- Мақала
- 24 Желтоқсан, 2024
ЖАС ҒАЛЫМДАР КОНГРЕСІ: ЖЫЛ КЕЛГЕНДЕЙ ЖАҢАЛЫҚ
ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы ғылым саласындағы мемлекеттік саясат шеңберінде ғылыми кадрларды қолдауға айрықша назар аударуда. Жыл басында ҰҒА жанынан ел экономикасының дамуына зияткерлік үлес қосуға қабілетті дарынды жастардың басын қосқан Жас ғалымдар кеңесі құрылған болатын. Жетекші жас ғалымдар ғылым саласындағы проблемалардың шешімін табуына, ғылымды насихаттауға, жас кадрларды өсіруге белсенді атсалысып келеді. Жас ғалымдар кеңесінің ұйтқы болуымен академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында Алматы қаласында «Жас Сәтбаевшылар» атты Қазақстан жас ғалымдарының I конгресі өтті. Екі күн бойы өткен ерекше іс-шараға мыңнан аса жас ғалым, сондай-ақ шет мемлекеттерде табысты қызмет етіп жүрген қазақстандық жас зерттеушілер қатысып, өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды және отандық ғылымның өзекті мәселелерін талқылады.
«Ғылым ордасы» ғимаратында өткен іс-шара жас ғалымдардың инновациялық әзірлемелерінің көрмесімен басталды. Көрмеде Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехника университетінің жас ғалымдары өздерінің гранттық жоба аясында әзірлеген өнімдерімен таныстырса, Қазақ көкөніс және жеміс-жидек ғылыми-зерттеу институты қайта жаңғырып жатқан апорт алмасын, агроном ғалымдар егін алқабындағы зиянкестерді жоюға көмектесетін құрылғыларын көрсетті. Бұл жобалардың көпшілігі қолданыста бар, ал кейбірі өндіріске енгізу кезегінде тұр. Көрмені аралаған соң конгреске қатысушылар осы ғимараттағы академик Қаныш Сәтбаевтың мұражайымен танысты.
Конгрестің ашылу рәсіміне ҰҒА академиктері, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қатысып, сөз сөйледі. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің және Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауы оқылды. Жиынды Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин жүргізді.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қазақстанның болашағын қалыптастыруда жас ғалымдардың рөлі маңызды екендігін айта келе, «Бұл конгресс биылғы «Сәтбаев жылы» аясында өткен ғылыми іс-шаралардың қорытындысы іспеттес. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы ғалымдардың жан-жақты дамуы үшін дамыған елдердегідей жағдай жасау», – деп атап өтті.
Ресми деректер бойынша еліміздегі ғалымдардың орташа жасы 57-де, олардың 15 пайызы зейнет жасында. «Сондықтан да біздің қазіргі басты міндетіміз – талантты жастарды ғылымға тарту, – деді Ақылбек Күрішбаев. – Біз Жас ғалымдар конгресінде олардың өз әлеуетін іске асыру үшін не қажет екендігін, ғылыми қызметтегі түйткілдерді, қандай жағдай жасау керектігі жайлы пікірлері мен ұсыныстарын естігіміз келеді». ҰҒА Президенті отандық ғылымдағы проблемаларды атап өтіп, ҒЗИ-лардың нашар жабдықталуы, өңірлерде кадр жетіспеушілігі; қаржыландырудың әлі де аздығы сияқты мәселелерді тілге тиек етті.
ҰҒА басшысы Қазақстанның көптеген дарынды жастары шет елдердегі ғылыми орталықтар мен жетекші университеттерде жұмыс істейтінін айтты. Еліміздің ғылыми-техникалық саясатын дамыту және экономиканы жақсарту үшін шетелдегі жастарды тартып, олардың білімі мен қабілетін ел игілігіне пайдалану қажет. Оларды отандық ғылыми қауымдастық білуге тиіс.
– Ұлттық ғылым академиясы жыл сайын еліміздегі ғылымның жай-күйі, перспективалы бағыттары және әлемдік үрдістер туралы ұлттық баяндама әзірлейді. Тарихта тұңғыш рет біз осы баяндамада жас ғалымдардың қызметі туралы жеке бөлім енгізетін болдық. Ұлттық баяндама мемлекет басшылығына қажетті шараларды қабылдау үшін ұсынылады. Бұдан былай бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі, – деп атап айтты ҰҒА басшысы. Осылайша, алдағы уақытта жас ғалымдардың ғылыми қызметінің нәтижелері мен ғылымдағы проблемалар ел басшылығының назарына тікелей жететін болады.
Жас ғалымдар жиынында Ақылбек Күрішбаев 2025 жылы Назарбаев университетінде Халықаралық математика конгресі өтетінін және келесі жылдан бастап Халықаралық Сәтбаев сыйлығы тағайындалатынын мәлімдеді. Бұл ғылымның беделін арттыру, әлемдік ғылыммен ынтымақтастық, жас кадрларды қолдау бағытында елеулі жаңалық болатыны сөзсіз. Бұдан кейін Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, PhD Мақсат Жабағин Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жас ғалымдар кеңесінің қызметі жайында баяндама жасады. Ғалымның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі жас ғалымдардың зерттеулерін ынталандырып, ғылыми қызметпен айналысуын демеп отырады. Ендігі міндет – елімізде заманауи зертханалар ашу, шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақта жұмыс істеу, ғылымға одан әрі жағдай жасау.
Сондай-ақ, конгресте Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ең жас академигі, талантты математик, Назарбаев университетінің профессоры Дүрбітхан Сұраған ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін қозғап, ертеңгі күнге арналған бүгінгі сұрақтарын жолдады.
Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, Яссауи атындағы ХҚТУ Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбаевтың «Қазақстан ғылымының қалыптасу тарихы: базадан академияға дейін» атты баяндамасы көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызды. Тарихшының айтуынша, елімізде ғылымтану саласы кенжелеп қалған. Соңғы 20-30 жылда бұл салада жаңа еңбектер қорғалмаған. Көпшілік отандық ғылымның тарихын жақсы білмейді. Сол себепті түрлі аңыздар, тұлғалар туралы қате ақпараттар тарайды.
«Ұлттық ғылым академиясы бір күнде құрылған жоқ, оның бастауында көптеген тұлғалардың аса күрделі, ұзақ жылдық еңбегі тұр. Ғылым академиясы ең алғаш КСРО ғылым академиясының қазақстандық базасы және одан кейін филиалы ретінде құрылды. Оның алдында Қазақстан географиясы мен халқын зерттеу мақсатында көптеген экспедициялар жүргізілгені белгілі» деді А.Жүнісбаев өз сөзінде. Ғалым архив деректері негізінде отандық ғылымның даму кезеңдеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Конгреске арнайы келген отандасымыз, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері Нұрлыбек Мұрсалиев АҚШ-тағы биоинновация және Силикон алқабындағы коммерциализация туралы сөйледі. Ғалым өз әріптестерімен бірлесіп әзірлеген, үй жануарларын адам органын өсіруге қолдану туралы жобасымен таныстырды. Нұрлыбектің жобасында жасанды интеллект көмегімен науқастарға көмектесудің озық тәсілі баяндалған. Өз идеясын табысты компанияға айналдырған Н.Мұрсалиев қазақстандық жастармен бірлесіп зерттеулер жүргізуге дайын екенін мәлім етті.
Талантты ғалым Қайсар Табыновтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Конгресте жасаған баяндамасында профессор Табынов аллергияның емін тапқанын, ол PollenVax вакцинасы екенін айтты. Аллергиядан әлемде миллиардтаған адам зардап шегеді. Қазақстанда ең көп кездесетін аллерген – жусан тозаңы. PollenVax вакцинасы аллергиялы ринит, қолқа демікпесі сияқты аурулардың алдын алу үшін пайдалы. Мемлекеттік грант аясында жүргізілген жобаның келесі сатысы – клиникалық зерттеулер. Ғалым грант ұтып алса препарат өндіріске енгізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, конгреске қатысқан жас ғалымдар жаңартылатын энергия көздері, жас математик ғалымдардың жетістіктері, генетикалық зерттеулер, су тасқынының себептері мен салдарын геоэкологиялық талдау және басқа өзекті тақырыптарда баяндама жасады.
Жас ғалымдар конгресі networking сипатындағы ерекше форматта жалғасты. Жастар өзіне тән жалынмен ғылыми жетістіктерін баяндап, өзара тәжірибе алмасты, бір-бірімен танысты. Конгресс жұмысы барысында ел ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан жас ғалымдар академик Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына орай естелік медальдармен марапатталды.
Мемлекет өз тарапынан жас ғалымдарды қолдап, ынталандырып жатса, жастар да ғылымға жаңа леп әкелгенін байқатты. Академик Мұхтар Әуезовтың сөзімен айтқанда, «жыл келгендей жаңалық» сезілді. Тәуелсіздік жылдарында бірінші рет өткен жас ғалымдардың ауқымды жиыны жас ғалымдардың үнін жоғарғы деңгейде жеткізе білді. «Жас сәтбаевшылар» ел болашағына қосатын үлесі мен мүмкіндіктері зор екенін көрсетті. Конгресс бұдан былай тұрақты түрде өткізіліп, ғылымдағы мәселелердің шешімін бірлесіп іздестіретін ғылыми алаңға айналады.
Дина Имамбай,
«Aqiqat»
1525 рет
көрсетілді0
пікір