- Мақала
- 28 Қараша, 2024
БУЛЛИНГТІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қазіргі цифрлық қоғамда күрделене түскені белгілі. Әлемде және елімізде болып жатқан кейбір оқиғалар осы салаға назар аударуды талап етеді. Соның ішінде мектеп оқушылары арасында кездесетін буллинг көріністері жиілеп кетті. Бала қауіпсіздігі үшін мұндай теріс көріністерді болдырмау және алдын алу үшін оның белгілерін ажырата білу және себеп-салдарын анықтау, цифрлық сауаттылықты меңгеру қажет. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау ұлттық орталығының биылғы зерттеуінің нәтижелеріне қарағанда, еліміздегі әрбір сегізінші оқушы кибербуллингке ұшырайды екен. Мектеп оқушыларының мінез-құлқына қатысты халықаралық зерттеу мәліметтері соны көрсетті. 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 5 пайызы өзгелерге қоқан-лоқы жасауға қатысқан. Көрсеткіш қыздарға қарағанда (12%) ұлдар арасында жоғары (15%). Әсіресе, табысы жоғары отбасылардан шыққан балалар әлеуметтік жағдайы төмен құрдастарын кемсітуі жиі кездеседі, бұл қоғамдағы теңсіздіктің салдары ауыр екенін байқатады. Зерттеу нәтижелері әрбір он үшінші ұл баланың төбелеске қатысқанын көрсеткен.
Интернетті және әлеуметтік желілерді тұтынушылардың ең көп бөлігін қазір мектеп оқушылары құрайды. Енді балалардың күнделікті өмірдегі, мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ғаламтордағы теріс үрдістерден қорғау міндеті туындап отыр. Соның ішінде интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету, алдаудың кибербуллинг дейтін түрі пайда болды. Кибербуллинг – буллингтің кең таралған түрі. Күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі «буллинг» деп аталады және ол ағылшын тілінен аударғанда (вullying) «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды. Буллингтің бірнеше түрі бар, олар: сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, кибербуллинг, т.б. Соның ішінде, әсіресе, әлеуметтік желідегі кибербуллинг өршіп, соңы өкінішті оқиғалармен аяқталғаны көпшілікке мәлім. Кибербуллингтің троллинг, хейтинг, флэйминг, киберсталкинг, грифинг, секстинг деген түрлері бар. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқытады. Не болмаса, ауызша әлде белгілі бір фото, бейнекөрініс жариялап, қорлауы мүмкін.
Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, педагог-психолог Динара Кәдірханқызының айтуынша, кибербуллингтің алдын алу, одан сақтану цифрлық гигиенадан, цифрлық сауаттылықтан басталады. Цифрлық сауаттылық дегеніміз – бұл цифрлық технологиялар мен ресурстарды қауіпсіз және тиімді пайдалану үшін қажет білім мен дағдылардың жиынтығы. Қазіргі заманда адамдардың барлығы дерлік цифрлық технологияларды пайдаланады. Енді жалпы сауаттылықпен қатар, интернеттегі ақпарат ағыны арасынан дұрыс бағдар таба білу де өзектіленіп отыр. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, оның ерекшелігін білу, жаңа әлеуметтік форматта адамдармен қарым-қатынас жасауды үйрену, этика сақтау және өте мұқият болу талап етіледі. Виртуалды байланыс нақты өмірдегі қарым-қатынастан өзгеше екені рас. Сондықтан белгілі бір қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.
– Цифрлық сауаттылық дегеніміз – интернетті, әлеуметтік желіні, жалпы смартфон мен компьютерді дұрыс қолдану. Құрылғыны қосудан бастап, белгілі бір ақпаратты жүктеп алуға дейін сауат қажет. Сауаттылық деп ақпаратты сүзгіден өткізе білуді айтамыз. Ересек адамдар оны ажырата алады, ал жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі жарқ-жұрқ еткен дүниенің бәрі керемет, бәрі шындық болып көрінеді. Сондықтан біз балаларымызға цифрлық сауаттылықты үйретуіміз керек және оларды үнемі қадағалап отыруымыз керек. Одан кейін, ата-ана баласы қолданатын қосымшаларға шектеу қойып отыруы керек. Ең бастысы, баламен дұрыс қарым-қатынас орнату, жиі сөйлесу, әңгімелесу, – дейді Динара Кәдірханқызы.
Расымен де, әр нәрсенің екі жағы бар екені белгілі, смартфон мен интернетті білім алуға, ізденуге немесе жақындарымен сөйлесіп, хабар алмасу үшін пайдалану бар, сондай-ақ неше түрлі теріс ақпарат пен жаман әдеттерді үйрену қаупі де бар. Бала оны бастапқыда өз бетімен ажырата алмайды, ол әдет ата-ананың көмегімен жетіледі. Психологтардың айтуынша, баланың психологиялық жай-күйі, айналамен қарым-қатынас негіздері бес-алты жасқа дейін қалыптасып қояды. Бұл жауапкершілік ең алдымен ата-ананың мойнында.
Әлбетте, әлемде болып жатқан өзгерістерден баланы мүлде шектеп қоя алмаймыз. Ата-анасының қадағалауымен кейбір дүниелерді қарауға рұқсат беруге болады, бірақ, сағаттап телефон ұстатып қою түбегейлі қате. Ондай жағдайда кейін, мектепке барған соң баланы қадағалау, тәрбиелеу қиынға соғады. Тән тазалығы секілді, цифрлық гигиенаны да біртіндеп үйретсе, көрген мультфильмдерді бірге талқыласа, ата-ана мен бала арасында сенім, жылы қатынас пайда болады дейді мамандар. Әрі баланың тілі де дамиды.
– Қазір мультфильмнің де түр-түрі бар. Кейбірі зорлық-зомбылыққа, күш көрсетуге шақыруы мүмкін. Сондай-ақ, сәбиге шет тіліндегі мультфильмдерді көрсете беру де зиян. Баланың ағылшынша былдырлағаны қуанатын жағдай емес. Ол оның өз тілінде ойлау қабілетін, сөйлеуін тежейді. Кез келген баланың тілі ең алдымен өзінің ана тілінде шығуы керек. Ана тіл – біздің ұлттық іргетасымыз, рухани байлығымыз. Балалардың тілі дұрыс дамымаса, ойын ашық жеткізе алмайды. Содан кейін оны айналасы, ата-анасы дұрыс түсінбеуі мүмкін. Баланың қарым-қатынасы қалыпты болмауы оны ашуландырып, агрессияға итермелейді, – дейді педагог-психолог Динара Кәдірханқызы.
Қазір заман ағымы солай деп, жұмысбасты ата-аналар балалардың қолына телефон ұстатып қоятыны бар. Соның салдарынан балалар өз әлемінде, ата-ана өз әлемінде өмір сүреді. Арадағы қарым-қатынас азаяды. Өзара жылы қарым-қатынастың болмауы себепті балалар біреудің жетегінде кетуі ықтимал. Бұл әлеуметтік желіге де қатысты. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда әлеуметтік желілерде он төрт миллионнан аса аккаунт тіркелген, соның ішінде Instagram мен ТikTok желісі өте танымал. Қазір балалар мен жасөспірімдердің барлығы дерлік әлеуметтік желіні тұтынады және олардың көпшілігі желідегі бүкіл ақпаратты талғаусыз қабылдап жатқаны жасырын емес.
Мамандардың айтуынша, буллингке ұшыраған балалардың 80 пайызы бұл жағдайды ата-анасына, сынып жетекшісіне білдірмеуге тырысады, көмек сұрамайды екен. Бүкіл шабуылдың салдарымен жалғыз өзі бетпе-бет қалады. Бұның басты себебі, олар ата-анасы өзін түсінбейді деп есептейді. Екіншіден, бала ата-анасын өзінің жеке кеңістігіне жолатқысы келмейді.
– Ең алдымен, бала қандай жағдай болса да, қай кезде болса да өзін қорғайтын ең жақын адамдары бар екенін білуі, сезінуі керек. Ол – ата-ананың міндеті. Одан кейін достары және мұғалімдері тарапынан қолдау, дұрыс қарым-қатынас орнату қажет. Осы үш жақты қолдау дұрыс қалыптасса, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Әрбір баланың біреулер күш көрсеткен жағдайда көмек сұрай алатын сенімді адамы болғаны жөн, – дейді Динара Кәдірханқызы.
Мамандар буллингке ұшыраған баланың іс-әрекетінде, мінез-құлқында өзгерістер пайда болатынын айтады. Мәселен, бала оқшаулана бастайды, аяқ астынан сабағы нашарлап кетуі мүмкін, не болмаса тез ашуланып, сөз көтермейтін болады. Буллинг ұзаққа созылса, бала тіпті күйзеліске түсетін жағдайға жетеді. Міне, осындай белгілерді ата-анасы, достары, мұғалімі дер кезінде байқаса, көп нәрсенің алдын алуға болады. Әсіресе, қазіргі балалар мейірімді, адами жылуды көбірек қажет етеді. Сондықтан, баланың көңіл-күйін, күнделікті іс-әрекетін назардан тыс қалдырмай, дер кезінде қол ұшын соза білудің пайдасы көп.
Расымен де, буллинг, кибербуллинг әлем елдеріндегі үлкен проблемаға айналды. Бұл әрбір елге тән құбылыс. Әрбір ел онымен өзінше күреседі. Кейбір мемлекеттерде ТikTok желісіне тыйым салу мәселесі көтерілуде. Бізде де Парламент депутаттары осы мәселені көтерген болатын және бұл бекер емес. Әлбетте, білім, құқық саласында балаларды буллингтен қорғау бойынша түрлі іс-шаралар атқарылып жатыр. Мұғалімдер мен ата-аналарға арнап семинарлар өткізіледі, буллингті танудың әдіс-тәсілдері көрсетілген нұсқаулықтар бар. Мектеп оқушылары арасындағы буллинг көріністерін азайту үшін, біріншіден, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы дұрыс болуы керек. Бала мейірім мен жылуды сырттан емес, ең алдымен өз жақындарынан көруі керек. «Балаға сенім арту, достық қатынас, жақсы әдеттерге жетелеу, үлгі көрсету, ата-ана мен бала арасындағы шынайы сүйіспеншілік – бақытты балалықтың кілті» дейді психологтар.
Мамандар жеке ақпаратты, мекенжайды, мектеп нөмірін желіге жарияламау керектігін айтады, жеке танитын адамдармен ғана достасуды ұсынады. Әлеуметтік желідегі аккаунтта тым ашық болу, кез келген адаммен танысу да қауіпті. Сондай-ақ, желідегі достармен дін, ұлт, саясат және басқа тақырыптарды талқылауда абай болу қажет. Ата-ана, мұғалімдер тарапы осы мәселеге ұдайы назар аударып, балаларды желідегі жағымсыз жайттардан сақтауға көңіл бөлуге тиіс.
Дина Имамбай,
«Aqiqat»
1251 рет
көрсетілді0
пікір