• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

Әлемдік деңгейдегі ірі қаламгер

Жанарбек ӘШІМЖАН,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің Депутаты 

 

Қазақ әдебиеті қай дәуірде де кенжелеп қалған әдебиеттің қатарынан болған емес. Кеше де, бүгін де. 
Рас, Кеңестер одағы тұсында қазақ әдебиетінің күзеті мықты, цензурасы тасқамал болды. Соған қарамастан қазақ жазушылары классикалық шығармалар жазды. Сондай классик жазушының бірі де бірегейі – бүгінде ЮНЕСКО деңгейінде 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Бердібек Соқпақбаев!

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының ғылым-білім және мәдениет мәселелерімен айналысатын әлемдік деңгейдегі беделді ЮНЕСКО ұйымының санатына енгізіліп, 100 жылдық тойы аталып өтуі – Қазақ Елінің мәртебесі. 
Ешкімді ұлтына, ділі мен дініне бөлмей, ғылым мен мәдениет саласында тараптарды ортақ келісімге жұмылдыру арқылы әлемде бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтау – ЮНЕСКО ұйымының әлемге ұсынып отырған ірі платформасы!
Біз әлемдік ұйымның адамзат тарихындағы алатын орыны ерекше деп білеміз! 
Бердібек Соқпақбаев шығармалары — құмының астында құйма алтын, тасының астында түйме алтын жасырылып жатқан Тянь-Шань таулары секілді. 
Егер әдебиетіміздің түп-тамырын адамзат тарихында ойып орын алған Көшпенділер өркениетінің тасқа жазып қалдырған жазуынан басталады десек, онда «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге қаған» жырлары мен «Қорқыт ата кітабынан» тартып, әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи еңбектері, Алтын Орда дәуіріндегі жыраулар поэзиясынан ұлы Абайға дейінгі аралықтың өзінде, әдебиеттегі халқымыздың жолы ежелгі Қытай қорғаны сияқты дәуірлерге созылып жатыр. Міне сол іргетасы небір классикалық шығармалармен қаланған қазақ әдебиетінің бүтін бір дәуірі Соқпақбаев феноменімен тікелей байланысты. Бердібек Соқпақбаевты әдебиетке қаламы емес, тағдыры айдап келген жазушы. 
Ол 1924 жылдың 15 қазанында Қазақстанның ғана емес, әлемнің ең биік нүктесіне баланған қасиетті Хан-Тәңірі шыңының етегінде, Қазақ Елінің көркем жазираларының бірі – Алматы облысы Райымбек ауданы Қостөбе ауылындағы қарапайым малшы отбасында туған. Әкесі Ыдырыстың шаңырағында өмірге келген баланың кейін атағы алысқа жайылып, жаһанға танылатын жазушы болатынын ешкім де білген жоқ. Ұлы жазушы небәрі 8 жасында анасынан айырылса, жетімдіктің қамытын кигізген өмір көп ұзамай соғысқа кеткен ағасынан да айырды. Бұл туралы ол өзінің «Балалық шаққа саяхат» шығармасында анасының ұзақ ауырып қайтыс болғанын, сол кезде емшектегі інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылап қалғанын жан біткенді тебірентіп баяндайды. Осыдан-ақ оның балалық шағы қандай ауыр күйде өткенін білу қиын емес. Алайда ол сынған жоқ. Керісінше аштық пен ауыр еңбекке қаршадайынан жегілген ол, өзін құл қылған өмірдің қыл арқанын қиып, берісі қазақ әдебиетінің, арысы әлем әдебиетінің аспанында өз жұлдызын жақты ақыры.
Ол – әдебиетке ғана үлес қосқан тұлға емес, жалпы қазақ халқының саяси-әлеуметтік кеңістігіне өз азаматтық арымен еңбек еткен қайраткер. Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық жолы поэзиямен басталған. «Бұлақ» деп аталатын өлең жинағы да жарық көрген. Қазақ әдебиетінің бағына орай кейін түбегейлі прозаға көшті. 
Кім біледі? Бәлкім поэзияда да ұлы ақын болар ма еді?.. Бірақ, прозашы Бердібек қазақ әдебиетінің арнасын әлем әдебиетіне әкеліп қосқан санаулы жазушылардың бірі. 
«Бақыт жолы», «Алыстағы ауылда», «Балалық шаққа саяхат», «Дала жұлдызы», «Аяжан», «Жолда», «Менің атым — Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар?» сынды шығармалары жоғарыдағы ойымызға айқын дәлел. Оның шығармаларының қай-қайсысы болса да ұлттық арман-аңсарға, биік мұраттарға құрылған. Бодандықта болған қазақ елінің тәуелсіздігін жақындатқан, халықты, ұрпақты Азат ел болуға дайындаған дәл осы Бердібек Соқпақбаев сынды классик жазушылардың шығармалары еді. Оның кітаптарын оқып отырып, ондағы кейіпкерлердің жетістіктеріне қуанбау, қиындықтарына қынжылмау, оларды жақсы көрмеу мүмкін емес. Сондай-ақ ол өз кейіпкерлерінің портретін шебер суреттеп, әрқайсысын қазақтың қарапайым болмысына сай шынайы сөйлете білді. Соның арқасында оқырман сол дәуірдің бет-бейнесін көре алды. Қанша дәуір өтсе де оқырман оның шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Өйткені, ол белгілі бір кезеңге немесе саяси ұрандарға байланып қалған жазушы емес. 
Көзі тірісінде жиырмадан астам кітабы жарық көріпті. Сол шығармалардың қай-қайсының да шоқтығы биік. Солардың ішінде советтік қалыпқа сыймаған, сайын сахараның сардарындай сақи болмыс қазақ баласын суреттеген «Менің атым — Қожа» шығармасын айрықша бөліп айтқым келеді. Бұл – қарапайым тілмен жазылған, өмір шындығының өзінен алынған шығарма. Ол шығармасында өзінің бар болмысын, жамандығын да, жақсылығын, күйінішін де, сүйінішін де совет үкіметінің цензурасын айналып өтіп ғажайып әдеби иірімдерімен жазды. Соның арқасында оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Бірақ тағдырдың қаққы-соққысын көп көрген қайраткер жазушының шығармалары керегесі қалың кеңестік жүйеден оңай қолдау таба қоймады. Сол қоғамда «Соқпақбаев шығармалары кеңестік саясатқа қайшы. Оның кейіпкерлеріне еліктеген ұрпақ совет тәрбиесіне бағынбай кетеді. Мұғалімнің сөмкесіне бақа салған оқушы ертең қандай азамат болады?» деген сияқты бөтен пиғылдағы әңгімелер желдей есті. Жазушының кітаптары терең бақылаудан өткізіліп тұрған. Ең қызығы, «Менің атым — Қожа» шығармасы алғаш Москвада орыс тілінде жарық көрген. Орыстілді аудиторияға кеңірек танылып, оқырман қауымының қызығушылығын туғызған соң ғана, екінші рет француз тіліне аударылып басылған. Сөйтіп бағы жанған шығарма бірден 30 шақты тілге аударылып, төрткүл дүниеге жайылған. 1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясы осы шығарма желісімен сценарий жазып, көркемфильм етіп шығарды. Қазақ киносында соны соқпақ салған режиссердің бірі Абдолла Қарсақбаев пен жазушы Бердібек Соқпақбаев сияқты екі ірі тұлғаның ортақ шығармашылығы Францияның Канн қаласында өткен халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлыққа ие болды. Әрине көзі тірісінде классикалық шығармаларымен бірде-бір сыйлыққа ие бола алмаса да, қалың оқушыларының назарынан ешуақытта тыс қалған емес. Өмір кейде әділетсіз болғанмен, уақыт – бәріне төреші һәм әділетті. Бүгінгі таңда ол өз бағасын алған әлемдік деңгейдегі ірі қаламгер.Мен қазақ әдебиетінің жанкүйері, әлем әдебиетінің оқырманы ретінде Бердібек Соқпақбаевты жаһандық классик жазушылар Марк Твен, Ханс Крситиан Андерсен, Эрнест Хемингуэй, Жюль Верн, Даниэль Дефо, Вольтер Скот, Антон Чехов, Феодор Достоевскийлер санатындағы қаламгер деп білемін!
Бұл – сан тағдырды бастан өткерген күрескер қазақ әдебиетінің бақыты!

Париж, ЮНЕСКО, 
қараша айы, 2024 жыл

 

1473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы