• Мақала
  • 30 Қаңтар, 2025

Сын майталманы

Бір күні оянғанымда өмірімнің қуанышқа толы болу керек екенін сезіндім.

Тағы бір күн тұрғанымда өмірімнің парыз бен қарыз екендігін түсіндім.

Содан парыз бен қарызымды қуанышқа айналдыруға бел будым.
         
Рабиндрант Тагор,
 ақын,философ.

 

Көрнекті сыншы, әдебиеттанушы Сағат Әшімбаев Хан Тәңірі қыранындай топшысы ерте қатайып, қияндарға самғап ұшқан тастүлектей ә дегенде-ақ кең құлашты дарынымен, пайым-парасатымен көзге түсті. Ізденуден жалықпаған, жазуға шынайы берілген болашақ сыншы сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне жариялаған тырнақалды мақалалары арқылы қалың жұртшылықтың, әдебиетсүйер қауымның ықыласына бөленді. 
 

Жалпы, сын мен сыншы абыройын көтеру, шынтуайтқа келгенде, әдебиетіміздің айбыны мен жасампаздығын, өмір танытушы рухын көтеру екендігі мәлім. Бұл ретте Сағат Әшімбаев өзінің сын туралы еңбектері мен толғаныстарында өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы әдеби көркем сынның жай күйіне егжей-тегжейлі талдау жасады, арналы ізденіс жолына түсті. 
«Бетке айту бедел әпермейді» немесе «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» болмаса «Шындықты айтып қайтеміз, тек жүрген тоқ жүреді» деген сияқты «желбуаз ұғымдарды малдану тоғышарлық тоқыраудың белгісі» дейді сыншы.
Осы пікірдің бүгінгі күнмен дәл үйлесетініне ешкім дау айта алмаса керек. Өйткені бүгінде біздің әдебиетімізде сынның жанр ретінде тоқырауға ұшырағаны анық.
Сағат Әшімбаев сындағы жауынгер жанр – рецензияға ерекше көңіл бөліп, әрдайым өзінің ой-пікірін білдіріп отырғаны тұлғаның үлгі тұтарлық қыры. Бір уақыттарда рецензияға әжептәуір назар аударылып, жазылу сапасы артып, жариялануы да көбейіп, қалыпты арнаға түсіп келе жатқан жақсы үрдістің соңғы кезде қожырай бастағанын айтады. Кәсіби сыншылардың өзі рецензияға онша мән бермей, ат ізін сирек салатын болған. Сондықтан да рецензияның озық үлгілерінен тозық үлгілері көбейіпті. Керісінше ымырашылдық позиция ұстаған, жанр табиғатын жанымен түсінбейтін, сынға қатысы шамалы, көлденең көк атты дилетант сыншы-сымақтардың көбейгенін де жасырмайды. Содан келіп ондай рецензиялардан ешқандай формалдық батыл ізденіс, мазмұн тереңдігі ой жаңалығы, өзінше талдау талабын таба алмайтындығына қынжылады.
Арнасынан тасыған өзендей өмір мен әдебиет құбылыстарына бейжай қарамаған Сағат Әшімбаев ізденіске толы мәнді де, мағыналы ғұмырында елі үшін қыруар жұмыс атқарып кетті. Халық қамын ойлайтын азамат 1986-1991 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы болып қызмет етті. Теледидар арқылы тарайтын бағдарламаларды көрермен талғамын қалыптастыратын саясаттың бір бөлшегі десекте болар. Ол 1980 жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті бағдарлама жүргізді. Өзі теледидарға қызметке келген соң, осы хабарлардың өзектес заңды жалғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарлама жасап, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. «Парыз бен қарыз» бағдарламасы көрерменнің ыстық ықыласына бірден бөленді. Қазақстаннан тыс тұратын қандастарымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары да кезінде өте жоғары бағаланды. Бүгін көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Парыз бен қарыз» бағдарламасына кеңінен тоқталып өтсек.
Әлқисса, тарих беттеріне хатталып басылған қандай да бір бастама, әуелі, сол кезеңнің ұлы мақсат жолындағы күрескер рухтың нәтижесінен туатын саф дүние. Айталық өткен ғасырдың басында дүниеге келген «Қазақ» газеті мұның жарқын мысалы болмақ. Газет сол тұста езгіге түскен бұқара халықтың өз жайын өзіне ұқтыруға бекінген басылым болды. Редакторлары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының еңбегі қарт тарихтың үдесінен шықты. Дәл солай ғасыр соңында, соқыр сенімнің жетегінде кеткен КСРО-да М.Горбачевтің «қайта құру» саясаты қазақ халқының сол күнге дейін жоғалтқаны мен өшкенін түгендеуге мүмкіндік тудырды. Ол көгілдір экраннан «Қарыз бен парыз» болып бой көрсетті. 
Бұл хабар жайында авторы – сыншы, публицист әрі хабарды жүргізуші С.Әшімбаев «Арай» (1989 жылы, 8-санында) журналына берген сұхбатында «...Біздің хабарларымыз демократияға, пікірлер жарысы – плюрализмге негізделіп отырғанын көрерменнің өзі де біледі. Шындықты айту бар да, таяз байбаламға салу бар. Шындық батылдықпен қатар байыптылықты қажет етеді. Біз сөз ететін «Қарыз бен парыз» ақиқатты тек осыны бұлжытпай ұстанбақшы...» деген екен.
Хабар әуелде тікелей эфирде жүргізілген. Көрерменмен телефон арқылы тікелей байланыс орнатқан. Кейіннен хат арқылы байланысуды жөн көріпті. Студияға көрермен ықылас білдірген интеллигенция өкілдері мен басшы қызметкерлердің қатысуын қамтамасыз еткен. «Қалғыған ойды түрту, қоғамдық санаға қозғау салудың себіне жарауды» мақсат тұтқан. Хабардың көтерген мәселелерінің бір парасын тағы да сол «Арай» (1989 жылы, 8-санында) журналына берген сұхбатынан мысал келтірейік: «Сталиндік дәуірдің мың сан зардаптары, халық тарихындағы «ақ таңдақтар» мен «қара таңдақтар», бұрмалаулар мен әділетсіздіктер, репрессия құрбандары, қазіргі экология мен денсаулық сақтау мәселелері, ұлтаралық қатынастар мен тіл мәселесі, рес­­публиканың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани саладағы көптеген мәселелерін көтердік», – дейді С.Әшімбаев. Сондай-ақ, хабарда көтерген мәселелерге Ж. Молдағалиев, Р. Бердібаев, Р. Сыздықова, Ә. Тәжібаев, Г. Бельгер, Ш.Мұртаза, Ә. Кекілбаев, К.Смайылов, А. Жұмаділдаев, С. Зиманов, А. Қожанов, О. Қаймолдин, Т.Шарманов сынды т.б. көптеген ақын-жазушылар, ғалымдар мен философ, психолог, социологтар, заңгерлер үнемі қатысып, ашық пікір алмасқан. 
«Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз, «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегенді де қазақ айтқан. Айтылған сөз іспен жалғасын тапса, құба-құп. Олай болмаған күнде, «Қарыз бен парыздың» тоталитарлық режимде өмір сүріп отырған халықтың мұң-зарын көре білуі, көтере білуі, (мәселені көре білу бір бөлек, көтере білу бөлек нәрсе. Әркімнің көре білуі мүмкін, бірақ, әркім көтере алмайды. Көтерген мәселесін адам мен қоғам өмірімен қабыстыра өру бір бөлек әңгіме – авт.) құдды, айтыс секілді іштегі шер-шемен тарқағандай күй кештіруінің өзі – жанға жұбаныш еді. Шын сөз – жан емі. Сын сөз – намыс қамшысы. Шын мен сын бір жатырдан шыққан апалы-сіңілілердің төліндей «бөле» ұғым. Шашауы шықса, құнарсыз бор кемік май сияқты. Біріксе, тас түйін күш ешқандай ауруға бой бермейтін иммунитетке айналмақ. Міне, С.Әшімбаевта да, ол жазған сында да, жүргізген хабарларында да осындай ғажап иммунитет менмұндалап тұрғаны сөзсі. 
 С.Әшімбаевтың телевизияға дейінгі өмірі, ол жүріп өткен сүрлеу ауырдың үстінде, жеңілдің астында өтпеген. Жанақ бабасы секілді «тағдырына ұшырасқан әулиеден» көген алмай, сөз алған Сағат, жиырма төрт жылын осы сөз жолында, сөз болғанда қандай, сын сөзді қару еткен публицист эфирде де шашасына шаң жұқпас жүйріктігін көптің алдында көрсете білген тұлға еді. 
Сөз жоқ, С.Әшімбаев пен «Қарыз бен парыз» хабары, күні кеше алпыс жылдығын тойлаған қазақ телевизиясының ажырамас бір бөлшегі. Тарихынан өшпес орын тепкен айтулы хабар, асыл тұлға. Ал, көк жәшікке қатысты ендігі елдік мәселемеміз не?! Өз қолымыз ауызымызға еркін жеткен, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» тәуелсіздіктің кезінде бір буынның мақтанына айналған «Қарыз бен парыздай» хабарымыз бар ма? Бар деп көсілсек қай хабарды айтамыз? Жоқ десек, алтын шыққан жерді белден қазсақ керек еді ғой? Не жетпейді? Немесе алдыңғы толқын несімен мықты? Принцип! Қандай принцип? Елдік, ұлттық сана биігіндегі көрерменнің, аудиторияның талабынан туған принцип!
Рухани байыған, кіндігін ұлттың темірқазығына байлаған көрерменді одан әрмен алға жетелеуге деген ниет. 1986 жылы жастарды алаңға алып шыққанда осы асқақ рух емес пе еді? Сөйткен қауымның көңілінен қалай шықпақ керек? 
«Арай» (№ 7, 28 шілде, 1989 ж) журналына оқырмандар дәл осы «Қарыз бен парызға» қатысты хат жазып, сауалдар жолдаған. Әрине, М. Горбачевтің «қайта құру» саясаты толыққанды сөз бостандығына жол ашты деп және айта алмаймыз. Сондықтан біз хабарға, «Қарыз бен парызға» сол кезеңнің, яғни осыдан отыз жыл бұрынғы жүйенің көзімен, әділдікке шөлдеп кенезесі кепкен халықтың көзімен қарауымыз керек екені даусыз. Ол кез әлі де кеңестер үкіметінің салтанат құрып тұрған кезі. Сонымен, «Қарыз бен парыздың» ұзын ырғасы 14 хабары түсірілген екен. Оның кейбіреулерін халық экраннан қайтара қойылуын талап еткен. Олар бүгінде «Қазақстан» Ұлттық Телерадио компаниясының алтын қорында сақтаулы.

Алғабек ХАМИТҰЛЫ
 

 

636 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз