• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

Ұлт танымындағы әулиелер тағылымы

Ел тарихында ойшыл, батыр атанған кісілердің барлығы да әулиелік қасиетке ие, көзқарақты адамдар болған. Мұның өзі әулиелік қасиеттің, қабілет пен білімнің адам болмысының негізіне байланысты екенін көрсетеді. Мәселен ХІ ғасырларда өмір сүрген ойшыл Жүсіп Баласағұн қоғам мүшелерін  бірнеше топқа, деңгейге бөледі. «Құтты білік» шығармасында бірінші топ   әулиелер, яғни бойына қасиет қонған адамдар. Екіншісі білгір ғалымдар. Үшіншісі оташылар, яғни емшілер. Қазіргі тілмен айтқанда көзқарақты, емші дәрігерлер. Төртіншісі бақсылар. Бесіншісі түс жорушылар. Алтыншысы ақындар. Жетіншісі диқандар, сегізінші сатушылар, малшылар, шеберлер деп кете береді. Ойшыл не себепті бұларды бөліп көрсеткен? Қазір әулие десе көбі көріпкел, бақсы, балгер кісілермен шатастырады. Шындығында әулиелердің табиғаты мүлде бөлек болған. 
 

Қазақ дүниетанымына «әулие адам», «әулиенің рухы», «әулиелер қасиеті» деген сөздер жат емес. «Әулиенің қаһары», «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген сөзді де үлкен кісілерден жиі еститінбіз. Мұның өзі халық арасында жер мен елге қатысты кие түсінігінің өзіндік сана тұғырына айналғанын растап отыр. Адам бойындағы қасиет ең алдымен атамекенге, ел мүддесіне қатысты киеге байланысты екенін негіздейді. Қазақ тарихындағы әулие, батыр, жырау, би-шешен, ақын, ойшыл ғалым, бай-манап атанған адамдардың болмысына тән қасиеттерді, олардың рухын, қызметін, әулиелігінің мәнін түсіну үшін ең алдымен қоғам түрлерін бір-бірінен ажыратып алуымыз керек. Ал өмірі ұзаққа созылған, болмысы терең қоғамның арғы жағында адамзаттың, ұлттың, әр ұрпақтың мақсаты жатады. Мақсаттың толығымен жүзеге асуы өзінің кемелдігі арқылы мәдениетін күшейте білген, өркниетін қалыптастырып, сақтай алған қоғамға тән. Қабілет пен білімге ие, тәрбиелі, ой-өрісі терең тұлғалардың арасында ұрпақ сабақтастығы қалыптасқан, олардың әрқайсысы әлеуметтік институтқа айналған қоғамның рухани деңгейі менмұндалап көрініп тұрады. Ондай қоғамды ұрпақ әрқашан армандаған. Мәселен әл-Фараби ондай қоғам жөнінде: «Қайырымды қала кемелденген, сырқатсыз денеге ұқсайды, ал оның барлық мүшелері тірі жанның өмірін аман сақтау үшін бір-біріне көмектесіп отырады» – деп жазады [1. 147 б.].
Әулиелер мен өзге де рухани қасиет (ең тамаша қасиетке ие) пен білімге ие тұлғалар ең әуелі халықтың бақыты үшін өмір сүргені көрініп тұр.  Жаратушының әулие адамдарды ерекше жарататыны да тегін емес. Сондықтан да олар ұлтқа, халыққа, адамзатқа аманат етілген деп білеміз. Аманатқа қиянат олардың дәстүрін, берген білімін сақтай алмаудан көрініп жүр. Түркілерде, оның тікелей мұрагері қазақтардың дәстүрінде Кеңес үкіметі құрылғанға дейін әулиелердің тегін, дәстүрін қорғауға аса мән берілгені анық байқалады. Өйткені әулие кісілер барлық кезде де қоғамының деңгейін, халықтың рухын күшейтіп отыратын тәжірибелерді сақтап, елді игі істерге бағыттап отырған. Әулиелердің қасиеті туа бітеді, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Әулиенің ұрпақтары ата-бабасынан беріліп отырған қасиет пен дәстүрді сақтай алса, өзінің ата-бабасының миссиясын атқара алған (қасиетті істі жалғастыратын) болса әулиенің рухы ұлт рухымен бірге күшейеді. Мұны қазақ мәдениетіндегі рухани тұлғаларымызға деген құрмет дәстүрі анық көрсетіп отыр. Әулиелер – елдің құты. Құт пен дәулет, ырыс, несібе соның ішінде рухани кемелдік ел ішіндегі әулие адамдардың қызметі арқылы қалыптасады. Сондықтан да ел тарихында әулие адамдар мешіт ұстап, медреседе талант иелерін тәрбиелеу ісімен айналысқан. Осындай әулиелердің медресесінен (Қожа Ахмет Ясауи заманынан бастау алатын) білім алған батырлар мен жыраулар деп біз Бұқар жырау, Марал ишан, Бекет ата және тағы да басқа тарихта есімдері ерекше аталатын кісілерді білеміз. Бұл дәстүр 1930 жылдарға дейін жалғасқан еді. Осы әулиелерден тәлім алған кісілердің барлығы бірдей әулие, батыр атанғанын көріп отырмыз. Мұның өзі ұлттың рухын күшейту жолында ел тарихында ерекше құбылысқа ие белгілі бір тәжірибелердің болғанын көрсетеді. Әулиелер Жаратушы мен адам (адамзат, ұлт, халық) арасын байланыстырып отыратын ерекше қасиетке ие адамдар болғандықтан, олар өмір сүрген жерде түсінік, көзқарас, білім терең болады. Қоғам әулиелер арқылы Алла Тағаланың құдіретін сезініп, ақиқатты зерделеуді бастағаны анық. Дәл осы себептен де Кеңес билігі бірінші кезекте дінге қарсы саясат жүргізгенін ұмытпаған жөн. 
Жүсіп Баласағұн әулиелерді қарапайым адамнан, тіпті дана, шешен адамдардан да бөлек ерекше адамдар деп санаған. Олармен араласу керек дейді. Әулиенің батасын алған адам жамандықтан алшақ жүрмек. Қоғам әулиенің парасатына бағынғанда оның болмысы барлық жағынан күшейеді деген ой қазақ ойшылдарының мұраларында айтылады. 
Құлдан бөлек, бек кісіден ерекше,
Адамдар бар, араласар керексе.

Бірі олардың – пайғамбардың әулеті,
Қадірлесең қонар құт пен дәулеті. 
Сүй оларды көңіліңмен, жаныңмен 
Нәрсе сыйлап, жақсылық қыл барыңмен.

Туысы бұлар пайғамбардың етжақын,
Пайғамбарлық қақы үшін сүй, ей жаным!

Сұрастырма еш қарекет, сырларын,
Айтқан сөзін еш қайтармай тыңдағын – деп жазып кеткен Жүсіп Баласағұн [2. 440 б. ]. 
Ұлтқа аманат етілген дүниенің бірі болғандықтан әулиелерді қорғайтын қоғам да білімді әрі таза болуы керек. Әулиелерін қадірлеген ұрпақ болашақ алдында қадірлі болады. Батырлар мен билер, тіпті хандар да әулиелерді қадірлеуі тиіс. Дінді таза сақтау, елді таза ұстау ұлтқа қалай аманат етілсе, пайғамбар жолын сақтаушы әулиелер де аманат, яғни тарихындағы әулие адамдардың тағылымын, рухани мұраларын дұрыс зерттеп, олардың көрсеткен бағытымен жүру парыз. 
Әулиеліктің мәнін кез келген адам да жете түсінуі керек. Түсінбеген  ұрпақ кішігірім нәрсе тазалықтың өзін сақтай алмауы мүмкін. Ал адамның сыртқы тазалығынан ішкі тазалығын сақтауы тіпті қиын. Өткен дәуірдің  тәжірибесін ескерген тұлғалар мұны реттей білсе әулиелердің де рухы биіктей береді. Әулиелер – тарих пен жаңа буынды байланыстыратын ерекше қасиет иелері. Қазақ халқының әулие туралы түсінігі Х-ХІІ ғасырлардағы түркі ойшыларының мұраларында кездесетін тұжырымдардан алшақ кетпеген. Ата-бабамыз ерекше қасиеті арқылы ел мәдениетінің рухани өзегіне айналған тұлғалардың ұрпағын әлеуметтік институт ретінде қалыптастырған. Қазақ қоғамындағы діни тәжірибенің өзі әлеуметтік рухани құрылыммен қалыптасқан еді. Күні кешеге дейін әулие, ишан атанған кісілер ұстаған мешіт, медреселердің өзінде елді рухани ортаға біріктерген қызмет күшті болғанын көріп отырмыз. Бүгінгі ұрпақ мұны да толық ажырата білуі тиіс. Бұндай тәжіриебе, яғни үлкен әулие кісілердің ұлт ісінде қоғамдағы өзге тұлғалар институтына жол көрсетіп, алда жүруі ең алдымен дін мен халықты байланыстыруда үлкен күш, үлкен өнеге мен білім көзіне айналғанын көрсетеді. Бұған мысал тарихта аты қалған қазақ ойшылдарының әулиелерге қатысты айтқан сөздері. Мәшһүр Жүсіп Көпеев тарихқа қатысты зерттеулерінде Абайдың әкесі Құнанбайдың сөзін келтіреді. Жүз жиырма адам болып қажылыққа барған қазақтың діни адамдарына сол жақтағы кісілер сауал қойып, Абайдың әкесі Құнанбай ол сауалға «....біз Мәскеу, сәскеуіңді білмейміз. Бұхар тіл, сухар тіліңді де білмейміз. Тіріміздің билігі «Аллажар» ұранды төреде, өліміздің билігі «Алла» ұранды қожада. Жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды. Сарыарқа деген жерде бетімен қаздай қалқып, үйректей жүзіп өніп-өскен «Қазақ» деген жұрт боламыз» – депті [3. 249 б.]. Осының өзі бүгінгі бізді көптеген дүниенің мән-жайын терең зерделеуге бағыттап отыр. Ұлты қазақ, діні мұсылман, ділі, тілі қазақ, діні мен ділі үйлескен, түрлі тарихи кезеңдерден бірін-бірі демеп өткен, ал бұған тікелей мұрындық болған сол кездегі қазақтың батыр, әулие адамдары екенін еске салады. Халыққа дін мен бойына қасиет қонған әулие адамдар аманат болса, бұған қалай берік болу керектігін сол кездің әр адамы терең білсе керек. Соның арқасында халқымыз патша заманында еркіндігінен қол үзсе де, ерік қасиетінен қол үзбеген еді. Қоғам күрескер адамдарды әлсін-әлсін тудырып отырған. Патша заманының өзінде ұлттың жеріне, тілі мен дініне қаншама қарсы саясат жүргізілсе де, қазақ ұлты өзіне тән ерік-жігерімен, жылдар бойы ұрпақтан ұрпаққа берілген қасиетімен іштей болса да төтеп бере алған. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өзі де әулие кісі болған. Оның қазақтың қадым заманынан келе жатқан дәстүрін терең меңгерген адам екендігін тарих бетінде қалған сөздерінен, қызметінен көруге болады. Әулиелердің көзін көрген ең соңғы әулиенің бірі осы кісі деп айтсақ қателеспейміз. Жүсіпбек Аймауытов қазақ қоғамындағы әулиелердің жолымен келе жатқан тұлғаның бірі деп Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арнайы хат жазған. Онда былай делінген: «Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарысыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі сізді жарытпайды, тосаңсытады, күні өткен жат адам қылады. Жаңа заман өйте берсін! Сіз онда жалғыздығыңызды, жапандығыңызды, сәнді-салтанатты ескі күніңізді жырлап өтіңіз. Ақынның ақындығы улаған ойын, тулаған сырын, оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой....»[4. 242 б.]. 
Қазақ ойшылдарының дүниетанымында әулиелер дегеніміз пайғамбардың жолын берік ұстанған адамдар. Тақуа әрі қай жағынан да таза жандар. Әулиенің әулиелік рухы бойға дарыған, ата-бабадан тек арқылы берілетін ерекше қасиетпен бірге терең білімге, үлкен тұлғалық қасиеттерге ие болуында жатыр. Қазақтың тарихында батырлардың көбісі әулие, көзіқарақты кісілер болған. Осы әулие, батыр атанған адамдарға қарап кісілік танымның терең қырына дін ілімін, кемелдікті, тақуалықты меңгеру арқылы жетуге болатынын көреміз. Ата-бабамыз әулиенің бейітін де, отырған жерін де таза әрі киелі орын деп санаған. Бұл көзқарас тарихи сананың да құбылысына айналған. Қазақтың дұниетанымында елдің рухы мықты болу үшін халықтың да рухы күшті, болмысы терең, таза болуы тиіс. 
Абайдың ойынша қандай қасиет, қандай асыл іс болмасын оны иеленіп, қоғамның игілігіне айналдыруда екі нәрсе керек. Біріншісі даналық, екіншісі ғылым. Егер осы екеуі болмаса, қоғам екеуін бағалап иеленбесе (дамытпаса) қай салада да ілгерілеу болмақ емес. Рухани жағынан, әлеуметтік деңгейде болсын жоғарылауға оң әсер беретін дұрыс таным, дұрыс ілім, дұрыс білім және дұрыс пайым. Ал бұлардың қай-қайсы да қоғамның рухани деңгейінен шығады. Сондықтан да әулие адамдар даналыққа мән берген, ілім деңгейінде қоғам мүшелеріне білім берген, ұлттың тарихын, мәдени игіліктерін ұрпаққа үйретумен келген. 
Даналықтың негізінде де терең қабілет тұрады. Ойшылдарымыз өмір сүрген дәуірде бүгінгідей оқу орындары болған жоқ. Бірақ олардың білімі адамды кемел адам биігіне шығаратын тәжірибеге ие болғаны көрініп тұр. Мұның себебін діннің ілімін үйреткен әулиелердің қызметімен, батырлар жырымен басқа да ұлттық өнердің түрлерінің медреселерде оқытылуымен байланыстырамыз. Олар дүниетанымдық негізде жаратылыс ақиқатын түсіндіруде негізгі нәрселерге көңіл бөлген. Ал бүгін керісінше, ақпарат көп ойлау мәдениетіне келгенде нәтиже аз болып шығады. Себебі қазіргі білім көп, жан-жақты болғанымен адамның қабылдауы шектелгенге ұқсайды. Ал адам танымының өрісіне қарайтын болсақ онда сезімдік қабілеттің өзі бір әлем. Ал тарихта оны ашудың да өзіндік ережесі, тәсілдері болғандығы анық. Білім құр ақпарат күйінде қалмай ең алдымен жанға азық болуы тиіс. Тарихтағы әулие тұлғаларымыз, яғни ұрпақты батырлыққа, рухани кемелділікке тәрбиелеген заманда алдыменен адамның бойындағы қасиетпен қоса қабілеттің де көздерін ашуға қатты көңіл бөлетін болған. Мәселен батырларды, билерді айтпағанда қазақ жырауларының қабілеті, сезімталдық қасиеттері осы рухани тұлғалар өмір сүрген дәуірдегі мәдениеттің, ұлттық идеяның қандай болғанын көрсетеді. Неғұрлым ұлт интеллектуалдарының қоғамдағы рөлі күшті болған сайын ұлттың идеясы да күшті болады. Ал қазіргі интеллектуалдармен әулие, батыр атанған адамдарды салыстыруға келмейді. Олардың күш-жігері түрлі қиын кезеңде халықты ұйыстырып, ең алдымен адамға кісілікті үйретуінде жатыр. 
Әулиелер қоғамның тереңдігін сақтаған. Әулиелер өмір сүрген дәуірде қоғам экономикалық жағынан бай болмаса да рухани жағынан бай, терең болған еді. Қай заманда болмасын ұрпақтың, әсіресе оның қоғамының келіп тірелетін жері түбі осы. Ақылға адам да, қоғам да түбі айналып келеді. Бірақ түбі айналып келгенде уақыттан ұтылады. Уақыттан ұтылмау үшін істің басында да, қасында да парасат жүруі тиіс. «Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше өзімізде бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек» – деп жазып кеткен Жүсіпбек Аймауытов. 
Ел тарихындағы әулиелер феноменін зерделеуде жан, рух ұғымдарының да мәніне тоқтала кетумізге болады. Жан бәрімізге белгілі осы дүниедегі адамның өмірге келуі, өмір сүруі арқылы жетіліп отырады. Жан жетілуінің өнімі ретінде сананы, ақыл мен мінезді, білімді айтуға болады. Себебі адам дүниеге нәресте болып келеді, ал білімді осы өмірден үйренеді. Ол адамның жақсы я жаман болуы осы өмірдегі қоғамына, ортасына байланысты. Адамның дұрыс әрі мағыналы өмір сүруіне көмектесетін (жетекші болатын) әулие, ойшыл адамдардың ұстанымы, білімі, өнегесі. Жан мен тән бір-бірімен қандай және қалай байланыста болса, тұлға мен ұлт та, қоғам да солай. Тәннің бір жері жарақаттанса ол бірінші жанға ауыр тиеді. Оны бірінші сезетін жан. Жан емдейді. Әулие тұлғалар да сондай, яғни ұлттың, ертеңгі мен ұрпақтың дұрыс жетілуіне қызмет етеді. Олар қай жағынан да ақыл-парасат, тазалық,  адамзаттың, оның ішінде ұлттың құндылықтары үшін күреседі. Әулие, батыр бабаларымыздың қасиетінің сыры осында жатыр. «...мен жанды былай түсінемін, дейді Шәкәрім өзінің «Үш анық» еңбегінде, - біз дененің түп негізін тексергендей жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила вещества (қуатты дене) дегендегісі қуат осы жан. Сол жан денеден өсіп – өршиді. Ғылым жолында әлденеше түрленіп өзгерсе де дененің еш нәрсесі жоғалмаған сияқты, жанның да ешнәрсесі жоғалмайды...». Шынымен де солай жеке адам, ұлттың рухани өмірінің философиялық мәнін зерделеуде, есімдері аталған ойшылдардың көзқарастарын, жаратылыс ақиқаты Алла Тағаланың құдіретін, адам жанының табиғатына қатысты айтқан ойларын негізге алуы керек деп есептейміз. Баланы тәрбиелеуде де солай, ата-ана мен қоғамның міндеті балаға дұрыс бағыт-бағдар беру. Мұның барлығы адам жанының жоғары мәртебеге ие болып, бақытқа қол жеткізуіне көмектеседі. Қазақта неге «екі дүниенің бақыты» деп жиі айтылады. Бұның да мәніне зер салсақ, арғы жағында адамның болашағы осы өмірден алған тәрбиесінің, тәжірибенің жемісі деген ой жатыр. Жүсіпбек Аймауытов былай деген: «Адам жанды нәрселердің ішіндегі ақылдысы, сезімдісі, қайраттысы. Ішіп-жеу жанды нәрселердің бәрінде бар. Адам дүниеде ақылды зат болса, өмір сүруінде де бір ақылды мақсат болуы керек. Тамақтану, нәпсіні ырза қылу, өсіп-өнумен хайуан ғана қанағаттанады. Егер адам да осындай керекпен ғана қанағаттанып өмір сүретін болса, адамның хайуандық жағы өсіп, ақылды адамшылық жағы өшкен болады» [4. 135 б.].
Тағы да қайталап айтар болсақ ұлттың да, жеке адамның да еркіндігі ең алдымен ұлттық құндылықтардың еркін өмір сүруінен шығады. Ұлттық құндылықтары бағаланған жерде еркіндік бар. Еркіндік бұл қоғамның тегіс ерік-жігерге ие болуы, философтар айтқандай ерік-жігердің дербестігі. Ерік- жігері күшті адамдардан ғана дұрыс пайым, дұрыс көзқарас шығады. Таланттар осы үшін дүниеге келеді. Ең жоғарғы деңгейге ие талант бұл әулиелік, батырлық қасиет болған. Дәлірек айтсақ ұлтына, адамзатқа игілік, пайда әкелетін барлық талант иелері болашақ үшін жаратушының ерекше жаратқан адамдары болып саналады. Қоғам да, мәдениетті солардың білімі, тағылымы арқылы дамиды. Ал мемлекеттің, қоғамның алдындағы міндет талант иелеріне жағдай жасау болған. Қоғамға дұрыс тәрбие, дұрыс тарихи сана, дұрыс ой-өріс қажет. Таланттар қорғалған жерде ғана еркіндік сақталады. Жемқорлық басқа да жаман әдет түрлері орын алған жерде таланттар шықпайды. Ал таланттардың шықпауы еркіндіктің әлсіреуімен тең. 
Әділеттілік барлық кезде қоғамға ауадай қажет. Әділеттілік болған жағдайда ғана талант иелері қоғам алдына шыға алған. Әділеттіліктің өзі жаратылысқа тән нәрсе. Жаратушының құзырындағы нәрсе. Мәселен адам қанша әділеттілікті бұзғанымен уақытты, өмірдің ырқын бағындыра алмайды. Адам еркі жаратылыс еркімен үйлескенде ғана кемелденбек. Әулие бабаларымыз тарихта қоғамына ең әуелі осыны үйреткен. Адам әділетсіз, қоғамда әділетсіздік орын алуы мүмкін. Бірақ жаратушы, оның құдіреті әділетті. Ал талант иелерінің кісілігі, интеллигенттік парызы ең әуелі халыққа өмір сүрудегі танымын кеңейту болған. Көзі ашық, көкірегі ояу адам, қоғам болсын жалпыға бірдей болатын дұрыс мақсат қойып, сол мақсат жолында дұрыс нәрселерді жасай алады деген ой қазақ ойшылдарының мұраларында жатыр. Өкінішке қарай кеңес билігі осындай оймен тәрбиеленіп келген небір талант иелерін құрбан етті, олардың жолын бөліп тастады. Әлі де оның зардабы білінуде. Егер ұлттың тұтастығын, өркениеттілігін ойласақ ең алдымен тарихтағы феномен тұлғалардың табиғатын зерттеп жарыққа шығару керек. 
Әулие, батыр тұлғалардың рухы қашан да ұлттың тірегі болған. Бабаларымыздың адамға ой салатын тағылымы ұлттық рухымыздың тұғыры деген ойды түйіндей келе Мағжанның мына бір сөзін келтіруді жөн көрдік: 
    Содан бері бірталай заман өтті,
    Алашты улай-улай жаман өтті. 
    Тұлпар – тулақ, ер арып аруақ боп,
    Сарыарқа сайран жердің сәні кетті.
    Жолбарыстар жортатын сары далада 
    Қорсылдаған доңыздар мекен етті. 
    Жалғыз ақ Оқжетпестің қиясында 
    Шөккен қарт күн шығысқа түзеп бетті,
    Көп заман талмай – тозбай тау басында,
    Алаштан Кенекемдей бір ер күтті [5.184 б.]. Тектілік, кісілік, елдік сана бұның барлығы ұлттың рухының өсуіне тікелей әсер еткен дүниелер болған. Барлық игі нәрселердің басында әулие, батыр тұлғаларымыздың тағылымының тұрғандығын ескерсек, тарихтан келе жатқан идея да ұрпақтан текілікті талап етеді. Ал бұлардың бірінсіз ұлттық рухтың қалыптасып, нығаюы екі талай. Мағжанның жолбарыс деп отырғаны рухы күшті адамдар, рухы мен кіслік талғамы күшті ұрпақ болса керек.... 

Үмбетқан СӘРСЕМБИН 
философия ғылымдарының кандидаты,
 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік 
университетінің кафедра меңгерушісі

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Әбу Насыр әл-Фараби. Қайырымды қала. – Алматы. RS; Халықаралық Абай клубы, 2015.-248 б.
2.Баласағұн Ж. Құтты білік. – Алматы: «Өлке» 2006. – 640 б. 
3.Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп. Ит дүние. Таңдамалылары. – Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008-416 б.
4.Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – 5 т. Алматы: Ғылым, 1999-304 б. 
5.Батырлар жыры. 7 том. Тарихи өлең-толғаулар, дастандар. – Алматы: Жазушы, 2008-288 б.
 

 

1357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы