- Мақала
- 28 Қараша, 2024
Саяси һәм мемлекетшілдік идея негіздері
Мұстафа Шоқай еңбектерінде қалай көрініс тапты?
Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары қазақ елінің сан ғасырлық даму ерекшеліктері мен тәжірибесін, салт-дәстүрі және ұлттық болмысын, тарихи, ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, басқа өркениетті елдердің өмір өнегесімен байыта түсуді ұсынған болатын. Бұл жол бұқара халық үшін большевиктер ұстанымынан қасіреті мен азабы анағұрлым кем, тиімділігі мен пайдасы анағұрлым мол еді. Ең негізгісі – олар қазақ елі өзін-өзі басқаруға, қорғауға және сақтауға мүмкіндік жасайтын тәуелсіздік тұғырды таңдады. Өкініштісі – бұл асыл ойлар жүзеге асырылмай қалды.
Мұстафа Шоқайдың Түркістандағы ұлт азаттық үшін саяси күресі мен шығармашылық мұрасының түпкі мақсаты – ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты болуға тиісті дербес мемлекет құру мәселесі болғаны, оның бүгінгі тәуелсіз елімізде қалай жүзеге асқанына тоқталып, рухани сабақтастықтың қандай дәрежеде жалғасып жатқанын сөз еткіміз келеді.
Ұлы күрескер ұлттық мемлекетті құрайтын, ұйымдастыратын және оның негізі халық болса, көшбастаушысы шынайы зиялы қауымға баса назар аударды. Сол себепті халықтың зиялы қауымы туралы бірнеше аса маңызды ойларына тоқтай кеткенді жөн көріп отырмыз. Бұл тақырыпқа бірнеше мақала жазылған болатын. «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз?» деп тікелей сұрақ қоюдан басталатын «Ұлттық зиялы» атты мақаласында Мұстафа Шоқай бұған дұрыс жауап қайырудың шын мәнісінде оңай емес екенін атап көрсетеді де, оқығанның барлығын олардың біліміне қарап, зиялы деуге болмайтыны сияқты, белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайды дейді. Сонан соң белгілі бір ортақ идеяларды жете ұғынған және сонымен өзара байланысқа түскен білімділерді зиялы, ал саяси, қоғамдық немесе мәдени салалардың қайсысында болмасын өз халқына қызмет ету идеясын терең ұғынған зиялыны ұлттық деп санады [6, 154б.]. Зиялы қауымның өкілдері қоғамның кішігірім әлеуметтік тобын құрайтынын, оның өз ұлтының терең парасатын, шығармашылық қабілетін жария етушісі, жақтаушысы ғана емес, сонымен бірге оның адамгершілік, мәдени, рухани үлгісі (эталон) болып саналатынын терең түсінген Мұстафа Шоқай Түркістанның азаттығы үшін күресте халықтың саяси, әлеуметтік бірлігі ұлттың зиялыларынсыз болмайтынын жақсы білді, сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау көрмеген зиялы қауымның жалғыз өзі де ештеңе істей алмайтынын ашық айтты.
Бүкіл түркі халқының азаттығы үшін күресіп, зиялыға тән аса жауапты міндетті өз басынан өткізген, зиялылардың миссиясы қаншалықты жоғары болса, оны атқару да соншалықты қиын екенін жақсы білген Мұстафа Шоқай өз ойларын әрі қарай өрбіте отырып, тағы да «Зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетін орындау үшін не істеуі керек?» деп сұрақ қояды да, олардың өз халқына қызмет етудің, онымен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын табуы тиіс деп жауап қайтарады [6,155б.]. Сонымен бірге дүниежүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасының бірлігі болмағанын, сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау көрмеген зиялы қауым да ештеңе істей алмайтынын атап көрсетіп, Мұстафа Шоқай: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін ұлттық зиялы қауым мен өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс» деп жазды [6,155б.].
Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан түрлі, сан мінезді саяси қайраткерлермен жолығып, олардың кейбіреулерімен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұлғалар туралы айтқандары да ұлт зиялылары жөніндегі ойлармен сабақтас. «1936 жыл» деген мақаласында осыдан он сегіз жыл бұрын большевиктік үкіметтің өмірі ұзақ болмайды деп қиялдағандарын еске түсіріп, Түркістанға қайта ораламыз деген үміттің артта қалғанын айтады. Келер жылдың атамекенімізге не әкелерін болжау қиын, тек шын жүректен және асыға күтетін бір ғана нәрсе – ол атамекеннің орыс пролетариаты диктатурасынан құтылу екенін атап айтып, түркістандықтардың: «Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады» деген сөздерді саналарына сіңірулерін тіледі: [7, 129б.].
Мұстафа Шоқайдың осындай кемел әрі мәңгі өлмес өсиетіне көбірек тоқтап, еске түсіре отырып, еріксіз мынандай ойға кетесің. Бүгін ата-бабаларымыз сан ғасыр күресіп, керек болса, ғұмырын сарп етіп, азаттыққа қол жеткізген бүгінгі ұрпақ осыны түгел түсініп, бар күш-жігерін, рухани қуатын тәуелсіздікті тұғырлы етуге бағыттай алып отыр ма? Осындай зиялы қауым бізде қаншалықты жеткілікті? Бірыңғай жауап беру қиын. Сондай-ақ көңілде мына ойлар да жоқ емес. Қазір қоғамымызды жегідей жеп, кең етек алып отырған сыбайлас жемқорлықпен ұсталып жатқандардың көбісі – сауатсыздар, оқымағандар емес, алды бірнеше жоғары, тіпті шетелдік оқу орындарын бітіргендер және жоғары лауазымды адамдар. Әңгіме олардың қоғам, халық, тіпті өзінің ары алдындағы жауапкершіліктерін ұмытып, қарақан бастарының қамымен кеткендерінде болып отыр.
Мемлекет атауына ие болған қауымдастықтың басты көрсеткіші халқының ана тілі екеніне дау жоқ. Сол себепті Мұстафа Шоқайдың назарында ұлттық тіліміздің жағдайы аз болмады. Бұл туралы «Ақ-Қызыл» және «Ұлттық зиялы» атты мақалаларында арнайы жазылды. Егер алғашқы еңбегінде Түркістандағы мектептерде (орыс мектептері-Ә.Б.) біздің тіліміз оқытылатыны, бұл тілде түрлі ғылыми негіздер үйретілетіні, алайда олар орыс мәдениеті мен орыс үстемдігін орнықтырудың құралынан басқа ештеңе еместігі, «енді екі-үш жылдан соң Түркістанда түрік тілінің аты өшеді» деген сөздері соның дәлелі. Сондай-ақ большевиктердің «мемлекет аппараттарын ұлттандыруы» жүзеге асырыла қалған жағдайдың өзінде, біздің тіліміз «ұлы орыстың рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың рөлін атқаратын болады» деп жазылды.
Мақалада Лениннің «социализм» мен «интернационализм» идеяларына негізделген «түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» деген формуласымен келіспегені үшін Түркістанда ұлттық тілді байытуға, дамытуға қабілетті ақын жазушыларымыздың қол аяғы байланғаны, ауыздарын аша алмастай етілгені жазылған болатын. Мысалға ұлттық әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары, шығармаларынан орыс тепкісінде қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес өміршең қуатын көретін Ахмет Байтұрсынұлы мен өзбек ақыны Шолпаны мен пролетариатқа ешқандай қатысы жоқ «ұлы орыс тілін» жасаған Пушкин, Тургенев, Толстойлар алтын еді. Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дей отырып, патшалық Ресей мен соның саяси жалғасындай болған кеңестік жүйенің халқымыздың ана тіліне деген қарым қатынасы туралы былай деп жазды: Көне Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын» [6, 133б.]. Осындай себептерден Ресейдің оқу орындарында,әсіресе техникалық оқу орындарында амалын тауып оқып жатқан Түркістан жастары да өз тілінен шала сауатты, тіпті мүлде мақұрым қалғанын баяндалып, мақала: «Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді екі үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түрік тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр» деп түйінделді [6,135б.]. Ал «Ұлттық зиялы» деген еңбегінде Мұстафа Шоқай орыс (Батыс) мектептерінде оқып, тәрбиеленіп, ұлттық нышандардан аулақ болған зиялылардың тағдырының қасіретке толы болатынын туралы жазды. Мұндай зиялылардың халыққа ұлттық тәрбие беріп жарытпайтыны жөнінде мынандай қорытынды жасалды: «Батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмады» [6, 156б.].
Бұл айтылған ойлар мен өсиеттер тәуелсіздігіміздің отыз жылынан асқанда да қоғамымызда өзектілігін әсте жоя қойған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билікке тартылған мұндай кадрлардың тағдыры жұртқа аян. Ана тілімізді дамытуда қазір де батыл да жүйелі жұмыстың жоқтығы жалғасуда.
ХХ ғасыр басында саяси сахнаға шыққан Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары ұлттық тіліміздің еркіндік алуынан басталғаны белгілі. Өйткені Алаш жетекшілері ана тілі жетілмеген, тәуелді жағдайдағы халықты азаттық иесі деп санамады. Осы қағидатты ұстанған еліміздің ұлтшыл азаматтары кешегі егемендіктің елең алаңында еркіндіктің туы деп ұлттық тіліміздің мемлекеттік мәртебесі үшін күресті. 1989 жылы Қазақ ССР інің Жоғары Кеңесі аса күрделі жағдайда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Бұл 1995 жылы қабылданған Ата заңымызда: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылды. 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заң қабылданды. Бұл бағытта Үкімет бірнеше қаулы-қарарлар қабылдады. Бағдарламалар жасалуда.
Алайда 1995 жылы қабылданған Ата заңымыздың 7-баптың екінші тармағын: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қайшы, қостілділікті қуаттауға бағытталған норма қабылдадық. Осындай жағдайлардан 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болған тілімізді білуді міндетті дей алмай, Тіл туралы заңымызда ана тілімізді білуді парыз деумен шектелдік. Сонымен қатар Ата заңымыздың 93-бабында «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген маңызды қағида да ұмытылды. Сол себепті 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заң да, кезең-кезеңмен қабылданып келе жатқан Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалар тиісті нәтиже бере алмай келеді. Тіпті ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін қөтеруге бағытталған Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ана тілімізді ұлтаралық қатынас тілі етейік деген маңызды бастамасын жүзеге асыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізе алмай келеміз. Осындай себептерден 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кемінде 95 пайызды құрауы тиіс деген ұрандар желге ұшты.
Халқымызды құлдық психологиядан арылту бағытында саяси құқықтық батыл қадамдардың жасалмауы былай тұрсын, бүгін тілге қатысты конституциялық нормаларды бұрмалау фактілері жоқ емес. Кейінгі кезде Ата заңымыздың 7 бабының 2 тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзі-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген құқықтық норманы орыс тілінің ресми мәртебесі деп санайтындарға не айтуға болады?
Рас, қоғамның жалпы дамуында рухани саланың кештеу жетілетіні белгілі. Алайда, оның негізі мемлекеттің ұлттық сипатымен, қоғам мүшелері мүдделердің нақты қойылу деңгейімен қаланатыны мәлім. Бұл туралы аз айтылған жоқ.
Қазіргі қоғамымызда орын алған ұлтсыздық сана ұлттық ойлау жүйемізді бұзып, ұлттық танымымызды әлсіретіп отыр. Бізге «бұл ең бірінші кімнің мемлекеті, алдымен кімнің «сойылын соғып, жыртысын жыртуымыз» керек, кімнің мүддесін ойлауымыз қажет» деген тұрғыда ойланатын мезгіл жетті. Өйткені өркениетті елдер тәжірибесі алдымен мемлекет құраушы ұлттың идеяларын, мүдделерін шешеді. Бұл, біріншіден, басқа этнос өкілдерінің мәселелерін шешудің алғы шарты болса, екіншіден ол мемлекеттің ұлттық сипаты жағдайында ғана мүмкін бола алады. Былайынша айтқанда, қазақтың шынайы ұлттық идеясы мен ұлттық мүддесі жалпы қазақстандық деңгейге көтерілмейінше қоғамның алдында тұрған аса зор міндеттерді шешу қиын. Бәлкім, мұны бұрынырақ айта беру қиын да болған шығар, ал қазір қазақ өз жерінде қайтадан басымдыққа ие болып отырғанда жалтақтамауға әбден болады ғой деп есептейміз.
Кеше егемендіктің елең-алаңында, 1990 жылы қазанның 25-і күні Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі қабылдаған «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда» қабылданған аса маңызды құжатта: «Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады. Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-і мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады» деген аса мәнді қағида бар еді. Бұл құжаттағы «ұлттық мемлекет» деген сөзден қашып, оны тез ұмытып, ресми құжаттарда «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген сөз тіркесін қолдандық. Сонда Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақтың үлес салмағы аздау кезде ұлттық мемлекет болдық та, ал халқымыз қазақстандықтардың басым көпшілігі болғанда көп ұлттылыққа айналдық па?
Осы арада бір қағидатты мәселені айта кетейік. Қазақ ССР-і бұл құжатты СССР құрамындағы 15 республиканың 13-і егемендігін жариялап қойғаннан кейін қабылдады. Сондықтан кейін амалсыздан ие болуға мәжбүр болған біздегі тәуелсіздіктің жағдайы осындай. Бұлай айтуымыздың принципті мәні бар. Біздің қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің барлығы дерлік мемлекеттің тәуелсіздігін тереңірек түсінбеуден, оған жеткілікті көңіл бөлмеуден болып отыр. Мемлекеттің ұлттық сипатын толыққанды ету үшін тиісті саяси-құқықтық әрекеттерге бармай мемлекет құрушы ұлттың мүддесі шешілмейтінін, тәуелсіз мұраттар жүзеге аспайтынын, сондай-ақ елдегі басқа этнос өкілдерінің мәселелері де ойдағыдай тиісті нәтиже бере қоймайтынын өткен өмір көрсетіп келеді. Жоғарыдағы құжатқа 30 жыл өткеннен соң оралып отырмыз. Бұған да шүкір! Алайда қағидатты мәселелерді терең түсіну әзір сезіле қоймайды.
Сан ғасыр аңсап, осыдан 30 жылдан бұрын жеткен тәуелсіздігіміз шын мәнісінде толыққанды болуы үшін оның өзіміздің тілімізбен, ділімізбен, яғни рухани дүниемізден бастау алып, ұлттық мәдениеттің еркіндігі, мемлекеттің саяси және экономикалық құрылымдарының тәуелсіздігі сияқты мәселелерді әрбір қазақстандық жан-жақты ойланып қана қоймай, осы ұлы мақсаттар үшін батыл күресуіміз керек дегіміз келеді.
«Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз» деген ұлы күрескердің бір сәт толастамаған арпалысқа толы жалынды өмірі бұған бұлтартпас дәлел бола алады. Мария Шоқай «халқының келешегі мен тыныштығы үшін еш аянбайтын, социализмнің титтей қоспасы жоқ демократ» жары туралы былай жазған болатын: «Саясатта да ол намысқой әрі жанға жақын болуы арқылы адамдардың жүрегіне жол табатын. Пікірталаста қызу қанды болушы еді. Өз пікірін дәлелдеуде қарсыласының намысына тиюден аулақ болатын. Көзқарас жиегі кең болғандықтан, өзінің ойын еркін жеткізетін және айтқан пікірінің тыңдаушыға ұнаған-ұнамағанына мән бермейтін. Мұстафа тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны еді. Ол бүкіл Түркістан ұлттарының бірігуі жолындағы күрескер еді» [10, 217б.].
Мұстафа Шоқай өз кезінде еш партияның мүшесі болмаса да, мемлекеттің һәм қоғамның демократиялық сипатын танытататын факторлардың бірі партиялық жүйе екенін білмеді емес, білді. Әйтпесе «Саяси партия дегеніміз – сол халықтың саяси қимылы (әрекеті) және оның өмірі мен болашағының бағыт-бағдарын таңдауы болып табылады» деп жазбас еді [6, 108б.]. Ал Алаш ұлт-азаттық қозғалысы құрған партияны ерекше бағалап: «Алаш партиясын – Ресей қол астындағы түріктер ішінен саяси партиялардың ең радикалы еді» деген болатын [7, 90б.].
Тәуелсіз еліміздің алғашқы кездерінде түрлі партиялар құрылғаны мәлім. Соңғы рет 2002 жылғы 15 шілдеде қабылданып, кейін тиісті өзгерістер енгізілген «Қазақстан Республикасының Саяси партиялар туралы» Заңы партиялардың сан жағынан өсуіне қолайлы жағдай туғызып, сайлау науқандарында бірнеше партияның бәсекеге түсуі дәстүрге айналды. Соңғы Парламент додасына 6 партияның қатысуы тілге тиек бола алады. Алайда елімізде шынайы көппартиялық жүйе қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Партиялар реалды күш болуы үшін уақыт та керек шығар. Ең қиыны – партиялардың әлеуметтік негізі әлсіз, сондықтан олардың сапа жағынан жетілуі де, ұстанған жолдарының тиянақтылығы да таныла бермейді. Сол себепті «Аманат» партиясынан басқаларының бағдарламасы да, іс-әрекеттері де көпшілікке беймәлім.
Біздегі саяси партиялардың көбісі сайлау науқанында оянып, басқа уақытта ұйықтап жатады. Сол себепті партиялардың сапа, мазмұн жағынан жетілуі, ұстанған жолдарының тиянақтылығы бедерлі болмай отыр. Халық оларды басқарып жүрген бірер лидерлері арқылы ғана біледі. Сондай-ақ пікір талас жоқ жерде саяси партиялар өспейді, алға жылжымайды және олар саяси бәсекелестікке дайын болмайды. Ондай саяси партиялардың келешегі күмәнді.
1936 жылы жазылған «Көпірме сөздерге көмілген бағдарлама» атты мақаласында Мұстафа Шоқай Кеңес үіметінің сол кездегі басшысы В.М.Молотовтың Кеңестер Одағы Атқару Комитетінің конференциясында жасаған «Кеңестік жүйені жан-жақты демократияландыру» бағдарламасын ұсынғаны, оның кейнгі тағдыры туралы әңгіме ете отырып, қоғамдық дамуда аса мәнді, парламентаризм және сайлау жүйесіне қатысты ойларын мәлімдеген болатын.
Кез келген мемлекеттің ұлттық сипатын айқындайтын, халықтың бірден бір өкілетті органы Парламент болып табылатыны аян. 1990 жылғы қазанның 25-і күні «Қазақ КСР інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда «Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды әрi ол Қазақстан Республикасында егемендiктiң бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк өкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады, мемлекеттік өкiмет билiгiн Қазақстан Республикасы Конституциясы негiзiнде тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асырады» деп айқын жазылды. Кейде осыларды қатаң ескере бермейтін сияқтымыз. Әйтпесе халқымызды өзінің бірден бір өкілді органы Парламентке кеше тікелей сайлау құқығынан айырмас едік. Енді ғана бұған өзгеріс енгіздік. Алайда бұл аз. Мұның үстіне бізде партиялар үкіметтік биліктен әлі «еншісін» толық алған жоқ. Халықтың өз өкілдерін тікелей сайлай алу құқығын арттыруы Парламенттің демократиялық сипатын көтеріп, оның Ата заңымызда, арнайы конституциялық заңда айқындалған саяси-құқықтық құзыреттерін молырақ пайдалануға жол ашар еді. Сонда ғана жалпы мемлекеттік билік тармақтарының ішінде бірден-бір демократиялық ұстанымы да, ұлттық сипаты да айрықша көрінуге тиісті халықтың өкілді органы Парламент деген ежелгі қағидаға оралар едік. Бұл мемлекеттің демократиялық және ұлттық ұстанымдарын тереңдете, қоғамдағы жаңарулар мен жаңа түлеулерді соғұрлым арттырып, демократиялық һәм ұлттық факторлар жандана түсіп, Мұстафа Шоқайдың «Парламентаризм көпшіліктің мүддесін үкіметтің озбырлығынан қорғайды» деген өсиеті орындалар еді [7,137б.].
Парламенттің тағдырын депутаттардың саны шешпейді, сапасы шешеді, сондықтан депутаттардың интеллектуальдық деңгейлерінің жоғарылығы, кәсіби білімі, өзінің ісіне жауапкершілігі сияқты бүгін жетіспей жатқан сапалық дүниелер керек-ақ. Сонымен қатар ұлы демократтың: «Тіке, жеке және жасырын дауыс беру жолымен сайлау – сайлаушылардың өзі қалаған адамына дауыс беруін қамтамасыз ететін ең қолайлы тәсіл» деген өсиетін де ескеріп жатсақ артық болмас еді [7, 137б.].
Қоғамды толғандыратын көптеген мәселелер Үкіметтің де, Парламенттің де, мемлекеттік емес ұйымдардың да беделін көтеруді қалайды. Бұлай деуіміздің себебі елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар, демократияның тереңдей алмауы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай туғызып отыр. Бұл – билік өкілдігін саудаға салу, жеке мүдде үшін қоғамдық міндеттен бас тарту, дәлірек айтқанда парасатты парызыңды жеке мүддеге құл ету. Ең қиыны – кеше сыбайлас жемқорлықтың қоғамдық жүйеге айналып кеткенінде, бүгін олармен күрес жалпы ұлттық басым міндеттердің бірі бола алмай отырғанында. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстың әзір тиісті нәтиже бермеуін мұндай үдерістің басты кейіпкерлерімен нақты жұмыстың жоқтығымен түсіндіруге болады. Сондықтан жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктерді сергек бақылай алатын құқықтық нормалар, олардың тарапынан жасалуы мүмкін қылмыстың алдын алатын, оны анықтаудың кешенді іс-әрекеттері мен амалдары қарастырылған жоғары деңгейіндегі сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға арналған заң керек деген пікірлермен келісеміз.
Мұстафа Шоқай тәуелсіз ұлттық мемлекеттілікті халқымыздың ауыз бірлігімен тұтастықта қарағанын да ескерте кеткеніміз жөн. 1936 жылғы Түркістан жастары алдындағы сөзінде «Кімнен таяқ жегендей, Біздің Түріктің баласы. Алдырып жүрген дұшпанға Ауызының аласы» деген Мұстафа Шоқай «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» деген мақаласында 1917 жылдың 12-16 наурыз күндерінде құлаған қарғыс атқыр ескі тәртіптен туған мүмкіндікті пайдалана алмай қалудың себептерін ішкі бірліктің әлсіздігімен, жергілікті надандықпен, көрсоқырлықпен, саяси сауатсыздықпен түсіндірді. Сондықтан: «Бәрiнен бұрын өз қатарымызды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейтейiк. Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден арылу үшiн күресiп келе жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандармен тығыз үйлестiрудің керектігі, орыс империализмiне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-тектемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық… Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады. Және оны қорғап қала алады» деп жазды [7,235б.]. Мақала мынандай парасатты ойлармен аяқталды: «Біздің азаттыққа және тәуелсіздікке бастайтын ең төте және ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту және оны ұлт азаттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азаттық пен бостандық туралы сөз болуы мүмкін емес. Төңкерістің жиырмасыншы жылында осы ақиқатты бір сәт еске алып, зердемізге мықтап түйгеніміз абзал» [7,236б.].
Бұл мәселелер бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің де басты құндылығы болып отырғаны белгілі. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясына сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамымызды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп саналуын – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі екенін атап көрсетіп: «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн» деді.
«Тәуелсіздік», «бостандық», «еркіндік» – жалпы адам баласы мәңгілік ұмтылып келе жатқан қасиетті ұғымдар. Тәуелсіздік әрбір мемлекеттің аса қажетті атрибуты болса, азаттық пен еркіндік сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі. Сондықтан Мұстафа Шоқайдың сонау осыдан бір ғасыр бұрын көтерген «Ұлттық тәуелсіздік» ұғымын біз қалай түсініп жүргенімізге азын-аулақ тоқтай кеткенді жөн көріп отырмыз.
Шынына келгенде, қазақтың қуанатын да, бақытқа жол ашар күні 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздіктен бастау алады. Осы күні қабылданған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның кіріспесінде: «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, қазақ ұлтының азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға деген шешімін негізге ала отырып, өзін-өзі айқындау құқығын растайды» делінген. Сондай-ақ Заңда: «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз аумағында толық билікке ие, ішкі және сыртқы саясатты дербес анықтайды және жүргізеді» деп жазылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды. Әлемнің саяси сахнасына жаңа тұрпатты мемлекет келгенін мәлім етілді. Халқымыз үшін бұл қайта туған, жаңару мен жаңғырығудың бастау алған осы күн Мұстафа Шоқайдың шет елде жүріп 1930 жылы «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген сенім 60 жылдан кейін шындыққа айналды [6,74б.].
Қазіргі еліміздегі 30-дан астам ұлттық, мемлекеттік және кәсіптік мерекелер ішінде Тәуелсіздіктен қасиетті ұлық ұғым да, мәртебелі мереке де жоқ, болмайды да. Өйткені елімізге өз территориясында өкіметтік билікті, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес өзі белгілейтін, өзі жүргізетін саяси құқыққа ие болу осы Тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болды. Сол себепті бүгін осы бір «Тәуелсіздік» атты қасиетті ұғым бәріміздің жиі айтатын сөзімізге айналды. Бұған дау жоқ.
Тәуелсіздік жылдар бізге не берді? Ең бірінші, біз кеңестік жүйенің қыспағынан құтылдық. Ежелден географиялық көршіміз болып келе жатқан елмен терезесі теңдей қарым-қатынастамыз. Сонан соң халқымыздың бірлігі мен ынтымағы, көп этносты Қазақстанның тұтастығы мемлекетіміздің сара саясаты болып отыр. Еліміздің саяси саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымға тұрақты негізделіп келеді. Соның арқасында қазір Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Атақты ақынымыз Жұбан Молдағалиевтың сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақты, қазақ елін дүниежүзі таныды.
Сол себепті халқымыздың бірлігі мен бір тірлігі алда да алынар асуымыз, шығар биігіміз, Тәуелсіздігіміздің аса маңызды әлеуметтік факторы болды, бола да бермек. Халқымыз үшін Тәуелсіздік күнінен қасиетті күн жоқ. Өйткені Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз.
Тәуелсіздігіміздің өткен отыз жылында кешегі ұлттық мемлекетті ұйымдастыруда ең бірінші осы жердің, елдің иесі, осыдан 5 ғасыр бұрын осы алып өлкеде мемлекетін құрған ұлт ретінде қазақтың, Қазақстанды өздерінің отаны санайтын барлық басқа этнос өкілдерімен олардың нәсіліне, тілі мен діліне, дініне қарамай ортақ құндылықтармен біріге түсуі аса маңызды мәселе дегіміз келеді. Бұл бағытта халқымыздың ұлттық ділінде жатқан дәстүрлі мәдениетінің прогрессивті белгілерін – бостандық пен бейбітшілік сүйгіштік, өзара адамгершілік сыйластық, ынтымақтастық және төзімділік, табиғатқа ерекше қатынас, үлкендерге құрмет, тұрмыста ізгілікті мінез-құлық, ұрпақтар жалғастығын сақтау сияқты адами қасиеттерді дамыту аса маңызды. Бұл тәуелсіздікті тұғырлы етуде, Мәңгілік ел болудың аса қажетті де даусыз компоненттері.
Бірақ Тәуелсіздік – ұлы ұғым мұнымен шектелмейді де, бітпейді де. Бұл жеке адам үшін мақсаттарды, міндеттерді және оларға жету әдістерін өз бетінше анықтауды, шешу қабілетін, белгілі бір мінез-құлықты таңдау еркіндігін қажет етеді. Сол себепті біздер ұлттық рухпен, халықтың саяси санасымен, шынайы әлеуметтік еркіндікпен, қоғамдағы демократиялық үдеріспен, құқықтық сауаттылықпен т.б. толып жатқан ұғымдармен тікелей тағдырлас, бағыттас, ажырамас тұтастықтағы «Тәуелсіздік» сөзінің аса қасиетті мәнін әлі тереңірек әрі кеңірек түсінгеніміз жөн. Ол үшін біздің әрқайсымыз саяси сергектік пен азаттық санаға ие болуымыз қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 5 қаңтардағы №2 санында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деді.
Бұл ойлар біздің түгендейтін де, тыңнан іздейтін де мәселелеріміздің жетерлік екенін байқатады. Сәл ойланайықшы. Сан ғасыр аңсап, осыдан 30 жыл бұрын жеткен тәуелсіздік бұқара халқымыз арасында шынайы рухани серпіліс туғыза алып отыр ма? Бүгінгі тәуелсіздік, шын мәнісінде, өзінің толыққанды мәніне ие болуы үшін барды жасай алдық па? Тәуелсіздіктің 30 жылында қандай мемлекет құра алдық? Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін алда әлі не істеуіміз қажет? Осы мәселелерді әрбір қазақстандық, ең бірінші өзіміз, осы жердің, елдің иелері терең де қатты ойлануымыз керек.
Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі мен шығармашылық мұрасының мәні мен мазмұнын құрайтын міне, өздеріңіз көріп отырғандай, «Түркістан», «Автономия», «Азаттық», «Тәуелсіздік», «Ұлттық мәдениет», «Ұлттық рух», «Ұлттық тіл», «Ұлттық бірлік» және «Ұлттық мемлекет» сияқты терең мәнді тамаша ұлттық идеяларсыз түсіне алмаймыз. Бұл ұғымдар тұтас, бірінсіз бірі кедей, бірі жетім дейміз.
Осындай халқымыз үшін ерекше ардақты тұлға туралы оны 1942 жылы 8 ақпанда Париждегі еске түсіруге арналған мәжілісте Украина Халық Республикасының Сыртқы істер министрі болған, саяси қайраткер, профессор, эмигрант Александр Шульгин былай деп еді: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М. Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді... Түркістан бір күндері жаңарып, өз батырларын еске алатынын, Мұстафаға Перовскіде, не Ташкентте ескерткіш қоятынын білмеймін. Бірақ халық оған өз жүрегінен ескерткіш орнататынына кәміл сенемін» деген екен.
Бұл сенім толық ақталып келеді. Саяси қызметінің жарқын беттері де, тоғыз тілде жарық көрген мол шығармашылық жұмысы да сағыныштан сарғайтқан Түркістанына оралды. Ендігі міндет бар ғұмырын өз елінің азаттығы жолына арнаған, тәуелсіз ұлттық мемлекет асыл арманы да, сергек сенімі де болған, аты әлемге танылған Мұстафа Шоқайдың осы кезге дейін үштен біріндейі ғана аударылған 900-ден астам шығармашылық мұрасын түгел ана тілімізде сөйлетіп, оларды тереңірек зерттей, молынан игере түссек, мәңгі өлмес идеялар мен саяси-әлеуметтік ой-тұжырымдар еліміз ғасырлар аңсап қолы жеткен Тәуелсздікті тұғырлы ету бағытына өлшеусіз үлес қосар еді дегіміз келеді.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы,
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда университетінің профессоры,
«Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының
ғылыми жетекшісі
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Шоқан Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 4-том. – Алматы: «Толағай группа». 2010.- 496 б.
2. Ыбырай Алтынсарин. Өнер-білім бар жұрттар. Өлеңдер, әңгімелер, очерктер, хаттар және естеліктер. Алматы: «Жалын», 1991. - 240 бет.
3.Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. – Алматы: «Қазмемкөркемәдеббас». 1961. - 693 бет.
4. Бөкейхан Әлихан. Шығармалары-Сочинения / Әлихан Бөкейхан. –Толықт. екінші бас. Т.9. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. – қазақша, орысша. – 576 бет.
5.Кеңес Одағының Түркі әлемі Саясаты. Мұстафа Шоқай (Французша таңдаулы мақалалары). Құрастыған Әбдіуақап Қара. Ыстамбұл. 2023.- 343 бет.
6.Шоқай М. Таң. шығ.: Үш томдық. 1-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007. – 352 б.
7. Шоқай М. Таң. шығ.: Үш томдық. 2-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007. – 392 б.
8.. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. VI том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2013. -568 бет.
9. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. VII том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2013. -572 бет.
10. Общественная мысль Русского зарубежья: Энциклопедия /Отв. ред. В.В. Журавлев; отв. секр. А.В.Репников. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2009. -704с.
11. Шоқай М. Таң. шығ.: Үш томдық. 3-т. – Алматы: «Қайнар» баспасы. – 2007. – 384 б.
12. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. IХ том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. -568 бет.
13. Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы: Он екі томдық. ХI том. – Алматы: Дайк-Пресс, 2014. -544 бет.
1251 рет
көрсетілді0
пікір