• Мақала
  • 28 Қараша, 2024

ӘЛЕККЕ САЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰБЫЛЫСТЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Адамзат өз ғұмырының XXI ғасырында адам психикасының өзгеруімен, анығырақ айтқанда бұзылуымен бетпе-бет келді. Оны түрлі психикалық сырқаттардың белең алуынан жарық дүниеден баз кешіп, өз ғұмырын өзі қиятын әлеуметтік құбылыстың көбеюінен көруге болады.Мамандар мұндай құбылысқа әсер ететін факторларды былай жіктейді. Ауыр әлеуметтік жағдай, ата-аналардың бөлек тұруы және ажырасуы, ата-аналардағы психикалық ауру белгілері, отбасындағы суицидтік оқиғалар, дау-жанжал, бала кезде физикалық немесе сексуалдық зорлық көру, ата-аналар мен балалар арасындағы салқын қарым-қатынас, мектепте қорлық көру және буллинг, аффект жағдайы (қатты ашулану), кейбір заттарды шектен тыс пайдалану, қоғамға қарсы мінез-құлық. 
 

Елімізде бұл әлеуметтік құбылыстың алдын алу үшін түрлі жоспарлар жасалып, соған сай іс-шаралар атқарылып жүргені белгілі. Біз осы тақырыпта Алматы қаласындағы Психикалық сауықтыру орталығының  директоры Сапар Құттыбайұлына бірқатар сауал қойдық. 
Ата-ана мен бала жақындығы көп қауіптің алдын алады
– Елімізде 2023-25 жылдарға суицидтің алдын алу туралы кешенді жоспар жасалған екен. Одан хабарыңыз бар ма? Сіздердің орталық осы жоспарға сай қандай іс-шаралар атқарады? 
– 2023-25 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша атқарылатын іске біздің орталық та қатысады. Жоспардың мақсаты, білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, ювеналды полиция, біздің орталық бірігіп, деструктивті мінез-құлқы бар балаларды анықтап, оларға қажетті көмек көрсету. Әр мектептегі мінез-құлқы деструктивті,  суицидке бейім, буллинге ұшыраған, буллинг жасаған балаларды анықтап, оларды «тәуәкел топ» (группа риска) тізіміне қосып, мектеп психологтары олармен тығыз жұмыс істейді. Егер мектеп психологының шамасы келмей жатса, біздегі мамандарға жолдама беріп, психолог немесе психиатр мамандар ата-анасымен сөйлесіп, бірге мәселенің шешуін іздейді. Біздің орталыққа ата-аналардың көбі   келгісі келмейді. Себебі диспансерлік есепке қояды деп қорқады. Диспансерлік бақылауға қойса, баланың болашағына кері әсер етеді, оқуға, жұмысқа тұруына кедергі болады деп ойлайды. Біздің 3 76 56 60 деген сенім телефонымыз бар, ол тәулік бойы жұмыс істейді. Оған биылғы тоғыз айдың ішінде 4460 қоңырау шалынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі қоңырауға көп. Оның ішінде депрессиядағы адамдардың қоңырауы өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға өскен. Суицидтік көңіл күйдегі адамдардың қоңырауы да көбейген. Бұл   біздің тұрғындарға психологиялық көмектің керек екенін айқындап тұр. Әрине, біз біріншіден тек оқушылармен ғана жұмыс істемейміз. Менің өзім ата-аналармен, мектептегі ұстаздармен, мектептегі психологтармен жиі-жиі бетпе-бет кездесіп, суицидтік көңіл-күйге, депрессияға түскен балаларды қалай анықтау керек, оның қандай белгілері бар деген тақырыпта семинарлар өткіземін. Сонымен қатар, біздің орталық жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидке қарсы шағын нұсқаулық шығарды. Бұл нұсқаулық ата-аналарға, мектеп мұғалімдері мен психологтарына арналған. Оны қазір Алматы қаласындағы бүкіл мектептерге таратып жатырмыз. Гаджетке қатысты да нұсқаулық шығарып, тараттық. Сондай-ақ ғаламтор мен көгілдір экран арқылы алдын алу кеңестерін беріп отырамыз. Орталықтағы сенім телефонында тәжірибесі мол маман жұмыс істейді. Суицидолог маманымыз шақырған мектептерге барып кеңес беріп отырады.
– Өмірден баз кешкендерді райынан қайтару оңай емес, сіздердегі мамандардың жедел желіге хабарласқан жандармен қалай жұмыс істейтінін айта аласыз ба?
– Бізде «Жедел қимыл» деп аталатын суицидологиялық бөлім бар. Онда балалар психиатры, дәрігер-суицидолог және психолог мамандар жұмыс істейді. Жедел желіге қоңырау түссе, арнайы бригадамыз бар. Ол қоңырау қайдан түссе сол мекен жайға барып, адамдарға көмек көрсетіп, егер бізге әкеліп жатқызу керек болса, алып келіп жатқызады. 
– Жалпы мұндай көңіл-күйдің етек жайып кеткенінің себебі неде? Ата-аналар нені білуі керек? 
– Ата-аналар баласының жүріс-тұрысының, мінезінің өзгергенін, тым тұйықталып кеткенін байқаса, компютерде қандай ойын ойнайды, әлеуметтік желіде кіммен қарым-қатынас жасайтынын біліп жүрсе жақсы еді. Қазір шын мәнінде ата-ана мен  бала арасы алшақ, тығыз қарым-қатынас жоқ, бір үйде тұрғанның өзінде, бірге дастарханда отырмайды. Бұл дұрыс емес, осындайдан кейін бала мен ата-ананың арасы суып кетеді. Қазіргі балалар өзін мазалаған сұраққа ата-анасынан жауап ала алмаса, сұрақтың жауабын сырттан, интернеттен, әлеуметтік желіден іздей бастайды. Сол үшін біз балаларымызға жіті көңіл бөлуіміз керек. Бұл жасөспірімдер тап болатын қиындықтың көбінің алдын алады. 
– Білуімізше сіздердің орталық Алматы қаласында біреу ғана. Бұл орталық қала халқын психиатриялық көмекпен қамти ала ма? 
– Әрине, мамандар жеткілікті. Алматы қаласы мен қонақтарына мамандандырылған психиатриялық, наркологиялық, психологиялық көмек көрсетіп отырмыз.
– Өздеріңіз көрсеткен көмектің нәтижесін сіздер қалай білесіздер. Белгілі бір статистика бар ма? 
– Кез келген атқарылған істің нәтижесі болатыны анық. Бірақ ол бірден көрінбейді. Оны білу үшін біраз уақыт өту керек. Мәселен, 2022 жылға қарағанда 2023 жылы өмірден баз кешіп, өзіне қол жұмсауға бекінгендердің саны азайған еді. Бірақ өкінішке қарай, 2024 жылы 2023 жылға қарағанда азғантай өсіп отыр. 
Біз өткізетін түрлі семинарлар мен тренингтер ата-аналарға депрессия, суицид туралы ақпарат беріп, оның қалай алдын алуға болатынын түсіндіреді. Бұл да байыптап қараған адамға үлкен жұмыс. Жасөспірімдер тәрбиесі турасында сауат ашу, олармен қарым-қатынасты реттеуде бұл кездесулердің пайдасы зор. Бір адамды райынан қайтарып, өмірін құтқарсақ ол біз үшін үлкен жетістік.  

Осы бір әлеуметтік құбылыстың етек жаюына не себеп деген сауалды біз баспасөз қызметі арқылы Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөліміне де жолдаған едік. Олардың жауабы жақсылықтан күдер үзбеу қай қиындықтан да алып шығатынын алға тартты. 
Жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық
Ғылыми тілде адамның өз-өзіне қол жұмсап өлтіруін суицид деп атайды. Бұл қазірде адамзат қоғамында кең тараған әлеуметтік құбылыс.
Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең.
Алла Тағала былай дейді: «...Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).
Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады. 
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін-өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірді қолына ұстап өзін-өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).
Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи риуаят еткен).
Қоғамымызда орын алып жатқан осынау әлеуметтік сырқаттың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігіне куә болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді албасты шайтан азғырып, тура жолдан тайдыруға тырысады. Ақыры дегеніне көндіріп, өз тобының қатарына кіргізеді. Өйткені Ібілістің басты мақсаты адамзатты адастырып, торына түсіру болатын.
Алла Тағала былай дейді: «(Ібіліс айтты): Сосын мен (адамзатты адастыру үшін) алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келетін боламын да, Сен олардың көпшілігінің шүкірлі болмағанын көретін боласың» (Ағраф, 17).
Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз кезегінде әрбір мүмін пенденің имани жағынан күшті болуын талап етеді. Тіршіліктегі тауқыметтер мен қателіктер үшін торығу мен түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз шайтанға ұқсауға болмайтындығын ескертеді. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіз болма. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Шындығында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаят еткен).
Өмірде қандай қиындық көрсе де, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет. Ақын Майлықожа айтқандай: 
Адамның күні бар ма сыналмаған,
Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле
Сонда да күдер үзбе бір Алладан!
Біз сауал жолдаған ендігі бір маман Психикалық сауықтыру орталығының дәрігер-психиатры, психотерапевт Гүлнұр Байболова:  
– Өмірден баз кешуге әкеп соғатын ең бірінші фактор – депрессия. Адам депрессияға түссе немесе суицид жасау туралы ойға шырмалса біз ол адамды көбіне стационарда емдейміз. Өйткені өзіне қол жұмсау яки өзін жаралау қауіпі туса біз ол адамды аман алып қалуымыз керек. Суицидке әкеп соғатын басқа да факторлар бар әрі ол сыртқы және ішкі ықпалдан болады. Сыртқы ықпал – әлеуметтік-экономикалық жағдай, жұмыссыздық, ақшаның жетпеуі, жұмыстағы қиындықтар, отбасындағы шиеленіс. Ішкі ықпал – депрессия. 
Жалпы суицидтке итермелейтін себептерді биологиялық, психологиялық, әлеуметтік деп алсақ, статистикалық тұрғыда депрессия ең жиі себептердің бірі болып тұр. Депрессия, ішкі қорқыныш, үрей содан кейін психотроптық заттарды тұтынудың да ықпалы бар. 
Мұндай әлеуметтік қауіп-қатердің алдын алу үшін адамға отбасындағы жылулық көп керек. Әрине, бізде психологиялық қызметтер бар, олардың қаншалықты нәтижелі жұмыс істеп жатқаны жайлы айтуға құзіретім жүрмейді. Бір психологқа қанша баладан келеді, олардың тест сұрақтары қандай, олар жағдайды қалай бақылауда ұстайтынынан да хабарым жоқ.    
Бізде балалар қарапайым ғана ата-анасының ажырасып кеткенін айтқысы келмейді. Қоғамда көп нәрсені айтуға ұялатын, сырттан көмек күтуге арланатын көңіл-күй берік орнап қалған. Бұл стериотиптің аяғы көбіне депрессияға түсіреді. 
Мамандардың айтқанынан түйгеніміз адамды мына дүниеден баз кештіретін сырқы фактордан гөрі ішкі себеп екен. Ал адамның ішкі ойын сыртқы ортасы қалыптастырады. Демек, енді ғана гүл жайнап өсіп келе жатқан жандардың жанын жараламау үшін сыртқы ортада да, ішкі рух та мықты болғаны жөн. 

Назым ДҮТБАЕВА,
   «Aqiqat»

 

 

1255 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы