• Мақала
  • 24 Желтоқсан, 2024

ТАРИХТЫ ТҮГЕНДЕУДІҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Тәуелсіздіктің арқасында өткенімізді сын көзбен шолып, тоталитарлық билік өзгеріске ұшыратқан, тіпті ұмыттыруға тырысқан барша құндылықтарымызды қалпына келтіруді батыл қолға алғанымыз және ұлан-ғайыр жұмыстар атқарғанымыз белгілі. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтарда жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласы мемлекетіміздің іргесін нығайта түсуге қызмет ететін басты бағыттар мен атқарылуы қажет іс-шаралар жүйесін одан әрі мейлінше айқындап көрсетіп берді. 
 

Аталған мақаласында Президент Тоқаев әрбір халық бөтен идеологияның ықпалына берілмей, өз тарихын өзі жазуға тиіс деген ойды шегелеп айтты, біздің тарихымызда Алаш қозғалысына, ашаршылықтарды толық ашу мәселелеріне жете көңіл бөлінбей келе жатқанына назар аударды. Cаяси репрессиялар құрбандарын ақтау Кеңес Одағы кезінде ХХ партсъезден кейін тек «жоғарыдан» ғана жүргізілгені белгілі. Жазықсыз жапа шеккендердің қай тобын және нақты кімдерді ақтайтындарын орталық және онымен тығыз байланыста тұрған республикалық билік – өкімет қана белгіледі, яғни ақталғандарды қоғам өміріне қайтару мәселесін солардың идеологиялық сүзгісі шешті. Мұндай жағдай біздің елімізде мемлекеттік тәуелсіздік жарияланғаннан соң да сақталды. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси репрессиялар құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы іс жүзінде ресейлік заңның көшірмесі еді. Ақтау үдерісінде қолданылған нормативтік құқықтық актілер де бұрынғы одақтық құжаттар болатын. Тиісінше заңнама Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің барша ерекшеліктерін ескере алмады, оларды толық мәнінде зерттеуді мақсат еткен ғалымдарға да, жұртшылыққа да билік тарапынан мүмкіндік, рұқсат берілмеді. Мұның астарында өкіметтің қорқынышы жатыр еді – билік сталинизмнің өз халқына қарсы жасаған қылмысының түрлі реңктері мен механизмінің әшкереленуінен үрейленетін. 
2020 жылғы 24 қарашада шығарған Президент Пәрмені осы ахуалды бұзды. Тұңғыш рет кең көлемде көтеріліп отырған мақсатқа қол жеткізу үшін соған сәйкес жұмыс тәсілін де ойластыру талап етілетін-ді, сол орайда Президент құрған Мемлекеттік комиссияның басшылығы Жобалық кеңсе тұрпатындағы арнайы құрылым жасап өте орынды қадам жасады. Бұл құрылым – Мемкомиссияның сан саланы қамтитын түрлі деңгейдегі көп қырлы жұмысының орындалуын қамтамасыз ететін жұмысшы аппарат, Жобалық кеңсе – жоғарыдан  Пәрмен берілгеніне қарамастан, кейде енжарлық танытатын билік құрылымдарының да мәселеге сергек қарауына ықпал етіп отырды. Тағы бір ерекше атайтын жәйт – алғашқы отырысында Мемкомиссия әдістеме әзірлеу бойынша кіші комиссия құру жөнінде шешім шығарған еді, осы кіші комиссия прогрессивті және әділ әлемдік стандарттарды негізге ала отырып, Мемкомиссияның жұмысын ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстар даярлады. Міне, Мемлекеттік комиссияның жұмысы бойында осы Жобалық кеңсе барлық ұйымдастырушылық, әдістемелік, ғылыми-талдамалық, кеңесшілік жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп келді. Жобалық кеңсе Мемкомиссия жұмысының  ғылыми негізделген әдістемесін әзірледі, сонымен қатар ғылыми-зерттеушілікпен шұғылданатын республикалық он жұмыс тобы бойынша да жеке әдістемелер, аймақтық комиссиялардың жұмысы үшін нұсқаулықтар даярлады. Мүдделі министрліктер мен ведомстволар, әкімдіктер, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары, мемлекеттік архивтер жүргізуі тиіс маңызды мәселелердің қаралуын да Жобалық кеңсе ұйымдастырды.
Жобалық кеңсенің ұтымды қызметімен осылай жолға қойылған кешенді жұмыс нәтижесінде көптеген жабық архивтік қорлар құпиясыздандырылды, түрлі әлеуметтік топтар арасынан жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған сан мың құрбан есімі айқындалды, оларды толық ақтаудың заңнамалық негіздері тиянақталды. Саяси репрессияға негіз болған құжаттар жинастырылып, ондаған жинақ жарыққа шығарылды, тағы сонша жинақ жариялануын тосып тұр.
Мемкомиссия мүшесі ретінде мен Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеп-зерделеу үшін құрылған жұмысшы топ құрамында істедім. Бұл орайда алдын-ала белгіленген уақыттық ауқым шеңберімен шектелмей, мәселені мейлінше кең және терең қарастыруға тырыстым. Архивтік құжаттарды зерттеумен қатар, жаппай саяси қуғын-сүргіндердің саяси және теориялық негіздері мен бастауын айқын ажырату үшін әртүрлі тарихи шығармаларды, партиялық құжаттарды, революция көсемдерінің еңбектерін қайта оқыдым. Советтік солақай реформалар тәжірибесін, оның берекесіздікке апарған салдарын, қарсылық көрсеткендерге жасалған жазалау шараларын зерттеп, әйгілі «Алаш ісі» бойынша жүргізілген репрессияның алғашқы ресми екі толқынында қаралған қылмыстық істерді талдауға алдым. 2008 жылы «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамы өткізген «Сталинизм тарихы: репрессияланған Қазақстан» атты ғылыми-практикалық конференцияның материалдарын қарадым. Онда мұндай iс-шара қалың ел-жұрт бастан кешкен қайғылы кезеңдердi тереңiрек түсiнуге, сонымен бірге халқымыздың, қазақтың өзiн былай қойғанда, қазақ төңiрегiне топтасқан түрлi ұлт өкiлдерiнiң бiрлiгiн нығайта және арттыра түсуге септеседi деген сенім білдірілген еді. Өйткені сталиндiк-большевиктiк режимнiң халық еңсесiн басып келгенi тәуелсіздік жылдары баршаға белгілі болған. Бертiнгi игiлiктерге бiз ұлтымыздың сан түрлі қорлық көруi мен қиналыстары, қилы азап шегулерi арқылы жеттік – бұл жәйт те тәуелсіз ел азаматтарына құпия емес-тін. Дегенмен айқын түсініп-білуді тілейтін тұстар, әсіресе Мемкомиссия алға қойған міндеттер тұрғысынан қарағанда, әлі де көп еді. 
Қуғын-сүргін зобалаңы қазақ халқының басына патша заманында, яғни еліміз озбыр империя отарына айналдырылған шақтан бастап-ақ түскен. Бұл белестен көп бұрын орыс отаршылдығына мойынсұнған түрік елдерінің кей зиялылары басқыншылардың озбыр әрекеттерін «пушка соңынан Пушкин келді» деп ақтауға тырысқанмен, сол пікірді бертінде біздің де әлемге танылған шайырымыз әсірелей жалаулатқанмен, екпіндете енгізілген озық мәдениеттің астыртын жағы да жұртқа біршама танылған. Әсіресе дамуы кенже қалған халықтардың санасын отарлау қызметіне «екінші ана тілінің» қойылғанын бүгінде, жаңа тұрпатты заманауи ұрандарға қарамастан, көпшілік зайыр түсіне бастаған-ды. 

***

Ресей империясы мен оның жалғасы сынды кейіп танытқан кеңестік билік тұсындағы бір қауым ел-жұрттың тіршілігінен бір мысал келтірейік. 
ІІ Екатерина әйгілі Пугачев қозғалысының ізін жою шараларының бірі ретінде, қазақ халқының «Жайық өзенінен суы сарқылмайынша айрылмайтынын» айтқан Әбілқайыр ханның мәлімдемесіне қасақана, өз пәрменімен өзеннің Жайық (Яик) деген көне қазақы атын – Орал (Урал) деген тау атауына өзгертіп жіберді де, ұлы су бойын мекендейтін халықтың үкіметке қарсы көтеріліске қатысқан бөліктерін қуғынға ұшыратып, тарихи мекенінен үдере көшуіне, сөйтіп Ұлы Даладағы алыс қыр төсіне қоныс аударуға мәжбүр етті. 
Олар Арқаға тұрақтаған жылдарында революциялық дәуір өзгерістерін, одан сталинизм душар еткен асыра сілтеушіліктерді, ерен қасiрет пен күреске толы кезеңдi бастан кешті. Солардың Сарысу өзені аңғарын жайлайтын, күзде Бетпақдаланы басып өтіп, Шу өзені аумағында қыстайтын үлкен тобынан 1928 жылы Совет өкіметі Сарысу ауданын құрған. Сол жылы күзге қарай шыққан арнайы Декрет бойынша жаңадан құрылған аудан байларының мал-мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударған. Кәмпескеге қарсылық көрсетті деген желеумен көшпенділердің ағайынды Әділовтер бастаған бір тобын тұтқындап, жалпы Алаш қайраткерлерін репрессиялау шарасына кіріскен. Көшпенді тіршіліктен аудан халқын озбырлықпен айырып, еш материалдық жәрдем көрсетпестен отырықшылыққа ауысуға күштеген. Соның салдарынан қожалықтарындағы бір миллиондай ұсақ тұяқ, жиырма мыңдай түйе-жылқысынан түгелге жуық айрылған, аштан қырылудан әупірімдеп аман қалған аз ғана жұрт (отыз екі мың аудан халқының он екі мыңдайы) азып-тозып қазіргі Жамбыл облысы аумағына жетті. Содан өсіп-өніп, бүгінгі Сарысу ауданының түтінін түтетіп отыр. Осы аудандық әкiмшiлiк бiрлiктің бір өзі сталинизм жылдарындағы солақай реформалар жүргізуде халықты қуғын-сүргінге ұшыратуды, тұрпайы күш қолдануды жатсынбаған таптық саясаттың зардабын мейлiнше тартты. Қасіретті тағдыры тағылымды бұл аудан тарихы Қазақ елiнiң қайғылы саяси репрессияға ұшыраған келбетiн өте анық елестететiн нақты да көрнекi мысал болып табылады. 
 Советтік билік тарапынан жете ойластырылмаған модернизация болып шыққан тәркiлеу мен ұжымдастыру науқандары алдында республикадағы қазақтар саны төрт миллионнан астам болатын, Ал олардың дәстүрлі экономикасының негізін құрайтын малының мөлшерi 40 миллионнан асатын. Көшпенділерді, барша халықты жаппай аштыққа, ұлттық апатқа ұрындырған саяси шаралардан соң – республика аумағындағы қазақ саны екi есе, оның қолындағы малының басы он есеге дейiн кемiп кеттi. Ал біз бір мысал ретінде алған Сарысу ауданы халқының үштен екісі аштық құрбанына айналды, жаңа қонысқа малдан айрылған үштен бiрi ғана тiрi жеттi... 
Алапат ашаршылықты әрдайым есте ұстап, белгілі күнде аза тұту шараларын өткізіп тұру қажет екені анық. Өйткені ол – тұтқиылдан кездейсоқ тап болған зобалаң емес, патша заманында негізделіп, кеңестік кезеңде өрістетілген нәубет. Большевиктік билік жол берген бұл ауыр зұлмат қазақ халқына жер бетінен халық ретінде мүлдем жойылып кету қаупін төндірді. 
 Аштық құйыны қазаққа кеңестік дәуірде бірнеше мәрте (1917–1919, 1921–1923, 1931–1933 жж.) соққан-тын. Әсіресе отыз екінші жылдың халық санасына терең із қалдырғаны көпшілікке мәлім. Бұл халқымызды ХХ ғасырда қынадай қырып, айтып жеткізгісіз Ұлттық Апатқа (Катастрофаға) ұрындырған, қайғы-қасіреті көл-көсір қызыл қырғыны еш ұмытылмайтын алапат ашаршылықтың ең ауыр кезеңі еді. 

***

Бір сәт өткен жолымызға көз салайық 
Қазақ елі самодержавиелік Ресейдің отарлық құлдығынан азат болғаннан соң Ресей Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасы құрамында – түстіктегі бөлігі 1918 жылы Түркістан Республикасы, терістіктегі бөлігі – 1920 жылы Қазақ Республикасы атанып, автономия алды. Одан 1924 жылы республиканың екі облысындағы жер-суы мен халқы межеленіп, қарақалпақпен бірге Қазреспубликаға қосылды да, 1925 жылы Үлкен Қазақстан құрылды, сөйтіп қазақтың біртұтас мемлекеттігі қалпына келтірілді. Бұл қуанышты оқиға еді. 
Бірақ автономияларымызда ірі ашаршылық жайлап, олар жаппай репрессиямен астаса жүріп, жалпыұлттық қайғы-қасіретке, трагедияға ұласты. Бізге мұның себеп-салдарын терең зерделеген жөн: сонау зұлмат халқымыздың басына кездейсоқ үйірілген жоқ, оның тамыры – режим ауысқанмен, сабақтастығын жоғалтпаған отарлаушылық пиғыл мен әрекетте жатқан. 
ХVIII–XIX ғасырларда Ресей тарапынан мақсатты түрде жүргізілген отаршылдық әрекеттер мен жаулап алулар нәтижесінде қазақтың мемлекеттігі жойылды. Жері мен халқы империя құрамына енгізіліп, түрлі әкімшілік бірліктерге бөлшектенді. Қазақ өлкесін – орыс жеріне, халқын, этностық түрі бөлекше болса да, тіршілігі мен жан-дүниесі жағынан кәдімгі орыс мұжығына айналдыру мақсат етіліп, кең көлемді шаралары жүзеге асырыла бастады. Халқымыз тұтастығын жоғалтты. 
ХХ-шы ғасырдың алғашқы ширегінің соңында ғана, Қазақстанның жер-суы мен халқының негізгі құрамы бір шаңырақ астына іс жүзінде біріктірілді. 1925 жылғы сәуірде өткен Үлкен Қазақстан Кеңестерінің Бірінші (Ескі Қазақстандағы рет саны бойынша – Бесінші) съезінде халқымыздың басына түскен проблеманың тарихи тамыры жүйелеп ашылған болатын. 
Сол құрылтайда Қазақ өлкесін отарлау басты-басты үш дәуірде:
1) орыс жерінен XVI-шы ғасырдан бастап өз еріктерімен келген қилы бақ іздеушілер мен қашқындардың отарлауы; 
2) самодержавие үкіметінің сауда-өнеркәсіп мүддесін көздеп, әскери-әкімшілік тәсілдермен XVIII-ші ғасырдан бастап отарлауы; 
3) XIX-шы ғасырдың соңы мен XX-шы ғасырдың басынан – Ресейдің ішкі губернияларынан шаруаларды жаппай көшіріп-қоныс аударту жолымен отарлау жүзеге асырылғаны талдап айтылды. 
Ресей үкіметі империалистік мақсаттарына жету үшін Орал, Орынбор, Ертіс желілері арқылы қазақ даласына ірі-ірі сенімді жасақтарын орнықтырған болатын. Олар қуғын-сүргіннің жаулаушыға тән үлгісін жүргізді: қазақтарды Жайық, Тобыл, Ертіс өзендері бойындағы үйреншікті ата-қонысынан қуып, мал бағу шаруашылығының қалыпты жағдайын зорлықпен өзгертті. Сөйтіп ғасырлар бойы қалыптасқан ата-кәсіп негіздерінен айырды, қазақтың экономикалық дәулетін қатты ойсыратты. 
Отарлаудың үшінші кезеңі халыққа өте ауыр соқты. Бұл шақта ішкі Ресейдегі жер дағдарысын шешу үшін, патшалық үкіметінің төрағасы Петр Столыпин айтқан «қазақтың жерін игеріп-көркейту» желеуімен, қоныс аударушылар тасқынын империя әкімшілігі Қазақстанға бұрған еді. Осы орыс көші мүддесіне қазақтан 1916 жылға дейін көлемі 40 миллион 647 мың 765 десятина жер тартып алынған (1 десятина 1,09 гектарға тең). Бұл мөлшер барлық шұрайлы, өмір сүруге қолайлы жер-су аумағынан асып кетті. Ал шұрайлы жерлердің мөлшері күллі қазақтық аумақтың бестен біріне де жетпейтін. Жер комиссариатының 1925 жылғы мәліметі бойынша – барлық жер аумағы 202 млн 962.345 десятина, оның ішінде жарамды жер көлемі 38 млн 170.000 десятина еді. 1925 жылғы Ақмешіт құрылтайында: «Переселен толқынының қысымымен қазақ бұқарасы... шөбі жұтаң, суы аз, құмдауыт жерлерге ығысуға мәжбүр болды. Осы апатты саясат Өлке экономикасын тез құлдыратты. Егер өткен ғасырдың 70 жж. бір қазақ шаруашылығына 59 бас малдан келсе, 1914–1915 жж. переселен қозғалысының артуымен бұл цифр 25–26 басқа дейін төмендеді», – деп атап көрсетілді. 
Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ зиялылары патша үкіметінің отарлық жүйесі төндірген қауіпті терең сезініп, одан қорғану жолдарын ойластырған болатын. Бірақ олардың іс-әрекеттерін құпия полиция тез әшкереледі. Қилы жазалау шараларын қолданды. Сонда зиялылар Бірінші орыс революциясының дүмпуімен өмірге келген жоғарғы заң шығарушы органға үміт артты. Мәселен, 1906 жылы 1-ші Мемлекеттік дума мінбесінен орынборлық депутат Тимофей Седельников жерінен айрылып жатқан қазақтың кедейшілікке ұрынғанын айтты. Торғайлық депутат Ахмет Бірімжанов Думаға әлі келіп жетпеген қазақ депутаттары үшін аграрлық комиссиядан қосымша орын көзделуі қажеттігін көтерді. 1907 жылы 2-ші Мемлекеттік думада семейлік депутат Темірғали Нұрекенов жұтқа ұшырап, қайыр сұрап кеткен босқын қазақтарға үкімет тарапынан жәрдем берілу керектігін ортаға салды. Ал оралдық депутат Бақытжан Қаратаев үкіметтің шаруаларды ішкі Ресейден «жаңа жерлерге» қоныс аударту арқылы қазақты тарихи жер-суынан айырған переселендік саясатын сынаған атақты сөзін сөйледі. 
Бірақ олардың бірде-бірі билікке ұнаған жоқ. Император бұларға екі Думаны да тарқатып жіберуімен, әрі «бұратаналарды» бұдан былай сайлау құқынан айырған 1907 жылғы 3 маусымдағы заңын шығару арқылы жауап берді.
Патша үкіметінің аграрлық саясатын 2-ші Мемдума мүшесі Б. Қаратаев оның комиссияларында атқарған жұмысы ретімен де, өзінің қазақ мүддесін қорғау жолдарын іздестіру орайымен де жіті зерттеді. Үкіметтің қазақтардың көшпенділік өмір салтын ХХ ғасырда мүлдем жоймақ жоспары барын ол ірі лауазымды патша чиновнигі аузынан естіді. (Дегенмен көшпенді өмір салтының омыртқасын біржолата үзуді царизм емес, 30-шы жылдары большевизм жүзеге асырды). Биліктің қазақ мүддесіне қайшы іс-әрекетін переселен басқармасының күнделікті іс-дағдысынан көріп отырды. Шұрайлы жер-судың жырымдалып қоныс аударушыларға өтіп жатқанын нақты мысалдармен дәлелдеп, оның басты себептерін талдады. Ақыры, қазақ үшін бұдан былай тұрмыс салтын қайта құру ғана өміршең болмағын парықтап, үкімет саясатына бейімделуді қолайлы көрді. Әркімге жер үлесін алып отырықшылыққа көшу қажеттігін уағыздады. Бір қауым жұртты отырықшы етіп өзі үлгі көрсетті. 
Бірақ мұны қазақ зиялыларының Әлихан Бөкейхан бастаған екінші белді тобы қабыл алмады, тиісінше лайықты қолдау таппаған бұл бастаманың ғұмыры ұзақ болмады. Аграрлық мәселелердің ірі білімпазы Ә.Бөкейхан патша үкіметі ұсынған жер үлесі мөлшеріне мүлдем қарсы шыққан-тын. Ол қазақтың көшпенділік өмір салтын өзгертпеуді, көшпенді мал шаруашылығын сол қалпында сақтауды қолдайтын еді. Мұның терең себептері бар болатын. Көшпенділерді отырықшылыққа көшуге мәжбүр ету арқылы патшалық екінші жымысқы әрекетін – орыс-тузем мектептерін ашумен астастыра қолға алған орыстандыру мен шоқындыру шараларын да екпіндете жүргізуді көздеген. Сол мақсатпен оларды басым көпшілігі орыстар тұратын шіркеуі бар елді мекендерге аралас қоныстандыру жайында нұсқау берген. Мұндай «болашақ» шошындырмай қоймайтын, қазақ зиялыларының үйреншікті өмір салтынан бастартпау себептерінің бірі осында еді. 
Ал отырықшылыққа сол жылдарғы мәжбүрлік ықтимал еткен эволюциялық жолмен бейімделмеген қазақ тіршілігі кеңес билігі тұсында, 30-шы жылдарғы большевиктік күрт бетбұрыс науқандарында айтып жеткізгісіз қайғылы күйге түскені баршаға мәлім... 

***

Қазақ халқын ХХ-шы ғасырда ұлттық апатқа ұшыратқан кезеңдерге шағын шолу жасайық. 
Ұлттық апаттың түп-тамыры қазақтың елдігінен айрылып, Ресей империясының отарына айналған заманда – ХVIII-XIX ғасырларда жатыр. Монархияның орнына XX-шы ғасырда билікке күйреткіш сипатымен ерекшеленетін жаңа саяси жүйе келгенде және большевизмнің таптық идеологиясы, әсіре тапшылдардың қилы асыра сілтеулері дәуірлеген шақтарда сол түп-тамыр үрейлі қара жемісін берді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, режим түбегейлі ауысқанмен, отарлау саясаты және отар елге көзқарас түрін өзгерткенмен, мазмұнының сабақтастығы сақталған болып шықты. 
Қазақтың дәстүрлі шаруашылығы отарлық езгіге түскелі күйзелу үстінде еді. Оны 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары – отарлық соғыстар, көтерілісшілер мен олардың ауылдарын басып-жаныштаған жазалаушы әскерлер ойраны – одан сайын күйретті. Император биліктен тайдырылған жылы қазақ облыстарының бірқатарында егін шықпай қалды. Түркістан өлкесінде 1917 жылдың жазынан-ақ азық-түлік тапшылығы сезілді. Өлкені іс-жүзінде басқарумен шұғылданған жұмысшы-шаруа-солдат комитеттері Ресейден келген астықты, малын қызыл гвардияның мұқтажын өтеуге іс жүзінде тартып алып отырса да, «экономикасы әлжуаз, опат болу маңдайына жазылған», «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» көшпенділерге бермеу жағында болды. Содан өлкені аштық жайлады. Аштықтың басты себебі – Түркістандағы кеңес өкіметінің тізгіні отаршылдар қолында болғанында, олардың өлкеге революцияны найза ұшымен әкеліп, құлаған режимнің қанау саясатын қолдарындағы қару-жарақ күшімен жалғастырғанында жатқан. Жаңа тұрпатты отаршылдар басқарған өкіметтің жергіліктілер үшін ашаршылық пен аштан қырылу «бостандығына» кең жол ашып бергенін 20-шы жылдар баспасөзі беттерінде большевик-зерттеушілер де, басқалар да жазып жатты. 
Қазақстанның Түркістан өлкесіне кіріп тұрған қазіргі оңтүстік өңірін 1917–1919 жылдары жайлаған жасанды аштық салдарынан көшпенді халық жалпы санының төрттен біріне жуығын жоғалтты. Бұл большевизмнің Мұстафа Шоқай әшкерелеген «аштық саясаты» душар еткен қасіретті дәуірдің қазақ халқын алғаш шарпуы – Ұлттық Апаттың бірінші кезеңі еді. Екінші кезеңде де 2 миллионнан астам жан ашығып, оның жартысы опат болды. Бұл жайт Қазақ өлкесінде 1921–1923 жылдары орын алды. Оның да басты себебі – жергілікті отар халықтың кенеуі кете бастаған дәстүрлі шаруашылығын азамат соғысы, «әскери коммунизм» саясатының атқарушылары одан әрмен күйзелткенінде, елдің құнарсыз ен далада тұрмысын тез түзеуге мүмкіндігі болмағандығында жатқан. 
«Қазақ жарлы-жақыбайының трагизмін және кеңес үкіметінің күллі арсыздығын түсіну үшін – патша режимі кезінде қазақ халқынан 40 млн. десятина шамасындағы ең жақсы шұрайлы жер орыс переселендері пайдасына тартып алынғанын, кеңес үкіметінің ұлт-азаттық революция атынан, «әлемдік революцияшыл пролетариат» атынан: құлаған режимнің жер жөніндегі әділетсіздігі түзетілетін болады, қазақтарға тартып алынған жер қайтарылады, қазақ жерлеріне переселендер жіберілмейді деп уәде бергенін білу керек...» деп жазды М. Шоқай. Бірақ қазақ арасында жоқ пролетариаттың диктатурасын Қазақстанда орнату ұранымен әрекет еткен, сөйтіп іс жүзінде большевиктік жаңа империяның қызыл отарын құрумен шұғылданған партиялық билік (большевизм) нақты іс-әрекеттері үстінде ондай уәденің баршасын тәрк еткен болатын. 
Азамат соғысының ауыртпалықтарынан оңалып үлгермеген қазақ облыстарынан орталықтан келген арнайы әскери жасақтардың азық-түлік жинап әкетуі де жағдайды шиеленістіре түскен-тін. Автономиялық республика аумағындағы ашаршылыққа ұшыраған губернияларға Ресей Федеративті Республикасының кіндік үкіметі тарапынан көмек берілмеді. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев 1925 жылы Ақмешітте өткен Кеңестер съезінде айтқанындай, орталықтан азық-түлікпен жәрдем көрсетілуіне қол жеткізу – қиынның қиыны-тын... Қазақ халқы бұл кезеңде сол шақтағы жалпы санының тағы да бір ширегін жоғалтты. 
Ұлттық Апаттың үшінші, ең сұрапыл, халықты жосықсыз қызыл қырғынға ұшыратқан аса ауыр кезеңі жер-суы мен халқы бір шаңыраққа біріккен Үлкен Қазақстанда орын алды. Үлкен Қазақстан бұл кезде де Ресей Федерациясы құрамындағы автономия еді. Бастапқы кезде ешқандай қатер байқалмаған. Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуден кейін оңтүстіктегі облыстарды қосу арқылы іргесі кеңейтілген Қазақстан партия ұйымы ел-жұрт мүддесіне жауап беруге тиіс жұмысты жаңаша жігермен қолға алған-ды. Ресей Коммунистік партиясы Қазақ облыстық комитетінің 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағу мен жер өңдеу кәсібін қазіргі қазақ жағдайында біріктіріп қарауға болмайтыны атап өтілген-ді. Өйткені «ҚКСР-дің бүгінгі шаруашылық ахуалында: егін егуге қолайсыз жалпақ сардаланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі – мал бағудың көшпенді түрі болып табылады». Сондықтан да бұл саладағы аса маңызды шара – мелиорация, жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беру ісін жолға қою болмақ. Сол себепті Қазобком пленумы ауылшаруашылық несиелерін ауылға тікелей бағыттау, ауыл шаруашылығындағы кооперацияны күшейту қажеттігін тұжырымдаған тиісті шешім шығарды. Бірақ Ақмешіт-Қызылордада өткен Үлкен Қазақстан Кеңестері съезінің қарарларын өмірге енгізуге Мәскеудегі орталық өкімет кедергі келтіре берді. 
Ақыры, БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанды басқаруға 1925 жылғы қыркүйекте өзінің сенімді эмиссары Филипп Исаевич Голощекинді жіберген еді. Ол өзі келгенге дейін қабылданған ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы большевиктік айла-амал қолдана отырып, жоққа шығарып жүрді. Сөйтіп, ұзамай, тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни, сол кезгі қайраткерлердің өздері атап айтқандай, диктатор болып шыға келді. Орталықта жинақталған ақпаратпен қаруланып, сонда қорытылған ойларға сәйкес тиісті нұсқау алып келген осынау сталиншіл көсем өлкелік 5-6 партконференцияларда саяси өмірден, оқу-ағарту ісінен «алашордашыларды» және солармен идеяластарды аластау мәселелерін тиянақтады. Интеллигенцияның сана-сезімін «қырнау» («нивелировка» жасау) арқылы тегістеп, бірізді арнаға түсіру қажеттігін «дәлелдеді». Коммунистердің дәстүрлі ауыл өміріне көзқарастарындағы «азаматтық бітім» (С. Садуақасов) және «азаматтық соғыс» (О. Жандосов) деп тұжырымдаларлық саяси бағыттарға «төреші» болды. Іс жүзінде екінші бағытты қолдау арқылы ауылдас-туыстар арасына тап сынасын қағудың, сөйтіп ағайынды ағайынға өшіктірудің саяси-идеялық тұғырын сомдады. Октябрь революциясы қазақ ауылын айналып өткен деп тапты. 
Көп ұзамай голощекиншіл өлкепарткомның «дана» басшылығымен құлақ күйі келтірілген қазақ өкіметі қазақ ауылдарында «Кіші Қазан революциясы» өртін тұтатудың нақты шараларын жүргізуді қолға алды. 1927 жылғы желтоқсанда БК(б)П XV съезі болды. Оның шешімі бойынша 1932 жылдың көктеміне дейін елдің ауыл шаруашылығы жеке қожалықтардан ұжымдық шаруашылықтарға айналып үлгеруге тиіс еді. Ұжымдастыру хақында партия алға қойған осы биік міндетке Қазақстан өзіндік жолмен бет алды. 1928 жылғы 27 тамызда Қазаткомның арнайы декреті шықты, соған сәйкес дәулетті қожалықтарды тәркілеу туралы Қазатком мен Халкомкеңес қаулы шығарды. Тез арада байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу науқаны басталып кетті. Оның революциялық сипаты тәркілеуге қарсылық әрекет көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және аса ірі әрі жартылай феодал байларды жер аудару туралы 1928 жылғы 13 қыркүйекте шығарылған қаулымен күшейе түсті. 
Орталық кеңселердегі мағлұматтармен тағаланып келген Голощекин қазақ кадрларына байланысты көзқарасының жүзеге асырылуын идеологиялық тұрғыда шебер қамсыздандырып үлгерген еді. Сондықтан, тәркілеу соңынан, ірі көлемдегі саяси репрессиялардың «Алаш ісі» атанған алғашқы толқынына жол ашты. «Кеңес өкіметінің қас-дұшпандарын» түрмеге тыға отырып, қазақстандық билік 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және кулактар мен байларға қарсы ымырасыз күресуді көздейтін қаулы қабылдады. Өкіметтің тәркілеу мен ұжымдастырудағы солақайлықтары 372 жерде халық көтерілістерін туғызғаны, оларды әскери күшпен басып-жаншуы, яғни тәркілеу-ұжымдастыру науқандарының жаңа сипатты отарлық соғыстармен және қарсылық білдіруге қатысушыларды репрессиялайтын соттармен астасқаны мәлім. Соның бәрі ел-жұртты жаңа алапат апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931–1933 жылдары халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы жеткендер басқа өлкелерге босып, шет елдерге өтіп кетті. Мал басы он шақты есе азайды. 
Қазақ өлкепарткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге көлемді хат берді. Онда өлкеде орын алып тұрған ахуалды адал баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар хақындағы ұсыныстарын тұжырымдады. Сонымен бірге, орнаған ахуал үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» орталықтың эмиссары Филипп Голощекин отырғанда – республикадағы ауыр «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» деп санайтынын мәлімдеді. О. Исаев Голощекинді орнынан босатпайынша іс оңалмайтынын айтып, оны Қазақ өлкекомының жетекшілігінен кері шақырып алуды тікелей Бас хатшы Сталиннен жалғыз өзі ашық талап етті. Сонымен бірге қазақ ауылы мен мал шаруашылығына байланысты шұғыл атқарылуға тиіс мәселелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Бұл өтініші қанағаттандырылды. 
Тек Ф. Голощекин бұрынғы лауазымында қала берді. Тиісінше, ол және оны қолпаштаушылар партия белсенділерінің жиналыстарында аталмыш қаулыны өлкеком бағытын мақұлдағандық сипатта түсіндіруге кірісті. «Орталық Комитет өлкеком бағытын қазақ ауытқушыларының, қыңқылшыл-уайымшылдарының, топшылдарының байбаламдарына қасақана... дұрыс деп тапты», өйткені өлкелік партия ұйымы «Қазақстанның социалистік құрылысының барлық салаларында өте ірі жетістіктерге» қол жеткізді деп дүрілдетті. Алайда халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Алматы көшесіне толған аштарды елең қалмаған «адал лениншіл-сталиншіл» Ф. Голощекинді 1933 жылғы қаңтарда қала коммунистері мақтаныш-мадақтауға толы салтанатты жағдайда Алматыдан Мәскеуге бүкілодақтық деңгейдегі жаңа лауазымымен Жоғарғы Төрелік Сотты басқаруға шығарып салды. 
Турасын айтқанда, алапат аштық пен жаппай саяси репрессияға осы орталық эмиссары ұйтқы болған-тын. Ол келісімен таптық идеология ерекше қарқынмен өршiтiлген-дi. Әйгiлi «Кiшi Қазан революциясының» мұратына сәйкес, ағайындардың ара-жiгiн бай және кедей деп жауықтыра бөлу мақсатымен, ауыл-ауылда қоғамды екi жарып, жұлдызы жараспас қарсы таптарға аша түсетiн сына қағылды. Халықтың тұтастығын көздейтін, «елді жаңа сілкіністер емес, білім, оқу-ағарту құтқарады» деп білген  ұлт қайраткерлерінің кедей мен байды жауықтырмау, «азаматтық бітім» орнату идеясына кереғар, Голощекин жұртты «қанаушы» мен «қаналушыға» жіктеп, араларында «азамат соғысы» өртін тұтату жағында тұрды. Сөйтіп дәстүрлі қазақ ауылдарындағы ағайындарды таптық мүддеге сай жіктеді. Өзін қолдаушылар қатарын көбейту үшін ол «алашордашы» деп аталатындарды партия-совет қызметінен де, оқу-ағарту саласынан да аластады. Пікірлері өзінікімен үйлеспейтін ұлттық кадрларға «рысқұловшылдық», «қожановшылдық», «сейфуллиншілдік», «сәдуақасовшылдық», «меңдешевшілдік» т.с.с. айдарлар тағып, «партия бағытын бұрмалайтын» топшылдар, ұлтшылдар деп айыптады. Олар «өздері озу үшін, өз адамдары үшін күрескенде ажырасады да, ұлтшылдар ретінде, байлардың идеологиясын, алашордашылардың идеологиясын жүргізушілер ретінде толығымен бірігіп кетеді», – деп сәуегейленді. Арнайы қызметтің қолымен «ұлтшыл» атаулының көзін біржолата құртуды ұйымдастырды. Ол өзiнiң озық реформа санатында дәрiптеген әлеуметтiк-экономикалық есеңгiрету шараларының қайғылы салдарын «халық жауларына» жапты. Қазақ Республикасының 10 жылдығына орай жасаған баяндамасында «кәмпеске де – жұт» деп білген «Байтұрсыновтың жойылған контрреволюциялық ұйымының ұлтшылдары» туралы әңгімелеп, «қазіргі сәтте Тынышпаев, Ермеков пен Досмұхамедовтің тағы бір контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымы жойылуда» деп хабарлаған-тын. 

***

Тәуелсіздік тарихшылары 1930 және 1932 жылдары репрессияланған осы екі ұйым жайын жан-жақты қарастырып, ұлт қайраткерлеріне жасанды айып тағылғанына көз жеткізді. 
Мәскеуде ОГПУ алқасы Қазақстаннан әкелінген 43 тұтқынды (44-інші тұтқын түрмеде сот шешіміне дейін қаза тапқан) мынандай төрт түрлі «контрреволюциялық ісі» үшін жазалаған-ды, олар: 
1) 1921–1922 жж. астыртын ұйым құрған-мыс; 
2) шекара сыртында жүрген Зәки Валидовпен байланыс орнатқан-мыс, 
3) жастардың басын айналдыру, «Алқа» үйірмесін құру, байлармен байланыста болу арқылы антисоветтік күштер даярлаған-мыс; 
4) совет өкіметін құлату мақсатымен қарулы көтеріліс жасауға әзірленген-міс. 
Торғай даласында Міржақып Дулатовтың ағасы Асқар басқаратын «байлар бандасы», сондай-ақ Сарысу ауданында «Әділовтің бандасы» болған-мыс. «Алашордашылардың» басқарушы тобы үлкен міндеттер артқан бұл «банданың» басында Байсейіт пен Дінше Әділовтер (екеуі де алғашқы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелері) тұрған, олар «тәркілеуге (конфискацияға) қарулы қарсылық көрсету үшін Сарысу ауданындағы барлық бандиттік элементтерді өздерінің маңына топтастырған»-мыс. 
Алайда 1928 жылғы тәркілеу науқанында олар нақты қандай қарсылық әрекеттер жасады – бұл айыптау мәтінінде мүлдем айтылмайды. Тергеу материалдарында ағайынды жеті Әділовтің есімі аталады, бірақ жазаланғандар ішінде үлкені жоқ. Ол, азаттық қозғалысына қатысушы, Ақмола облысында совет өкіметін орнатушылардың бірі болған Байсейіт Әділов, 1928 жылы тұтқындау операциясы кезінде оққа ұшып, Шу бойындағы аудан орталығы Кент-Арал ауылы маңына ОГПУ өкілінің бақылауымен жерленген-тін. (Оны жерлестері қатты қадірлеген екен. 30-шы жылғы Сарысу-Созақ көтерілісінен кейін жұрт Кент-Аралды тастап кетсе де, ұмытпай, 90 жыл өте, сүйегін Саудакент ауылына апарып қайта жерледі). 
Ал Байсейіттің інісі Дiнше Әдiлов 1930 жылы Мәскеуде ОГПУ алқасының үкімімен ату жазасына кесілген.  Ол 1917 жылы Омбыда Әлихан Бөкейханов қатысқан жиналыста Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетi мүшелiгiне сайланған ұлт қайраткерi, 1918 жылы Қиыр Шығыста Қызыл гвардия қатарында ақтармен шайқасқан, 1920 жылы Алматыда Жетiсу облыстық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болған, сол жылы күздегi Қазақстан Кеңестерiнiң I съезiнде ағасы Байсейіт Әділовпен бірге Орталық Атқару Комитетiнiң – Қазаткомның (КазЦИК-тің) мүшесi болып сайланған, республика Iшкi iстер халық комиссарының орынбасары, бiрер уақыт мiндетiн атқарушы болып iстеген мемлекет қайраткерi, 1921 жылы Кеңеске қарсы Орта Азияда жүргiзiлген астыртын қызметке қатысып қайтқан тәуелсiздiк күрескерi, 1925–26 жылдары Ұлт театрының тұңғыш директоры (бас режиссерi, көркемдiк жетекшiсi) ретiнде бүгiнгi М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының шаңырағын алғаш көтерген мәдениет қайраткерi едi. Осы азаматпен әлдебiр байланыста болды-ау, аудандағы сегiз iрi байды тәркiлеуге әлдеқандай наразылық белгiлерiн бiлдiрдi-ау дегендердiң бәрi 1929 жылдың ортасына дейiн қамауға алынды. 
 Кеңес Одағы Бiрiккен Саяси Бас басқармасының (ОГПУ) Шығыс бөлiмiнiң 2-бөлiмшесi бастығының көмекшiсi Павлов Мәскеуде 1930 жылғы 12 наурызда Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Дiнмұхамед Әдiловпен бiрге барлығы 44 адамға айып таққан 78754-iс («Алаш iсi») бойынша айыптау қорытындысын жасады. Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяков бекiткен осынау айыптау қорытындысындағы «Әдiловтiң бандасы» деген арнайы тарауда алашордашылардың басшылары «шалғайдағы Сарысу ауданында тұрған Әдiловтiң бандасына» да «үлкен үмiт артқаны» атап көрсетiлген. Сарысудың 18 тумасы, олардың алтауы ағайынды Әдiловтер, Мәскеудегi Бутырь түрмесiнде Ахаң, Жахаң бастаған 44 алашордашы қатарындағы «бандиттер» ретiнде iстi болып жатқанда, күллi Қазақстан аймақтарында орашолақ реформаға қарсы қарулы бас көтерулер орын алды. Iргелес Созақ пен Сарысу аудандарының азаматтары да көтерiлдi. Көтерiлiстердiң баршасы аяусыз басып-жаншылды. Жазалау операцияларында жүздеген жан оққа ұшты. Қатысқандардың тірі қалғандары сотқа тартылды. Көбi түрлi мерзiмге кесiлдi, айдалып кеттi, едәуiр бөлiгi атылды. Тек Сарысу көтерiлiсiне қатысты деген айыппен 1930 жылы 25 адамға ату жазасы берiлген.
 Қазақстандағы саяси репрессиялардың тілге тиек етілген алғашқы толқыны 1928 жылғы күзге салым, Қазаткомның әйгілі декретіне сәйкес «жартылай феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеу» науқаны қызған тұста басталған-тұғын. Эмиссар Ф. Голощекин тәркілеу үдерісіне «кедергі келтіруге ниеттенген» ұлтшылдар ұясын талқандау операциясын жүргізуді құпия қызмет мекемесіне тапсырған. Көкірегінде сәулесі бар-ау дегендердің баршасын бақылауында ұстап, қилы мәліметтер жиып отырған «чекистер» аялдамай іске кіріскен-тін. 
 Алғашқы тұтқындаулар байларды тәркілеу науқанының соңына қарай жүргізілді. 1928 жылдың қара күзінде, әуелі мемлекеттік жоспарлау комитетінің қызметкері Халел Ғаббасов, сосын Ұлт театрының директорлығынан кейін жұмыссыз жүрген Дінмұхамед Әділов және оның бауырлары мен ауылдастары тұтқындалды. Одан «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Міржақып Дулатов, Ахметсафа Юсупов, сосын Қазақ университетінің профессоры Ахмет Байтұрсынов, Шымкент педагогика техникумының оқытушысы Жүсіпбек Аймауытов, ақын Мағжан Жұмабаев, әдебиетші Әбдірахман Байділдин, басқа да азаматтар қамауға алынды. 
 Әуелі Қызылордада, одан Алматыда біраз тергелгеннен кейін, 1929 жылдың ортасынан өте жасанды айыптар тағылған 44 азаматтың ісі Мәскеуге жөнелтілді. Тұтқындардың өздері де сол жылдың күзінде бірнеше топ боп Мәскеу түрмелеріне жеткізілді. Сонда қосымша тергеулер жүргізіліп, 1930 жылғы 4 сәуірде ОГПУ алқасының үкімі шығарылды. Ахмет Байтұрсынов бастаған он бір азамат ату жазасына, қалғандары түрлі мерзімге лагерьлерге жіберуге ұйғарылды. Солардың ішінен төртеуі (мәдениет қайраткері Д.Әділов, жазушы Ж.Аймауытов, әдебиетші Ә. Байділдин, журналист А.Юсупов) екі аптадан сәл өте, 21 сәуірде атылды. 
Алайда ұзамай, 1931 жылғы 8 қаңтарда, ОГПУ алқасы 1930 жылғы  4 сәуірдегі үкімін қайта қарап, жазаның жоғарғы шарасы берілгендердің (үкімнің қайта қаралу нәтижесін тоспай, қандай себеппен екені белгісіз, шұғыл атылған төртеуден басқа) бірқатарын атылудан құтқарып, он жыл лагерьге айдаумен алмастырды. 
Бәлкім кіндік жазалаушы мекеменің осы шешімі, әлде басқа да ауызша пікірі әсерін тигізген шығар, қазақстандық чекистер 1931 жылғы 29 қазанда құпия қызмет абақтысында өткен жылдан бері жатқан 18 тұтқынды тергеу «№ 2370 іс бойынша сотқа беруге жеткілікті дерек болмағандықтан» тоқтатылатыны жайында қаулы алды. Сөйтіп Қоңырқожа Қожықов, Садық Өтегенов, Әзімхан Кенесарин, Серікбай Ақаев, Алдабек Мангелдин, Иса Қашқынбаев, Дәлел Сәрсенов және солардың қатарындағы тағы он бір «ұлтшыл» айыпталушыны тергеу «іс бойынша жиналған дәлелдің жетімсіздігіне байланысты» доғарылып, бәрі түрмеден шығарылды да, қолдарына қамауда ұстаған мерзімдерін көрсеткен анықтама берілді. Сосын «іс бойынша жеткілікті дәлел жиналған» Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев бастаған 20 адамға қозғалған № 2370 істің «үш негізгі тергеу томы, 9 том қосалқы істер және 40 дана фотосурет» 1931 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеудің қарауына, яғни ОГПУ Алқасының 1930 жылғы алғашқы толқынды репрессиялағандай шара қолдануы үшін жіберілді. (Мұның алдында, 1931 жылғы 11 желтоқсанда, «ОГПУ Алқасы жанындағы Ерекше Кеңеске» М. Тынышпаев пен басқаларды айыптайтын № 2370 іс бойынша 3 том және солармен байланыстырылған істер, барлығы 12 том жолданған болатын). 
«Бұрын «Алаш-Орда» құрамында және контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымда болған... қазақ ұлтшылдары тобына ашылған № 2370 іс бойынша» 44 беттік Айыптау қорытындысы жасалған-ды. Оның «Тарихи анықтама» деп аталған алғашқы тарауы «Февраль революциясынан кейін ұлтшыл «Алаш» партиясы құрамына кірген, «Алаш-Орда» үкіметінің құрамында болған, сөйтіп орыстың ақгвардияшыл казактарымен және генерал Колчактың контрреволюциялық армияларымен бірге Совет өкіметіне қарсы ашық күрескен, содан соң контрреолюциялық армиялар мен үкіметтер тас-талқан болғаннан кейін амнистия жасалған қазақтың буржуазиялық-ұлтшылдық интеллигенциясының өкілдері контрреволюциялық кіндігін сақтап қалды да, өздерінің антисоветтік қызметін жалғастыра берді» деген тұжырымды сөйлеммен басталған. 
Одан әрі «бұрынғы алашордашы Ермеков Әлімхан 1921 жылдың басында Мәскеуде болып, (қазұлтшылдардың астыртын контреволюциялық ұйымы туралы іс бойынша 1930 ж. ОГПУ Алқасы соттаған) көрнекті ұлтшыл Байтұрсыновпен бірге башқұрт ұлтшылы Валидовпен астыртын контрреволюциялық ұйым құру туралы келіскен» дейді. Ұйымның орталығы ретінде Орынбор қаласы таңдалғанын, көп ұзамай Досмұхамедов Халел мен ОГПУ Алқасы соттаған Дулатов Міржақып осы ұйымның Ташкенттік филиалын құрғанын айтады. Ішінде Мұхамеджан Тынышпаев, Жанша Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов те бар ұйым мүшелерінің 1922 жылы ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек беруді ұйымдастырғанын, сол іс барысында ұйымға жаңа мүшелер тартқанын, 1923 жылы болған 12-ші партсъезге ұлт мәселесі жөнінде талаптар әзірлегенін, Қазақстандағы 2-ші Советтер съезінде тек қазақ делегаттармен жеке мәжіліс өткізіп, «отаршылдықтың өршуі және онымен күрес түрлерін» талқылағанын баян еткен. Басмашылық жойылғаннан кейін ұйым тарқады, бірақ оның мүшелері бір-бірімен байланысын үзбей, «партия мен Совет өкіметінің мақсатын бұрмалау мақсатымен» Совет және партия аппараттарына кіріп алуға ұмтылды деп, жасанды «дәлелдер» келтірген... 
Айыптау қорытындысының «Ұлтшылдық контрреволюциялық қызмет» деп аталған екінші тарауындағы алғашқы тармақта ұйымның жер мәселесінде «Алаш» партиясы бағдарламасының аграрлық бөлігін жүзеге асыруға тырысқаны айтылады. Яғни олар «бірінші кезекте жермен жалпы түземдік халықты, әлеуметтік қабаттарға шектеместен, жерді ру болып пайдалану шартымен қамтамасыз етуді» көздеген. «Бұл жұмысты ұлтшылдар мен к-р ұйым мүшелерінен тысқары аса көрнекті ұлтшыл, жер халкоматының қызметкері Мұрзин Мұқтар жүргізген» деген түйіні бар. 
«1928 жылғы бай мүліктерін кәмпескелеу жөніндегі науқанға қарсы әрекет» деп аталған тармақта астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерінің «еңбек шаруашылығын анықтайтын мал санының шектеулі нормасын көбейтуге, сөйтіп жойылуға тиіс бай шаруашылықтарының санын қысқартуға тырысқанын» көрсеткен. «Шаруашылықтарды ұжымдастыру жөніндегі науқанды бұрмалау» тармағында олардың ұжымшарларды мақұлдамаған көзқарастары айтылған. «Ет әзірлеу» тармағында айыпталушылар ет дайындауға берілген тапсырманы большевиктердің «отаршылдық» саясатының бір түрі деп есептеді дейді. «Мәдениет майданы» атты тармақта ұйым мүшелерінің оқушы жастарды ұлтшылдық рухта тәрбиелегені әшкереленеді. «Бандаларға» арналған тармақта 1930 жылы репрессияланған Әділовтер ісін тағы талдап көрсетіп, жер-жердегі бандалардың бас көтеруіне бұрынғы ұйым мүшелерінің қатысын әшкерелейді де, одан әрі тұтқындарға жеке-жеке айып тағады... 
Бірақ ССРО Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ОГПУ) қазақ мемлекетіндегі Сырдария губкомының төрағасы Ыдырыс Мұстанбаев диктатор деп бағалаған Голощекиннің үш ұйықтаса түсіне кірмеген, тап солай болар-ау деп ешқашан күтпеген мінез көрсетті. Іс екі айдан кейін «осы 20 айыпталушы үстінен қосымша тергеу жүргізілсін немесе бәрі де босатылсын» деген ұсыныспен Қазақстандағы өкілдікке кері қайтарылды. 
 Ол аздай, «ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігін қадағалау жөніндегі ҚССР Прокуроры Столбова жолдасқа ССРО Жоғарғы Сотының Прокурорынан» құпия түрде 1932 жылғы 8 наурызда шұғыл хат келді. Онда «ҚК-тің (Қылмыстық Кодекстің) 58/7, 11, 59/3 бабтары бойынша айыпталған Ермеков Әлімханды, Досмұхамедовтерді, Омаровты, Ақпаевтарды және басқаларды, барлығы 20 адамды, ОГПУ Алқасына мәні бойынша қарау үшін» Қазақстандағы ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігі жолдаған істің осы 1932 жылғы ақпанның аяғында кері қайтарылғаны хабарлана отырып, сол іс бойынша жасалған айыптау қорытындысында Прокурор Столбованың келісім бергені туралы қорытындысы бар екені, сол себепті оның өзіне тікелей хат жазылып отырғаны ескертіліпті. Қазақстандағы ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігі «тергеуді бір жарым жыл бойы жүргізгеніне қарамастан», жұмысын сапасыз қорытқаны ССРО Жоғарғы Соты прокурорының осы хатында атап айтылды. Сөйтіп Орталыққа жіберілген № 2370 істі тексеріп қарау оны мән-мағынасы жөнінен ОГПУ Алқасында тыңдаудың мүмкін еместігін көрсетіпті. 
 Мұндай қорытынды жасауға екі түрлі себеп болған. Біріншіден, айыпталушылардың «Қазақстандағы саяси бандитизмге қатысы, олардың ұйымдастырушылық және жетекшілік рөлі дәлелденбеген». Сонымен бірге «айыпталушылар және орталық ұйым мен нақты бандиттік жасақтар арасындағы байланыс» буындары айқындалмаған. Екіншіден, айыптау қорытындысы негізінен айыпталушылардың «1918–22-ші жылдарғы контрреволюциялық өткеніне» сүйенген. Ал істе жинақталған соңғы жылдар материалдары, прокурордың ойынша, олардың өткендегі контрреволюциялық қызметін жаңғыртуын танытатындай ешқандай нақты көрсету бермейді, олар, мықтағанда, «ұлтшылдық көзқарастар мінездемесі ретінде ғана» қарастырыла алады. Сондықтан мәскеулік прокурор: «Осы іс бойынша тергеудің нашар жүргізілгеніне Сіздің назарыңызды аудара отырып, оны өте қысқа мерзімде аяқтау үшін Өзіңіз тікелей бақылауға алып, қажет шара қолдануды ұсынамын», – деп қатаң түйген. 
 Сонымен қатар мәскеулік прокурор алматылық әріптесіне: «Қылмыстық іске тартылғандардың бірінің, атап айтқанда, шал және мүлдем ауру Ақпаев Жақыптың арызын осымен бір мезгілде жібере отырып, оған және басқа айыпталушыларға да қолданылған алдын кесу шарасын (яғни түрмеге қамап қоюларын – Б.Қ.) қайта қарауды ұсынамын» деп тағы бір ұсыныс айтыпты. Солардың орындалуынан хабардар етуді сұрап, хатына Ж. Ақпаевтың 9 беттік арызын қоса тіркеген. 
 Хатқа 1932 жылғы 21 наурызда алматылық лауазымдылардың бұрыштамалары соғылып, соңына қызыл сиямен «Полит. скандал» деген сөз түсіріліпті. Бұл шынында да «саяси масқаралық, масқарапаздық жанжалға» ұшыраудың тап өзі еді. Голощекин, шамасы, өзінің аса маңызды тапсырмасын құпия қызметтің осынша оралымсыз орындағанына күйіп-піссе керек. Әрине, ол ОГПУ өкілдігінің басшыларымен де, Мәскеудегі бұған қатысы бар орталық мекемелердің қызметкерлерімен де тиісті әңгімелер жүргізді. 
Нәтижесінде Совет Одағының ОГПУ алқасы жанындағы айрықша уәкіл Владимир Фельдман мен ОГПУ-дің Қазақстан бойынша толық өкілетті өкілінің орынбасары, сонымен бір мезгілде өкілдіктің Құпия-оперативтік басқармасының бастығы Сергей Наумович Миронов (шын аты-жөні – Мирон (Меер) Иосифович Король) Алматыдан 1932 жылғы 4 сәуірде Мәскеудегі Біріккен мемлекеттік саяси басқарма төрағасының орынбасары Иван Акуловқа мынандай: «Мәскеу. ОГПУ. Акуловқа. Ұлтшылдар ісі бойында қосымша тергеу жүргізу нақты нәтиже бермейді. Оларды бостандыққа жіберу қазақ ұлтшыл элементін белсенділендіріп жібереді, Өлке басшылығына және ОГПУ органдарына шабуылдардың жаңа толқынын туғызады. Осыған және Өлкенің саяси жағдайына сүйене отырып, қазіргі уақытта айыпталушыларды Қазақстан шегінен тысқары жақтарға жер аудару мақсатымен істі ОГПУ Алқасының Көшпелі Сессиясында қарауға санкция беруіңізді өтінеміз. Шұғыл жауап тосамыз», – деген жеделхат жіберді
 Алайда оң жауапқа шұғыл қол жеткізе алмағандықтан, Голощекин Алматыға келген Орталық бақылау комиссиясы төралқасының мүшесі, партия алдында беделі зор байырғы коммунист Арон Сольцті қатыстырып, чекистермен маңызды мәжіліс өткізді де, өз ойын мақұлдатқан шешім шығартты. Артынша, 1932 жылғы 20 сәуірде, ОГПУ-дің Қазақстандағы толық өкілетті өкілі Василий Каруцкий «Сольц, Фельдман, Голощекин қатысқан кеңестің шешімін жүзеге асыру ретімен» Алматыдан Мәскеуге, ОГПУ төрағасының орынбасары И.Акуловқа арнайы жеделхат жолдады. Бұл телеграммада: «Өлкедегі саяси ахуалды, ұлтшылдар ісі бойынша тұтқындалғандардың бәрін беталды босата салудың зияндылығын ойлай отырып», Толық өкілетті өкіл Каруцкий аталған мәжілісте келісілген шараны айыпталушыларға өз тараптарынан қолдану үшін кіндік басқармадан рұқсат сұраған екен. «ОГПУ Толық өкілетті Өкілдігінің мына шешіміне санкция беруді өтінемін» деп, № 2370 істе қозғалған 20 адамға Қазақстандағы Өкілдік тарапынан қолданылмақ шараларды үш топқа жіктеп жазыпты: Біріншіден, «Орта Азия мен Батыс Сібір республикаларында тұру құқынан айырып, концлагерьге қамау шарасы Қазақстан шегінен тыс жаққа бес жылға (алдын ала тұтқындалған мерзімін есепке алып) жер аударумен алмастырылсын» деп ұйғарылған 15 адамдық үлкен топ (Тынышпаев Мұхамеджан, Мұңайтпасов Әбдірахман, Кемеңгеров Қошмұхамед, Күдерин Жұмахан, Досмұхамедов Халел, Досмұхамедов Жаһанша, Қадырбаев Сейдазым, Үмбетбаев Алдаберген, Ақпаев Жақып, Қожамқұлов Нәшір, Омаров Әшім, Бұралқиев Мұстафа, Тілеулин Жұмағали, Ақпаев Абдулхамит, Мұрзин Мұхтар) тізімін берген. 
Екіншіден, «Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял алдын ала қамалған уақытын есепке алып, біржолата босатылсын» деп көрсетіпті. 
Үшіншіден, «Ермеков Әлімхан, Әуезов Мұхтар концлагерьге шартты қамауды қолданып, немесе идеологиялық тұрғыда қарусызданып декларация жария еткендіктерін, өз кінәсін мойындағандықтарын және адал қызмет етуге міндеттеме алғандықтарын есепке алып», қамаудан босатылсын деген көрінеді. 
Өкілдіктің үкімімен жер аударылатындар жіберілетін аудандарды атап айтуды Мәскеуден өтіне отырып, олардың Шығыс Сібір, Орталық Қаратопырақты облыс, басқа да ішкі аудандар болғанын қалайтындарын да айтыпты. Айыпталғандардың «әрқайсысына жеке-жеке санкция беру мәселесі Голощекин жолдаспен келісілді» деп хабарлай келе, осыларға қатысты кіндік мекеменің шешімі жайында өздеріне шұғыл телеграфпен хабарлауды сұрапты. 
Көп ұзамай Мәскеуден «барлық тұтқындалғандарға қатысты белгіленген шаралармен келісетіндіктерін» айтқан жеделхат келді. «Жер аударылатын орын – ЦЧО (Орталық Қаратопырақты облыс)» деп көрсетілді. 1932 жылғы 10 сәуірде Акулов та: «Қарсылық жоқ» деп хабарлады. Алматыдағы Толық өкілетті өкіл Каруцкий қызметкерлеріне: «аялдамастан Үштіктің қаулысы рәсімделсін», «екі күндік мерзімде жүзеге асырылсын», «ЦЧО-ға ерекше хат, дербес меморандум жазылсын» деген тапсырмалар берді. 1932 жылғы 30 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ ТӨ (ПП) Үштігі отырысының жоғарыда аталған 15 тұтқынды «бес жылға концлагерьге қамау, жазаны сол мерзімге ЦЧО-ға жер аударумен алмастыру», қалған бесеуін түрмеден босату жайындағы қаулысы шықты. 
Ұлт қайраткерлерін бұл жолғы жазалау шарасы Голощекиннің алғашқы көздегеніндей болмағанмен (тіпті 18 «ұлтшыл» түрмеден сотқа жеткізілмей босатылса да), ұлттық мүддені ойлайтын қайраткерлерді белгілі дәрежеде ауыздықтап, жұртшылықты ұдайы үрей шеңберінде ұстап тұруға едәуір қызмет етті... 
Жұрт реформа талаптарына бейiмделiп, тiршiлiк бiртiндеп қалыпқа түсе бастағанда, Үлкен террор дауылы соқты. Бұл науқан бойы республикада 120 мыңдай жан репрессияланып, жиырма бес мыңдай адам оққа байланғаны мәлiм. Солардың қатарында жүз шақты сарысулық қуғын-сүргiнге ұшырады, олардың көпшiлiгi атылды, талайы лагерьлерде құлша еңбек етiп, казармалық социализм көрiгiн қыздырды. «Аспаннан түскен жасын-ды, Жасынға тiктiм басымды. Теңiзден маржан сүзгендей, Терiп бiр алды-ау асылды! Қаптай да көшкен қауымның, Қорымы қалды-ау, о, жалған! Ардағы кетiп ауылдың, Тобыры қалды-ау, о, жалған!» – 31–33-жылдарғы алапат ашаршылық пен 37–38-жылдарғы Үлкен террор – «халық жауларын әшкерелеу» науқаны құрбандарына кезiнде осындай зарлы жоқтау шығарылды...

***

Әлбетте тарих доңғалағы кері айналмақ емес, әйтсе де қалтарыста қалған жорымалы белеске көз жүгірту арқылы қолдан сусып кеткен ықтимал өзгерістерді бағамдап байқау, тиісінше алдағы жолдардың тиімдісін қапысыз таңдай алу әбден мүмкін болмақ. 
ХХ-шы ғасырдың басынан өріс алған жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысы 1917 жылғы желтоқсанда жеңісті шыңына жетіп, ұлттық тұтастықты аңсаған Алаш автономиясын құрды, автономияның үкіметін – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін сайлады. Төңкеріс жасау жолымен Ресей Республикасы билігіне келген большевиктер үкіметімен – Халық Комиссарлары Кеңесімен (Совнаркоммен) – Алаш-Орда тұңғыш рет 1918 жыл­ғы наурызда келіссөз жүргізді. Сол жолы Со­вет өкіметінің жоғарғы бас­шы­лығы монархия ыдырағаннан кейін­гі революциялық ахуалда шаңы­рақ көтерген қазақтың ұлт­тық автономиясын мойындаған бо­латын. «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жан­ша (Жаһаншаһ, Джиганша) Дос­мұхамедов Орал облысы қазақтарының ке­зек­ті съезінің шешімі бойынша құрамында Халық Кеңесінің мүшесі әрі облыстық земст­во басқармасының бастығы Халел Дос­мұхамедов пен бірнеше мү­шесі бар делегацияны бастап барып, Пре­д-совнарком (Халық Комис­сар­лары Кеңесінің төрағасы) Вла­димир Ильич Лениннің алдында баян­да­ма жасады. Орынборда 1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда қазақ автономиясын құрған Екінші Жал­пықазақ съезінің хаттамасын, құжаттарын тап­сырды, солардан заманауи өз­герістерге орай туындаған өзекті та­лаптарды алға тарта сөйледі. 
Келіссөз сәтті өтті. Делегация Кіші Совнаркомда (РСФСР үкі­ме­тінің жанындағы Хал­ком­кеңес­тің қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау үшін құрылған тұ­­рақты комиссияда) шешуге қойып отырған ұсыныстарын бо­ль­шевиктік билік талаптарымен ұш­тастыра пысықтаумен шұғыл­дан­ды. Совнарком қорытылған ұсы­ныстарды мақұлдады, Орал об­лысындағы земство ме­ке­мелері­нің жұмысын жалғастыра беруіне келісті, сондағы қазақ ұйымдарын со­вет рельсіне аударуға қажетті қар­жылық сома бөлді, Қазақ істері жөнінде арнайы комиссариат ашуға, сөйтіп көпке ұзатпай советтік қазақ автономиясын жариялауға уәде берді. Ұлттар істе­рі жөніндегі халық комиссары Сталин төте желімен Се­мей­дегі Орталық Алаш-Орда бас­шы­ларымен сөйлесті. 
 Делегация осылайша Алаш ұлт­тық автономиясын орталық кеңес өкіметіне танытып-мойын­датып, кері қайтты. Жолда Орал өңірінің тұрғындарына үндеу жазып, Саратов совдепінің көмегімен оны Жайық сырты қазақтарына ұшақпен жеткізді. Жан­ша Досмұхамедов Саратов совдепі Атқару комитетінің 1918 жылғы 17 сәуірдегі мәжілісінде жа­рия еткен сол үндеу мәтіні мы­нау: 
«Орал облысының Жайық сыр­тындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауа­зымды тұлғаларға және бар­лық азаматтарға. 
Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесі Ресей Федеративтік Рес­публикасының советтік билігін мойындады да, Халық Комиссар­лары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты. Халық Комиссарлары Кеңе­сінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құ­рылады да, ең қысқа мерзім ішін­де қазақ өлкесінің автоно­мия­сы жайында декрет жарияланады. Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінде өт­кен Халкомкеңес мәжілісінің  № 335 Қаулысына сәйкес, Заура­лье­нің (Жайық сырты) земство ме­ке­мелері өздерінің әдеттегі мін­дет­те­рін бұрынғысынша атқара беру­ге тиіс. Осыларды хабарлай отырып, біз, үндеуге төменде қол қойып отыр­ғандар, Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақ­тың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауа­зым­ды тұлғаларын, барша қазақтарды совет өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қоз­ғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге ша­қырамыз. Естеріңізде болсын, қандас қа­зақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағ­дырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңіз­ге тұңғыш рет еңбекшілердің Со­вет өкіметі ресми түрде құлақ асып отыр, Совет өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін-өзі би­леу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау сая­си тектілік-мәрттігін бағалай бі­ліңіздер! Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Ха­лық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұ­хамедов». 
 Орталық мемлекеттік архивтегі «Қаратаев қорында» (ОМА, 1227-қ., 1-тізім, 2-іс, 1-байлам) сақтаулы тұрған Алаш-Орда қызметін сыни тұр­ғыда зерттеген еңбегінде Б.Б. Қаратаев Саратов Аткомы мә­жілісіндегі талқылауды, жарыс­сөзде орын алған күдік пен үмітті саралап баяндай келе, қабылдан­ған қаулының мәтінін келтіреді, ол мынау: «Жалпықазақтық «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі Жаһан­ша Дос-Мұхамедовтің баян­дамасын тыңдап, жарыссөз­дерді қорыта келе, Саратов Атқару комитеті былай деп қаулы алды: 1. Баяндамашы арқылы қазақ хал­қына сәлем жолдап, оның со­вет өкіметін қолдауға деген ұмты­лысына қоштау көрсетілсін. 2. Қазақ халқымен өте тығыз сая­си және экономикалық байла­ныс орнатылсын. 3. Баяндамашы ұсынған қазақ хал­қына үндеу «Известия» бетінде жа­риялансын. 4. Саратов мұсылман тобынан таң­дап сайлап, қазақ ұйымына де­легат жіберу принципті түрде қа­жет деп табылсын»... 

***

Алайда қазақтың ұлттық тұтастығын қаламаған орталық совет өкіметі уағдаласқан келісімдерінен тез айнып кетті... 
Осы тарихи оқиғаны Ақмоладағы совдепте істеп жүрген қазақ азаматтарының қалай қабылдағанын  Сәкен Сейфуллин өзінің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» атты деректі кітабында (Бес томдық шығармалар жинағы, 4-ші том, 150–162-бб.) жазып кеткен еді. Ол мемуарында совет өкіметінің қазақ автономиясын мойындағанына қатты қарсылық білдіргенін суреттеген. 
Ақмолалықтар совет басшыларының қазақ автономиясын мойындағаны жайында баспасөзден оқып білген екен, оны Сәкен аталмыш мемуарында былай баяндады: 
«Семейден келген «Сарыарқа» газеті менен «Абай» журналының беттерінде «большевиктер қазаққа автономия берді»... деп, үлкен әріптерменен жазған «Алашорда» бастықтарының қуаныш хабарлары басылып келді. Бұл уақиғаны пайдалануға «Алашорда» бастықтары тіпті жар болып қуанған: «...Құдай берді, Алаш! Ақ түйенің қарны жарылды, Алаш!.. Шаттан, Алаш! Қуан, Алаш!..» деген. Және бұл қуаныш хабарларының бір жерінде айтқан: «Мәскеуге қазақ автономиясы туралы сөйлесуге Халел Досмұқамбетұлы мен Жанша Досмұқамбетұлы барған еді. «Жақын арада олардан Әлихан большевик бастықтарыменен сөйлесіп жатырмыз»... деген телеграмма алған еді. Автономия туралы сөйлесіп, автономияны алып шыққан сол екі сабаз екен»... деген». 
Осылай әңгімелей келе, Сейфуллин естелігінде одан әрі: «Ә дегенде түсініңкіремеген бізді бұл хабарлар үлкен ойға қалдырды», – дейді. Содан соңғы қазақ автономиясы туралы өздерінің ұғым-түсінігі мен оған көзқарасын былай түсіндіреді: «Қалай ойланбайсың! «Алашорданың» Досмұқамбетұлдары Мәскеуге барып, Совет үкіметінің бастықтарымен сөйлеседі, Досмұқамбетұлдары «Ленинмен, Сталинмен автономия туралы сөйлесіп жатырмыз»... деп Бөкейханұлына телеграмма соғады. Совет үкіметінің бастықтары қазақ автономиясын соларға береді. Бұған «Алашорданың» Семейдегілері ұран салып шаттанады. «Сарыарқа» менен «Абай» журналы арқылы жар салады. Бұған ойланбай қайтерсің! Бұл қалай?..» 
Осындай ойға батқан Сәкендер тездетіп «Жас қазақ» ұйымының жиылысын өткізеді. Өз түсініктеріне сай «автономия туралы баяндама» жасап, «біраз пікір алысқаннан кейін, «Жас қазақ» ұйымы тегіс бір қарарға келді». Қарарында: «...Қазақ халқы оқымаған надан. Кедейлері, еңбекшілері әлі байларының, төрелерінің ықпалында. Кедейден шыққан, кедейді жақтайтын оқығандар аз. Қазақ оқығандарының көбі байларды, төрелерді бастап, «Алашорда» болды», – деп бір түйді. 
Сосын: «Алашшылдарды» бөлмей қазаққа қазір автономия берсе, «Алашордашылдар» иеленіп кетеді», – деп шошынды. Сондықтан да: «Алашорда» алған автономияның қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ...» деп қорытты. 
Мұнымен қоймай, Сәкен жақтастарымен бірге Совдеппен сөйлесіп, Ақмола үйезінің қазақ кедейлері съезін шақырды. «Өкілдер тез жиылды, – деп еске алды Сәкен Сейфуллин. – Асығыс болған соң, алыс елдерден шақыра алмадық. Съезд аштық. Съезд Совдептің астыңғы үйінде болды». 
Съезде Сәкен автономия туралы баяндама жасады. Съезд бірауыздан «Жас қазақ» ұйымының қарарындай қаулы алды. «Алашорданың алған автономиясының қазақ еңбекшілеріне керегі жоқ. Автономияны өзімізден оқығандар көбейгенде аламыз»... деп съезге қаулы шығарттық. Осыны айтып съездің атынан Сталинге телеграмма соқтық». – Міне, қазақ белсенділері ұлттық бірлікті сақтаудың мәнін ұқпай, Алаш-Орда 1918 жылғы көктемде жүзеге асырған елдік іске өздерінің жақтастарымен қисынсыз тапшылдық сезім жетегінде осылай қарсылық көрсетті... 
Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алаш-Орданы мүлдем жойды...
Қазақ қайраткерлерінің саясатта оралымдылық таныта алмай, ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртқан Алашорда бітімін советтік негізде мойындай отырып сақтау мүмкіндігінен айрылып қалғаны, әрине, өкінішті. Одан да өкініштісі, мұндай жоғалтып алған мүмкіндіктер, Б. Қаратаев айтып кеткен әккі құлдың психикасын қалыптастырған царизм заманынан бері жойылып кете қоймағандықтан, әсіресе империялық большевиктер партиясының еркіне әбден көндіккендіктен, беріде де кездесіп жатты. 
Іс жүзінде империялық басқару бұйдасын ұстаған Орталыққа еміне қарау салдарынан 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу кезінде Ортаазиялық Федерация құрып барып Совет Одағының құрылтайшылары қатарына қосылу, содан соң, даму деңгейлері теңескеннен кейін барып дербес республикаларға бөліну идеясы да, Ташкентті қазақ еліне беру талабы да, Орта Азияда жаңадан шаңырақ көтерген республикалардың Қазақстанмен экономикалық одақ құру бастамасы да қолдау таппады. Тіпті, бертінде, біріккен славян республикалары Одақтың тарағанын жария етіп, өзгелерге жаңа қауымдастыққа кіру үшін есікті ашық қалдырғандарын жария еткенде де Орталық Азия республикалары ұтымды қауымдастық ұйыстыруға, сөйтіп славян қауымдастығымен тең дәрежеде ынтымақтастық құруға ұмтылатындай батылдық көрсете алмады. Тарихтан сабақ ала білмегендіктен де, ақыры осылай, тәуелсіздік дәуіріндегі неоимпериялық жаңа көгенге жеке-жеке көгенделді. 
Бұлардың болашақта ұлт мүддесінің кезекті міндеттерін зерделеп қарастыратын жағдайлар туғанда есте шықпағаны жөн болар еді. Бұдан он бес жыл ілгеріде әуелде Түркі кеңесі боп ашылған, бүгінде Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы деп аталатын түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым кеңестік дәуірде жүзеге асырылмай қалған түркі бірлігіне қол жеткізіп, бірлесе даму жолында ұтымды шаралар жобалағанда сол сәтсіз болған тәжірибелерге де сүйенер, кезінде тұншықтырылған озық ойларды кәдеге асырар деп сенеміз. Біз тарихты түгендеудің маңызды бағыты ретінде тілге тиек еткен қуғын-сүргін тақырыбы да осы халықаралық ұйым назарынан тыс қалмауға тиіс.
Советтік кезеңдегі репрессия құрбандарын толық ақтау жұмыстары өткен жылдың аяғында қорытындыланды, бұдан былай бұлар жаңа форматта жалғаса бермек. Осы орайда елімізде орын алған сонау жосықсыз жазалаулардың түп-тамырын зерделеу де Түркі Мемлекеттерінің Ұйымы ауқымында да жан-жақты қарастырыла түсер деген үміт бар. Қанша ащы болса да шындықты ашқан жөн. Ниеті түзу жұрт ащы шындықтан қорықпайды және оны ашқандармен жауықпайды, қайта, соны мойындау арқылы, мәселеге бүгінгі таңға лайық, нағыз достастықты бекемдейтін көзқарас қалыптастырады. 
Осы уақытқа дейін атқарылған істер негізінде бұқара қызметіне қойылар танымдық-тәрбиелік мәні бар шаралар рет-ретімен іске асырыла берсе жөн болар еді. Барлық өлкетану мұражайларында саяси репрессияларға арналған арнайы бөлімдер ашу, тіпті, үлкен зерттеу орталығы мен зерде музейін ұйымдастыру қажеттігі ескерілсе, репрессия құрбандарын толық ақтау мәселесі тарихи еңбектерде, мектеп оқулықтарында ашық та айқын түсіндіріліп көрсетілсе деген ұсыныстар білдіреміз. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-, 4-тт. – Алматы, 2010.
Нусупбеков А. Объединение казахских земель в Казахской Советской Социалистической Республике. – Алма-Ата, 1953.
Очерки истории Коммунистической партии Казахстана. – А.-А., 1963.
Вопросы истории Компартии Казахстана. Выпуск шестой. – А.-А., 1969.
Вопросы истории Компартии Казахстана. Выпуск восьмой. – А.-А., 1971.
История коммунистических организаций Средней Азии. – Ташкент, 1967. 
Бурабаев М.С. Общественная мысль Казахстана в 1917–1925 гг. – А.-А., 1991.
Тайны национальной политики ЦК РКП. Стенографический отчет секретного IV совещания ЦК РКП1923 г. – Москва, 1992.
Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. – А., 1992.
Козыбаев М.К., Алдажуманов К.С. Тоталитарный социализм: реальность и последствия. – А.-А., 1999.
Қойгелдиев М.Қ. Алаш қозғалысы. А.., 1995.
Омарбеков Т.О. 20–30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. – А., 1997.
Пятый Всеказакский (Всекиргизский) Съезд Советов. ((15–19 апреля 1925г.). Стенографический отчет. – Кзыл-Орда (Ак мечеть), 1925.
Отчет Казкрайкома РКП(б) 5-ой Всеказакской конференции РКП(б). Доклад ответственного секретаря Казкрайкома тов. Голощекина на заседании конференции 1-го декабря 1925 г. – К.-О., 1926.
Резолюции 5-ой Всеказакской конференции РКП(б) 1–7 декабря 1925 г. – К.-О., 1925.
Внутрипартийные вопросы на 3-м Пленуме Казкрайкома ВКП(б). – К.-О., 1927.
Сталинизм: репрессированный Казахстан. Материалы международной конференции 24 февраля 2009 г. – А., 2011.
Казахстанское историко-просветительское общество «Адилет»: От тоталитарного прошлого к демократическому будущему. Материалы научно-практической конференции, посвященной 20-летию общества. – А., 2011.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы Полиция департаментіне тапсырылған архивіндегі Біріккен саяси бас басқарманың (ОГПУ-дің) Қазақстандағы толық өкілетті өкілдігі 1928–1932 жж. Алаш қозғалысына қатысушыларға қарсы жүргізген қылмыстық істері. 

 

1538 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз