- Мақала
- 28 Қараша, 2024
ОТАНДЫҚ ТҰҢҒЫШ МЕДИАХОЛДИНГТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп Қасым ақын жырлағандай, ғалым-журналист Жұмабек Омарұлы Кенжалин де өзінің өнегелі өміріне қатысты ғылыми-публицистік мол мұра қалдырып кеткен қайраткер. Бұл ретте оның мұрындық болуымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде өткізілген ғылыми-тәжірибелік кофнеренциялардың алар орны ерекше. Атап айтқанда, кезінде факультеттің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының доценті, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы бола жүріп, Жұмабек Кенжалин әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2010 жылы «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: PR, БАҚ менеджменті мен маркетингі», 2011 жылы «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: Қазақстанның қоғамдық-саяси баспасөзінің қалыптасып, дамуы» және «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: тәуелсіздікті нығайтудағы БАҚ рөлі», 2014 жылы «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: замана талабы мен талғамы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды ұйымдастыруға мұрындық болып, өткізуге белсене атсалысты.
Жүкең бақилық болғаннан кейін Бірінші Кенжалин оқулары аясында 2021 жылғы 30 сәуірде өткізілген «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияның жұмысы үш секцияны қамтыды. Бірінші секцияда Жұмабек Кенжалиннің журналистика менеджменті мен маркетингінің өзекті мәселелері жөніндегі ғылыми еңбектері және публицистикалық туындылары талданса, екінші секцияда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет: Қазақстандағы қоғаммен байланыстың жаңа моделі», үшінші секцияда «COVID-19 пандемиясының отандық медиабілімге әсері және студенттерді оқытудың дуальді әдісінің ерекшеліктері» сөз болды. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті билік өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, БАҚ басшылары мен тілшілері, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар, студенттер қатысып, ғылыми басқосу барысында белгілі PR мамандары мен журналистер шеберлік сыныптарын өткізді. Жұмыс қорытындысы бойынша Қарар қабылданып, конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көрді.
Ал биыл журналистика факультетінің ЮНЕСКО кафедрасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында 2024 жылдың 23 қарашасы күні Жұмабек Кенжалиннің 70 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция мен үшінші Кенжалин оқуларын өткізді. Мұнымен қатар көпшілікке кеңінен танымал «Өнегелі өмір» сериясының Жұмабек Кенжалинге арналған 250-ші кітабы баспадан шықты. Практик-ғалымның «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» атты оқу құралы биыл қайыра басылды.
Сондай-ақ оның ақпараттық менеджмент пен маркетинг бойынша жасаған ғылыми-әдістемелік талдамалары бүгінде факультет педагогтары мен студенттерінің игілігіне қызмет етуде. Мәселен, журналистика факультетінің қоғаммен байланыс мамандығының екінші курс магистранттары «Коммуникативтік саясат және медиаактивтерді басқару» пәнін оқып-үйрену барысында жоғарыда аталған «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» атты кітабын негізгі оқу құралы ретінде пайдалануда.
Жұмабек Кенжалин «Ақиқат» журналын, «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) мен «Қазақ әдебиеті» және «Ана тілі» газеттерін басқару тәжірибесін ой елегінен өткізіп, жоғарыдағы «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» монография-оқулығына арқау еткен-тін. Кенжалиннің медиаменеджер, редактор ретіндегі қабілет-қарымының жарқырап көрінген тұсы оның «Ақиқат» журналына басшылық жасаған уақытын қамтиды. Жүкең бұл кезеңді былайша еске алады (дәйексөз ел тәуелсіздігінің 20 жылдық және «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 90 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстандағы ақпараттық үрдістер: тәуелсіздікті нығайтудағы БАҚ рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция кітабынан алынды): «Осы ұстахана («Ақиқат» журналы, авт.) табалдырығын мен 1996 жылы ақпан айында аттаған едім. Республикалық «Халық кеңесі» жабылатын болды да, оның қызметкерлері бірнеше басылымдарға жіберілді. Маған «Ақиқатқа» бас редактор болып баруға ұсыныс түсті. Ол бір өлара кезең еді. Анда барам, мында барамын деп саудаласып жататын уақыт емес. Бір назар аударарлығы бұл басылымда бас редактор лауазымында Сарбас аға Ақтаев отыр еді. Мұның алдында «Халық кеңесін» ол кісіден қабылдап алғанмын. Енді ізін қуғандай болып, тағы сол кісінің кеңсесіне барғалы отырмын.
Осы жайлы министрге түсіндіріп көріп едім:
– Бұл енді саяси шешім. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да осы, – деді.
Сонымен ақпан айында жұмысқа кірісіп кеттік. Нарықтың жойдасыз қыспағына қарамастан екі жылдай сүттей ұйыған ұжыммен тіл табысып жұмыс істедік. Бар жақсы дәстүрлердің баянды болуына күш салдым. Онымыз өз нәтижесін берді де... Білікті ғалымдар мен мамандар журнал жұмысына белсене араласты.... Редакцияда қазақ зиялыларымен шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстел басындағы сұхбаттар, журнал редакциялық алқасының көшпелі мәжілістері жиі-жиі өтіп, мұның өзі басылымның мазмұндық жағынан байи түсуіне ықпал етті».
1997 жылдың қараша айында Ж.Кенжалинге «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып бару жөнінде ұсыныс айтылған. «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» атты монография – оқулығының «БАҚ менеджментінің ерекшелігі» атты бөліміндегі «БАҚ менеджменті мен маркетингі: «Қазақ әдебиеті» газетінің үлгісі» деген тарау осы газетке арналған. Жүкең былай деп жазады: «Сол жылдар, 90-шы жылдары қымбатшылық пен тапшылықтың ауыздықталған кезеңінің өзінде қазіргі тілмен айтқанда редакция қызметінің менеджменті мен маркетингіне айырықша назар аударуды жөн деп таптым. Өйткені, қарапайым оқырманның қолына тиген газет пен дүңгіршек сөрелерінде ілінетін басылымның сырт келбеті мен түр-тұлғасы алыстан менмұндалап шақырып тұрмаса, онда төккен теріңнің зая кеткені. Сондықтан да біз сол жылдары газет-журнал өндірісінде енді ғана пайдаланыла бастаған компьютерлік терімнің, дизайнерлік шешімнің соңғы үлгілерін батыл пайдалануға тырыстық».
Ал, «Қазақ газеттері» медиахолдингінің құрылу тарихын былайша сипаттайды: «1999 жылдың сәуір айы. Мен бұл кезде республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып қызмет етіп жүрген едім... Сол сәуір айының 18 жұлдызында Астанадан, министрліктен қоңырау шалынды. Министрліктің алқа мәжілісі өтеді екен. Айтылған уақытта, 1999 жылдың 19-шы сәуірі күні республикамыздағы жетекші ақпарат құралдарының қатысуымен кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Осы жиында сөз болған, ел руханиятына айырықша үлес қосқан басылымдарды бір көзден қаржыландырып, мемлекет өз қамқорлығына алу жөніндегі ниетті шаруа көпшілікті бір серпілтіп тастады. Сол алқалы отырыста «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Қазақ елі», «Ақиқат», «Жұлдыз», «Мысль», «Простор» басылымдарының жаңадан құрылған қауымдастыққа енетіндігі айтылды. Сонымен қатар жаңадан құрылатын «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы құрамында ұйғыр тілінде шығатын «Уйғур авази» газеті де орын алатын болды».
Ал, арада бір ай өткен соң, дәлірек айтқанда 1999 жылдың 21-ші мамыр күні Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі әрі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Д.Әбілғазиннің №28 Бұйрығы шықты. Сөйтіп, «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірден-бір құрылтайшысы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитеті болды. Серіктестік қызметінің негізгі мақсаты тіл, тарих, мәдениет және әдебиет, сондай-ақ рухани адамгершілік құндылықтар мәселесін көрсетіп отыратын мерзімдік басылымдарды қолдау болып табылды.
Кейіннен, 2008 жылғы 1 ақпанда Ақпарат және мұрағат комитетінің бұйрығымен «Простор» журналы, «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциялары ЖШС құрамынан Қазақстан Жазушылар одағына беріліп, серіктестікке «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Үркер», «Ақ желкен», «Балдырған» және басқа басылымдар кірді.
«Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланысы» оқулығында «Ана тілі» газетіндегі менеджмент: өрлеудің жаңа үлгісі» деген бөлім бар, мұнда Жүкең басылымға басшылық жасаған кезеңін талғам таразысына салады. «Кезінде «Қазақ тілі» қоғамының үн жариясы болып тұсау кескен газет 1999 жылы бүгінде еліміздің ақпарат кеңістігінде лайықты орын алған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның құрамына енген болатын... 2006 жылдың тамыз-қараша айларында мен қызметтен ауысу ретімен осы «Ана тілі» газетінің бас редакторлығы міндетін атқарған едім. Сол айналасы үш-төрт айдың ішінде редакция ұжымы басшы біреу болғанда өзгелері тіреу бола алатындай жағдайда жұмыс істеді. Соның нәтижесі болуы керек, басылым бетінде оқырман қауым есінде қалатындай мақалалар жарыққа шықты», деп атап өтеді ғалым-журналист.
Ел өміріндегі соңғы жылдардағы өзгерістер еліміздің ақпарат нарығын да айналып өткен жоқ. Басылымдарды бір орталықтан басқару мақсатымен 2020 жылы «Казахстанская правда» республикалық газеті» акционерлік қоғамы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ құрамына қосылып, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналды. Кейін, 2023 жылы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық газеттері біріккен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» серіктестігі «Қазақ газеттеріне» қосылды, бүгінгі таңда құрамына 6 газет және 5 журнал кіретін бұл ұжымның тізгінін филология ғылымдарының докторы, академик, профессор Дихан Қамзабекұлы ұстауда. Сөйтіп, Жұмабек Омарұлы іргетасын қалап, жиырма жылға жуық басқарған медиахолдинг керуені бетін болашаққа бұрды.
Жүкең зымыран заман жоғары оқу орындары ұстаздарының алдына қойған міндеттерге тәлімгер ретінде жауап беруге тырысты. Осынау ділгір мәселе жөніндегі педагог пікірі назар аударуға тұрарлық. «...Мен «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры әрі жұмыс беруші, әрі ҚазҰУ журналистика факультетінде дәріс беріп жүрген ұстаз-ғалым ретінде біраз ойларды ортаға сала кеткенді жөн көрдім... «Қазақ газеттері» ЖШС журналистика факультетімен жыл сайын келісім-шартқа отырып, таңдау сабақтарының тақырыбын бірлесе айқындайды, сол таңдау сабақтарын оқыған студенттер бізде өндірістік тәжірибеден өтеді, курс жұмыстары мен диплом жұмыстарының тақырыптары да осы кезде белгіленеді. Бұлардың арасында үздік шыққандары жұмысқа алынады». Ой-толғамын сабақтай келе, ғалым-ұстаз салалық журналистикаға көңіл бөлу қажеттігіне айырықша тоқталады. «Салалық журналистика – өмір талабынан туындап отырған қажеттілік. Жаңа технологияны игеру, қаржы дағдарысынан шығу, өндірісті өркениет биігіне көтеру, кәсіпкерліктің қыр – сырын білу, тағы басқа озық үлгілерге қол жеткізу жолындағы әдіс-тәсілдерді қарапайым адамдарға жеңіл де ұғындыра жазу – журналистке қойылар басты талап. Ол үшін арнайы біліммен қоса шығармашылық тәжірибе қажет. Еліміздегі журналистика факультеттерінің бәрі осы үрдістен шығып отыр ма? Оған жауап беру әрине, қиын». Бұдан 7 жыл бұрын айтылғанына қарамастан, осынау өзекті пікір бүгінгі күннің көкейтесті талаптарымен үйлесіп жатыр емес пе?
Жұмабек Кенжалин басқарған «Қазақ газеттері» ЖШС Польшаның сыртқы істер министрлігінде тіркелген шетелдік тілшілер қосынын ұстап, халықаралық журналистиканың көшін бастаған алғашқы қазақ медиахолдингі болып табылады. «Өнегелі өмір сериясының» Ж.Кенжалинге арналған 250-ші кітабында бұл жөнінде былай делінген: «...2012-2016 жылдары Еуропада тілшілер қосынының жұмысы жүргізілді... Сонымен қатар Жұмабек Омарұлы шетелдік университетте баяндама жасап, мақаласы ғылыми жинаққа енген алғашқы қазақ журналистерінің бірі. 2013 жылғы ақпан айында ол Польшаның Слубице қаласындағы Коллегиум Полоникум университетінде поляк ғалымы Адольф Янушкевичтің Қазақстан жөніндегі еңбектері туралы баяндама жасады. Осы сапарында ол Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің журналистика факультетінің деканы, профессор Тадеуш Валласпен кездесіп, әңгімелесті. Сондай-ақ Абайдың қара сөздерін қазақшадан полякшаға тікелей аударған профессор Хенрик Янковичпен жүздесіп, «Ана тілі» газетінде жолсапар очеркін жариялады... Келесі жылдары Алматыға келген сапарларында профессор Т. Валлас пен оның әріптестері «Қазақ газеттерінде» бірнеше мәрте мейман болып, журналистермен пікір алмасты».
Еліміздің рухани өмірінде өшпес із қалдырған Жұмабек Кенжалиннің ғылыми және шығармашылық мұрасы бүгінде зерттеушілер игілігіне айналған. Республикалық «Айқын» газетінде 2024 жылғы 5 қарашада жарияланған «Әділетті ардақ тұтқан тұлға» атты мақаласында филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы өзінің үзеңілес досы Жүкеңді «ол – белгілі қаламгер, көрнекті көсемсөзші, қазақ басылымдарын биікке көтерген бас редактор, қазақ баспасөзінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көшбасшы, ұлағаты жастарға өнеге, үлгілі ұстаз, білімі ілімге айналған білікті ғалым, жаңа замандағы тәуелсіздіктің ту ұстарына айналған мемлекет және қоғам қайраткері» деп бағалап, «мен Жұмабек жайлы айтылар сөз әлі алда деп білемін» деп тұжырым жасайды. Жүректен шыққан осынау аталы сөз, пайымды пікір қаламгер қауымның ортақ ойымен астасып жатыр десек, артық айтқандық болмас.
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.«Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер: PR, БАҚ менеджменті және маркетингі»: «Қазақ газеттері» ЖШС-ның 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конф. материалдары / ҚР Мәдениет және ақпарат м-гі, «Қазақ газеттері» ЖШС, ҚР Білім және ғылым м-гі, әл-Фараби атын. ҚазҰУ, журн. факультеті; ред. алқа: Ж. Кенжалин, Ғ. Ыбыраева, С. Қозыбаев, Ш. Нұрғожина, С. Мұсатаев, М. Салқынбаев, С. Барлыбаева. - Алматы, «Print-S» баспасы, 2010.
2.«Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдістер: Қазақстанның қоғамдық-саяси баспасөзінің қалыптасуы мен дамуы»: «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конф. материалдары / Жалпы ред. басқарған техн.ғ.д., проф. Ғ. Мұтанов, жауапты ред. С. Мұсатаев, ред. алқа: Ж. Кенжалин, С. Құттықадам, Ғ. Ыбыраева, С. Қозыбаев, Ш. Нұрғожина, М. Салқынбаев, С. Барлыбаева, Г. Сұлтанбаева, А. Рожков, А. Сандыбай. - Алматы, «ТоғанайТ» баспасы, 2011.
3. «Қазақстандағы ақпараттар үдерістер: замана талабы мен талғамы»: «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 15 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конф. материалдары, 5 желтоқсан 2014 ж. / әл-Фараби атындағы ҚазҰУ; ред. алқа: т.ғ.д., академик, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов, Б. Омарұлы, Ж. Кенжалин, С. Медеубек, А. Тілепберген. - Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2015.
4.«Қазақстандағы ақпараттық үрдістер: тәуелсіздікті нығайтудағы БАҚ рөлі»: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 және «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 2 желтоқсан 2011 ж. / ҚР Байланыс және ақпарат м-гі, «Қазақ газеттері» ЖШС, ҚР Білім және ғылым м-гі, әл-Фараби атын. ҚазҰУ; жауапты ред. С. Ш. Мұсатаев, ред. алқа: Ғ. Мұтанов, Ж. Кенжалин, Е. Алауханов, С. Қозыбаев, Ш. Нұрғожина, Р. Әбсаттаров, С. Мұсатаев, М. Салқынбаев. - Алматы, «Қазақ газеттері», 2012.
5. І-ші Кенжалин оқулары аясында өткен «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция, Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2021.
6. «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», Алматы, «Тоғанай-Т» баспасы, 2009.
7. «Өнегелі өмір» сериясының Жұмабек Кенжалинге арналған 250-ші кітабы, Алматы, 2024.
8. «Айқын» газеті, 2024 жылғы 5 қараша, «Әділетті ардақ тұтқан тұлға»/https://aikyn.kz/275437/diletti-ardak--tu-tk-an-tu-lg-a
1281 рет
көрсетілді0
пікір