• Заманхат
  • 13 Желтоқсан, 2024

ҰҒА ФОРСАЙТ-ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ НӘТИЖЕСІН ЖАРИЯЛАДЫ 

Алматыда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қазақстан ғылымын дамыту мәселелері: басымдықтар мен сын-қатерлер» атты халықаралық форум өтті. Алқалы жиында еліміздің 2027-2030 жылдарға арналған ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттары талқыланып, Академия жүргізген форсайт-зерттеулердің нәтижелері жұрт назарына ұсынылды. 

 

Форумға отандық және шетелдік ғалымдар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен мемлекеттік органдардың басшылары, вице-министрлер, бизнес құрылымдардың өкілдері, ҒЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы Ғ.Жанқуатов,  Defence Global компаниясының бас директоры Jinsung Hong, The Academy at Harvard Square өкілі David YS Hong, экономика ғылымдарының докторы, Environment Europe Limited (Оксфорд) компаниясының бас директоры, Рим клубының толық мүшесі Станислав Шмелев қатысты. Сондай-ақ Корея ғылыми-техникалық ақпарат институтының Президенті доктор Ли онлайн-режімде қосылды.

 Президент жанындағы ҰҒА бастамасымен жыл бойы 30-дан астам форсайт-сессия, ғалымдармен, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерімен ауқымды сұхбаттар өткізілді. Форсайт ізденістердің нәтижесінде 200-ден астам перспективалы ғылыми міндеттер анықталды (ағылшынша foresight – болашақты болжау әдіснамасы).  

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті А.Қ.Күрішбаев форумда сөйлеген сөзінде қазіргі таңда ғылыми-технологиялық форсайт жүргізу болашақтағы ғылыми және технологиялық үрдістерді болжау мен талдаудың жүйелі процесі екенін атап айтты. «Бұл процесс ағымдағы жетістіктерді бағалауды, перспективалық бағыттарды анықтауды және оларды жүзеге асыру стратегияларын әзірлеуді қамтиды. Форсайт үкіметке, компанияларға және ғылыми ұйымдарға дәйекті шешімдер қабылдауға, ғылым мен технологияға ұзақ мерзімді инвестиция тартуды жоспарлауға көмектеседі. Осылайша форсайттық зерттеулер жаңаша ой қалыптастыру мен болашақты жобалау құралына айналып отыр» деді ҰҒА президенті. 

Айта кетелік, Қазақстанда биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның негізінде  форсайттық зерттеулер жүргізу функциясы Ұлттық ғылым академиясының құзырына берілген. Зерттеулер мен талдаулар 6 басым бағыт бойынша жүргізілді, олар: ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар; өмір және денсаулық туралы ғылым; агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі; су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология; геология, пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар; энергетика және машина жасау. Сараптамалық топ құрамына жетекші отандық ғалымдар, өндірістік және сервистік ұйымдардың сарапшылары кірді. Деректер Ұлттық ғылым академиясының сайтында қолжетімді. 

Ұлттық ғылым академиясы келесі жылы форсайтингтің өңірлік желісін құруды жоспарлап отыр.  Осы мақсатта әлемдiк жетекшi институттардың бiрi – Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) форсайттың ақпараттық-талдамалық жүйесiн құру жөнiндегi бiрлескен жоба iске асырылады. KISTI – Оңтүстік Кореядағы ғылыми-техникалық ақпаратты жинаумен, талдаумен және таратумен айналысатын жетекші ғылыми-зерттеу институты. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов өзінің құттықтау сөзінде аграрлық ғылымның агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол ғылым мен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың қажеттігін, ғылыми-білім беру саласындағы реформалар, бағдарламалық-мақсаттық қаржыландырудың жүзеге асырылуы және селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді шаралар туралы айтты.

Бұдан кейін Ұлттық Ғылым академиясының ғалым хатшысы Исмаил Тоқбергенов  2024 жылғы форсайттық зерттеулердің нәтижелері туралы баяндама жасады. 

Форум аясында және Корея ғылыми-техникалық ақпарат институты (KISTI) мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ресей ғылым академиясының вице-президенті Петр Чекмарев агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургия, IT, медицина және басқа бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

Еліміздегі жетекші ғалымдардың басын қосқан алқалы жиын отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігі, ғылымның ел дамуына ықпалы, заманауи технологиялық дәуірдің сын-қатерлері және басқа өзекті тақырыптар талқыланып, нақты шешімдер ұсынылған маңызды ой-пікір алаңына  айналды.      

Дина Имамбай

   

 

1833 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз