның менің жазғанымнан артық болып шықты-ау, Әнуарбек! Дауысың найзағайдай жарқылдап, қандай құлақты да өзіне еріксіз бұрғызып, бүкіл денені шымырлатып, балқытып, баурап алдың»...
Иә, ұлы диктордың оқуында «Сұлушаш» эфирге сәтті шығыпты. Бұл турасында жазушы Сәбит Мұқанов қана емес, тыңдаушылар да редакцияға қоңырау шалып, ризашылықтарын білдіріпті. Үлкен суреткердің шығармаларын Әнуарбек Нығметжанұлы бір қазақтай түгел оқыған, жатқа да білген. Ауыл-ауылды аралап, артистермен бірге концерт қойып жүргенде немесе демалыстарда елге барғанда атақты «Сұлуашты» талай айтып, тыңдаушыларын сүйсіндіріпті. Осылайша «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтпақшы, сол Сәбеңнің көкейге терең ұялайтын мәңгі асыл сөзі, жанды туындылары, оның жарқын бейнесі Қазақ ССР халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевты да бейжай қалдырмапты.
Иә, Әнуарбек Нығметжанұлы әдеби, музыкалық хабарлар, концерттер, соңғы хабарлар мен жоғары жақтағы басшылардың баяндамаларын оқыған. «Диктор ең алдымен өте сауатты болуы тиіс. Қолындағы мәтінді оқымас бұрын, терең түсініп, ұғынып алуы қажет». Бұл Әнекеңнің диктор ретіндегі басты қағидалары болған. Сондықтан да Әнуарбек Байжанбаев өте сауатты, сөздің мәнін жақсы білетін, әрбір спектакльдің, әрбір хабардың образына кіріп оқыған.
Әнуарбек Байжанбаев бірде жұмыстан түн ортасында қатты шаршап келеді. Ұлына: «Балам, таңғы сағат бес жарымда оятарсың, радиоға эфирге баруым керек» дейді. Ол кезде Қазақ радиосынан таңғы алты жарымда ауа райы жайында тікелей хабар беріледі. Баласы ұйықтап қалады. Оянса, сағат алтыдан жиырма минут кеткен. Ол кезде қазіргі Бөгенбай мен Назарбаев көшелерінің қиылысында тұрады. Әнекең төсектен тұра сала, жүгіріп барып босағада ілулі тұрған пальтосын киеді де далаға атып шығып, такси ұстайды. Содан радиоға жеткенде таксистке 1 сом 37 тиын төлеу керек болады. Қалтасында 37 тиын жетпей қалады да, таксистке: «Бауырым, мен осында iстеймiн, сен менi күте тұр» деп iшке жүгіріп кiрiп кетедi. Ол кезде дикторлардың бәрi де жанды дауыспен шығады. Қазiргiдей алдын ала оқып қою деген жоқ. Эфир студиясына алқынып жеткен ол, аптығын басып, терең дем алып, қалыпты дауысымен: «Алматы уақыты 6 сағат 30 минут» деудiң орнына: «Алматы уақыты 6 сағат 37 тиын» деп айтып жiбереді. Баласы Арыс үйде ол сөзді радиодан естіп, анасына жүгіріп барды да: «Құрыдық, біттік, әкем Алматы уақытын «37 тиын» деп жіберді» дейді. Дереу үйде қалған киім-кешегін апарып береді. Сол «37 тиын» үшін бақандай үш айға жуық уақыт дикторлық қызметтен шеттетiлiп, операторларға көмекшi болып жұмыс iстейді. Кеңес өкіметі оның сол кездегі «Халық артисі» деген атағына да қарамайды. Кейін, Әнуарбек Байжанбаевпен жақсы қарым-қатынаста болған Дінмұхамед Қонаев бір күні телерадио комитетінің төрағасы Хамит Хасеновтен: «Әлгі гүрілдеуік қайда?» деп сұрайды. Төраға болған жайды баяндайды. Д.Қонаев ақсақал сол арада Әнекеңді қайтадан қызметіне алдыртады. 
Димаш Ахметұлы диктор Әнуарбек Байжанбаевты ешқашан атымен атамаған екен, өмір бойы «гүрілдеуік» деп кеткен. Екеуінің сыйластығы керемет деңгейде болған. Әнекең қызық адам, қалай қаласа, солай жасауға дайын тұрады. Әуе толқынында материалдарды аударма жасап оқиды. Сонда орысшадан қазақшаға «нөл градус» дегенді қалай аударарын білмей басы қатып, соңында «О» градус деп берген екен. Бұл үшін де кәдімгідей жазаланды. 
Радиоға кірген жылдары Арыс Байжанбаевтың дауысы Әнекеңдікіндей болғанға үміттеніп, әке жолын таңдайын деп ойлайды. Диктор болайын деп өзінше біраз дайындалады. Ол кезде дикторлардың басшысы Мәмбет Сержанов деген кісі екен. Тік сөйлейтін, мінезді адам. Арыс Әнуәрбекұлы дикторлар байқауына екі рет қатысады. Екеуінде де Мәмбет Сержанов «Қазақ радиосында екі Байжанбаев болмайды» деп қабылдамайды. «Бірақ менің заңды фамилиям Байқұлов қой, ал ол кезде бұл тіпті ескерілмеді. Екі рет өткізбеген соң, техникалық оператор болып орналастым. Бүгінде зейнеткерлікке шықсам да осы қара шаңырақта инженер болып қызмет атқарып келемін» дейді Арыс ағамыз.
Әнуарбек Нығметжанұлын бірде көшеде мотоцикл қағып кетіп, ол кісі бауырымен он жылдай алысады. Димаш Ахметұлы жағдайын біліп, дәрі-дәрмегін беріп көмектесіп отырады. Алайда, ақырында ауру жеңеді. Соңғы бір жылында қатты ауырады, сырқаттанса да жұмыс істеп жүреді. Қазақ радиосында 1989 жылдың 10 қазанына дейін жұмыс істейді де жиырма шақты күннен кейін өзі де мәңгілік мекеніне аттанды.
2021 жылы Қазақ радиосы ғасырлық тарихының жаңа бетін ашса, бар саналы ғұмырын Қазақ радиосына арнаған атақты диктор, Қазақстанның халық артисі Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаевтың былтыр 100 жылдық мерейтойы өтті. Ғасыр жасаған Қазақ радиосы және қазақ дикторлық мектебінің негізін қалаған Ә. Байжанбаев феномені сол, Қазақ радиосы мен Ә. Байжанбаев егіз ұғым екені әлі зерттелетін тың тақырып.

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
 философия ғылымдарының кандидаты

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 
1.Тоқаев Қ. Құрметті Қазақ радиосының ұжымы. Қазақ радиосына 100 жыл: тарихи деректі фото альбом. – Астана: Баспа, 2021. Б. 4.
2.Омашұлы Н. Қазақ радиосына қанша жыл? "Ғасыр құрдасы – Қазақ радиосы.– Алматы: Асыл кітап, 2021. – Б. 3.
3.Нұрпейісов К. Алаш және Алашорда тарихының зерттелуі хақында // Қазақ тарихы. – 1994. – №1. – Б. 12. 
4.Қазақстан Республикасының Конституциясы // Әділет. – 30 тамыз, 1995. 
5.Әлімбеков М.Т. Қазақстанда мамандандырылған соттарды құру басым міндетке айналды // ҚазАқпарат. – 27 қазан, 2009. 
6.Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. – Алматы: Экономика, 2009. – Б. 223-224. 
7.Алауханов Е. Құқықтық журналистиканың дамуы: кемшіліктер мен кедергілер // Ақиқат. – 22 мамыр, 2012. 
8.Қазақстан Республикасының Конституциясы // Әділет. – 30 тамыз, 1995. 
9.Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі // Әділет. – 3 шілде, 2014. 
10.Жақсылықбаева Р.С., Сапарходжаева Н.П. Журналистің шығармашылық даралығы: ізденістері мен талпыныстары // Ясауи университетінің хабаршысы. – 2019. – №2 (112). 
11. Делягин М. Мировой кризис: oбщая теория глобализации. – Москва: Инфра-М, 2003. – 768 с.

 

 

272 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз