• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

АБАЙДЫ КӨЗБЕН ЕМЕС, ЖҮРЕКПЕН ОҚЫҒАНДАР ЖАРЫСТЫ

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін әрдайым баса айтып келеді. Олар тек материалдық көмекке ғана емес, рухани да көмекке зәру. Алатаудың әсем қойнауында орналасқан көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиесілі «Спутник» демалыс шипажайында Қазақ соқырлар қоғамы ұйымдастырған Абай шығармашылығына арналған «Абай әлемі» атты республикалық байқау соны сездірді.     

Көз жанарынан айырылса да, өзінің таланты мен ғажап ерік-жігерімен әлемге танылған соқыр саңлақтар жетіп артылады. Әлемге аты әйгілі екі атақты ақын – «Илиада мен Одиссейді» жазған Гомер, «Құдіретті комедияны» тудырған Дантенің, Шығыстың жеті жұлдызының бірі Рудакидің соқыр болғаны белгілі. Осындайда екі көзі бірдей соқыр болса да аламан айтыста ешкімге дес бермеген аса жүйрік шешен, аузымен құс тістеген ақын Шөже Қаржаубайұлы мен ғажап композитор әрі ғажап әнші, 1974 – 1976, 1983 – 1985 жылдары Қазақ зағиптар қоғамы Жезқазған облыстық басқармасының төрағасы қызметін атқарған Жақсыгелді Сейіловті, жас кезінде шешекпен ауырып қос жанарынан айырылған композитор Садық Кәрімбаевты, Нарынқолда туып-өскен көз мүгедегі, әнші-сазгер, «Нарынқол жастары вальсінің» авторы Мәкен Әлиасқаровты, Өзбекстан, Қарақалпақстан қазақтарына аса танымал, үш күн тоқтаусыз жырлай алған Қалдаш жырауды қалай атамайсың?! Сондай-ақ сегіз жасында жанарын жоғалтқан, нотаны көзбен емес, жүрекпен жаттаған, Оралдан шыққан атақты пианист қыз, итальяндықтардың аузын аштырған музыка академигі Саида Қалықова ше?!Бұлардың бәрі де жүректерінің көзі ашылып, жаһанға өлмес өнер сыйлаған жүйріктер! Қысқасы, әлемді былай қойғанда, су қараңғы соқыр болса да аңызға айналған тұлғалар өз арамызда жетеді. 
Бүгін де арамызда бала кезінде-ақ көру мүмкіндігінен толықтай айрылып қалғанымен, таланты мен жігерлілігінің арқасында арнайы бағдарлама арқылы мектепті, одан соң, жоғары оқу орнын тәмамдап, саналы ғұмырын саясатқа, өнерге, жазушылыққа, музыкаға арнап, өздерін қоғамға мойындатқан жандар жетіп артылады.    
Қазақ соқырлар қоғамы өздерінің әр облыстардағы филиалдары арқылы көзі кем өнерпаз мүгедектермен, ақындар мен композиторлармен, әншілермен өте жақын рухани қарым-қатынас орнатқан. Сонау өткен ғасырда, нақты айтқанда 1969 жылы Қазақ соқырлар қоғамы орталық басқармасы президумының шешімімен Интеллектуалдық еңбек қызметкерлерінің кеңесі құрылып, ол өзінің мәдени-бұқаралық жұмыстарын жандандыруды бастаған күннен бері күні бүгінге дейін бұл үрдіс Соқырлар қоғамында үзбей жалғасып келеді. Соның нақты айғағына өзіміз де куә болдық. Қараша айының ортасында Талғар қаласы бағытында тауды өрлей әсем табиғат аясында орналасқан «Спутник» демалыс аймағына бет алдық. Таулы аймақтағы бұл шипажай көру қабілеті нашар адамдарға арналған. Осы жерде Қазақ соқырлар қоғамы өткізген көз мүгедектігі бар адамдар арасында Абай шығармашылығы бойынша республикалық байқауға көршілес өзбек, қырғыз елінен де өкілдер қонақ ретінде қатысып, өз өнерлерін ұсынды. «Абай әлемі» деп аталатын аталмыш республикалық байқауға кезінде белгілі тележурналист болған аудармашы, «Парасат» орденінің иегері Заманбек Әбдешов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әнші-ұстаз Дәлел Уәшев пен сатирик жазушы Ермахан Шайхыұлы және ақын, сазгер Бекжан Әшірбаевпен бірге қазылар құрамында біз де болдық. Әр облыстан және Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистен екі өнерпаздан қатысып, бірі Абай өлеңін жатқа оқыған, екіншісі Абай әндерін шырқаған байқауды қазылар мейілінше әділ бағалауға тырысты. 
Жаратушының жаратқан нәрселерінің сұлулығын, күн мен айды, жұлдыз бен аспанды, гүл мен суды, қысқасы бізді қоршаған ортаны күн сайын көре алмайтын жандар көзі бар бізге қарағанда, әлемнің нәзік иірімдерін сезгіш, аса сезімтал һәм мейірімді әрі көп нәрсеге қабілетті болып келетінін осы байқау барысында бағамдадық. Мүмкіндігі шектеулі зағип әншілер арасынан әсіресе Маңғыстау облысынан келген Шынар Ниетқалиева есімді қарындасымыз «Таңғажайып бұл қалай хат» әнін өте жоғары кәсіби деңгейде орындап, көптің де, қазылар алқасының да көңілінен шықты һәм әншілер арасынан бас жүлдені жеңіп алды. Абайдың Пушкиннен аударған «Онегиннің Татьянаға жауабын» бар нақышымен тамылжыта орындап, сахна көрігін қыздырған Шынар бертін келе көру қабілетін жоғалтыпты. Бұл да Жаратушының оған берген сынағы, сүйікті құлын күнәдан арылтуы болар. Шынар тек әсем орындаушы ғана емес, өзінің ән де шығаратын сазгерлік өнері бар екен. Сазы мен сөзі келіскен, сыры бөлек, шыншыл сезімімен баураған бір әнінің  мәтінінен үзінді келтірсек: 
«Менің көзім болғанымен қараңғы,
Мейірімділік ашып қойған санамды. 
Көрмеген көзіме шүкір!
Адамға бұл ғұмырды өлшеп берген,
Жамандықты көзіме көрсетпеген, 
Алла, өзіңе шүкір! 
Көретіндер көп нәрсені көрмейді, 
Көрмейтіндер жүрегімен көреді.
Көрмеген көзіме шүкір!» деп өзі шығарған әнін де сахнада шырқаған жүрегімен көретін Шынардың әніне тебіренбеген, көзінен жас ыршытпаған жан аз болған шығар. Көзі соқырдың көңілі соқырдан аспан мен жердей биікте тұрғанын тұспалдағанын айтсайшы оның! 
     Есімізге осы арада еріксіз ірі ғалым Хасан Басриге бір адам келіп, қызының соқыр болып қалғанын айтқан тәмсіл түсті. – Әй, имам, менің қызым күні-түні Құдайды ойлап көп жылайды. Ешкім емдей алмады, - дейді. – Мені ертіп бар, - дейді Хасан Басри, – жолығып көрейін. Екеуі үйге жетеді. Шынымен де қызы су қараңғы соқыр екен, өзі жылап отыр. Хасан Басри мұны көргенде: – Қызым, неге жылай бересің? Тіпті екі көзіңнен де айырылыпсың, - дейді.
– Екі себептен соқыр болдым, - депті қыз, – біріншісі, егер бұл көзбен ақыретте Алланың жамалын көре алсам, қазіргі көрген дүние соның жолында садақа болсын. Екіншіден, ақыретте бұл көзбен Алланың нұр дидарын көре алмасам, онда мұның маған не керегі бар? Ондай көздің барынан да жоғы жақсы.
Бұны естігенде, Хасан Басри қыздың әкесіне қарап:
– Сен мені бұл жерге ақыл айт деп әкелгенмен, ақылгөй қызыңнан нағыз даналық сөз есіткіздің. Мұндай көкірек көзі ашық адамдарға жай көздің керегі бола қоймас, - деген екен.
Міне қараңыз, Шынардың «Көрмеген көзіме шүкір!» деп ән шығаруы Алладан шын жүрекпен қорқудың деңгейі емес деп айта аласыз ба, айта алмайсыз!? Алла жанарымыздан айырмасын, әрине. 
Астана қаласынан келген Жанар Әділбекова шырқаған «Мен бір жұмбақ адаммын» әні жүлделі екінші орынды, Ақтөбе облысынан келген Диана Сарманова әуелеткен «Сен мені не етесің?» әні жүлделі үшіеші орынды еншіледі. Шымкент қаласынан келіп «Бойы бұлғаң» әнін орындаған Сұлтан Маннатов, Алматы облысынан келіп «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындаған Жанат Таубалдиевтердің де өнері өрелі екен, төртінші, бесінші жүлделі орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ Абай өлеңдерін нәшіне келтіре жатқа оқудың да шын шеберлері қатарынан оза шапты. Өлең оқуда Батыс Қазақстан облысынан келген Асылбек Қуанышқалиевтен озар ешкім болмады. Ол Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» жырын керемет мақаммен жатқа оқып қана қоймай, өз жүрегінен шығарған «Абайға арнау» өлеңін жүрекке жеткізе оқып берді. Өнер көгінде жүзгендердің ішінде өзге ұлт өкілдері де Абай шығармашылығынан құралақан болмады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысынан келген Алевтина Онищенко Абайдың «Ескендір» поэмасын орыс тілінде жатқа соғып, көрермен көзайымына айналды. Сахна көрігін қыздырып, жүректерді тербеткендердің арасында Зарина Әбдірахманова, Арай Ерланова, Перизат Үйсінбаеваның Абай өлеңін жатқа оқудағы өнері оқ бойы озық шықты. Олардың бәріне «Алғыс хаттар» мен ақшалай жүлделер тапсырылды. Жарық дүниені көзбен көрмесе де, көкірегімен көретін жандардың бәрі, оның ішінде бауырлас елдерден ат арытып келген қонақтар да сый-сияпаттан кенде қалмады. Абай атындағы Опера және балет театрының әншілері әннен шашу шашып, көзі кем жандарға нұр сыйлады. Ғажап әсерлі өткен байқау кеші қазылар құрамындағы әнші-ұстаз Дәлел Уәшев орындаған «Атамекен» әнімен қорытындыланды. 
Байқау соңында осы келелі шараны ұйымдастырған Қазақ соқырлар қоғамының құрметті мүшесі, жақында мемлекеттік «Құрмет» орденімен мараптатталған Шаншар Серікбайұлы Жекеевті аз-кем сөзге тарттық. 
– Мен осы шараға Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келдім. Көп жылдар Қазақ соқырлар қоғамының (ҚСҚ) Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасын басқардым және Петропавлдегі оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры болып қызмет еттім. Бүгінгі өткен шараға өте-мөте ризамын. Соқырлар қоғамының орталық басқармасын басқарып отырған Алмат Сәбитжанұлы Наурызбаев жылына бірнеше рет осы «Спутник» шипажайында көз мүгедектері арасында әр түрлі шарадан байқаулар ұйымдастырып тұрады. Бұл бізге – көз мүгедектеріне үлкен серпін береді. Мен осы қоғамды қырық жылдай басқарған Сәкен Өтегеновпен бірге жұмыс істеген адаммын. Өзі менің жерлесім болатын. Осыдан бес жылдай бұрын Сәкен Өтегеновтің 100 жылдығына орай «Өтегенов өнегесі» деген кітап қос тілде шықты. Оны да ұйымдастырып көп жәрдем берген осы төрағамыз. Есепке алынған әрбір мүгедектің назардан тыс қалып қоймауын төрағамыз өзі қадағалап, айрықша көңіл бөледі. Солардың бірде біреуін материалдық және моральдық көмектен тыс қалдырмауға тырысады. Құдайға шүкір, мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше көп көмектесіп жатыр. Жақында «Құрмет» орденін берді. Президентіміз біздерге барынша қолайлы жағдай жасау керектігін үнемі баса айтып келеді. Шүкір дейміз, – деді Шаншар аға. 
Екі көзі бірдей көрмейтін көр соқыр жандардың саны 36 миллион екен. 2050 жылы олардың саны 115 миллион болады деген болжам бар. Ал жалпы әлемде көз жанарынан зардап шегушілер саны 200 миллион болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 550 миллионға жетуі мүмкін. Көз көрмеу зардабы бойынша Азия халықтары бірінші орында, одан кейінгі орында Африка халықтары тұр. Ал Қазақстанда жарық дүниені мүлдем көре алмайтындар 20 мың болса, көз жанарынан зардап шегушілер саны 1 миллион 220 мыңның үстінде. Оның 550 мыңы – мектеп жасындағы балалар. Яғни көз мүгедектерінің саны еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін смартфонға телмірген мына заманда артпаса, кемімейтіні анық. Ендеше Қазақ соқырлар қоғамының мүшелеріне үзбей қамқорлық жасау мәселесін күн тәртібінен ешқашан түсірмеуіміз керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау күндерді елімізбен бірге бастан кешіріп, кейінгі жылдары бірге өркендеп қанат жайып, бүгінде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, зағип жандардың рухани қажеттілігін мүмкіндігінше өтеп отырған Соқырлар қоғамының біз куә болған рухани шарасы әлі талай жалғаса береді деген бек сенімдеміз. 
                 

Төреғали ТӘШЕНОВ,
                    «Aqiqat»

 

1242 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы