- Ел мұраты
- 30 Қаңтар, 2025
ДӘРІСКЕР-ҰСТАЗ

Жоғары оқу орындары рухани кеңістіктегі ғылым мен білімнің ордасы саналады. Елімізде ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік санаттағы жоғары оқу орындары жеткілікті. Олардың әрбіреуі білім нарығында қал-қадерінше жұмыс атқарып келеді. Жоғары оқу орындарының білім нарығындағы табыстылығының бірден-бір көрсеткіші профессор-оқытушылар құрамы деп айтуға болады. Яғни жоғары оқу орындарының бет-бейнесі, ондағы оқытушылар құрамының сандық-сапалық әлеуетімен айқындалады.
Қоғам үшін түрлі мамандық иелерін даярлайтын ғылыми-педагогикалық мекеменің профессор-оқытушылар құрамы мықты болса, олардан білім алып, түлеп ұшқан шәкірттері де сөзсіз мықты болады. Елімізде педагог мамандар даярлайтын ғасырлық тарихы бар мекеме – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Осы білім ордасының филология факультетінің тарихы университет тарихымен тамырлас, дәстүрлі шежіресі бар. Ал осы филфакта ұлт руханиятының алыптары мен Алаш арыстарының қызмет еткендігін назарға алатын болсақ, бұл жолы да, жөні де бөлек факультет дер едік. Беделді, рухани тұлғаларға бай факультеттердің бірі де бірегейі филфак десек асылық айтқандық болмас. Факультет тарихының әр кезеңінде ұлтымыздың рухани көшбасшылары мен республикамыздағы маңдайалды профессор-оқытушылар қызмет атқарды. Алдыңғы буын алыптар шоғырының дәстүрлі жолын кейінгі буын ағалар ұтымды жалғай білді. Дана қазақ «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Соның айқын дәлеліндей, университет тарихында бірнеше буын өкілі алмасты. Сол буынның жалғасы, алтынның сынығындай, жақсылардың жалғасындай, бір кездегі баба буынға бала болса, бүгінгі жас буынға өзі аға болған әдебиетші-ғалым, әдіскер-ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Алпысбай Тамаев ағай туралы шәкірттік пейілмен, әріптестік құрметпен аз-кем ой толғап, сөз өруді жөн көрдік.
Тамаев Алпысбай ағай бүтіндей саналы ғұмырын ғылыми педагогикалық салаға арнады. Бір кездегі қызыл жұлдызды ҚазПИ-дің студенті, сөз өнеріне серт беріп, әдебиетшілікті мұрат етіп, аспирантурада оқуын жалғап, ғылым жолына түсіп, өзі оқыған филфакта оқытушы болып қала берді. Айтулы әдебиетшілер Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Мұхтар Мағауин, Немат Келімбетов, Серік Мақпырұлы, Т.Рақымжанов, Т.Сыдықов, М.Жаманов, Б.Әбдіғазиұлы, Темірхан Тебегенов, Серік Асылбекұлы секілді аға буынмен үзеңгілесіп, әдебиет айдынында жемісті еңбек етті. Оқытушылық жолында жай ғана оқытушылық етіп қоймай, студент біткеннің жүрегіне жол тауып, көңілінен шығып, дәріскерлік деңгейі жоғары, нағыз ұстаздық биікке көтерілді.
Әдетте жоғары оқу орнындағы оқытушының абыройы студенттердің берген бағасымен өлшенетін жазылмаған заңдылық бар. Алпысбай ағай студенттер алдындағы абыройлы бағасын әлдеқашан алып қойған айтулы дәріскер-ұстаз болды. Ғылыми педагогикалық жолдағы оқытушылардың абырой биігіне жетуі әркелкі болады. Біреулері ғылымдағы жеткен жетістігімен, енді бірі алған марапатымен бедел биігіне көтеріліп жатады. Ал Алпысбай ағайдың абырой-беделі өзгенікіне ұқсай бермейтін дәріскерлік дейтін бедел болды десек жаңылыспаспыз. Бұл ойымызға дауласа кететіндер емес, жақтаса кететіндердің қарасы басым екендігіне күмәніміз жоқ. Ағайдың студент алдындағы абыройының артуына лекторлық шеберлігі сеп болды деп нық айтуға болады.
Жалпы «лектор», «лекторлық» деген термин тілдік қолданыста «дәріс», «дәріскерлік» деген атаумен жүр. Дәріс жүргізу, дәріс беру кез келген сауатты оқытушының қолынан келе береді. Дәріс жүргізуде белгілі бір пәннің мақсаты мен міндеті, нысаны мен мазмұны туралы ақпарат беріп қана шектелетін лектор-оқытушылар болады. Енді бір лекторлар болады, дәріс жүргізу машығы бөлек, өзі жүргізетін пәннің мазмұнын ғана емес, пәннің студентке қатысын, студенттің пәнге қатысын, ақыр аяғында студенттен пәнді, пәннен студентті бөліп алуға келмейтіндей етіп, санасына сіңіріп, көңіліне құйып қоя береді. Соңында студент біткеннің пәнге деген сүйіспеншілігі мамандыққа деген махаббатқа ұласып кете барады. Ал енді мұндай лекторды ұмытып көр. Алпысбай ағай дәл осы санаттағы дәріскер болды. Ол кісінің дәріскерлігі сол – өзі жүргізетін пәнді алдымен өзі жақсы көретіндігі. Жүргізетін пәніне қатысты тікелей де, жанама да материалдарды толық білетіндігі. Сол білгенін дәріс оқу барысында сабырлы қалпымен, ешкімге ұқсамайтын өзіндік мақамымен, ұтымды ұтқыр ойларымен жеткізе білетін шеберлігі ағайды мықты лектор санатына көтерді. Лекциясы студент күтпеген тосын ойларға толы болатын. Өйткені ағайдың бұл дәрістерін біз сырттай бақылаушы емес, алдынан дәріс алған көп студенттің бірі ретінде тыңдаған бақытты ұрпақтың қатарынанбыз деп мақтанышпен айтамыз.
Әдебиетші ғалым Алпысбай ағай тек дәріскер ғана емес, ұстаздық дейтін мәртебеге де ие болды. Олай дейтініміз, оқытушы яки Алпысбай ағай туралы студенттердің теріс-қағыс пікірде болмауы, ұстаздық болмысының бір қыры болса керек. Алпысбай ағайды студенттер әдебиетші ағай, лектор ағай, дәріскер ағай деп те жақсы көреді. Өйткені өзі жүргізетін әдебиеттану ғылымының көптеген пәні арқылы сөз өнерін, сөз қадірін, көркем әдебиетті, көркем әдебиеттегі кейіпкер бейнесін, шешендікті, ділмарлықты, өмір туралы ойлы түсініктерді «Әдебиет – ардың ісі» деген қағидамен шегендеп берудің хас шебері болды. Әр дәрісін Жұмекенше «Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім, бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім. Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім, ақымақты ойландырсам деп едім», – дегендей оймен таспалап, даналы сөзбен безбендеп, студент санасына сіңіруді сөзсіз мұрат етті десек, асыра айтқандық, көзсіз мақтағандық деп емес, шынайы шәкірттік пейілден туған ақжарма көңіл деп қабылдауды өтінер едім.
Алпысбай ағай ғылымға әдебиеттануды оқыту деген мәселемен келу жағынан да дәріскерлік-ұстаздық болмысын қалыптастырған болса керек. Әдебиет деген әлемді өзі біліп қана қойған жоқ, оны керемет әдістемелік тұрғыдан қызықты етіп оқыта білетіндігіне әлі күнге дейін таңданысымызды жасыра алмаймыз. Қазіргідей сабағым қызық болсын деп қызылды-жасылды дүниемен жарқ-жұрқ еткізіп сабақ жүргізбей-ақ, алдындағы студентті ойлы сөзімен аузына қаратып, дәстүрлі академиялық үлгіде сабақ жүргізді. Әр дәрісі біріне-бірі ұқсамайтын, тосын ойлар, жаңа мысалдарға толы болатын. Көркем әдебиеттен келтірген мысалдарын қарапайым өмірмен ұштастырып бергендегі ойларының ұтымдылығына қарай, осындай да болатыны рас қой деп жұртты аң-таң қалдыратын. Бір қызығы, Алпысбай ағай мұндай тактиканы қолданайын, біреуді таң қалдырайын деп емес, күнделікті дәріс жүргізудегі өзінің кәсіби дағдысы, үйреншікті әдісі сол болды. Бұл кісінің осы бір өзіне тән әдістемелік дағдысы, өзге біреулерге методикалық үлгі, бүгінгі тілмен айтқанда әдістемелік стратегия болды деуге болады. Осыған қарап-ақ әдіскер-ғалым Алпысбай ағайдың әр сабағы ашық сабақ деп бағалауға болады.
Жалпы дәріскерлік деген дүние әдіскерліктен туындайтын болуы керек. Ағайдың әдіскерлігі мен дәріскерлігіне қарап, бұл кісіге әдіскерлік пен дәріскерлік туа да біткен, жүре де біткен қасиет болса керек деп бағамдаймыз. Әдетте кейбіреулер әдіскер болғанымен дәріскер бола алмайды. Ал дәріскердің әдіскер болуы ықтимал. Бұл жағынан келгенде біздің кейіпкеріміздің әдіскерлігі де бар, дәріскерлігі де бар, төрт аяғын тең басқан су жорғаның нақ өзі. Қазақ әдебиетін оқытудың әдістемесі бойынша алдыңғы толқын ғалымдардың бірі болып, ғылыми диссертация қорғаған Алпысбай ағай әдіскерлігін тұрмыстық өмірі мен оқытушылық кәсібінде ұтымды пайдалана білген жандардың бірі болды. Олай дейтініміз, педагог келбеті қандай болу керек дейтін өлшемдерге салатын болсақ Алпысбай ағай ол талаптарға толығымен сәйкес келеді. Тіпті педагог келбетіне арналған өлшемдер Алпысбай ағайдың болмысына қарап алынған болар, бәлкім. Ағайдың бар болмысы оқытушылық пен аудитория үшін жаралғандай. Ағайды аудиториясыз елестету әсте мүмкін емес. Ал аудиторияны бағындыру үшін дәріскер болу керек. Дәріскер болу үшін әлбетте білім керек. Осы «керектердің» барлығы Алпысбай ағайдың бойына біткен бұла күш десек болады.
Филфак оқытушыларының бір қасиеті айтқыштығымен ерекшеленеді. Филфактың ұстаздары айтқан сөздер нақыл да, ақыл да боп, фраза да боп, әзіл де, тәмсіл де боп, ел ішінде – студенттер арасында кеңінен тарап жатады. Ал авторлары қарапайым аудиторияда жүрген ұстаздар. Алпысбай ағай да бұл жағынан келгенде қаражаяу емес, «қара сөзге дес бермегендердің» бірінен саналады. Алпысбай ағайдың айтқыштығы әдебиетті терең білетіндігінен көрінеді. Әр әңгімесіне көркем әдебиеттегі оқиғалар мен кейіпкерлердің сөзінен, классикалық туындылардан мысалдар келтіріп, айтар сөзін «тұздықтап» отыруы ағайға тән ерекшелік десек болады. Ағайдың айтқыштығы әзілге бейім келеді. Замандастарының арасында әзілмен қағытып алу да ағайға тән қасиет. Алайда әзілдегені болмаса, зәбірлеуге жоқ. Ешкімнің ар-намысына тимейді. Әдемі әзілмен әлемді түсіндіруді көздейді. Ал көркем әдебиетті көркем әлем ретінде әспеттейді. «Әдебиет – ардың ісі» дегенді берік ұстанады. Ағайдың әдебиеттегі ұстанымы, өмірлік ұстанымына айналғандай көрінеді. Өмірлік ұстанымын әдебиеттен алғандығы аңғарылады. Шынайы әдебиетші солай болу да керек шығар. Алпысбай ағай әдебиетші ғана емес, сөз өнеріне өлеңмен өзінше үлес қосып жүрген жандардың бірінен саналады. Яғни, ол ақындығы. Алайда ол кісі ақындығын көрсете бермейді. Онысы өлеңге деген, өнерге деген қатаң талабы да болар, бәлкім. Бірақ ақындығы бар екендігі анық. Онысын көңілінің қошы келгенде болмаса, көп жерде көрсете бермейді. Бұл да ұстаз болмысының бір парасы деуге болар.
Қош. Сонымен кафедраның ғана емес, бүтіндей филфактың абыройын асқақтатуға қызмет еткен, онысын өзі пұлдамаған жандардың бірі – Алпысбай ағай Тамаев. Дәріскер ұстаз зейнет жасына келгенде денсаулығын сылтауратып, демалысқа ерте шығып алды. Бәлкім онысы дұрыс та шығар. Дегенмен ағайдың ойы сарқылмаған, айтары таусылмаған, дәріскерлік абыройы жоғары, кемеліне келген шағында әлі де дәріс бергені жөн болар еді. Алайда дәріскер ұстазымыздың таңдауы денсаулықты күту, үй шаруасына көңіл бөлуге ауған екен. Алдағы күндері ағайымызға зор денсаулық, отбасының қызығын, балаларының қуанышын, шәкірттерінің сүйіспеншілігін көре беруді нәсіп етсін деп тілейміз. Дәріскер ұстазға Жамбылдың жасына жетіңіз, жазылмаған дүниені үйде отырып жазыңыз, Жақсы аға дегіміз келеді.
Саян Жиренов,
филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры

1391 рет
көрсетілді0
пікір