• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

БЕРДІБЕК ТОЙЫ ЮНЕСКО ТӨРІНДЕ

Қараша айында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы Париж қаласында, ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде аталып өтті. 

Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1992 жылы мүше болды. Сол жылдан бастап түрлі салаға қатысты айтулы шаралар халықаралық деңгейде қолдау тауып келеді.

Осындай ауқымды шаралардың бірі – Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына арналған конференция. Конференция барысында француз тілінде жарық көрген «Менің атым Қожа» кітабының тұсауы кесіліп, Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмі көрсетілді.
Қазақ әдебиеті ғана емес, қазақ халқы үшін ерекше айтулы шараны  Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Сауытбекұлы Абдрахманов жүргізді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын оқып берді. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, министрлік өкілдері, Жазушылар одағының мүшелері, Алматы облысының мәдениет өкілдері қатысты.

«Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын енгізу туралы ұсыныс ЮНЕСКО-ның 2023 жылы өткен Бас конференциясының 42-ші сессиясында қолдау тапты. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, бүгін міне, мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде бірге атап өтудеміз. Бұл – ең алдымен жазушыға құрмет, қазақ еліне деген үлкен құрмет. Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінің қара нары. Әдебиетімізге өзіндік үнімен, таңғажайып сырымен келген классик жазушы. Алаш жұрты мен қазақ балалары үшін «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Он алты жасар чемпион» секілді классикалық туындылар жазған Бердібек Соқпақбаев, «Оливер Твистің бастан кешкендері» романының авторы Чарльз Диккенс, «Қазына аралы» кітабымен әлемді мойындатқан Роберт Льюс Стивенсон, «Том Сойердің бастан кешкендері» атты шығармасымен барша адамзатты баураған Марк Твен сияқты сүйікті жазушысы саналады. Қаламгерлік жолын балаларға арналған өлеңдер жазумен бастаған Бердібек Соқпақбаев, қалың бұқараға «Менің атым – Қожа» атты хикаятымен танылды. Бұл шығармасы, алдымен орыс тілінде жарық көріп, бүгінгі таңда әлемнің 70 тіліне аударылып, оқырмандардың сүйікті шығармасына айналды», – деген облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев сөз соңында аймақ басшысы Марат Елеусізұлының  лебізін жеткізді.

Алқалы жиында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан сөз алып, Б.Соқпақбаев шығармашылығының ерекшелігі, сондай-ақ Азия және Еуропа елдерінің әдеби байланысының маңызына тоқталды. Оған қоса  жазушының қызы Самал Соқпақбаева әкесі жайлы естеліктер айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

«Менің атым Қожа» повесін аударған жазушы, аудармашы Ив Готье оны Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасына» ұқсатып:
–70 жыл бұрын болған оқиғаны аудару оңай емес. Сол заманның тарихына сүңгисің. Бірақ роман өз қуатын сақтаған. Балалар ғана емес, ересектер де оқитын кітап. Романның ерекшелігі жазушы сол дәуірді бала көзімен әңгімелеп берді, – деді.      
ЮНЕСКО-ның Мәдениет жөніндегі бас директорының орынбасары Эрнесто Оттоне Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын жоғары бағаласа, жазушы Альберт Фишлер: «Қазақ әдебиеті әлемге енді ашылып жатыр деу қате. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменовтердің шығармашылығы бізге жақсы таныс», – деді. 

Осы бір айтулы шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Бердібек Соқпақбаевтың қайтыс боларынан 18 күн бұрын 66 жасында түскен суретін ЮНЕСКО - ның штаб пәтеріне табыс етті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік парақшасында «Бердібек Соқпақбаев атамыздың қайтарынан 18 күн бұрын түскен фотосы екен. Нарынқолға барған соңғы сапары болса керек. Мұқағали көкеміздің шарасына барған секілді. Авторы – көрнекті фотосуреткер Шүкір Шахай ағамыз. Парижге барар сапардың алдында арнайы ағамызға хабарласып, сұрап алдым. Ғажап сурет!
Ресми түрде ЮНЕСКОНЫҢ штаб пәтеріне тапсырдым. Сол ұйымның мұражайында қазақ классигінің суреті тұрсын», – деп жазды. 
Париж төріндегі әдеби жиын барысында Қазақстанның халық әртісі, күйші-сазгер Секен Тұрысбек және «Үшқоңыр» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Төменде біз ЮНЕСКО-ның Бердібек Соқпақбаевқа арналған алқалы жиынында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның баяндамасын ұсынып отырмыз. 

Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы