• Мақала
  • 24 Желтоқсан, 2024

Тәуелсіздік және тарихи сана

Қазақ халқының тәуелсіздік идеясы тарихтың барлық кезеңін қамтиды. Күлтегін жырынан бастап Алаш зиялыларының мұраларына дейін, одан бергі ұлт зиялыларының еңбектерінде елдің тәуелсіздігі мен ұлттың еркіндігіне қатысты идеялар мол. Олар қалдырған мұралардың барлығынан «Елдің тәуелсіздігі тұғырлы болуы үшін ең алдымен оның адамы күшті болуы керек»  деген ой анық аңғарылады.  Әсіресе патша заманында өмір сүрген қазақ жыраулары ел мүддесіне қатысты мәселеде мінезге көп мән беріп, анық тоқталған. Адамы күшті болса ұрпақ түбі тәуелсіздікке қайта қол жеткізеді, ал адамы әлсіз ел бейбіт заманның өзінде еркіндіктен қол үзуі мүмкін деген ойдың да болғаны көрініп тұр. 

Мұның өзі қазақ халқының тәуелсіздік идеясының қилы заманда я бейбіт заманда болсын тарихи сана негізінде қозғалып, пайдасы мол, салмақты ойдың өрбуіне тікелей әсер етіп отырғанын көрсетеді. Сондықтан да тәуелсіздік идеясын, тәуелсіздікке қатысты мәселелерді зерделеуде Алаш тұлғаларының танымын негізге алған дұрыс. 
Алаш тұлғаларының танымында ел – бәрінен де бағалы, жоғары тұратын және барлық игіліктерді біріктіретін, халықты ұлт ретінде ұйыстыратын киелі нәрсе. Ел ұғымы барлық кезде ұрпақтың санасында өзінің болмысымен қалуы тиіс. Әр ұрпақ тарихтан тарихқа ауысып отыратын бабалар аманатына жауапты, ұқыпты әрі ұлт ісінде табанды, жігерлі, ар-ұяты мол болса ел де, әсіресе оның құндылықтары жер де, тіл де, дін де жоғалмайды. Ұрпаққа бүтіндей табысталып отырады. Сол себептен қазақ ойшылдарының түсінігінде әр адамның тілегі, ниеті, мақсаты ең алдыменен елдің тілегімен ұштасуы тиіс. Елдік сана, мемлекет ісі бір адамның емес бүкіл елдің күшімен нығаяды. Мемлекет – халық өмір сүретін ортақ үйі. Ол әр ұрпақ үшін негізгі мүмкіндік. Мемлекет бар жерде ұрпақ өзінің ұлттық дүниетанымынан алыстамайды. Мемлекеттің бірінші қызметі халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету. Өйткені еркін әрі бейбіт күнде халықтың төл мәдениетін, тарихын, ғылым-білімін танып-білуге, ерік-жігерін күшейтуге мүмкіндік мол. Сондықтан мемлекет, халық болсын бейбіт заманның өзінде қателік жібермей болашақ үшін түрлі сын қатерлерге күні бұрын қамданып отыруы тиіс. Бейбіт заманда да тәуелсіздік жоғары бағаланып, әділ бағасын алуы керек. Тәуелсіздікке қиянат кешірілмейді.  
Тәуелсіздікке қатысты тарихи сана негіздерінің бірі деп Бұқар жыраудың «Тілек» өлеңін айтуымызға болады. Әулие, ойшыл Бұқар бабамыз елдің бағыты қай жағынан да дұрыс болуы керек деген ой айтады. Ұрпақ құдайшыл, иманды, жанашыр, білімді болып өсуі тиіс. Қоғам таза болуы керек. Сонда ғана ел мұратына жетеді. Алдыменен келешек елдің, ұрпақтың амандығын ойлап, оның мүддесіне дұрыс әрі әділ түрде қызмет ету аға ұрпақтың қасиетті парызы. 
Ойшылдың бұдан да басқа ұлт болашағына қатысты айтып кеткен ойлары көп. Тарих бетінде қалған бабаларымыздың сөздерінен ұғатынымыз шынайы кісілік қоғамда орын алуы тиіс.    
           Зар, зар заман, зар заман,
    Зарлап өткен тар заман. 
    Төрт аяқты хайуан – 
    Бұл дүниенің жарығы.
    Бағасы кеткен жігіттің
    Бетінен алар зайыбы. 
    Бір Алладан басқаның 
    Көп-ті қылған айыбы. 
    Кесапаттың кесірі 
    Келе ме деп кер басқа,
    Сол себетен қорқамын!

    Әуелгі қорлар зор болды,
    Сондағы зорлар қор болды. 
    Әуелгі барлар жоқ болды,
    Сондағы жоқтар тоқ болды.
    Жан білмейтін жамандар,
    Жөн білмейтін надандар
    Ел билеген бек болды.
    Көтере алмай билігін,
    Ұласқан үлкен кек болды. 
    Ниетіне қазақтың
    Тым-ақ тәуір еп болды.
    Заманақыр болар деп,
    Сол себептен қорқамын! – дейді ХІХ ғасырда өмір сүген жырау Шортанбай Қанайұлы [1. 218 б].  Шортанбай жыраудың да тарих бетінде қалған толғауларында да көп мағына бар. Көп нәрсеге әсер ететін адамдардың пиғылы. Аға ұрпақтың пиғылы мен мінезі кейінгі ұрпаққа да әсер етеді. Жөні түзу нәрсенің түзу ойдың, түзу мінездің, дұрыс көзқарастың қалыптасуына әсер ететінін айтқан. Ең алдымен мемлекет, ұлттық мүдде түсінігі санада терең нәрсе болып қалуы тиіс. Мемлекеттің тарихында, мүддесінде әр ұрпақтың қосқан үлесі бар. Сондықтан да биліктегі адам, қарапайым ұлттың мүшесі жеке адам болсын елдің әрбір құндылықғына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бейбітшілікті, барды бағалаудың өзі мемлекетшіл сананың нығаюына қажет нәрсе. Бағалаудың мәнісі деп қазақ ойшылдары елдің мәдениетін сақтауды, мәдениетті болуды, жауапкершілікті меңзеген. 
Тарихтан белгілі болғандай, мәдениетке адамшылық, тазалық пен жанашырлық жатады. Осы үшеуі қоғамда тегістей орын алса елдің болмысы қай жағынан да күшейіп отырады.
 «Бостандық, теңдік, туысқандық ХVIII ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған Франция жұртының саяси ерлері осы үш түрдің бәрі біздің шариғаттан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер іздесе.
Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ. Бұл жолдан шыға жайылған хайуандыққа қайтқан болады. 
Бірін-бірі жеген, бірі-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған хайуан тұрмыс-салты. Қағушы, соғушы, күзетші хайуандық жолда адасқан адам баласына ғана керек. 
Бостандық, теңдік, туысқандық қазақ баласына олжа болды. Қазақ баласының істеп отырған ісіне қарасаң, бүркітті қоянға, сұңқарды торғайға салған көрінеді. Қазақты бастаған ақсақал, мырза, хазіретті бұрынғы ескі ауруға салып батпақ астауға салған құлын болып жүр. Жалпы жұрт надан болады, бұзық болмайды, жұрт тұрмысында әділдік жоқ болса , жұрт болмақ емес. Бір қора қойды жалғыз қотыр лақ былғайды. Жалпы жұртты қотыр қылатын жалғыз-жарым адасқан, атқа мінген бүкірді көр түзетеді. Бұлар түзеліп бостандық, теңдік, туысқандық жолына түспес, бұларға Николай өшсе мұның көлеңкесі Ферзы ғой....» – деп айтып кеткен Әлихан Бөкейханов [2. 248 б.]. 
Қазақ хандарының тұсында ел басқару ісінде, елдің болашағына қызмет ететін адамдарды тәрбиелеу ісінде, халықты біріктіруде  интеллектуалдар институты үлкен рөлге ие болған. Соның нәтижесінде қоғамның негізін құрайтын моральдық заң күшті болды. Моральдық сана күшті болса, қай қоғам адамының да санасы күшті болары сөзсіз. Себебі  мұндай қоғамда халықты біріктіретін ортақ идея, ортақ мақсат бар. Патша заманына хандық билік жойылғаннан кейін батырлар, жыраулар, билер институтының әлсірей бастағаны белгілі. Діни тұлғалар мен байлардың институты қана қалды. Елдің билігі басқаның қолында болғаннан кейін, халықтың өзі түгіл оның тұлғалары да мемлекет ісінен (саясаттан) тысқары қалды. Олардың пікірін патша билігі қасақана ескерген жоқ. Әділетсіздік күшейді. Ең үлкен қауіптің түрі ұлттың жерден, тілден және діннен айырылуы болған. Осы кезеңде қазақтың ең соңғы ханы Кенесарының да қызметі тарихтан ерекше орын алады. Кенесары қазақтың ұлттық санасын күшейтуге күш салған, патша билігінің халықпен, оның тұлғаларымен санасуына ықпал етті. Егер сол кездегі ұлт тұлғаларының рухы күшті болмаса қазақ жерлеріне бекіністер салынбас еді. 
Қай заманда болса да мемлекет пен қоғамдағы мемлекетшіл сананы сақтаудың жалғыз жолы білім және әділетті әрі шынайы ортаны қалыптастыру. Ең бірінші ауызбіршілік, қоғамның, елдегі кез келген адамның кісілік талғамы күшті болуы керек. Кейінгі ұрпаққа қалатын мұра мемлекет. Мемлекетшілдік сана күшті болған жерде ұлт өз ұлттығын сақтай алады. Интеллектуалдары бар, олардың ортасы қалыптасқан жерде ғана бірлік күшейеді. Себебі зиялылар билік пен халыққа турасын айтып отыратын интеллектуал адамдар. Бұлар халық пен биліктің арасындағы ғана емес, тарих пен тарихтың арасындағы рухани көпір. Ұлттық интеллегенция  бар жерде ұлттық құндылықтар тегістей қоғам игілігіне айналады. Осы себептен мемлекеттің тәуелсіздік тұсындағы жетістігі ұлттық интеллегенцияның жаңа буынын қалыптастыру деп түсінген жөн. 
Патша билігінің хандық билікті жойып, қазақ қоғамының рухани өміріндегі әлеуметтік-мәдени құбылы болған тұлғалар институтын әлсіретудегі мақсаты да сол болған. Мемлекеттің қорғаушысы, қашанда халықтың қолдауына ие болып отырған, келешекке үлкен сенім мен үмітті жүктейтін  интеллектуалдардың рөлі ең алдымен қоғамның ой елегіне айналып, дұрыс жолды көрсетіп отыруында деп білеміз. Ал интеллектуалдар рөлі түбегейлі әлсіреген қоғамдағы санаға келер болсақ, бұл көбінесе сүліктей жабысып, қоғамды іштей күйрететін нәрселерден көрінеді. Олар жалқаулық, екі жүзділік, жемқорлық, алаяқтық, атаққұмарлық және т.б.  Мәселен Абай, «Осы елдің үнемі қылып жүргені немене? – деп жазады өзінің он бірінші қара сөзінде, - Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық. Ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып, мал алам деп, ұрыға атымды сатып «пайдаланам» деп, не өткізбесін арзанға сүріп аламын деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. 
Кім асса, мен соған керек боламын деп,... өзін біраз ғана азық қылайын деп жүр.
Ұлықтар «пәлі – пәлі», бұл табылған ақыл екен, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл таяғыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын, баласын сатып жүр. 
Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді.....» [3. 31 б.].
Халықтың ұлттық санасы өскен кезде ел де өседі. Жырауларымыздың, Абайдың, Алаш зиялыларының мінезге, санаға қатысты айтып отырғаны осы. Қоғам болашаққа қатысты өзекті нәрселерді естен шығармай, күні бұрын ойлауы керек. Жеке бастың қамынан аса алмаған, бас пайдасын, қызметті, оңай жолмен баюды ғана ойлайтын орта ешкімге де пайда әкелмейді. Мұндай сана өзінен басқа ешкімге де керек емес, кейінгі ұрпақ оны қабыламай, керексіз дүние етері анық. 
Алаш зиялылары тәуелсіздік, ұлттық мүдде мәселесіне елдің тарихының тәжірибесі, өркениетті елдердің тәжірибесі негізінде қараған. Олардың идеяларынан, бүгінгі бізге жетіп отырған еңбектерінен де байқайтынымыз, тәуелсіздікті нығайтуда ең алдымен екі нәрсеге көңіл бөлу керек. Біріншісі адам, яғни кісілік, екіншісі қоғамның тарихи санасы. Тәуелсіздік жолындағы күрестің өзі бірінші осы мәселеге негізделгені көрініп тұр. Мәселен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда философтар бір ғана тарихи сана мәселесін көтеруде үш мәселеге көңіл бөлген. Біріншісі, өз елінің, ұлтының тарихының қай кезден және қай жерден басталатыны. Екінші мәселе, «Әлеммен не байланыстырады?» деген сұрақ. Үшіншісі, «Әлемге не бере аламыз?» деген сауал. Осы үш сауалдың негізінде өз жұртының тарихы мен мәдениетінің философиясын зерттеп, құнды еңбектерді жарыққа шығарған. Алаш зиялыларында да осындай ой, идея және тағылымды тәжірибе болған. 
Тарих философиялық негізде пайымдауды қажет етеді. Тарихтың құбылыстарын философиялық негізде пайымдаудың мәнісі оның шындығын тануда, тарих шындығымен қатар жүріп отыратын нағыз тұлғалардың табиғатын жарыққа шығаруда жатыр. Егер тарихтың қозғаушы күші тарихи дәуірлерде орын алған оқиғалар негізіндегі шындық, соның ішінде адамның ерік қасиеттері дейтін болсақ, оның арғы жағында адамның табиғатына қатысты әлі де зерттелмей жатқан нәрселер көп. Кеңестік жүйеде ұрпақты өз тарихының шындығынан жаңылыстыру көзделді. Осы мақсатта түрлі саясат жүргізілгені белгілі. Жалған нәрселермен (ақпарат) тарихтың шындығын ығыстыру көзделгенін ұмытпауымыз керек. 
Тарих оқиғалардан, соның ішінде осы оқиғалардың негізінде көрініп отыратын диалектикалық заңдардан тұрады. Ұлттық мүддеге қарама-қарсы, қайшы келетін нәрселер көп. Егер сол заманда елдің болмысына, болашағына қарам-қарсы келетін нәрселер болмаса бұндай тарих та болмас еді. Нағыз тарих Әлихан Бөкейхан айтқандай ұлттың болмысын түгел қамтитын шындыққа, тәжірибелерге толы тарих. Тарихи сана, осы тарихи сананы негізге алатын тарихилық принцип тарихтың шындығын дұрыс әрі толық зерттеуге бағытталуы тиіс. Ұлттың еркіндігі үшін күрес бұл тәуелсіздік үшін күрес. Еркіндік мәселесі мен тәуелсіздік тығыз байланысты. Екеуі де ең алдымен жеке адамны еркіндігі мен ерік қасиеттеріне тәуелді. Ал тәуелсіздік, ұлт еркінідігіне қатысты мәселенің арғы жағында қоғамның болмысына қатысты мәселелер тұрады. Сондықтан да тарихтың шындығын толықтай зерттеп жарыққа шығару оңай нәрсе емес. 
Тарихшы ғалымдарымыз айтқандай ұлттың тарихы ұлттың төл құжаты іспеттес. Шындығы тегістей зерттелген, тарихи санаға қажет тәжірибеге толы тарих қана ұлттың төлқұжатына айналады. Тарихи сана ізгілікке, кемелділікке негізделгенде ғана қоғамға пайдалы болады. Сол себептен тарих кәсіби білімді, философиялық пайымды, логиканы, жан-жақты талдауды қажет етеді. Ал жалпыға ортақ дүниелерді зерттеудегі философиялық пайым логикалық білімнен (ғылыми тәжірибе) шығады. Сондықтан тарихилық принцип барлық жағдайда тәжірибемен қатар, терең пайым мен зердеден құралуы тиіс. 
Ұлт ісі құр сезіммен шешілмейді. Ұлт ісінде ақылмен ұғыну, жан-жақты талдау, терең пайым, дұрыс шешім қабылдау, ел үшін қиындыққа, қауіп-қатерге төзімділік, қырағылық таныту бар. Тарихи сана елді біріктіретін, қоғамға білім, өзіндік сана білімін ұялататын рухани жүйеге айналған білім, көзқарастың ерекше түрі болғандықтан міндетті түрде оған ақыл, білім және дұрыс пайым қажет. Бұл үшеуі болмаса  тарихи оқиғалардың барысына қатысты әділ шешім шығару қиын. Кеңес билігі осы себептен тарих шындығын терең зерделеуге жол берген жоқ. Керісінше қоғамның өзіндік санасын әлсіретуге күш салған. Оның өзі тарихты философиялық негізде зерттеу мәселесінде қазірдің өзінде ғылым алдында көптеген жаңа міндеттердің тұрғандығын растайды. Тарих өрісіндегі тұлғаларға қатысты зерттеулерде де солай. Ортақ әдістеме, философиялық деңгейдегі ортақ ұстаным қажет. Тарихтың қалыптасуына негізгі себепкер нәрсенің бірі ұлт өзі тудырған тұлғалар болғандықтан ол арнайы зерттелуі қажет. 
Тарихтағы қазақ қоғамында қанша институт (тұлғалар болмысынан құралған) болса бұның өзі арнайы зерттеуді қажет етіп отыр. Мәселен ұлт табиғаты мен тұлға табиғатының (болмыс) арасындағы байланыс қандай, яғни не байланыстырады? Хан, батыр, жырау, би, әулие, ишан, бай дейміз. Бұлардың әр қайсысының феномені несімен еекшеленеді? Бұларды біріктіретін, бір-бірінен ерекшелеп, даралап отыратын қандай қасиеттер? Осылардың барлығы зерттелеп, ортақ тұжырым қалыптасар болса тарихи сана да күшті болар еді деген ойдамыз. Тарихиы сана күшті болса мемлекетке көп пайда келеді. Себебі тарихи санадан қоғамдық сананың барлық түрлері күш алып отырады. Сондықтанда тәуелсіздік пен тарихи сана қатар жүретін, бірін бірі демеп отыратын құндылық. Тәуелсіздіктің құндылығы тарихи сана дұрыс әрі терең болған жерде сақталып, игілікке айналып отырады.
Бүгінгі ұрпаққа тарихта үлгі болатын нәрсе көп. Тек ақиқатты зерттеуде, жарыққа шығаруда оның талабына дайын болуымыз керек. Тарихтың өзі кездейсоқ қалыптаспайтынын айттық. Әрбір тарихи оқиғаның негізінде қарама-қарсы, елдің мүддесіне қайшы келіп отырған нәрселер бар. Оның барлығын мұқият зерттеп, ажыратуымыз керек. Сонда ғана ақиқатқа   жетуге болады. Тарих ұлт тұлғаларының ерік қасиеттері, рухы, білімі, ойлау мәдениеті негізінде қалыптасып отыратын дүние болғандықтан, оның ұрпаққа қоятын, зерттеушіге жүктейтін талабы да күшті екенін ұмытпаған жөн. Бұл ата-бабамыздың ғасырлар бойы қозғап келе жатқан ел болу, тәуелсіздікті сақтау және ұлтына қызмет ететін өнерлі ұрпақ тәрбиелеп қоғам алдына шығару идеясы. Оны ескеріп әрбір тарихи тұлғаның есімін ұлықтауда ең бірінші елдің өркениеттілігіне көңіл бөлінсе ұлтымыздың алда талай алар асуы көп. 
1913 жылы «Қазақ» газетінің бірінші санында Алаш зиялылары халыққа мынадай үндеу жолдаған болатын. Осы Алаш зиялыларының мақалада айтқан ойларына сүйенсек тәуелсіздікке, ұлт еркіндігіне қатысты көптеген нәрсені түсіну қиын емес. «Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді, түбі қандай белгісіз, не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл боп соғып үйімізді жығып, общинамызды шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз ашылып, шашылып жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай, общинамыз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі газет...» деп айтып кеткен[4. 10 б.]. Бұны тарихи шындық қана емес бүгінгі уақыттағы әлемдегі шындық деп қабалдаған жөн. Зиялыларымыз үлгі еткен тәуелсіздік жолындағы күрес, ұлттық мүддеге қызмет етудегі деңгей, кісілік, қайсар мінез, еңбекқорлық, терең білім бұның барлығы қоғамдағы таихи сананың рухымен қалыптасады. Алаш зиялылары ел тарихындағы үлкен мәдени құбысқа айналған әулие, батыр кісілердің көзін көрген ұрпақ. Бүгінгі ұрпақ ең болмағанда осы зиялылардың айтқан сөздерін ескеруі керек. Сонда ғана көптеген игі нәрселерді жасауға, қауіп қатердің алдын алуға болады деп есептейміз. Бір сөзбен айтқанда тарих, тарихи сана, тарихтың философиясы интеллектуалдық дүние. Ал нағыз интеллектуалдық дүниелерді тарихтан, өзі өмір сүріп отырған уақыттағы әлемнен алып кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып отыратын интеллектуал адамдар. Бұлардың тағылымы, әрбір айтқан сөздері түрлі тарихи және әлеуметтік шындықтың рухани таразысы болып отыратыны даусыз. 

Үмбетқан  СӘРСЕМБИН,  
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
 университетінің кафедра меңгерушісі, 
философия ғылымдарының кандидаты

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық, Алматы: Жазушы. 2008.1-том. 400 бет.
2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы: Өнер, 1994. - 383 бет.
3. Абай. Қара сөз / Құнанбаев Абай – Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2011 – 184 бет.
4. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.

 

1607 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз