- Мақала
- 28 Қараша, 2024
Адал азамат және қоғамның жаңа болмысы
Адал азамат ұғымы еліміздің саяси-әлеуметтік даму жүйесінде ерекше маңызға ие болып келе жатқан ұғымның бірі де бірегейі. «Адал азамат» ұғымы тарихи-әлеуметтік категория ретінде қоғамның бет бейнесін айқындап ғана қоймай, сонымен қатар мазмұнын жаңартып, бүгінгі қазақстандық адам болмысына байланысты жаңа өзгерістерді қалыптастыра алатын мүмкіндікке ие. «Адал азамат» ұғымының аты айтып тұрғандай, мұнда «адал» және «азамат» ұғымдары біріктірілген категориялар ретінде алынып отыр.
Шындап келгенде, бұлардың әрқайсысы жеке ұғым ретінде әлеуметтік салмағы басым, сонымен қатар заңдық-құқықтық аспектілері мен сипаты бар тұжырымдық тұғырлар. Себебі азаматтық та, адалдық та қоғамның, әлеуметтік ортаның маңызды белгісі ретінде мемлекеттік құндылықтарды қалыптастырушы және айқындаушы күшке ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» концепциясын қоғамға ұсыну арқылы адалдық пен азаматтық категорияларын халықтың санасына жақындатуға баса мән беріп отыр. Өйткені, адал азамат идеясы мен тұжырымы арқылы халықтың бойында отаншылдық көзқарас, әділдік принциптері орнығып, «адал азамат» жеке категория ретінде әлеуметтік өмірдегі көптеген дүниелерге нақты өлшем бола бастайды. Қоғамда болып жатқан кез келген процестерді «адал азамат» категориясы арқылы түсініп, бағалау жалпы адалдық принциптерінің әлеуетін күшейтіп, қолданыс көкжиегін де кеңейте түседі. Сондықтан адал азамат ұғымы ең біріншіден жеке дара категория ретінде және теориялық мазмұны терең тұжырым ретінде әлеуметтік өмірдің практикалық мәніне айналып, уақыт өткен сайын өз дәрежесінде пайдаға асады.
Біз қоғам болып, ел болып «адал азамат» ұғымын таратуға, насихаттауға мән беріп, соның айналасындағы құндылықтарды тиянақты қалыптастыра алатын болсақ, онда сөзсіз біздің қоғамның алға ілгерілеуі тез жүзеге асады. Өйткені адалдыққа негізделген қоғам адам санасы мен жүрегі қабылдай алмайтын кеселдермен күрес жүргізіп, адал емес азаматтарды тұғырынан түсіріп, адал азаматтарға, олардың атқарып жүрген еңбегінің бағалануына жол ашылады. Қазақстанның тарихи-әлеуметтік, саяси-экономикалық даму үдерісінде «адалдық» ұғымы қоғамда кең тарап, қолданыс таба қойған жоқ. Себебі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, «бармақ бастылық, көз қыстылық» әрекеттер оған мүмкіндік те бермеді. Сол себепті қоғам мүшелері, әртүрлі әлеуметтік топтар адалдықтың бар екеніне, адалдықтың салтанат құратынына сенімсіздікпен қарады. Осының бәрі «кез келген салада адалдық жоқ екен, адалдық болмайды екен» деген тұжырым жасауға әкеп соқтырып, адалдық ұғымын санамыздан алыстатып жіберген көзқарас пен пікірлер жиынтығын орнықтырды. Бұл психологияны өзгерту үшін «адалдық» ұғымы өзінің бүкіл болмысымен, мазмұнымен қоғамда кеңінен қолданыс тауып, адалдық принциптері үстемдік құра бастағанына жұртшылықтың көзі жетуі керек. Адалдыққа сенбей келген қоғам адал азаматтардың көбеюі арқылы шындықтың, әділдіктің бар екеніне көз жеткізіп және ол әрбір адамның қолынан келетініне сеніп, өздері де адалдық жағына өтіп, белсенді өмір сүре бастайды.
Қорыта айтқанда, «Адал азамат» концепциясы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші заң баптары сияқты адалдық ұғымына негізгі өлшем, тұғыр болатыны анық. Өйткені адал азаматтар ғана адалдық ұстанымдарына берік болып өмір сүреді, олар кешегі қара қылды қақ жарған билер сияқты айналасынан да, билік орындарынан да адалдықты талап ете бастайды. Бұл, сөзсіз, қоғамның, мемлекетіміздің адалдыққа негізделген жаңа тұрпатты болмысын қалыптастырады.
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ,
«Aqiqat»
1477 рет
көрсетілді0
пікір