• Мақала
  • 24 Желтоқсан, 2024

ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАСЫ – ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕ 

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы – заман озған сайын өзектілігі мен мән-маңызын жоймайтын мәңгілік құндылық. Жылдан жылға әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін оқулықтарға, оқу үдерісіне енгізу, білім алушыларды ұлы баба өнегесінде оқыту және тәрбиелеу мәселесінің өзектілігі артып келеді.  Алматы қаласы білім басқармасына қарасты әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназия ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Әл-Фараби әлемі – ең басты ұлттық құндылық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы бағыттағы іс-шаралар кеңінен қамтылды. 
Конференция әл-Фараби мұрасын оқу үдерісіне енгізу тәжірибесін бөлісу және жас ұрпақты әл-Фараби еңбектерімен оқытып тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Фарабитанушы ғалымдар, Бостандық ауданының білім бөлімі және мектеп басшылары, мұғалімдер мен оқушылар қатысқан жиында энциклопедист ғалымның еңбектерін математика, физика, химия, психология сабақтарында қолданудың үлгісі көрсетілді. Мектепте оқушылардың әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми қызметін оқып-үйренуге баса көңіл бөлінеді, бұған іс-шара барысында көпшілік куә болды. «Біздің білім және тәрбие берудегі басты мақсатымыз – балалардың бақытты жүзін көру» дейді әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназияның директоры Бейбіткүл Таукенова. 
Конференция Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы мен  «Балалар кітапханасы» жобасы аясында, «Толық адам» ұлттық идеалын насихаттау және фарабитануды дамытуға үлес қосу бағытында өтті. Осы орайда оқырман назарына фарабитанушы ғалым Пірімбек Сүлейменовтің мақаласын ұсынамыз.  

Дина Тазабекқызы


 

1519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз