- Мақала
- 24 Желтоқсан, 2024
ЕГЕМЕНДІГІМІЗДІҢ АЙБАРЫ, ЕЛДІГІМІЗДІҢ АЙБЫНЫ
«Ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықты
сақтай отырып қана біз жасампаз әрі өркениетті
мемлекет құра аламыз. Қарулы Күштеріміз осы
қастерлі құндылықтарды сенімді қорғауға тиіс».
(Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бүкілармиялық кеңесте сөйлеген сөзінен)
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдады. Бұл біздің еліміздің ертеңгі тағдырын анықтайтын аса маңызды тарихи құжат. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты мен халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Шекарамыз шегенделді, еліміздің төл әскері құрылды. Әлбетте, еркін ел болудың басты шарты сол мемлекетті қорғай алатын айбынды әскерінің болуына тікелей байланысты. Жер шарындағы кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын да ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны анық. Сол үшін ұлттық армия құруды Тәуелсіз ел іргетасының бірден бір мәселесі деуге де болады.
Тарихтан белгілі, өткен жүз жылдықтың соңғы тоқсаныншы жылдарының аяғында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде тарихи оқиғалар орын алды. Бұрынғы мызғымас Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдырап, құрамындағы елдер азат болып жатты. Солардың бірі Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда ел егемендігі туралы Декларацияны халыққа жариялады. Сол кезеңде Кеңес армиясының әскери әлеуетін сақтап қалу мәселесі ортаға қойылды. Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы республикаларының басшылары бас қосып, Тәуелсіз Республикалар Одағының Біріккен Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылданған болатын. Дей тұрғанмен, кейін 1991 жылғы Беловеждегі Ресей, Украина, Беларусья басшылары кездесуінің нәтижесі бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының және оның біртұтас Қарулы Күштерінің бөлінуін жылдамдатты.
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста жас мемлекетіміздің сенімді әскери қауіпсіздік жүйесін құру талап етілді. Сондай-ақ, республика аумағында бұрынғы Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан әскери құрылымдардың қару-жарағы мен әскери техникасын тәуелсіз Қазақстанның еншілігіне көшіру қажеттігі туындады. Егеменді еліміздің төл әскерінің тарихи кезеңін рет-ретімен жүйелеп айтар болсақ, алдымен елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы ескерілді. Республиканың тәуелсіздігін, аймақтық тұтастығын, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында 1991 жылдың 25 қазанында Мемлекет басшысының «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы жарияланды. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Сағадат Қожахметұлы бұған дейін Кеңестік Армия құрамында Ұлы Отан соғысын бастан өткерген, Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир, әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы еді. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Қорғаныс министрінің 1989 жылғы 6 маусымдағы № 0398 бұйрығының негізінде С.Қ. Нұрмағамбетов құрметті демалысқа шыққанымен, әскери өмірден қол үзбеді.
Көп ұзамай, ел аумағында құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Тәуелсіз елдің заңдық құқықтары негіздеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты, Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылдың 7 мамырындағы №745 «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса алғанда, Отанымыздың қарауына өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері тек қорғанысқа көңіл бөлген, жаппай қарулануды жақтамайтын және кәсіби деңгейі жоғары құрылымға айналды. Жаужүрек ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен еншілеп, ұрпағына аманаттаған, әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орында саналатын қасиетті қазақ жеріне көз алартқан дұшпаннан қорғайтын құрыштай берік қалқанымыз бар.
Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясы жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие деңгейге қол жеткізді. Мәселен, әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, Қазақстан армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде алдыңғы қатарлардан көрініп жүр. Төл әскеріміздің бүгінгі күндегі ең жаңа әскери техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы.
Иә, қазір заманауи және кәсіби әскері бар бейбіт елміз. Бүгінде Қазақстан өзінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетті. Қазіргі таңда Қарулы Күштеріміздің халықаралық рейтингтегі жағдайы жаман емес. Мәселен, Global Fireрower ұйымының рейтингі бойынша биылғы 2024 жылдың басында біздің Қазақстан әскері әлемдегі 145 мемлекеттің ішінде 58-ші орынды тұрақтаған. Global Fireрower бұл рейтингті 60 критерий бойынша жасаған. Оның ішінде қорғаныс шығындарының деңгейі, техника және жабдықтар арсеналы, әскер саны, танктер, кемелер, ұшақтар және басқа да әскери техникалар саны, мұнай өнімдеріне қолжетімділік және армияның жауынгерлік қабілетіне әсер ететін басқа да қырлары бар. Мұның бәрі әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығымен, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетумен және аға буынның батырлық, жауынгерлік дәстүр сабақтастығының жалғасуымен жетіп отырған жетістіктер екенін білгеніміз жөн.
Тәуелсіздігіміздің айбары, еліміздің айбынды армиясының алар асуы әлі алда. Қарулы Күштерімізді одан әрі дамыту, заман талабына сай жетілдіру, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлықтағы қабілетін арттыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға атсалысу үшін қолдағы бар мүмкіндіктерді ұлғайту күн тәртібінен түспек емес. Ежелден тастақты жерге тазы ертпей, бүргенді жерге бүркіт салмаған халқымыз қырандай қырағылығынан бір сәтке де айнымасын, төл әскеріміздің қатарындағы Отан қорғаушыларымыздың жауынгерлік рухы жоғалмасын дейміз!
Біздің ортақ борышымыз – халқымыздың басты құндылығы болып табылатын ел Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау. Қазақстанның Тәуелсіздігі баянды болсын! Егеменді еліміздің төл әскерінің айбыны арта берсін!
Тілек КЕНЖЕБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштерінің ардагері
1540 рет
көрсетілді0
пікір