• Мақала
  • 24 Желтоқсан, 2024

ЖАҺАНДЫҚ КЛИМАТ ЖӘНЕ БІЗ

Әлем елдерін климаттың өзгеруі қатты алаңдатып отыр. Биылғы қараша айында Әзербайжан астанасы Бакуде  өткен БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі 29-конференциясына (COP29) 200 елден 67 мыңға жуық адам, мемлекеттер басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері  қатысуы соның дәлелі. Саммитке қатысушылар екі апта бойы ғаламдық жылынумен күрес және Париж келісімі міндеттерін орындау жайын талқылады. СOP29 саммитінің пленарлық сессиясында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев сөз сөйледі. Еліміз күн тәртібінде тұрған  жаһандық климат мәселесін қолдайды және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етеді. Әлбетте, бұл міндетті іске асыру үшін орасан зор қаржы, заманауи технологиялар және бірлескен іс-қимыл қажет. Қазіргі таңда болашақ ұрпақты сақтаудың бірден-бір жолы – климат дағдарысы проблемасын жеңу болып отыр.
 

Бұған дейін атауын естігенмен, көпшілік аса мән бермейтін «климаттың өзгеруі» деген терминнің нені білдіретінін биыл әлем жұртшылығының көбі өз басынан өткерді. Көктемде Қазақстанда болған су тасқыны, жаздағы аптап ыстық, Америкадағы алапат дауылдар, мұхит суының жылынуы, Арктика мен Антарктидадағы мәңгілік мұздың ери бастауы – планета экожүйесінің  қаншалықты өзгергенін білдіреді. Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан төтенше құбылыстардың басты себебі Жер планетасының жылынуынан дейді ғалымдар. Егер парник газдарының шығарындыларын азайту шараларын жүргізбесе, жаһандық жылынудың салдары адамзаттың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне әсер етіп,  көптеген мемлекеттің дамуын тежеуі ықтимал.    
Бакудегі саммитте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз» деді. 
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі өкіметаралық сарапшылар тобы жүргізген ғылыми зерттеу­лер нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы Жер климатының өзгеруі тым қарқынды жүрді. Планетамыздағы өзгерістерді жер бетінен, мұхиттардан, мұз жабындысынан және атмосферадан байқауға болады. Кейбір үрдістер енді қайтып қалпына келмесе де, 67 елден келген 234 сарапшы әлі де үміт үзбейік дейді. Әлбетте, адамзат кері өзгерістердің ауқымын толық шектеуге шамасы келмейді. Ауаның сапасын жақсарту, жаһандық жылынуды аз да болса тұрақтандыру үшін қазба отыннан бас тартып, ауаға шығатын зиянды заттарды азайту керек. Климат жақсы жағына өзгеруі үшін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу керек және дәл қазір әрекет етпесе болмайды. 
                   

Климаттың өзгеруі және көміртегі бейтараптығы

Оншақты жыл бұрын «көміртегі бейтараптығы» деген ұғым тек климатолог-сарапшыларға таныс болса, қазір бұл жаһандық деңгейде жиі көтерілетін тақырыпқа айналды. Көміртегі бейтараптығы климаттық саясаттың негізіне алынып отыр, планетаның және халықтың болашағына алаңдайтын әлем елдері алдағы уақытта парник газдарының шығарындыларын азайтуды маңызды міндет санайды. Ол үшін кез келген табиғи отыннан – көмір, мұнай мен газдан, тіпті кәдімгі ағаш отыннан да бас тарту қажет. Өйткені олар жанған кезде көмірқышқыл газы (СО2) бөлінеді, ол планетаның ақырындап жылынуының басты себепкері. Парник газының бөлінуіне метан (СН4) да ықпал етеді, ол ауыл шаруашылығы өнімдерінен,  табиғи қалдықтардан бөлінеді. 
Климаттың өзгеруі деп ауа райының және температураның ұзақ мерзімдік өзгерістерін айтады. Мұндай өзгерістердің себептері табиғи болуы да мүмкін, мысалы, күн белсенділігінің тербелісі, маусымдардың ауысуы, жанартаулар атқылауы. Соңғы 150 жылда Жер климаты айтарлықтай өзгерді дейді мамандар, бірақ оның ең басты факторы – адамдардың әрекеті.  Табиғатқа ең көп зиян көмір, мұнай мен газдан келіп жатыр. Оларды пайдаланған кезде парник газдары пайда болады, ол Жердің айналасын тұтып ұстап қалады, ауа температурасын көтереді.  
Өнеркәсіп қажеттіліктері мен ғимараттарды жылыту үшін көмір жаққан кезде және автокөлік жанармайынан көміртегі мен метан қышқылы бөлінеді. Ағаштарды отап, ормандар азайған сайын көмірқышқыл газы көбейеді, тау-тау болып көбейіп келе жатқан қоқыс үйінділерінен шығатын метан ауаға көптеп тарай береді. Сондықтан да, климаттың өзгерісімен күрес үлкен күш-жігер мен көп қаржыны талап етеді, әйтсе де, ең үлкен қауіп – салғырттық, немқұрайдылық. Климаттың өзгеруіне жеке адамдар да «үлес» қосып жатыр. Бүкіл әлемде киім-кешекті, электронды құрылғыларды, пластик заттарды қолдану шектен тыс артқан. Оның бәрі ауаға зиянды заттар таратып, қоқысты одан сайын көбейтеді.   
Жаһандық шығарындылар нөлден жоғарылаған сайын Жер ыси береді. Одан тек көміртегі бейтараптығы құтқарады, адамзатта басқа таңдау жоқ дейді сарапшылар. 
           

  Метеорология тарихындағы ең ыстық жыл 

Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды жұмылдыру мақсатында түрлі жиындар өткізіліп, қаулы-қарарлар қабылданғанмен, олардың барлығы бірдей орындалып жатқан жоқ. Мәселен, Париж келісімінің орындалмаған бір тұсы бар: 2015 жылы Франция астанасында 200 мемлекет басшысы жиналып, планетадағы орташа температураның 2˚С-тан аспауына, мүмкіндігінше 1,5˚С-қа төмендетуге күш салуымыз қажет деп келіскен болатын. Ал Бүкіләлемдік метеорология ұйымы жуырда 2024 жылы қаңтардан қыркүйекке дейін орташа температура ХІХ ғасырдың басындағымен салыстырғанда, 1,54˚+қа  жоғары болғанын мәлімдеді.  
Климат өзгерісіне мониторинг жасайтын Copernicus қызметінің мәліметінше, биылғы, 2024 жылғы шілде 1940 жылдан бергі ең ыстық ай болған. Қаңтардан шілдеге дейінгі ауа температурасы 1991-2020 жылдардағы көрсеткіштен Цельсиймен 0,7 градусқа жоғары болды. Осы аномалияға сәйкес, 2024 жыл ең ыстық жыл деп есептеледі дейді Copernicus қызметі.
«Жаһандық климаттың өзгеруі» деген атына сәйкес, әлемнің әртүрлі аймағында температура мен климаттың өзгеруі әртүрлі. Рас, климат өзгеруде, бірақ біркелкі емес: бір жерде ысыса, бір жерде салқындайды, бір жерде құрғақ, бір жерде жауын-шашын көп. Алдағы уақытта бір айдың ішінде әдеттен тыс жылы, әдеттен тыс суық болып, қатты су тасқыны немесе құрғақшылық қатар келуі әбден мүмкін. Метеорологтар бұл жаһандық климат өзгерістерінің негізгі көрінісі екенін айтады. Мысалы, биыл   Еуропаның оңтүстігінде 40 градустан асқан ыстық болды. «Ауа температурасы түнде де 30°С-тан түсер емес» деп жазды Германияның «Der Spiegel» газеті. Италияның Рим, Флоренция, Верона қалаларында да аптап ыстық болды.  Африкадан келген ыстық ауа Испанияны әбігерге салды,  Севильяда 40°С ыстық тіркелген, Сарагоса ауданында сынап бағанасы 44°С-ке жеткен. Бұл аймақтарда ауа ылғалды болған соң ыстықтың әсері еселене түседі. Ал 29 қазанда Испанияның оңтүстік-шығыс аудандарында тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін алапат тасқын болып, қайғылы оқиғаға әкеп соқты.  Бұл елде 1957 жылдан бері қарайғы ең қатты қырғынға ұшыратқан тасқын деп жазды басылымдар.  
Ғалымдардың айтуынша,  мұндай тосын құбылыстар климат өзгерісінен болып жатыр. «Еуропа тұрғындарының ауа райына бейімделуіне, қала инфрақұрылымын өзгертуге тура келеді» дейді Ұлыбританиядағы Рединг университетінің климатологы Ханна Клок. 
Жаһандық климаттағы Қазақстан жағдайы
БҰҰ-ның Климат жөніндегі саммиті (COP28) 2023 жылы Дубайда өтті. Басты тақырып планетаның жылуын Цельсий бойынша 1,5 градусқа тоқтату төңірегінде өрбіді. Әсіресе,  экономикасы көмір, мұнай мен газға тәуелді мемлекеттерге қазба отыннан бас тарту мәселесі алға тартылды. Саммитке қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5°С-қа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз», – деді.
Жуырда AlmaU университетінде дәріс оқыған көрнекті экономист Альберт Пак алдағы уақытта Азия аймағының экономикалық және әлеуметтік дамуын тежейтін негізгі қатерлерге су тасқыны және дауыл, құрғақшылық жататынын атап айтты.  «Егер бұл елдер парник газдарының шығарындысын азайту шарасын жүргізбесе, климаттың өзгеруінен болған апаттар кедейлікпен күресті әлсіретіп, экономикалық өсімді баяулатады» деді Оксфорд университетінің профессоры Альберт Пак. 
Жалпы, Орталық Азияда ауаға көмірқышқыл газын ең көп шығаратын мемлекет Қазақстан болып есептеледі. Еліміз көмірді көп мөлшерде тұтынады, экономика қаншама әртараптандырылғанмен, негізінен мұнай мен газға тәуелді. 
Қастер Сарқытқан, география ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры:  «Әлемдік деңгейдегі климаттың өзгеруі Орталық Азия, соның ішінде Қазақстанға қатты әсер етеді. Оның басты себебі, біз Еуразияның орталығында, теңіз-мұхиттардан шалғай орналасқан елміз. Климаттың өзгеруі, ауа температурасының жоғарылауы өзен-көл суының азаюына, жер асты суы деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Соның салдарынан топырақ сортаңданып, шөлді-шөлейтті жерлердің көлемі артады. Онсыз да экологиялық жағдайы нашар, жерінің 80 пайызына жуығы қуаңшылық өңірді құрайтын ел үшін оның зардабы ауыр болатыны сөзсіз.  Оның алдын алу үшін, ғылыми-техникалық мүмкіндікті дамытып, суды үнемдеп жұмсайтын құрылғыларды көптеп өндіріске енгізу керек. Ауыл шаруашылығында тамшылатып суару, гидропоникалық әдістерді, сондай-ақ қазір дамыған елдер қолданатын өзге де инновациялық технологияларды енгізу керек», – дейді.   
Баку саммиті: бәрі қаржыға келіп тіреледі 
БҰҰ-ның климаттық саммиті жыл сайын әлемнің әр түкпірінде өтуге тиіс. Жиырма тоғызыншы жиын шығысеуропалық елдердің бірінде өтуі керек еді, сол себепті таңдау Бакуге түсті. Әзербайжан экономикасы да, жаһандық жылынудың басты қозғаушы күші болып отырған қазба байлыққа негізделген. Конференцияның негізгі тақырыбы климаттың өзгеруімен күреске дамыған елдердің бөлетін қаржысын ұлғайту жөнінде болды. COP29-дың күн тәртібіндегі маңызды мәселе: климат бағдарламасын қаржыландыру үшін жыл сайын дамушы елдерге бір триллион доллар бөлу жөнінде келісу. Себебі, климаттың өзгеруіне ең осал елдер – экономикасы шағын мемлекеттер. Қазір қаржыландыру көлемі 100 млрд доллар, ол биыл таусылуға жақын. 
«Климаттың өзгеруімен күресті қаржыландыру – қайырымдылық шарасы емес» деп мәлімдеді өз сөзінде БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының атқарушы хатшысы Саймон Стил. Оның сөзінше, мұндай қадамдар әрбір елдің мүддесіне сай келеді. «Егер әлем елдерінің кемінде үштен екісі көміртегі газы шығарындыларын күрт азайта алмаса, онда бұның зардабын кез келген ел тартады», – деп атап өтті С.Стил. 
2023 жылы Дубайдағы саммитке қатысқан елдер қазба отыннан біртіндеп бас тарту жөнінде келіскен болатын, алайда көмірді пайдалану және сату тоқтаудың орнына өсіп жатыр, тіпті кейбір елдер жаңа кен орындарын іске қоспақшы. Сарапшылар Бакудегі самммитке қатысушылар да қазба отынға қойылатын талаптарды қатаңдатқанмен тоқтата алмайды, дегенмен, әрбір мемлекет жаңа көмір электр станцияларын салуға рұқсатты тоқтата алады деп есептейді. Бұл үшін, мамандардың айтуынша,  жаңғыртылатын энергияның қуатын үш есе арттыру және оның тиімділігін көтеру қажет, сонда қазба отынға сұраныс төмендейді. 
Бакуде өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясының нәтижесінде дамушы елдерге бөлінетін климаттық көмекті ұлғайту жөнінде шешім қабылданды. 2035 жылға қарай индустриялы елдер осы мақсатта бөлетін қаражат көлемі 300 миллиард долларға жетеді. Оның ішіне мемлекеттік және жеке қаржы кіреді. Сөйтіп, дамушы елдер жыл сайын 1,3 триллион доллар алады. Бұл қаражат дамушы елдердің климат өзгерісіне қарсы іс-шаралар жүргізуіне, жаһандық жылыну салдарына бейімделуге, су тасқыны, құрғақшылық, дауыл сияқты апаттардың салдарын жеңуге жұмсалады. Алайда, Үндістан және басқа бірқатар елдердің өкілдері бұл қаржының аз екенін алға тартып, көбейтуді ұсынды. 
Әзірге климат дағдарысымен күресте Ұлыбритания алда. Бұл мемлекет 2035 жылға қарай көміртегі шығарындыларын 81 пайызға азайтуды көздеп отыр. Дамыған елдің экономикасы адамдардың өмірін қорғауға бағытталуы тиіс дейді ұлыбританиялықтар. Олар электр энергиясын алу үшін көмір жағуды тоқтатқан бірінші ел.
       

 Климат өзгеруінің салдары: не істеу керек?

Планета температурасының жоғарылауы ең алдымен жануарлар мен өсімдіктерге зардабын тигізеді дейді ғалымдар. Ғалымдардың пікірінше, алдағы онжылдықтарда миллиондаған жануар мен өсімдік жойылып кетуі ықтимал. Мысалы, құстың 1430 түрінің жойылып кетуіне адам себепкер. Ұлыбританияның Экология және гидрология орталығының (UKCEH) ғалымдары ауаның ластануы, жаһандық жылыну және басқа техногендік себептер салдарынан алдағы 100 жылда тағы да 700 құстың түрін жоғалтуымыз мүмкін дейді. 
Келесі қауіп – ауыл шаруашылығы өнімдері азаяды, мал мен құс, балық ресурстары қысқарады. Ол аштық қаупін туғызуы мүмкін. 
Ең маңызды мәселе, әрине, адам денсаулығы. Дұрыс тамақтанбау, ауаның, су мен топырақтың ластануы түрлі ауруларды көбейтеді. Экологиялық факторлардан жыл сайын мыңдаған адам зардап шегеді. 
Климат өзгерсе, көші-қон үдерісі артады. Адамдар су тасқыны, өрт, дауыл сияқты апаттардан қашып, анағұрлым қауіпсіз аймақтарға көшуге мәжбүр болады. 
Климатолог ғалымдар сонда да үмітсіздікке салынбау керек дейді. Климат өзгеруін сәл де болса азайту адамзаттың өз қолында. Декарбонизация, яғни «жасыл» қуат көздеріне ауысу, энергия тиімділігін көтеру, көміртегі технологияларын енгізу арқылы парник газдарының шығарындысын азайту саясаты әлем бойынша жүргізілуде.   
Табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. БҰҰ-ның Климат жөніндегі Париж келісімі бойынша, дүние жүзінде ауадағы көмірқышқыл газын азайту мақсатында іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ғалымдар жасыл энергияны арттыру, экологиялық материалдар әзірлеу бағытында жаңа технологиялар құрумен айналысуда. 
Париж келісімін Қазақстан 2016 жылы ратификациялады. Декарбонизация саясатына орай, соңғы жылдары Қазақстанда   «жасыл» жобаларды қолдау көлемі артты.  Оның ішінде күн және су электр стансалары салынып жатыр, АЭС құрылысы басталады. Астана және Алматы қалаларында электрмен жүретін автобустар көбейді. Тозығы жеткен көліктерді экологиялық таза көлік түрлеріне ауыстыру жалғасады дейді Үкімет. Дегенмен, жасыл экономика үлкен қаржыны талап етеді, мысалы, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін елімізге $600 миллиардтан астам көлемде қаржы қажет. 
Азық-түлік қауіпсіздігі саласында да жұмыстар баршылық. Әсіресе, экологиялық өнім беретін шаруа қожалықтарын, шағын бизнесті өкімет қолдауы керек. 
Еліміздегі ең өзекті мәселе – табиғатты қорғау. Бұл тарапта да адамдар күш  біріктіріп, қоршаған ортаға қамқорлық жасауы қажет. 
Кейбір адамдар әлемде болып жатқан проблемалардың маңыздылығын елемей, самарқау қарайды. Климат туралы ақпаратты, білімдерді тарату да табиғатқа, планетамызға жанашырлық екені сөзсіз. 
Ауаға көміртегі шығаруды азайтуға әрбір адам үлес қоса алады. Күнделікті тұрмыста қоқысты сұрыптау, тұрмыстық техниканы ұқыпты қолдану, электр энергиясы мен суды үнемдеу, полиэтилен пакеттердің орнына табиғи матадан жасалған қапшықты қолдану – қарлығаштың қанатымен су тасығанындай, жақсы ниетпен жасалатын дүниенің бәрі маңызды. Өйткені, Жер-Ана – бізде жалғыз.  

Дина Имамбай, 
«Aqiqat»

 

1545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз