• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

ҰҚСАС ӨМІР

Биыл бүкіл ел болып, Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың ерен үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, «Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы» атағының ең алғашқы иегері, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына және Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуларын атап өтудеміз. Осы есімдері аталған қос батырдың өмірі мен ерлік жолдарына зер салып қарағанымда, екеуінің де ғұмырында көп ұқсастық бар екендігіне көз жеткізгендей болдым...
 

Сарбаздар ұмтылып өр шешімімен,
Күн туды жаудың үні өшірілген,
Рақымжан Рейзстагқа ту тіккенде,
Сағадат кірді атойлап есігінен.
                      
(Кәкімбек Салықовтың «Батыр» атты өлеңінен үзінді)

Айтар болсам, Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылдың көктем айында дүниеге келсе, Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылдың күзінде туған. Екеуі де Ақмола облысының тумалары. Қазіргі Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданының Қосым ауылы Сағадат Нұрмағамбетовтың туған ауылы болып саналса, Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүние есігін ашқан екен. Жалпы, Сағадат Қожахметұлының өмірбаянынан мынаны білуге болады: «Сағадат үйінің кенжесі. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса, ағасы – Сағит. Сағадат дүние есігін ашуға бір ай қалғанда әкесі Қожахмет өмірден озады. Анасы Айса жалғыз қалып, екі ұлды асырау үшін бар күшін салады. Алайда, елді ашаршылық жайлаған 1932 жылы Сағит пен Сағадат отбасының тірегі болған аналарынан айырылып, тұл жетім қалады. Ол кезде Сағадат бар-жоғы 7 жаста еді....».
Ал, енді Рақымжан Қошқарбаевтың өмірбаянына көз жүгіртсек: «Рақымжан Қошқарбаевтың 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, жазалау лагеріне айдалған. Осылайша 13 жасынан жетім қалған Рақымжан Қошқарбаев Тайтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленеді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне жіберіледі....» деп, көрсетілген.
Жоғарыдағы өмірбаян жазбалары көрсеткеніндей, Сағадат 7 жасында анасынан айырылса, Рақымжан 13 жасында жетім қалады. Осыдан-ақ екеуінің де жастайынан жетім қалғандары анық байқалады. 
Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысы (1941-1945 ж.ж.) жылдарындағы «қазақтан шыққан батыр жауынгерлер» ретіндегі әрқайсысының жасаған ерліктері өз алдына бітпес бір әңгіме. Дегенмен де, қалам ұшымен түртіп отырып, жазып алған бар білгеніңді көзі қарақты оқырмандарға жеткізгенге не жетсін!
1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, 1942 жылы 18 жасқа толған Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес армиясының қатарына әскерге шақырылады. Қазақ жауынгері алдымен, Түркіменстан елінің жеріндегі Кушка қаласында орналасқан әскери училищеге оқуға жіберіледі. 1943 жылдың көктемінде әскери оқу орнын тәмамдаған С.Қ. Нұрмағамбетов майдан даласына аттанады. Соғыста пулемет взводының командирі, пулемет ротасының командирі, Кеңестік 5-ші екпінді армиясының ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-ші атқыштар дивизиясының 1052-ші атқыштар полкінің құрамында батальон командирі лауазымдарын атқарып, гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысады.
1945 жылы 17 қаңтарда Сағадат Нұрмағамбетов Еуропаның Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынның көзін жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Магнушев қаласын гитлерлік жау басқыншыларынан тазарту кезінде С.Қ. Нұрмағамбетов әскерлерді сауатты басқара білуімен көзге түседі.
Шайқастардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан Сағадат Нұрмағамбетов пулеметті қолына алып, жау әскеріне оқты қарша боратады. Осылайша, ол фашистердің 2 жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашист жауынгерін жер жастандырады. Нәтижесінде, Сағадат Нұрмағамбетов басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, 6 пулемет орналасқан жердің көзін жояды. Осылайша, С.Нұрмағамбетовтың ротасы Кеңес әскерінің алға жылжуына жол ашады. Бекінісі мығым жау қорғанысын бұзып өтудегі жауынгерлік тапсырманы бұлжытпай орындағаны және қаһармандық ерлігі үшін, 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесінің №5214 Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бұл кезде қазақтың ержүрек батыр ұлы Сағадат 21 жасқа әлі тола қоймаған еді. 
Қаһарман қазақ жігіті майор С. Нұрмағамбетов басшылық еткен батальон жауынгерлері, гитлерлік фашистердің соғысты басқарудағы басты орнына айналған рейхсканцелярия ғимаратына шабуыл жасап, соғысты Кеңес әскерінің құрамында Германия елінің бас қаласы Берлинде аяқтады. Ал Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев Ұлы Отан соғысы басталғанда, небәрі 16 жаста еді. Рақымжан ер азаматтармен бірге Отанын жаудан қорғау үшін, өз еркімен майдан даласындағы ұрыстарға қатысуға сұранады. Осы өтінішінен кейін, 17 жастан асқан Рақымжан Қошқарбаев  1942 жылдың тамызында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мен Орта Азия елдерінің жауынгерлерін даярлайтын Көкшетау қаласындағы атқыштар полкінің қатарына алынып, бір жыл ішінде әскери дайындықтан өтеді. Әскери өмірге бейімделіп, қарудан оқ атуды жетік меңгерген қазақ жігіті Қырғызстан Республикасының сол кездегі астанасы Фрунзе қаласына соғыс жағдайына байланысты ауыстырылған, Ресей жеріндегі Тамбов жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Училищедегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, сол кездегі Коммунистік партия мүшелігіне үміткер болып қабылданады. Аталған әскери оқу орнын 1944 жылдың күзінде «өте жақсы» деген бағамен аяқтаған Рақымжан Қошқарбаевқа «кіші лейтенант» атағы беріледі. Майдан даласындағы ұрыстарға алғаш рет 1944 жылдың қараша айының ортасында 1-ші Беларусь майданының 3-ші екпінді армиясы құрамында кіріседі. Бұл кезде сонау 1941 жылдың маусым айының екінші онкүндігінде бастау алған Ұлы Отан соғысының бағыты Германиямен шекаралас Польша еліне дейін жеткен еді. Майдан даласындағы Кеңес әскерінің жауынгерлері мен гитлершіл фашистердің арасындағы кескілескен ұрыс шайқастарына бірден кіріскен Рақымжан ерекше көзге түседі. Жас офицер басқарған взвод жауынгерлері Одер өзенінің бойындағы шайқаста  200 фашистің көзін жойып, көптеген неміс жауынгерлерін тірідей қолға түсіреді. Гитлершіл басқыншылардың 14 зеңбірегі мен 27 калибрлі пулеметін тартып алып, жаудың күшін әлсіретеді. Соғыстағы тек осы ерлігі үшін жекелеген жауынгерлер емес, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев басқарған тұтас бір взводқа «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені табыс етілгені анық. 
Германия елінің бас қаласы Берлинге жеткен Рақымжан Қошқарбаев бастаған жауынгерлер 1945 жылдың 30 сәуір күні алдымен, Рейхстагқа жақын орналасқан «Гиммлер үйін» басып алады. Көп қабатты биік ғимарат неміс басқыншыларының басқарушысы Адольф Гитлердің оң қолы, сол елдің ішкі істер министрлігінің тізгінін ұстаған көмекшісі генерал Гиммлердің қызметтік орны болғандықтан, осылай аталған болатын. Басып алған «Гиммлер үйі» ғимаратында лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Коммунистік партия қатарына қабылданып, оған Жеңіс Туын Рейхстагқа тігу жөніндегі жауынгерлік тапсырма беріледі. Дәл сол жерден 360 метр қашықтықта орналасқан Рейхстагқа, жанындағы қарулас досы Григорий Булатовпен бірге жеті сағаттай жер бауырлап жеткен Рақымжан Қошқарбаев ғимараттың екінші сатысына көтеріліп, терезенің сырт жақтағы қабырғасына Жеңіс туын қадайды.
Екі батырдың соғыстағы өмірінен елең етер ұқсастық тағы байқалады. Екеуі де жаумен шайқаса жүріп, қарамағындағы жауынгерлерімен бірге Польша елінен өтіп, Германия жеріне басып кіреді. Сағадат Нұрмағамбетов Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, Рақымжан Қошқарбаев «І дәрежелі Ұлы Отан соғысының» орденімен және Рейхстагқа Ту тіккен ерлігі үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Берлин қаласына енгенде Сағадат бастаған жауынгерлер фашистердің басты бекіністерінің бірі рейхканцелярияны жаулап алса, Рақымжанның қарамағындағы жауынгерлер «Гиммлер үйіне» басып кіреді. Сонымен қатар, С.Нұрмағамбетов Жеңіс күнін Берлинде атап өтсе, Р. Қошқарбаев сол Жеңіс Туын ең алғаш рет Рейхстагқа тіккен қаһарман ретінде көпшілікке танылады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздікке қол жеткіген соң, Сағадат Қожахметұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ең бірінші құрылған күнінен бастап, оның қалыптасуы барысында орасан зор еңбек етті. Өзінің қартайған жетпіс жасқа қараған шағына қарамастан, еліміздің Қорғаныс саласының тізгінін мығым ұстап, ілгері дамуына елеулі үлес қосты. Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде еліміздегі өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу ісінде көп еңбек сіңіріп, ұзақ жылдар бойы «Алматы» қонақ үйін басқарды.
Еңбегі жоғары бағаланған Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке 1994 жылдың 23 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің № 1707 Жарлығымен №1 Алтын Жұлдызбен қоса «Халық Қаһарманы» атағы берілсе, соғыстағы қаһармандық ерлігі жоғары бағаланған Рақымжан Қошқарбаевқа қайтыс болғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріледі.
Өздерінің есімдерімен қазақ халқының мақтанышына айналған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолдарынан осындай өшпес ұқсастықтардың байқалғандығын жақсылықтың нышаны деп білемін.... Әрине, өткен ХХ ғасырдың орта тұсында белең алған Ұлы Отан соғысының қанды майдан даласында С.Қ. Нұрмағамбетов ерлігімен Кеңес Одагының Батыры болып танылса, Р.Қошқарбаев жауынан еш тайсалмастан жанындағы қарулас досы Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Жеңіс Туын ең бірінші болып қадағанына тарих куә. 
Ендеше, екі батырдың да есімдері мен жанқиярлық ерліктері мәңгілікке өшпейтіні анық. Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың өмірі мен ерлік жолын үлгі тұтатын еліміздің жас жеткіншектерінің нағыз отаншыл болып жетілетініне сенімдімін!

 Тілек АЛШЫМБЕКҰЛЫ,
  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері    

 

 

265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз