• Мақала
  • 24 Желтоқсан, 2024

Музыканы табиғат өзі дарытады

27 қарашада Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы Насыр Тарлабек баян және аккордеон аспабы бойынша Францияда өткен «CMA Trophee Mondial» халықаралық байқауында бірінші орын алғаны туралы ақпарат таратты. Әлемнің үздік жас музыканттары бас қосатын байқау 1951 жылдан бері өткізіледі екен. Бұл жеңіс – Қазақстанның жас музыканттары үшін ғана емес, еліміздің мәдениеті үшін де өте үлкен жетістік. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының ашылғанына биыл 60 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт аралығында бұл мектеп еліміздің музыка саласында еңбек етіп жүрген көптеген майталман мамандардың талабын ұштап, қанатын қатайтты. Музыка мектебінің түлектерінің қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Толқын Забирова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Бибігүл Нұрғалиқызы, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова тағы да басқа танымал өнер қайраткерлері бар.  Музыка мектебінің 60 жылдық мерейтойына орай мектеп директоры Нүркен Нұрғалиұлымен аз-кем әңгімелестік. 

– Жұбанов мектебі 60 жыл ішінде еліміздің музыка мәдениетіне көп үлес қосты. Оны мәдениетке жақын жандар жақсы біледі. Қазір мектептің жағдайы қандай, музыкалық білім беру үрдісінде нендей жаңалық бар? 
– Әрине, Жұбанов мектебі қазақ мәдениетіне мыңдаған кәсіби мамандарды дайындап шығарды. Қазір көптеген өнер ұжымдарында, музыкалық білім беретін орта мектептер мен ЖОО-нда біздің мектептің түлектері еңбек етіп жүр. Олардың арасында еліміздің музыкалық қабілет-қарымын шетелдерде танытып жүрген түрлі байқаулардың лауреаттары, Қазақстанның халық әртістері, Еңбек сіңірген қайраткерлер бар. 
Мектебіміздің білім беру үрдісінде мемлекеттік стандардта бекітіліген талапқа сай білім беріліп жатыр. Кейінгі жылдары жаңа мамандықтар құрылып,  бұрын оқу жоспарында болмаған жаңа аспаптар меңгертіле бастады. Жаңа өнер ұжымдары, мәселен, «Givanni Talenti» камералық оркестрі, «Ақжелең» фольклорлық ансамблі, «JuBand» джаз оркестрі құрылды.   
– О баста мектеп ауыл балаларының талантын ұштау мақсатымен ашылғаны белгілі. Қазір шәкірттерді қалай қабылдайсыздар? Ауыл балаларына арналған белгілі бір квоталар бар ма?  
– О баста Ахмет Жұбанов шалғайдағы талантты балаларды жергілікті жерде оқытуға мүмкіндік болмаған соң, музыкалық білім беру, қазақ балаларына еуропалық аспаптарды үйрету, әлем  сахнасына жол ашу мақсатымен ашылды. 
Қазір біз де еліміздегі барлық музыка мектептеріне қабылдау тәртібімен қабылдаймыз. Олардың негізгілері есте сақтау қабілеті, есту қабілеті және ырғақ сезу қабілеті, жалпы дамуы ескеріледі. Шалғайдан келген балаларға талантты болса міндетті түрде басымдық беріледі. Музыканы табиғат өзі береді. Бойында табиғат берген дарын болмаса, баладан музыкант жасау мүмкін емес.
– Мектепте қазақ ұлттық аспаптарынан қанша сынып бар? 
– Қазақ ұлттық аспаптарынан бізде домбыра, домбыра-прима (ол қазір қазақ-орысқа ортақ, оркестрге қажет аспап), шертер, қобыз, прима-қобыз, қылқобыз, сырнай (әлем халықтарына ортақ аспап), қосымша дәріс ретінде жетіген, сазсырнай, сыбызғы аспаптары үйретіледі. 
– Кез келген мектеп түлектерін мақтан ететіні белгілі. Сіздерден түлеп ұшқан түлектерден Жоғары музыкалық оқу орнын таңдап, музыкаға түбейгелі бет бұрған  танымал жандар бар болар.  Аттарын атай өтесіз бе?
– Біздің мектепті бітірген түлектердің 80-90 пайызы кәсіби музыкаға бет бұрады. Оның ішінде осыдан біраз жыл бұрын Мәдениет министрі болған, халықаралық дәрежедегі композитор Ақтоты Райымқұлова, композитор Бейбіт Дәлденбай, Мемлекеттік Хор капелласының Бас дирижері және көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Арман Жүдебаев,  күйші, домбырашы, музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Асылбек Еңсепов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ерлан Рысқали, музыкант, дирижер Ерлан Бақтыгереев сынды майталман мамандар бар, т.б. аттары елге кеңінен танымал түлектер жетіп артылады. Осындай білікті де білімді мамандардың біздің түлектер екенін мақтанышпен айта аламыз. 
– Мектептің материалдық базасы бүгінгі заман талабына сай ма? Жалпы музыка мектептерін жетілдіру жолында қандай іс атқарылса деп ойлайсыз?
– Мектептің материалдық базасы жайлы айтар болсақ, әрине әлі де толықтыруды қажет етеді. Дегенмен, кейінгі жылдар көптеген музыкалық аспаптар алынды. Рояль, фортепиано, труба, тромбон, валторна, фаггот, флейта, кларнет, гобой, домбыра, қобыз, скрипка,  виолончель, т.б. түрлі-түрлі аспаптар Мәдениет министрлігінің көмегімен алынды. Интернатта да, мектепте де көптеген жиһаз жаңартылды. Ең негізгі мәселе – мектептің ғимаратын күрделі жөндеу. Осы мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бастамасымен инвесторлар іздеу қолға алынды, күрделі жөндеу жоспарда тұр. 
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Назым ДҮТБАЙ,
«Aqiqat»

 

 

1519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз