- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
Қазақстандық исламтанудағы өзекті мәселелер

Қазақстанда исламтану ғылымы салыстырмалы түрде жаңа ғылыми бағыт ретінде қалыптасып келеді. Оның өзектілігі мемлекет пен қоғам үшін діни және мәдени қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, діни сананы қалыптастыруда және рухани құндылықтарды зерттеуде ерекше маңызға ие. Алайда, бұл салада бірқатар шешуді қажет ететін ғылыми және практикалық мәселелер бар. Оның бірнешеуіне тоқталайын.
1.Ғылыми-теориялық және методологиялық негіздің әлсіздігі
Қазақстандық исламтану ғылымында теориялық-методологиялық тәсілдер жеткілікті деңгейде дамымаған. Зерттеулердің көпшілігі эмпирикалық сипатта немесе тарихи-теологиялық тұрғыдан шектеліп, кешенді, пәнаралық әдістер жеткіліксіз қолданылып келеді.
Мұның негізгі себептері:
Біріншіден: Исламтанудың негізгі ұғымдарын стандарттау мен жүйелеудің болмауы. Исламтану ғылымының терминологиясы мен зерттеу әдістерін реттеу, жүйелі ғылыми негіз жасау процесінің жоқтығы.
Екіншіден: Заманауи ғылыми парадигмалармен (мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану, психология) үйлесімнің аздығы.
Мұның шешу жолдары келесідей:
Исламтанудың ғылыми категорияларын біріздендіру және заманауи ғылыми әдіснаманы енгізу маңызды.
Пәнаралық зерттеулерді дамыту арқылы исламтануды әлеуметтік ғылымдармен интеграциялау керек.
2.Дәстүрлі ислам мен ұлттық мәдениет үйлесімділігін зерттеу
Қазақстанда дәстүрлі ислам мен ұлттық мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ қазіргі кезде бұл қатынас діни радикализмнің әсерінен күрделі сынақтарға ұшырап отыр.
Себептері:
Біріншіден: Дәстүрлі ислам мен жергілікті салт-дәстүрлерді түсіндіру мен насихаттауда біртұтас ғылыми ұстаным жоқ.
Екіншіден: Ханафи мазхабы мен Матуриди ақидасының рөлі жеткіліксіз зерттелген, ал бұл қазақ халқының діни санасының негізі.
Бір ғана мысал: Ханафи мазхабының тарихи аспектіде зерттеудің үш деңгейін алайық. Кеңестік кезеңге дейінгі, кеңестік кезеңде, қазіргі кезең. Осы үш кезеңге қатысты зерттеулер жеткіліксіз. Тіпті, тәуелсіздік жылдарындағы ханафи мәзһабы туралы зерттеулер көбінесе діни насихат деңгейінде жазылған. Сосын зерттеулердің басым бөлігі шетелдік исламтанушылардың еңбектеріне сүйенеді. Жергілікті ерекшеліктерді ескеретін кешенді зерттеулер аз. Оның үстіне, классикалық ханафи әдебиеттерінің (араб, парсы, түркі тілдеріндегі) аудармаларының болмауы зерттеулерді тежеп келеді.
Бұл ауыр жағдайдың шешу жолдары келесідей:
Исламның жергілікті дәстүрлермен үйлесімділігін дәлелдейтін тарихи және мәдени зерттеулерді тереңдету маңызды.
Дәстүрлі ислам құндылықтарын ғылыми түрде жүйелеп, оны қоғамға насихаттау маңызды.
Исламдық қайнар көздерді аудару және зерттеушілерге қолжетімді ету бойынша жүйелі жобалар әзірлеу маңызды.
Араб тілі мен исламдық классикалық әдебиетті оқыту бағдарламаларын дамыту керек.
3.Деструктивті ағымдар мен экстремизм мәселелері
Деструктивті ағымдар мен экстремизм мәселелері бүгінгі таңда исламтану ғылымының ең өзекті зерттеу тақырыптарының біріне айналды. Бұл тақырыптардың зерттелуі діни, саяси, әлеуметтік және мәдени аспектілерді қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді. Қазақстанда бұл бағыттағы исламтанулық зерттеулердің белгілі бір жетістіктері бар әрине, бірақ проблемалық тұстары да жетерлік. Ашып айтсақ, деструктивті ағымдардың діни мәтіндерді (Құран, Сүннет) бұрмалау тәсілдерін терең талдайтын зерттеулер аз. Сондай-ақ, қазіргі исламтанушылардың радикалды идеологияларға теологиялық тұрғыда қарсы дәлел ұсынуы жеткілікті деңгейде емес.
Сондай-ақ, деструктивті ағымдарды тек теологиялық тұрғыдан зерттеу жеткіліксіз. Әлеуметтану, психология, мәдениеттану және саясаттану әдістерін біріктіретін кешенді зерттеулердің аздығы да байқалады. Оның үстіне, халық арасында деструктивті ағымдар туралы ғылыми-танымдық зерттеулердің таралымы аз екенін және жастар аудиториясына бағытталған сапалы ғылыми контент жеткіліксіз екенін де қосыңыз. Бұл олардың алдын алу шараларының тиімділігін төмендетеді.
Сондықтан, исламтану ғылымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – радикалды ағымдардың идеологиясын зерттеп, олармен күресудің ғылыми негіздерін әзірлеу.
Ол үшін:
Біріншіден: Деструктивті ағымдардың теологиялық негіздерін терең зерттеу және оларды ғылыми негізде жоққа шығару маңызды.
Екіншіден: Радикализмге қарсы ғылыми-практикалық құралдар мен әдістемелерді әзірлеу керек.
4.Ғылыми кадрлардың тапшылығы және сарапшылар даярлау жүйесі
Қазақстанда исламтану ғылымының дамуына қарамастан, бұл салада ғылыми кадрлар тапшылығы және сарапшыларды даярлау жүйесінің әлсіздігі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстанда исламтанушы ғылыми кадрлардың тапшылығы мен сарапшылар даярлау жүйесінің әлсіздігі исламтану ғылымының жаңа қалыптасуымен, инфрақұрылымның жеткіліксіздігімен және білім алуға деген сұраныстың төмендігімен байланысты. Бұл мәселелерді шешу үшін ғылымды мемлекеттік деңгейде қолдау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру маңызды. Жоғары білікті исламтанушыларды даярлау қоғамның деструктивті ағымдарға қарсы иммунитетін күшейтуге, діни тұрақтылықты нығайтуға және исламтану ғылымын халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Исламтану саласындағы мамандар саны мен біліктілігі жеткіліксіз қалуының негізгі үш себебі:
– Исламтанушылардың көпшілігі шетелде білім алғандықтан, олардың ғылыми көзқарасы жергілікті мәдени ерекшеліктермен толық сәйкес келмеуі мүмкін.
– Жас кадрларды даярлау және халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтау процесі баяу жүріп жатыр.
– Исламтануда заманауи әдістемелер мен технологияларды қолдану шектеулі. Архивтерге, исламтану әдебиетіне және халықаралық базаларға қолжеткізу кемшін. Шешу жолдары:
– Қазақстандық жоғары оқу орындарында исламтану бағдарламаларын күшейту және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру маңызды.
– Шетелде білім алған мамандардың тәжірибесін жергілікті жағдайға бейімдеу керек.
Сарапшылар дайындау жүйесіне келер болсақ, Қазақстанда исламтанушыларға тек теологиялық немесе діни білім беру қажеттілігі ретінде қарау әлі де жиі кездеседі. Бұл өз кезегінде исламтанудың кең ауқымды зерттеу бағыты ретінде дамуына кедергі жасайды.
Сарапшыларға деген сұраныс көбіне экстремизм мен радикализм мәселелерімен шектеледі. Мұндай тар шеңбер исламтану мамандарының білімін кеңейтуге мүмкіндік бермей келеді.
Сондай-ақ, исламтану саласында ғылыми жобаларға қаржы аз бөлінеді, бұл мамандарды қызықтыру деңгейін төмендетеді. Қолданыстағы жобалар көбіне тек мемлекеттік тапсырыстарға негізделіп, ұзақмерзімді зерттеулерді қамтымайды.
Шешу жолдары:
Исламтану ғылымы жоғары деңгейде қолдауды керек етеді. Оның негізгі шарттары:
– Исламтану бағдарламалары үшін мақсатты гранттарды көбейту және олардың сапасын арттыру.
– Исламтану бағдарламаларын әлеуметтану, мәдениеттану, құқық және психология пәндерімен толықтыру.
– Радикализм мен экстремизмге қарсы пәнаралық тәсілдерді қолданатын сарапшылар даярлау.
– Исламтанушыларды шетелдік ислам зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өткізу.
–Шетелдік сарапшыларды Қазақстанға шақырып, жергілікті исламтанушыларды оқыту.
– Исламтану саласындағы зерттеулер үшін сандық технологиялар мен деректер базаларын қолдануды арттыру.
–Халықаралық исламтану орталықтарымен әріптестікті кеңейту.
– Қазақстандық зерттеушілерді шетелде тағылымдамадан өткізу арқылы біліктілігін арттыру.
Темур АМАНҚҰЛ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
дінтану және мәдениеттану
кафедрасының аға оқытушысы, PhD

542 рет
көрсетілді0
пікір