- Мақала
- 21 Қараша, 2024
«АТАМҰРА» БАСПАСЫ – ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТТЫҢ ТІРЕГІ

«Кітап дегеніміз - қоғам. Жақсы кітап жақсы қоғам тәрізді сезім мен санаңды нұрландырады, көркейтеді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» - , деген екен орыс хирургы, медицина саласының профессоры Н. И. Пирогов. Иә, адамның қандай екенін оқыған кітаптары арқылы да айтып беруге болады. Өйткені, сенің оқыған кітабың - сенің өмірлік ойларың... «Атамұра» баспа корпорациясы – осы кітап әлеміне бойлап, бізді осы қадірменді доспен қауыштырып отырғанына 32 жыл толып отыр.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін араға небәрі бір жарым ай салып, 1992 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. Негізін қалаған баспагер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Абрарұлы Құл -Мұхаммед.
Корпорацияның қазіргі президенті - философия ғылымдарының кандидаты, ғалым Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед.
Бүгінде «Атамұра» өнімдері оқулықтармен қатар энциклопедиялық және балаларға арналған басылымдар, анықтамалық, ғылыми және ғылыми-танымдық әдебиеттер, сөздіктер, көркем проза мен поэзия, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері, сондай-ақ полиграфиялық өнімнің барлық түрлерімен толыққан.
Тәуелсіздіктің ізін жалғай құрылған баспаның осы уақыт аралығында кішкентай оқырманнан бастап ұлт зиялыларына дейін қызмет етуі оның абыройы, беделі десек болады....
Осындай жас та болса, ұлтына қызмет етіп келе жатқан азамат Дәуіржан Төлебаев, «Ақиқат» журналының бас редакторы «Атамұра» баспасы туралы пікір білдірді. Мен ол кісімен жеке кездесіп, осы баспа туралы арнайы сұхбат алдым:
- «Атамұра» баспасының атқарып жатқан жұмыстарын өте жоғары бағалаймын. Өйткені, баспа құрылғаннан бастап мен оның кітаптарының оқырманымын. «Атамұра» шығарған кітаптардың өзіндік ерекшелігі, өзінің дизайндық келбеті бар. Мазмұны жағынан да өте бай.
«Атамұра» біздің ұлттық тарихымызға, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге, білім беру жүйесіне, жалпы қазақтың дүниетанымына, ұлттық құндылықтарына қатысты барлық салада мықты-мықты кітаптар шығаруымен ерекшеленіп келеді. «Атамұраның» қалыптасу тарихы еліміздің тәуелсіздік шежіресімен тығыз байланысты. Әсіресе, «Атамұра» баспа корпорациясының егемендік алған алғашқы жылдарындағы айтыс өнерін дамытып, демеушілік көрсетудегі еңбегі өте зор.
Айтыс - біздің төл өнеріміз. Бұл баспа сөз өнерінің бұл байқауын заманға сай жаңғыртып, мәртебесін көтеріп, деңгейін өсіру жолында да талмай қызмет етті. Баспа айтысқа қатысты ірі әлеуметтік мәдени жобалар ұйымдастырып, қазір де сол жолда келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады.
«Мектеп оқулықтары» сериясы туралы...
«Атамұра» баспа корпорациясының кітаптары еліміздегі мектеп оқулықтарын шығарудағы көшбасшы.
Баспаның оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін бүгінде бүкіл Қазақстан ұстаздары мен оқушылары пайдаланады. Жоғары сапалы, көркем безендірілген оқулықтар өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады. «Мектеп оқулықтар» сериясы ұлттық білім беру жүйесінің мызғымас бір бөлігі, ажырамас тірегіне айналды.
Тағы да Дәуіржан мырзаның сөзіне келейік: «Маған бұл жерде, ең алдымен, баспа басшыларының өздерінің шығарып жатқан оқулықтарына үлкен жауапкершілікпен қарайтыны ұнайды. Мен былтыр Рахымғали Абрарұлының қабылауында болдым. Рахымғали аға әрбір оқулыққа деген үлкен азаматтық көзқараспен, жанашырлықпен қарайтынын байқадым.
Әрбір оқулықта жазылып жатқан, беріліп жатқан материалдардың орындалу сапасын өзі тікелей қадағалап отыратыны кітаптардың мазмұнынан білінеді».
Редактор өз түзетуін енгізгенде мектеп оқулықтарын өскелең ұрпақтың болашаққа салынып жатқан білім инвестициясы қарайды. Мектепте алған білімге байланысты баланың болашағы қалыптастады. Сондықтан «Атамұра» баспасынан шығып жатқан мектеп оқулықтарының сапасы бәсекеге қабілетті. «Ақиқат» журналының бас редакторы: «Бізде мектепке арнап оқулықтар жазатын бірнеше баспа бар: «Мектеп», «Аруна» баспалары.
Бірақ «Атамұра» баспа өнімдерінің өзіндік ерекшелігі ең алдымен мазмұнында деп атуға болады.
Одан кейін, авторлар ұжымының кәсіби біліктілігінде, келесі кезекте -кітаптардың безендірілуі. Оқулықтардың балаларға, оқушыларға ыңғайлы етіп шығарылуы. Баспа өнімдерінің полиграфиялық талаптарға мән беретіні байқалады, - деп топшылады журналист ағамыз.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қоғамда ұлт руханияты мен әдебиетіндегі үлкен қозғалыстар, жаңғырулар пайда бола бастады. Оны тәуелсіздіктің келуімен деп бағалайтын болсақ, руханияттың, ұлттық құндылықтардың қалыптасуында кітап өндірісімен айналысатын баспалардың алатын орны ерекше екендігін ұмытпағанымыз жөн.
Еліміз өз билігін өз қолына алғаннан кейін 1993 жылдары М. Мырзахметовтың «Қазақ қалай орыстандырылды» кітабы, Б. Әбілқасымовтың «Телқоңыр», екі жыл өткен соң Т. Кәкішевтің «Кер заманның кереғар ойлары», академик Ғ. Есімовтың «Хакім Абай» кітабы жарық көрді.
Баспа мектеп оқулықтарының сапасына мән береді дегенде, Ш. Уәлиханов атындағы Археология институтымен бірігіп, әзірлеген көне заманнан бүгінге дейін 5-томдық «Қазақстан тарихын» қазақ және орыс тілдерінде басып шығарғанын айтуға болады.
Бұл баспаның басты ерекшелігі - тілдік мәдениет арқылы өз тарихымыздан хабардар болуға түрткі болуы, ұлтқа қызмет етуі. Рахымғали ағаның азаматтығы бөлек әңгіме, оны да қозғармыз...
Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлы да баспаны басқаруда тәжірибемен келген ұйымдастырушылық әдістерін пайдаланады. Оны мен ол кісінің өз аузынан естігенді жөн көріп отырмын. Алла тағала сәтін салса одан да сұхбат алу бұйырар...
«Баспа ісінің менеджменті мен маркетингі» оқу құралының авторы оқытушы Бақыт Әсембаева өзінің оқулығында басшының өзіндік басқару стилі бар екенін айтады.
Баспаның тұрақты жұмыс істеуі, пайда табуы жəне оның даму болашағы кадр саясатын дұрыс жүргізуге байланысты. Баспа басшылығы жəне менеджерлер қандай квалификациялық дəрежедегі қанша қызметкерді қандай жұмысқа тарту керектігін нақты білулері тиіс. Əрбір қызметкердің кəсіби деңгейін қалай анықтау қажет, оларға қанша шығын жұмсалды деген сұрақтарға да жауап іздеген жөн. Мұның бəрі де баспаның жеке құрамымен жұмыс істеу кезінде ескерілетін жайттар. Кез келген ұйымда кадр саясатын жүргізудің мынадай принциптері сақталуы тиіс: ұйымдастыру жүйесі функциялары мен басқару функциялары арасындағы қолайлы қарым-қатынас, кез-келген вертикальды жəне горизонтальды байланыс бойынша бөлім басшыларының іс-қимылдарды өздігінен жəне кеңесіп, бірлесіп атқаруы, кері байланыс бар кезде басқару жүйесінің жеңілдетілуі жəне оны өзгерту мүмкіндігі, басқарудың шығармашылық əдістерін барынша пайдалану, оның ішінде ынталандыру, шешімдер қабылдау жəне оларды жүзеге асыру, басқару шешімдерін қабылдау кезінде ережелер мен нормаларды ескеру.
Жеке құрамды басқару кезінде олардың кəсіби қызметіне баға беру өте маңызды болып табылады. Əрбір қызметкердің еңбегіне дер кезінде жəне əділ баға бере білу - адамдарға алдына қойылған мақсаттарына жетуге күш-қуат беріп, шығармашылық жетістіктерге жетелейді жəне жеке құрам мүшелері мен баспа басшылығы арасындағы өзара түсіністікті одан əрі нығайтуға септігін тигізеді. Қызметкердің кəсіби қызметіне қойылған баға төмен болса да, ол ақпарды сыпайылықпен жеткізе білу жəне оның ол кемшіліктерді түзетуіне барлық мүмкіндіктің бар екендігін түсіндіру. Қызметкерлердің кəсіби қызметін бағалау нəтижелеріне сəйкес, басшылық материалдық жəне басқа да ынталандыру түрлерін қолданады. Қызметкерлерге сыйлық берудің кең тараған түрі - жалақы деңгейін көтеру жəне сыйақы төлеу. Сонымен қатар кəсіби қызметі бойынша үнемі жоғары баға алатын қызметкердің қызметтік саты деңгейі көтеріліп немесе ол жалақысы жоғары қызметке тағайындалуы тиіс. Қарамағындағы адамдармен тіл табысып, жұмыс істей білу сол ұйымның имиджін жақсартады, моральдық құндылықтардың, дəстүрлердің, шығармашылық пен өзара түсіністік ахуалының сақталуына ықпал етеді.
Енді Бақыт апайымыздың еңбекті ынталандыру əдістері туралы жазғанына келейік.
Мотивация - бұл жеке адамдарды жəне ұжымның барлық мүшелерін ұйымның алдына қойылған мақсаттарды жүзеге асыру жəне өз қажеттерін қанағаттандыру мақсатында белсенді жұмыс істеуге жұмылдыру əдісі. Адамның жұмысты шығармашылықпен атқаруына итермелейтін шынайы ұмтылысын тек қана материалдық қанағаттандырудың (жоғары жалақы, сыйақы), əлеуметтік жағдайлар туғызудың (карьера, танымалдық) немесе жақсы психологиялық жағдай қалыптастырудың (жоғарыдан төменге дейінгі қызметкерлердің арасында өзара түсіністікті, ұжымда тұрақты жəне творчестволық ахуалды қалыптастыру) негізінде жүзеге асырылады деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Бұл айтылған мəселелер өзара тығыз байланыста қарастырылуы қажет. Мотивация теорияларының бəрі де адамның қажеттіліктері туралы зерттеулерге сүйенеді. Мотивацияның иерархиялық үлгісін жасаған америкалық психолог – А. Маслоу.
Оның айтуынша, адамның ең төменгі қажеттіліктерінің қаншалықты қанағаттандырылуына сəйкес, жоғары қажеттіліктері оның мінез-құлқына əсерін тигізеді. А. Маслоудың теориясы бойынша қажеттіліктер иерархиясы мыналардан тұрады: физиологиялық қажеттіліктер (тамақ, су, баспана, демалыс, адамның жеке өмірі), қауіпсіздік қажеттілігі (қоршаған ортадағы физикалық жəне психологиялық қауіптен өзіңді қорғау) және адамдардың өзара түсінісу, өзара іс-əрекет ету қажеттілігі жəне қошемет пен қолдауды қажетсінуі.
Ұтымды стратегия
Қазір кітап нарығы жылдан жылға өсіп келе жатқаны баршаға мәлім. Нарықтағы бәсекелестік те жоғары. Кітап шығару ісінде жүйе мен маркетинг те бір ыңғайға келіп, кітапқа қызығушылық танытатын оқырмандар артып келеді. Оқырмандар қатары көбейген сайын олардың талап-тілектері де, сұраныстары да өзгеріп жатыр. Баспалар ендігі заман ағымына ілесіп, көшке ілесе жүре алмаса аудиториясын жоғалтып алары хақ. Бұл «Атамұра» баспасына қатысты емес. «Атамұра» баспасы үнемі трендтте.
Бұл ойыммен Дәуіржан аға да келісіп отыр. Ол «Атамұра» баспа корпорациясы бәсекеге қабілетті бола отырып, кітап нарығындағы бүкіл талап-тілектердің қай бағытта өр салып, дамып бара жатқанын жақсы болжай алады деп ойлайды. Сондықтан, «Атамұра» баспасының біздің еліміздің кітап нарығына қосып отырған үлесі өте үлкен.
Дәуіржан Төлебаев мұны ұтымды стратегия деп санайды: «Олардың шығарып отырған баспа өнімдері кез келген кітап дүкеніне, кітапханаға барсақ та алдымыздан шығады. Неге? Өйткені, баспа, біріншіден, сапаға мән береді. Одан кейін, тираж, яғни таралымды да назардан тыс қалдырмайды. Көптеген баспалар кітаптарды 1 000, 2 000 секілді шектеулі данамен шығарады.
«Атамұра» баспасы бүгінгі таңда таралымды да көбейту мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырғанын байқауға болады. Дананы көбейту арқылы оқырмандар ауқымын кең көлемде қамтып отыр. Бұл - стратегиялық мәселе. Әрине, қаржыны талап етеді, бірақ соған қарамастан кітаптардың таралымын арттыру арқылы оқырман аудиториясын ұстап тұр. Өйткені, елімізде кезінде ауылдарда, аудандарда кітапханалар жабылып қалды. Міне, ол үлкен олқылық болды біздің руханияттағы. Қазір жұртшылық жақсы, сапалы кітапқа бұрынғыдай қол жеткізе алмай қалды. Кітаптар таралымы түсіп кетті. Бірақ, осындай «Атамұра» баспасы сияқты баспалар сол олқылықтың орнын дереу толтыруға мән беріп отырды».
Жетістіктің құпиясы – сәтті жобаларда
«Баспаның ең сәтті жобалары деп «Атамұра кітапханасы» деген сериямен шығып жатқан кітаптарды айтар едім. Біздің ең көрнекті ақын-жазушылардың кітаптарын шығару жолында «Атамұра» баспасы үлкен еңбек сіңірді. Әлі де сіңіріп келе жатыр, - дейді Дәуіржан мырза.
Әрине, бұл пікірмен келіспеу мүмкін емес. Кітап саласына серпіліс жасаған «Атамұра» баспасының бұл сериясы әр қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алған.
Әсіресе, сүйікті авторларының кітаптарын оқуға мүмкіндік сыйлағаны үшін оқырман қауым баспаның өнімдерін жоғары бағалайды. Бір қызығы, әр қазақтың үйінен «Атамұра кітапханасы» сериясының кітабы табылары айдан анық.
«Ақиқат» журналының Бас редакторы: «Бұл дәстүр бүгінгі таңда да жалғасын тауып отыр. «Атамұра» баспа корпорациясы бұл серия арқылы тек қана біздің кезіміздегі классик жазушылардың шығармаларын жариялап қана қоймай, сонымен қатар, сол дәстүр сабақтастығын сақтай отыра, бүгінгі оқырманның сұрасындағы ақын-жазушылардың да еңбектерін жариялап келе жатыр».
Мен алған сұхбатта ол «Атамұра» баспа корпорациясының Мұхтар Әуезовтің энциклопедиясына да мән бергеніне тоқтала кетті.
«Мұхтар Әуезов - біздің руханиятымыздағы, ұлт әдебиетіндегі үлкен қайраткер тұлға. Кемеңгер жазушының энциклопедиясын шығару үлкен жоба. Неге? Өйткені, Мұхтар Әуезов туралы түрлі анықтамалықтарда, кітаптарда мәліметтер жарияланып жүрді. Бірақ, солардың барлығының басын қосып жинақтаған бір үлкен энциклопедия болған жоқ. Міне, осы энциклопедияның арқасында Әуезов туралы тарихи, ғылыми мәліметтер топтастырылды.
Одан кейін «Атамұра» баспа корпорациясының Қазақстанның ғылым қайраткерлері туралы шығарған кітаптары да бар. Ол да энциклопедиялық форматта шыққан. Яғни, сол арқылы біз қазақстандық ғалымдар туралы көптеген мағлұмат ала аламыз. «Атамұра» баспа корпорациясын осындай энциклопедиялық жобалармен де танымал деп айтуға болады», - дейді білікті редактор.
Айта кетейік, баспа ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай» атты тұлғалық энциклопедиясын басып шығарды. Әрбір өңірдің тарихын баяндап, мәдениетін дәріптейтін әмбебап энциклопедиялар жарық көрді. Бүгінде «Атамұра» баспасының қажырлы еңбегі өз жемісін беріп отыр.
Осындай-осындай жобалар бар баспада...
«Атамұраны» не үшін таңдауымыз қажет?
Бәсеке жоқ жерде даму да жоқ, бүгінгі кітап өндіруші баспалар саны барған сайын арта түсуде. Кітап индустриясы жаңа леп алып, үлкен бетбұрыстар жасап жатыр. Оқырмандарды да «Не үшін бұл баспанының өнімдерін таңдауым қажет?» деген сынды сауалдар алаңдатары хақ. Сапасына сын түсірмей, бірқалыпты байсалдылықты сақтай білген «Атамұраны» көпшілік еш ойланбастан таңдары сөзсіз.
«Өйткені, «Атамұра» баспа корпорациясының шығарып жатқан кітап өнімдері біздің уақыт талабына сай. Бәсекелестік ортада өздерін дәлелдеген баспа өнімдері. Сондықтан, біз сапаны қалайтын болсақ, олардың мазмұнына мән беретін болсақ, әрине, «Атамұраның» баспа өнімдеріне жүгінуіміз керек. Себебі, оларда біздің әр оқырманның, әр азаматтың өзінің рухани талғамына, талап-тілегіне сай кітаптар табуға болады. Ол тек қана әдебиет саласына қызығушылық танытатын ақындар мен жазушыларды ғана қамтымайды, ғылым, өнер, мәдениет өкілдері де «Атамұра» баспасынан өздеріне керекті кітаптарды таба алады.
Атамұраның кітап нарығындағы өзінің имиджі, бет-бейнесі бар. Ол қалай келді? Ол қажырлы еңбектің, үлкен ізденістердің арқасында келді. «Атамұра» баспа корпорациясының кітап нарығындағы процестерді түбегейлі зерттеп, бүгінгі оқырманның талғамына сай келетін сапалы дүниелерді ұсына білу мәселелеріне үлкен мән беретіні бізге «Атамұра» баспасын таңдап, оның өнімдерін көбірек пайдалануға жол ашып отыр»-, деді ағамыз.
Үздіксіз еңбек пен кіршіксіз таза ниет халықтың сеніміне еніп, жүрегін жаулады. Расымен де, «Атамұра» баспасының алып корпорацияға айналу себебі де осында жатыр.
Жастар арасында кітап оқуды насихаттауды жолға қою істерін ынталандыру
«Атамұра баспасы жастар арасындағы кітап оқу мәселесіне үлкен мән береді. Бұның бірден-бір дәлелі, баспа жастарға бағытталған жас ақын-жазушылармен өте тығыз байланыста жұмыс жасайды. Олардың өз оқырмандары, аудиториясы бар. Баспаның шығармашылық жандарға беріп отырған мүмкіндігі шексіз.
«Атамұра» баспа корпорациясы жастарға әдебиетті үнемі насихаттап отырады. Өздеріңіз жақсы білетіндей Алматы қаласында кітап көрмелері өтеді. Әсіресе, атақты «Атакент» павильонында халықаралық кітап өнімдерінің көрмелері өтіп тұрады.
Сол көрмелерді біз журналист ретінде қалт жібермейміз. Біздің идеяларымыз сол жерде жалғасын тауып жатады...
Ол жерге барғанда мен оқырмандар тарапынан «Атамұра» баспа корпорациясының өнімдеріне қызығушылық ерекше болатынын байқаймын. Неге? Өйткені, баспаның саясаты бірнеше буын оқырмандарға арналған. Бұл сонысымен ұтымды болып отыр. Сәтті жобаларды жүзеге асыру арқылы «Атамұра» баспа корпорациясы жастар арасына да қазіргі таңда өте танымал деп айтуға болады. Сол арқылы жастар әдебиетке келіп жатыр. Жастарда кітап оқуға деген қызығушылықтар артып келеді», - дейді Дәуіржан Төлебаев.
Басты миссия - ұлт тәрбиесі
«Атамұра» баспасының басты миссиясы - қазақтың тарихи даму жолындағы идеологияға байланысты айтуға, зерттеуге шектеу қойылған тұлғаларды жаңғырту, ұлттық сана сезімді оятуға әрекет жасауға ат салысу деп ойлаймын.
Не арқылы? Кітап өнімдері арқылы. Кітап - рухани қазына. Ұлттық құндылықтарымыз бен дүниетанымымызға, мемлекетімізге қатысты мәселелерді сан түрлі жобалар арқылы насихаттау – «Атамұра» баспа корпорациясының негізгі миссиясы, - деп Дәуіржан мырза да ойын тәмамдады.
Осындайда Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген сөзі еріксіз еске түседі. Кітап оқылмаудың салдарын көп жерде айтып та, жазып та жүрміз. Бұл әрине саналы жұртты алаңдатарлық мәселе. Алайда біз оқырман қауымның кітапқа деген ынтасын «Атамұра» баспасының жасап жатқанымен байланыстырамыз. Сондай баспалар Қазақстанда көбейе берсін!
«Атамұра» баспасы - тәуелсіздік тартуы, біздің өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы алтын көпір. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өскелең ұрпақтың келешегі үшін аянбай еңбектеніп келе жатқан «Атамұра» баспа корпорациясының болашағы зор үміт күттіреді. «Атамұра» - сіз бен біздің таңдауымыз.
Мәдина ИБРАГИМ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультетінің
2-курс студенті Жетекшісі: аға оқытушы
Әлім Әсел Аманханқызы

166 рет
көрсетілді0
пікір