- Мақала
- 28 Қараша, 2024
ТҰЛҒАТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
«Орталық мемлекеттік архив» республикалық мемлекеттік мекемесінде тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебайдың «Қазақ АКСР мемлекеттік билік жүйесінің өкілдері. 1920-1936: Өмірбаяндық-қызметтік анықтамалық» атты ғылыми еңбегінің таныстырылымы өтті. Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, А.Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур, Президент архивінің және Ұлттық кітапхананың өкілдері және тарихшы ғалымдар қатысты.
«Қазақ АКСР мемлекеттік билік жүйесінің өкілдері. 1920-1936: Өмірбаяндық-қызметтік анықтамалығы» тарихшы Сәбит Шілдебайдың 17 жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесі. «Кітапты шығарудағы мақсатымыз – Кеңестік Қазақстан тарихын зерттеуде архив құжаттарын пайдалану мен жариялаудың маңыздылығын айқындау және тәжірибемен бөлісу», – деді автор кітап таныстырылымында.
– Біз бұл еңбекте зерттеушілер мен қалың оқырман қауымды 1920-1936 жылдары Қазақ АКСР-індегі саяси билік пен мемлекеттік билік органдары болған РК(б)П Қазақ облыстық бюросы – РК(б)П Қазақ облыстық комитеті – РК(б)П, кейіннен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің 8 рет сайланған құрамында, сондай-ақ 9 рет сайланған Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мен 9 рет сайланған Халық комиссарлар кеңесінің құрамында болған 1530-дан аса тарихи тұлғаның аты-жөні мен лауазымы, делегат болып сайланған жері, атқаратын қызметі, өмірбаяны туралы жан-жақты мәлімет беретін тың архив құжаттары мен материалдарын жинақтап ұсындық. Олар мемлекеттік билік жүйесінің өкілдері болған адамдар».
Анықтамалық 4 бөлімнен тұрады, «Қазұйымбюро, Қазоблбюро, Қазобком және Қазөлкекомның бірінші басшылары мен мүшелері», «Мемлекеттік биліктің жоғарғы органы – Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағалары мен мүшелері», «Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалары мен мүшелері» деп аталады. «Ғылыми-анықтамалық аппарат» бөлімінде библиография: пайдаланылған архив қорлары, мерзімді басылымдар мен әдебиеттердің тізімі, басым бөлігі тұңғыш рет жарияланып отырған 192 қызметкердің фотосуреті мен есімдер көрсеткіші берілген. Автор зерттеу барысында тарихымыздағы аты-жөні ұқсас тұлғаларды көпшілік жиі шатастыратынын, кітапта олардың әрқайсысының қызметіне жеке тоқталғанын атап айтты. Сондай-ақ алғаш рет тарихи құжаттарда тек қана тегі көрсетілген тұлғалардың толық аты-жөнін анықтауға талпыныс жасалды.
Жиында сөз сөйлеген белгілі тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының билігі, оның құрылымы туралы көп айтылмайтынына тоқталды. «Бұл кітап біздің тарихымызды қорытуға қажет кітап. Кеңестік Қазақстанның басшылығында көбінесе өзге ұлт өкілдері болды, олар орталықтың тағайындаған адамдары еді. Обком деген сол кездегі мемлекеттік басқару органы. Совет өкіметін коммунистік партия биледі, саяси билік партияның қолында болды, Мәскеуде де, Алматыда да. Бұл идеологияға сүйенген өте қитұрқы жүйе болды. Еліміздің тарихын шынайы жазу үшін осы кезең туралы зерттеулер өте қажет. Сәбит Шілдебайдың бұл зерттеуі ары қарай жалғасын табуы керек», – деді М.Қойгелді.
Жиын барысында тарихшылар 1920-30 жылдардағы тұлғалардың өмірбаяны мен қызметі туралы тарихи деректерге толы жаңа кітаптың маңыздылығына тоқталып, өз пікірлерін жеткізді. Ғалымдар бұл кітаптың тағы бір тарихи маңызы тұлғатануға қосылған үлесінде екендігін атап өтті. Құнды қазына жинақталған архив деректері алдағы уақытта зерттеу өзегіне айналмақ.
Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ
1494 рет
көрсетілді0
пікір