- Заманхат
- 01 Қараша, 2024
Саяси журналистика: мәні мен қызметі

Саяси журналистика: мәні мен қызметі
Саяси журналистиканың қызметіне әлеуметті жай саясат туралы жаңалықтар ағынымен ғана таныстырмай, саясат әлемінде не болып жатқанын, соған байланысты неге белгілі бір шешімдер қабылданатынын және олар адам өміріне қалай әсер ететінін түсінуге көмектесетін ақпараттық құрал.
Күн сайын алдымызан сан-алуан заңдардағы жаңа өзгертулер, сайлауды ұйымдастыру шаралары, билік басындағы сыбайлас жемқорлық және басқа да халықаралық қақтығыстар туралы ақпаратты халық журналистер арқылы біледі. Бірақ сіз ойланып көрдіңіз бе? Ақпарат беруші көздер өте көп. Солардың ішінен біз қандай ақпаратқа зәру екенімізді және оның шынайы екендігін қалай анықтауға болады? Саяси журналистер біздің шындықты қабылдауымызға қалай ықпал етеді?
Саяси журналистер үшін ғана емес, қарапайым пайдаланушыға оңтайлы саясаттағы жаңалықтар деректерін іздеу мен фейк еместігін тексеретін құралдар мен браузер кеңейтімдері қазіргі кезде жолға қойылған. Олар он шақты: In Vid, You Tube DataViewer, Rev Eye, Wayback Machine, Crowd Tangle, Open Base, TG Stat. Бұл қондырғылар арқылы Facebook, YouTube және Твиттер арқылы метадеректер арқылы берілген жаңалықтардың, онымен қоса фотолардың қызметін метадеректер арқылы тексереді.
Саяси журналистиканың маңыздылығы.
Елестетіп көрейікші, біз журналистер жоқ мемлекетте өмір сүресіз. Бізде саясат туралы ақпарат жоғарғы биліктің өз сөзінен журналист деген дәнекерсіз қалыптасқан. Бұл оңай жұмыс, солай ма, артық кадр керек емес? Бірақ мәселенің түйіткілі: ақпарат құралдары болмаса, адамдар насихаттың ықпалына түсіп, олардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеті жоғалады. Саяси мәселелерді жазғанда журналист бейтарап болуы керек дейміз, бірақ оның жинаған деректерінен әділдік пен шыншылдық туындайды.
Мәселен ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында Американы дүр сілкіндірген бұл үлкен саяси «Уотергейт ісі» журналистік зерттеудің классикалық үлгісі болып саналады.
1974 жылы 8 тамызда Америка президенті Ричард Никсон отставкаға кететінін хабарлады. Оның кетуіне Никсон АҚШ Орталық барлау басқармасының көмегімен Ақ үйдегі сайлауалды науқанынан түскен ақшаны өзінің демократиялық қарсыластарына тыңшылық жасау үшін пайдаланғаны себеп болды.
«Уотергейт жанжалы» деп аталатын журналистік зерттеу Алан Пакуланың «Президенттің адамдары» фильміне негіз болды.
Журналистер газет бетіне оқиғалардың орналасуын маңыздылылығына қарай шешеді, қайсысын басты бетке, ал қайсысын назардан тыс қалатынын «редакция таңдауы» деп атайды.
Мақалада сарапшыларды таңдау: кімді тыңдау керек?
Журналистер көбінесе оқиғаларды талдау үшін саяси сарапшыларды шақырады. Бірақ бұл сарапшылар кім және олар кімнің мүдделерін қорғайды, сол маңызды.
Егер сіз журналист бола тұра, жер мәселесін көтерсеңіз, тақырыбыңызға қарай «Жерді жалға беру дұрыс па?» мақаласын жазасыз, ол үшін сіз жер саласының маманына жүгінесіз, жер туралы заңдарды ақтарасыз, содан шыққан тәжірибеге сүйенесіз. Бірақ сіздің пікіріңізден гөрі маманның пікірі маңызды екенін ұмытпаңыз.
Мысалы, жақында Кенес отырысында «Аманат» партиясы ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мәселесі талқыланды.
Ауыл шаруашылығының маманы, экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел «Егемен Қазақстан» газетіне жазған мақаласында алыс шетелдер түгілі Ресей, Украина, Армения, Латвия, Литва, Эстония сияқты посткеңестік елдерде де ауылшаруашылық жерлерді жекеменшікке берілетіндігі туралы жазылған. Бұл сарапшы пікірі, яғни маманның осындай тақырыпта пікір білдіруі халықтың көзқарасын қалыптастыруда өте маңызды рөль атқарады және ол сарапшы ешкімнің мүддесіне сай қызмет қызмет етпеуі маңызды.
Саясаттағы жариялылықтың журналистикада қаупі бар ма?
Журналистика адал және тәуелсіз болған кезде ол қоғамға қызмет етеді. Адамдар саясаттағы өзгерістер туралы өз пікірлерін фактілерге сүйене отырып қалыптастыруға және шешімдер қабылдай алуға мүмкіндігі мол елміз бе? Қоғамда жалған немесе біржақты ақпараттың таралуы адамдардың дұрыс ақпарат алуға және әділ шешімдер қабылдауға кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда адам құқықтары, әділдік пен ашықтық қағидалары бұзылады, және халықтың өз мемлекеті мен оның саясатына деген сенімі азаяды.
Әлемде осындай тәуелсіз және тексерілген ақпаратты таратуға бағытталған ұйымдар да бар.
Мысалы, Азаттық немесе Voice of America - бұл халықаралық коммерциялық емес ұйым, АҚШ Конгресімен қаржыландырылады және әлемнің әртүрлі аймақтарында тәуелсіз, бейтарап ақпарат ұсынады. Бұл ұйым өз қызметінде тексерілген деректер мен фактілерді негізге ала отырып, халыққа маңызды ақпарат береді. Азаттықтың әлем бойынша 11 мемлекетте кеңінен танымал екендігі, оның тек өз елінде ғана емес, басқа елдерде де азаматтардың объективті және шынайы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін үлкен рөл атқаратығы тағы бар.
Оның миссиясы - тәуелсіз әрі бейтарап ақпарат ұсыну арқылы, әлемнің түрлі елдеріндегі азаматтарға демократиялық құндылықтарды сақтау, адам құқықтарын қорғау және қоғамның ашықтық деңгейін арттыру. Осылайша, тәуелсіз журналистика мен медиа ұйымдар әлемнің әр түкпірінде бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігін қолдап, халыққа шынайы ақпаратты жеткізу арқылы қоғамның өркендеуіне өз үлесін қосады.
Азаттық радиосы соңғы кездері YouTube желісінде қызмет атқарып, өзінің билік басшыларының шет елдегі оффшорлық қаражатын әшкерелеумен танымал болып жүр.
МАСС МЕДИА-ның біржақты пікір ұстануы
Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында таралған фейк жаңалықтар мен дезинформацияның қоғамға әсері бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл әсіресе, қоғамдағы саяси жағдайлар мен денсаулық мәселелерінде айқын көрінеді.
Мысалы, 2019 жылы басталған коронавирус пандемиясы кезінде әлемде, оның ішінде Қазақстанда, жалған ақпараттар мен қауесеттердің таралуы үлкен проблема болды.
Қазақстанда COVID-19 вирусының таралуы басталған кезде көптеген жалған жаңалықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен таралды.
Ақпарат көздері коронавирус туралы нақты ғылыми деректерді бұрмалап, адамдарды үрейлендіріп, түрлі халықтық емдеу әдістері мен жалған емдеу тәсілдерін ұсынып, халықты адастырды.
Мұндай жалған ақпараттар қоғамда сенімсіздік тудырып, халықтың дұрыс шешімдер қабылдауына кедергі келтіреді. Мысалы, кейбір әлеуметтік желілерде COVID-19-дың болмауы туралы немесе оның арнайы мақсатта шығарылған вирус екендігі туралы қауесеттер де тарады. Бұл ақпараттар қоғамда паника мен қорқыныш тудырып, денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына кедергі келтірді.
Вакциналауға қарсы түрлі жалған ақпараттар да таралды. Вакцинаның зияны туралы жалған мәліметтер қоғамдық пікірді бұрмалап, адамдардың вакцина алудан бас тартуына себеп болды. Осылайша, фейк жаңалықтар мен дезинформацияның таралуы тек денсаулық сақтау мәселелерінде ғана емес, сонымен қатар қоғамның жалпы саяси жағдайына да әсер етті.
Бұл жағдай тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде байқалды, бұл жағдай басымыздан өтті, көп сабақ алдық, сондықтан қазіргі уақытта ақпараттың дұрыстығына мән беріп, жалған ақпаратпен күресу өте маңызды болып табылады.
Саяси журналистика ақпараттың сапасына жауап беруі керек. Журналистер өз жұмыстарын адал ниетпен орындаған кезде ғана, қоғамға - саясатты жақсы түсінуге, биліктің әрекеттерін сыни тұрғыдан бағалауға және саяси процестерге қатысуға көмектеседі. Журналистиканың басты міндеті -қоғамды тексерілген, объективті және толық ақпаратпен қамтамасыз ету. Журналистік материал оқырманды адастырмауы керек, ол тек фактілер мен нақты деректерге негізделуі тиіс. Биліктің ашықтығы мен халыққа есеп беруі, әсіресе қазіргі кезде сот мәжілістері мен Үкімет отырыстары тікелей телеарналардан таратылу мүмкіндігі бұйырып отыр. Халық қоғамдағы нақты процестерді білген кезде ғана толыққанды демократиялық мемлекет құруға болады.
Сапалы саяси журналистиканың алғышарттары
Журналистика фактілер мен дәлелдерге негізделеді. Мақалада нақты мәліметтер, сілтемелер және статистика болуы шарт. Журналистер әр түрлі пікірлерді ескеріп, жағдайды толық қамтуы міндетті. Бұл оқырмандарға теңдестірілген көзқарасты қалыптастырады. Журналистер ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеруі керек, бұл олардың жұмысына сенімділігін арттырады. Журналист этикалық нормаларды сақтап, оқырмандарға шындықты жазуға ұмтылуы тиіс. Сапалы журналистиканы танып, оның маңызын түсіну - демократияның сақталуы үшін маңызды.
Мәселен К. Қамзиннің «Талдамалы журналистика» оқулығында Бұқаралық ақпарат құралдарындағы саяси сараптаманың басты міндеттеріне: жарияланым авторы саяси құбылыстың себептерін анық-тайды, оған баға береді, оны салдарына көз жібереді, оның әрі қарай дамуы туралы болжам айта айтады. Журналист өзі зерттеп отырған саяси тақырыпқа байланысты әртүрлі саяси және әлеуметтік күштерге белгілі бір стандарттар мен талаптар тұрғысынан қарайды. Ол жағдайды орнықтыратын немесе ситуацияны жағымды жаққа қарай бұратын саяси шешімдердің (бағдарламалардың, ұсыныстардың, шешімдердің, қадамдардың) орындылығына назар аударады. Қоғамның алдыңғы қатарлы топтары, мемлекет шынында да осы шешімдерді жүзеге асыра ала ма - осы тұстарға көңіл бөледі. Жарияланым авторы осы талаптар үддесінен кім шыға ала-ды, жағдайды кім түзете алады, оған қандай кепілдік бар - осы тұстарға тоқталады. Журналист болашақ өзгерістердің жағымды, жағымсыз жақ-тарын таразылай отырып, оның жеке адамға, саяси топтарға, қоғамға пайда беретінін саралайды. Осы ретте әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесі еске алынады. Ол, сонымен қатар саяси ше-шімдерді идеологиялық жағынан қамтамасыз етуге ұмтылады. Ең басты өлшем - әрине, журналист саяси сараптамасының саяси процеске қатысушылардың көзқарасына, шешіміне әсер етуі.
Мәселен, 2011 жылы Жаңаөзендегі оқиғалардың барысын тәуелсіз журналистер мен ақпарат агенттіктері объективті түрде жариялап, қоғамның назарын аударды.
Жаңаөзенде мұнайшылардың ереуілінен кейін болған тәртіпсіздіктер мен күш қолдану туралы ақпараттарды журналистер ашық әрі уақытында жеткізді деп білемін.
Бұл оқиға Қазақстандағы саяси және әлеуметтік мәселелерге қоғамның назарын аудара отырып, құқық қорғау органдарының әрекеттеріне бақылау жасалды. Осылайша, журналистика саяси процестердің ашық әрі әділ болуына үлес қосты.
Сондықтан саяси журналистика демократияның тірегі болып табылады. Ол тек қоғамды маңызды жаңалықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдық пікірді қалыптастырады және азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Бұл мемлекет жауапкершілігін арттырып, қоғамның әл-ауқатын жақсартады. Саяси журналистика - бұл тек ақпарат жеткізуші емес, демократиялық қоғамның өзегі, сондықтан журналист әрдайым тәуелсіз әрі жауапты болуы керек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
3 курс студенті
Ынтықбаев Рақым
Ғылыми жетекшісі:
аға оқытушы Әлім Әсел

1546 рет
көрсетілді0
пікір