• Тарих толқынында
  • 30 Желтоқсан, 2024

ТҮРКІ ХАЛҚЫНЫҢ ЖЫР ЖАУҺАРЫ  

Түркі халқының ортақ мұрасына айналған «Алпамыс батыр» жыры – қазақ халқының әдеби, мәдени, тарихи контексті тұрғысынан бағамдасақ,  жырлардың ішіндегі ең көнесі, әрі бай мұрасы. Өйткені туынды дәл бүгінгідей классикалық үлгіге халықтың ауызша әдебиетінің даму нәтижесінде жеткен. Бұған басты дәлел – эпостық шығармадағы географиялық кеңістік: мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары. Бұл сипаттардың өзі туындының қазақ халқының төл туындысы екендігін бек дәлелдейді.  

Жырдың зерттелу жайынан бірер сөз. «Алпамыс батыр» жыры алғаш рет 1899 жылы Қазан қаласында жарық көрген.  Ақиқатында Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Сол негізінде жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған  атақты фольклоршы Ә.Диваев болды. Ол бұл жырдың бір нұсқасын Ж.Бермұхамедовтен, тағы бірер нұсқасын Е.Ақылбековтың қолжазбасынан алған. 

Ал Кеңес үкіметі тұсында «Алпамыс батыр» жыры  бірнеше рет басылған. Өйткені жырдың тарихи, көркемдік мәні мен әдебиеттегі орны туралы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.Смирнова, Т.Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды. Бұл қатарда орыс ғалымы В.Жирмунскийдің еңбегі орасан зор. Ғалымның «Түрік батырлық эпосы» туралы монографиясын ерекше атап өтуге болады.  Ал жырдың халық арасында айрықша қастерленуі оның нұсқасының көп болуына ықпал еткен.

 Бұған дәлел келтірелік. Мысалы, қазақ тілінде жырдың 10-11 нұсқасы бар екенін бүгінгі зерттеушілердің көбі айтып жүр. Десек те, Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барлық облыстарында айтып келген. Сондықтан да жырдың түрлі нұсқасын айтқандар: С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, Е.Керімбетов, А.Нысанов, Ж.Жақыпов тәрізді ақын-жыршылар болып табылады.

Ғалым В.М.Жирмунский мен Х.Т.Зарифовтың зерттеуіне сүйенсек, «Өзінің шығу тегіне қарағанда «Алпамыс» қоңыраттардың рулық эпосы. Қоңыраттардың ру есебінде тарихта белгілі бола бастауы моңғолдардың жаулап алуымен байланысты». Бұл пікірді профессор А.К.Боровков та қолдайды. Ал академик Ә.Марғұлан: «Алпамыс» қыпшақ заманында туған, содан қалған жыр» екендігін айтады.

Сирек қорда сақталған асыл мұра. ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінде «Алпамыс батыр» жырын зерттеушілердің еңбектері мен Әубәкір Диваевтың Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мәжілісі, Ташкент қаласында 1922 жылы басылған кітабы сақтаулы.

Төмендегі кестеде қордағы батырлар жырының нұсқалары мен зерттеушілер еңбектерінің тізімі берілген.

АТАУЫ

СИПАТЫ

АВТОР(ЛАР)Ы

ҚАРІП

1

«Алпамыс батыр»

Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мәжілісі, Ташкент. –  1922 жыл.  56 бет, 22 см.

Әубәкір Диваевтың жинаған сөздері

Төте қаріпте

2

«Батырлар жыры»

(I том)

«Қазақстан» көркем әдебиет баспасы. – Алматы. – 1939 жыл,  601 бет, 21 см.

 

Латын қарпі

3

«Казахский героический эпос»

Издательство академии наук СССР. – Москва. – 1945 г. - 133 стр, 19 см.

Академик А.С. Орлов

Кириллица қарпі

4

«Алпамыс»

Қазақ КСР Ғылым академиясы, Тіл және әдебиет институты. – Алматы. – 1957 жыл

Баспаға даярлағандар: Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор Н.С.Смирнова, институттың ғылыми қызметкері Т.Сыдықов

Кириллица қарпі

5

«Батырлар жыры»

Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасы, Алматы. – 1959 жыл, 503 бет. 20 см.

Ред: А. Шалабаев

Кириллица қарпі

7

«Батырлар жыры»

Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. – Алматы. – 1963 жыл, 710 бет, 27 см.

Редакторы: М.Қаратаев, Ә.Нұрмағамбетова

Кириллица қарпі

8

«Алпамыс батыр»

«Жазушы» баспасы. Алматы. – 1968 жыл, 196 бет, 13 см.

Ред: А. Шалабаев

Кириллица қарпі

9

«Батырлар жыры»

Қазақ КСР-нің «Ғылым» баспасы, Алматы.

– 1975 жыл, 352 бет, 22 см.

Жауапты редакторы: филология ғылымдарының кандидаты Балташ Ысқақов

Кириллица қарпі

10

«Алпамыс батыр»

«Жалын» баспасы, Алматы. – 1979 жыл, 100 бет, 30 см.

Балаларға лайықтап әзірлеген Ақселеу Сейдімбеков

Кириллица қарпі

11

«Қазақ халқының батырлық жыры»

Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. – Алматы. – 1972 жыл, 340 бет, 20 см.

М.Ғабдуллин, Т.Сыдықов

Кириллица қарпі

12

«Қазақтың халық творчествосы»

Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. – Алматы. – 1989 жыл, 415 бет, 20 см.

Материалдарды жинаған Ә.Диваев.

Жауапты редакторы: Р.Бердібаев.

Кириллица қарпі

 

Біз осы тізімдегілердің ішіндегі ең құнды мұра – 1922 жылы Ташкент қаласында жарық көрген еңбекке тоқталсақ. Түркістан республикасының баспасөз шығарушы мәжілісі, Ташкент қаласында 1922 жылы басылған еңбек төте қаріппен жазылған. Өз кезегінде 10 000 данамен жарық көрген. Қордағы шифр номері – «398.Д-40». Ұзындығы – 22 см, ені – 8 см. Алғашқы беттерінде кітаптың сипаттамасы берілсе, одан кейінгі бетте Ә.Диваевтың сөзі берілген. Біз бұл сөзді қазіргі қаріпке түсіре отыра, толық сипатта ұсынамыз:

 

«Ардақты оқушыларға»

 

Алдарыңызға ұсынылып отырған «Алпамыс батыр» хикаясы Сырдария облысының қазақтары арасында зор орын тұтады. Қолдан жазылған «Алпамыс батырдың» хикаясын Сырдария облысының Әмудария бөлімінің бұрынғы бастығы М.Разгунов біздің қарауымызға жіберген еді. Оған рахмет болсын. Оның бір жағында «Алпамыс батыр» хикаясы Сырдария облысы Төрткөл болыстық қарақалпақ ақыны (жыршысы) Жекмұратбек Махмұт баласы (Әкесі Жақсылық еді) тарапынан жазылған. Бірақ «Алпамыс батыр» шын қазақ халқының өлең-жыры болса да бұ жерге қоңсы отырған қарақалпақ ақыны тарапынан жазылғандықтан ішінде араб, парсы сөздері көп ұшырайды. Бұны аударған уақытта қолымыздан келгенше сөздің тізгіні иесіне жақын келуіне тырыстық.

Ә.Диваев

 

Міне, осы сипаттамадан  зерттеуші Ә.Диваевтің «Алпамыс батыр» жырын қарақалпақ ақынынан жазып алғанынан білеміз. Бұл жыр нұсқаларының әртүрлілігін білдірсе керек.

Сирек қорда сақталған құнды мұралардың бірі – «Қазақстан» көркем әдебиет баспасынан 1939 жылы жарық көрген «Батырлар жыры» антологиясы. Бұл жинақта «Алпамыс батыр» жырынан бөлек «Едіге батыр», «Шора» батыр, «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Сайын» жыры да берілген. Латын қарпінде жазылған еңбектің шифрі – 398(584.6). Б-27».

Қорытындылай келе, «Алпамыс батыр» жыры – ұлтымыздың руханиятының асыл мұрасы, елдігіміз бен ерлігімізді бүкіл әлемге білдіретін аса көрнекі, халқымыздың салт-дәстүрі сақталған жыры. Сондықтан да бүгінгі таңда жырды оқыту арқылы мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу – кезек күттірмейтін мәселе. Ал біз кітапханашы ретінде жазған мақаламызда жырдың зерттелу тарихынан аз-кем мағлұмат беріп, парасат ордасында сақталған мұраның сипаты турасында мәлімет ұсынғымыз келді. Өйткені бұл жыр – түркі халқының баға жетпес ортақ мұрасы, асыл қазынасы. 

Оқырмандар Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі ұйымдастырған «Түркі әлемінің қаһармандық эпосы – Алпамыс батыр» атты көрмеден жырдың тарихымен таныс бола алады.

 

Гүлжайна Мырзакерімова,

  ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар

мен қолжазбалар қызметінің топ жетекшісі

 

 

1221 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз