- Мақала
- 24 Желтоқсан, 2024
АДАМЗАТТЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ
Пірімбек Сүлейменов,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті,
саяси ғылымдар кандидаты
Тарихи тұлғалармыздың рухани құндылықтарын зерттеу және насихаттау – біз үшін парыз. Шығыстың ұлы ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасы әлемдік ғылым мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан анық. Қоғам мен мемлекеттегі алуан түрлі жайттарды қамтитын әл-Фараби мұрасы ең алдымен бүкіл адамзатқа арналған. Өйткені ол саналы ғұмырын қалың жұртшылыққа қызмет етуге арнады. Еңбектерін жекелеген тұлғадан бастап, адамның игілігіне, елге, жерге, күллі әлем мен ғаламға арнап, көпшілік ортада қызу талас-тартысқа түскен немесе жинақталған мәселелерді шешуге ұмтылды. Сондықтан да болар, оның ғылыми ізденістері әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай келеді. Бізге жеткен оның мұрасы философия, музыка, математика, логика, астрономия, филология және жаратылыстану ғылымдарының сан салаларын қамтиды. Ғалымның өз заманында айтқан әрбір ойы немесе келтірген пікірі, талдаған тұжырымдары қазіргі қоғам дамуының кейбір қордаланған мәселелеріне дөп тиіп жатады. Уақыт озса да, Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы ортайған емес, қайта жыл өткен сайын толысып келеді. Бұл оның еңбектерінің қайнар бастауы гуманизмде жатқандығын аңғартады.
Қандай да бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап отыруы – табиғи заңдылық. Әл-Фараби әлемі мен оның еңбектерінде көтерілген мәселелер шығыс халықтарының, соның ішінде түркі әлемінің философиясын қанаттандырды, оның арнасын кеңейтіп, соны бағыттар көрсете білді. Оның шығармаларындағы тақырыптар түркі әлеміндегі философиялық дәстүрден, халық шығармашылығынан бастау алады десек қателеспеген болар едік. Әл-Фараби шығыс халықтарының тілінде данагөй де жасампаз шығармалар қалыптастырып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар өз заманындағы қарама-қайшы әрі күрделі идеялар мен гуманистік көзқарастарды талдап, олардың шынайы мән-мағынасын ашып көрсетті. Өзінің еңбектерінде Әбу Насыр әл-Фараби өз заманындағы адамгершілік, ізгілік пен достық, пәлсафалық ойлар, өнер мен мемлекеттік құрылымдар туралы келелі пікірлерін ортаға салды. Әсіресе «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» атты еңбектерінде адам мен қоғам, басшы мен бағынушы сынды категорияларды негіздеп, философтардың ізденістерімен қабыстырады да, қоғамдық құрылымның өзіндік теориясын жасап шығарады. Сонымен қатар, «Бақытқа жету», «Кемеңгерлік меруерті», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы» сынды еңбектерінде де әлем мен қоршаған орта, адамның өзге институттармен байланысы жайында сөз қозғап, келелі пайымдауларын ортаға салған. Ғұлама ғалым осы іс-әрекеті арқылы Батыс пен Шығыстың ой маржандарын тізбелеп қана қоймай, оларды өзара ұштастыра білді, батысты шығысқа таныстырды, заманындағы сүбелі пікірлерді талдады. Оның осындай келелі ізденістерін қабылдаған ғылыми жұртшылық кейіннен оны «Екінші ұстаз» ретінде мойындап, ғылымға сіңірген еңбегін жоғары бағалаған болатын.
Немістің шығыстанушы ғалымы Ф.Детриций сынды зерттеушілердің айтуынша: «Шығыста Аристотель әл-Фарабидің еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанды». Олардың ішіндегі ең белгілісі әл-Фараби мен Спинозаның әлеуметтік-саяси концепциялары жөніндегі ойлары. Мысалы, бақытқа жетудің жолдары, мақсаты, мемлекетті басқарудың формасы мен функциясы, т.б. Спиноза әл-Фараби секілді өзінің қоғам туралы ілімін адамның «шынайы» табиғатынан шығарады, мемлекеттің мақсаты әрбір адамды ақылмен басқарып, бақыт пен бостандық сыйлау дейді. Әл-Фарабидің адамдардың индивидуалды армандарының бірлігі ретіндегі социум ұғымы Ж.-Ж. Руссоның «әлеуметтік келісім» идеясына сәйкес.
Әл-Фарабидің ғылыми көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдени, философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі іспетті. Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.
Ойшылдың ғылыми еңбектері қаншама дәуірлер өтсе де маңыздылығын жоғалтпай келе жатқандығы, ондағы ойлардың даналығында, тереңдігінде болса керек. Жалпы алғанда, тарихтың елегінен өткен философиялық ойлар ешқашан да ескірген емес, ондағы жинақталған дана ойлар біздің санамызға ой салып, соны көзқарастардың қалыптасуына ықпал етеді. Әл-Фараби шығармалары осындай өрісі кең, өресі биік еңбектер санатына жатады. Әл-Фарабидің ғылыми мұраларын зерттеу және пайдалану қазіргі демократиялық қоғамды орнатуда актуальді болып саналады. Әл-Фарабидің философиялық мұрасындағы бостандық, әділдік және бақыт жайлы, адамдардың бір-біріне мейірімділігі туралы ойлары, адами қоғамдағы адамгершілікті жетілдіру жайлы идеялары бүгінгі күні өте өзекті болып отыр.
Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары қоғам дамуы үшін айрықша маңызды. Қазіргі таңда ғұламаның саяси көшбасшы және қайырымды қоғам, бейбітшілікті сақтау туралы тұжырымдары, әділетсіз істерді сынға алуы өз мәнін жойған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фарабидің ғылыми философиялық мұралары өскелең ұрпақты адамгершілік пен әділеттілікке тәрбиелеуде құнды құрал болуып табылары анық.
Қазіргі мемлекетіміздің ұстанып отырған негізгі саясаты – әділетті азаматтық қоғам құру. Президентіміз айтып жүрген Жаңа Қазақстан орнатудағы «әділеті қоғам құру» ұлттық саяси бастамалары сөзсіз ұлы ойшылдың идеяларымен ұштасатыны анық. Әділетті қоғам құру идеясы барлық қазақстандықтарға тән жолдау деп санаймыз, мұны әл-Фараби өз шығармаларында толық қамтыған болатын. Әділетті қоғам идеясы Платонның (идеалды) ізгілікті мемлекет және әл-Фарабидің (қайырымды қала) ұғымдарының қисынды жалғасы екенін толық сенімділікпен айтсақ болады. Әділетті ел болу – ең алдымен жалпықазақстандық бірліктің ұлттық идеясы және біздің ұлы бабаларымыздың арманы.
Әл-Фарабидің еңбектерінде білім мен педагогика мәселесі әлеуметтік феномен ретінде жан-жақты қарастырылады. Бұл феномен тікелей адам жанымен тығыз байланысты, сонымен қатар, әрбір жеке тұлға қоғамның мүшесі болуға, өзінің жеке кемелдік деңгейіне жетуге, соның нәтижесінде өзіне қойылған басты мақсатқа жетуге ерте жастан бастап дайындалатынын растайды. Білімге бағытталған іс-әрекеттердің барлығы, әл-Фарабидің ойынша, белгілі бір кезеңде және қоғамда құндылықтар, ілім мен тәжірибелік мүмкіншіліктерді тұлғаның игеруі деп тұжырымдалады. Білім алудың басты мақсаты жеке тұлғаны кемеліне жеткізу болса, ал әлемде адамзаттың өмір сүруінің басты мақсаты абсолюттік жақсылық жоғарғы деңгей деп танылатын бақытқа жету деп анықталады. Әл-Фараби: білім алу мақсаттарының барлығы үйрену мен тәжірибені бірдей деңгейде біріктіреді, кез келген теориялық білім тәжірибе жүзінде іске асырылуға тиіс деп тұжырымдайды. Әл-Фараби жалпы қауым мүшелерін, оның ішінде, әсіресе жастарды оқыту, тәрбиелеу процесінде «қатты әдіс» пен «жұмсақ әдісті» үйлестіре қолдануды талап ете отырып, былай дейді: «Ұстаздық еткен адамның оқыту әдісі тым қатал болмасын және тым босаң да болмасын. Егер де оқыту тым қатты, үнемі ызғармен болса, онда оқушылар мұғалімін жек көретін халге жетеді. Егерде өте босатып жіберетін кішіпейілділік болса, онда оқушылар тарапынан мұғалімді кем санау, менсінбеу, оның ғылымына жалқау қарау қаупі туады». Бұл күні бүгінге дейін күшін жоймаған педагогикалық қағида.
Әрине, әл-Фарабидің өз заманында айтқан тұшымды ойлары мен идеялары, қазіргі біздің қоғамымызда алар орны ерекше деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, оның айтқан қайырымды қала, қайырымды қоғам жайлы ойлары күні кеше болған әлемдік індет – коронавирус пандемиясы жайлаған кезде іске асқандығына өзіміз куә болдық. Бүкіл жұрт сын сәттерде бір кісідей жұмылып, мейірімділік пен жанашырлықтың үлгісін көрсетті, бір-бірінее қол ұшын созды. Бұл Фарабидің өз заманында айтқан қайырымдылық туралы идеялары өзекті екенінің бір дәлелі.
Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы бүкіл әлемдік ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әл-Фарабидің шығармашылығының болмысы, Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстыратын рухани алтын көпірге айналды. Көрнекті ойшыл гуманист ретінде өз шығармашылығы арқылы Антика және Ислам әлемін біріктіре алды. Оның трактаттары Ренессанс дәуірінде Еуропадағы ғылымның дамуына, дүниетанымның қалыптасуына тікелей әсер етті. Иә, ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан бақыт туралы, адамның жетілуі туралы сұрақтар қазіргі замандағы дамыған қоғам үшін де аса өзекті. Әл-Фараби: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала − қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ», – деген гуманистік ойын ұсынып, оның жүзеге асуын аңсайды.
Өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы» трактатында ол мейірімді адамдар тұратын қаланың моделін жасады. «Әл мадини, әл фадила» – әл-Фараби әрбір тұрғыны бақытқа қол жеткізуге ұмтылған ізгі жандардың кемелденген қоғамы. Оның пікірінше, «білім мен ізгілік» ажырамас бірлікте болу керек. Қазақ даласында, Отырарда дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның мүмкіндігін әлемге паш еткен Әбу Насыр әл-Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын бейнелейді. Ол Батыс пен Шығыстың өркениетаралық сұхбаттастық идеалына жақындай түсуіне жағдай жасады. Әлемдік өркениет пен ғылымнан өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, оның еңбектерін танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, адамзаттың баға жетпес рухани қазынасы.
1532 рет
көрсетілді0
пікір