- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
«ҒЫЛЫМДАҒЫ БАЛАЛАР» – БОЛАШАҚ ҒЫЛЫМИ КАДР

Бүкіл ғылыми жетістіктердің бастауы балалық шақтағы армандардан негіз алады. Өскенде ғалым болсам, адамдарға пайда тигізетін ғылыми жаңалық ашсам деген бала арманға қанат бітірсе, алмайтын қамалы жоқ. Көптеген атақты ғалымдар өз идеяларының мектепте оқып жүрген кезінде келгенін, содан шабыт алғанын, ғылым жолына түскенін айтады. Қазір мектепте білім алып жүрген жеткіншектердің арасында ғалым болуды армандайтыны аз емес. Оларға тиісінше бағыт-бағдар беріп, ғылым жолына жетелеу керек.
Болашақ ғылыми кадрлар мектеп партасында отырған балалардан шығады. Оқушыларды ғылымға баулып жүрген белгілі тәлімгер Ләззат Құсайынованың «Ғылымдағы балалар» жобасы аясында тұрақты түрде өтіп жүрген ғылыми лагерьге келген балалар да болашақта ғалым болуды армандайды. Қысқы демалыстың бір күнін олар Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтында өткізіп, нағыз ғылыми ортамен танысты.
Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығының (International Centre for Scientific Collaborations) президенті, Бүкіләлемдік ғылыми сауаттылық ұйымы даярлық комитетінің (Бейжің, ҚХР) мүшесі, BRISEC Халықаралық ғылыми-білім беру консорциумының және ECOSF Халықаралық консультативтік кеңесінің мүшесі Ләззат Құсайынова – білім-ғылым саласында нақты нәтижелерге жеткен тәжірибелі маман. Ләззат Абайқызының айтуынша, ғылым саласындағы іс-шаралардың арасында қоғамда ғылыми сауаттылықты арттыру, ғылыми білімдерді тарату және ғылымды насихаттаудың орны бөлек. Ғылыми сауатты дамытумен қатар, жастардың интеллектуалдық және шығармашылық еңбегін қолдау, құрметтей білу керек, сонда олар өздерінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндік алады. Ғылыми сауаттылық пен академиялық адалдық қағидаларына қол жеткізбейінше, сапалы ғылым қалыптастыру, оның беделін көтеру мүмкін емес. Сапалы ғылым ғана нақты нәтиже береді.
Ләззат Абайқызының өз бастамасымен құрылған Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы 2017 жылдан бері «Ғылымдағы балалар» жобасын іске асырып келеді. «Жобаның мақсаты – ғылымды насихаттау, жасөспірімдердің (оқушылардың) ғылыми қабілетін шыңдау арқылы Қазақстанда ғылыми білімді дамыту, сондай-ақ қазақстандық оқушыларды шетелдегі халықаралық конкурстарға даярлау (Индонезия, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тунис және т.б.). Біз балалардың шығармашылығын, жобалық, ғылыми, инновациялық ізденістерге қызығушылығын қолдау, ғылыми білімді тарату бағытында жұмыс істейміз. Біздің жобаларымыз бастауыш сынып оқушыларынан бастап мектеп мұғалімдеріне дейін қамтиды. Сондай-ақ оқушылар үшін арнайы әзірленген «Жасөспірімдердің зияткерлік меншік құқығы» атты авторлық бағдарламамыз бар. Біздің балалар зерттеу және жоба әзірлеумен айналысады, зияткерлік меншік құқығы бойынша базалық білім алады. Бұл олардың ғылыми әзірлемелерін қорғау, өзгелердің идеяларын көшірмеу үшін қажет. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығымыз қазіргі уақытта Италияның Триеста қаласында орналасқан IAP SEP Жаһандық ғылыми білім кеңесінің мүшесі болып саналады», – дейді Ләззат Құсайынова.
Халықаралық ұйымдарға мүшелік не береді дегенге келсек, Ләззат Абайқызының айтуынша, бұл ең алдымен қазақстандық оқушылардың халықаралық конкурстарға қатысуына берілген мүмкіндік. Мысалы, қазіргі күнге дейін талантты балалар Қытайда, Оңтүстік Кореяда, Малайзияда, Тунисте, Түркияда өткен байқауларға қатысып, білімін дәлелдеген және жүлделі орындарды иемденген.
Ғылым қолжетімді болуға тиіс
«Ғылымдағы балалар» жобасы алғаш рет 2017 жылы басталды, қазақстандық оқушылар 2018 жылдан бері халықаралық ғылыми конкурстарға қатысып келеді. Оқушыларды Ғылыми лагерь бағдарламасы бойынша даярлау 2022 жылдан бастап қолға алынған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар сауықтыру орталығында әрі демалады, әрі ғылыми білім алады. 2023-24 жылдары ғылыми лагерь жылына екі рет, көктемгі және жазғы каникул кездерінде ұйымдастырылды. Ал биыл қаңтар, наурыз және шілде айларында үш рет өткізіледі, өйткені түрлі өңірлерден ғылыми білім алуға ынталы балалар саны көбейіп келеді.
Айта кетерлігі, «Ғылымдағы балалар» жобасын мемлекет қаржыландырмайды, лагерь шығынын және шетелдегі конкурсқа бару-келу қаражатын негізінен балалардың ата-анасы төлейді. Әр сессияда түрлі саланың ғалымдары келіп, балаларға дәріс оқиды. Мысалы, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты – «Ғылымдағы балалар» жобасының тұрақты серіктесі. Институт ғалымдары – Айжан Чадинова, Нұржан Мұхамадиев, Алексей Никоноров ғылыми лагерьде қызықты дәрістер өткізіп жүр.
Лагерьге қатысатын оқушылар ғылымның бірнеше бағыты: биология, медицина, жаңа технологиялар, астрофизика және т.б. бойынша ғылыми жобалар әзірлейді, сессия соңына қарай оны толықтай аяқтап шығады. Идея түрінде келген әр жобаны балалар ұстаздарымен бірге талқылап, толықтырады. Мысалы, астаналық Әділхан Мұсылманқұловтың аутизммен туған балаларды әлеуметтендіруге арналған авторлық бағдарламасы бар. Ол осы жобасын ғылыми лагерьде одан әрі жетілдіріп, Астана қаласында жеке орталық ашуға дейін қол жеткізді.
«Ғылымдағы балалар» жобасының «Академиялық жазба» курсында балалар ғылыми мақала жазудың қыр-сырын, шетелдік журналдарда мақала жариялаудың негіздерін үйренеді. Осылайша олар ғылыми мәтіндерді оқуға, түсінуге және жазуға мүмкіндік беретін тілдік құзіреттілікке ие болады. Бұл дәрістерді Экономика институтының жетекші ғылыми қызметкері Гүлназ Әлібекова жүргізеді. Ал Ләззат Құсайынова әр сессия сайын өзінің «Интеллектуалдық меншік құқығы» атты авторлық курсын жүргізеді.
«Ғылымдағы балалар» жобасының жетістіктері қомақты. Жыл сайын балалар халықаралық ғылыми конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Бірқатар түлектер беделді университеттерге түсіп, оқуын жалғастыруда.
– Ғылыми жобаны 2017 жылы бір баламен бастаған едік. Осы уақытқа дейін жоба бойынша 225 оқушы білім алды, олардың екеуі қырғыз оқушысы. Қалған балалар Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей қалаларынан келді. Биыл Атырау қаласынан келіп қосылған оқушы бар. Ауыл мектептерінде оқитын балалар да қызығушылық танытып, лагерьде білім алып кетті. Мұнда оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын әзірлеп, жаңа машық-дағдыларды үйренеді. Мысалы, бізде білім алған Темірлан Марат есімді оқушы Индонезияда өткен Инновациялар мен өнертабыстарды қолдау қауымдастығы (INNOPA) ұйымдастырған конкурста алтын медаль алды. Темірланның ғылыми кеңесшісі Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ Басқарма басшысының орынбасары Жан Ниязбеков болды. Тағы бір жетістігіміз – шымкенттік 11 сынып оқушысы Әмина Сәулембек Малайзия астанасы Куала Лумпур қаласында өткен KLESF (Kuala Lumpur Engineering Science Fair) ғылыми жобалар көрмесінде қола жүлдеге ие болды, – дейді Ләззат Абайқызы.
Ғылыми жоба аясында білім алып, даярлық жасаудың арқасында 16 бала шетелдік конкурстарға қатысып, 15 медаль иеленген. Оның төртеуі алтын медаль. Жылдан-жылға ғылыми лагерьге қатысуға тілек білдірушілер де, шетелдік конкурстарға қатысушылар саны да артып келеді. Бұдан бөлек, оқушыларға – шетелдік ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына арналған Халықаралық ғылыми форум ұйымдастырылады. Бұл форум дарынды оқушылардың өзара сұхбат алаңына айналып та үлгерді. 2024 жылы сәуір айында өткен ғылыми форумға 800 бала қатысты. Форум Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және Әділет министрі Азамат Есқараевтың қатысуымен Президент орталығында өтті. Биыл көктемде өтетін форумға шетелдік әріптестер де қызығушылық танытып отыр екен.
«Ғылым қолжетімді болуға тиіс. Іргелі ғылыми білімсіз мемлекет дамымайды, академиялық білімсіз ғылым дамымайды. Біз бұны жақсы білеміз. Ғылымға қызығатын жастар көбейіп келе жатқанына қуанамыз. Балалар ғылыми мекемелердің қалай жұмыс істейтінін, зертхана қандай болатынын көріп, иісін сезінуі керек», – деді Л.Құсайынова. Сондықтан да ғылыми лагерь бағдарламасының басты бөлігі ғалымдардың дәрістері мен тренингтерінен құралуы бекер емес. Әдетте дәріс өткізетін ғалымдар Түрген ауылындағы ғылыми лагерьге өздері келеді. Бұл жолы болашақ ғалымдар ғылыми-зерттеу институтына жол тартып, мұндай ортаны өз көзімен көрді.
Ғылымға құштар балаларға есігі ашық институт
Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және өсімдік карантині ғылыми-зерттеу институты – еліміздегі іргелі ғылыми мекемелердің бірі. Балалармен кездесуде институт директоры Бақытжан Дүйсембеков өсімдіктерді қорғау және карантин саласындағы ғылыми зерттеулердің ел қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап айтты. 1958 жылы құрылған ҒЗИ өсімдік қорғау саласындағы жалғыз мамандандырылған институт болып есептеледі. ҒЗИ республикамыздағы өсімдік қорғау және карантин саласындағы ғылыми-әдістемелік қызметті қамтамасыз ету, фитосанитарлық қауіпсіздік, зиянкес жәндіктермен күресудің әдіс-тәсілдерін әзірлеу, ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау ісімен айналысады.
– Өсімдік қорғау дегеніміз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экология, адам денсаулығы және басқа салалармен тығыз байланысты. Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттың қауіпсіздігі. Мәдени дақылдарды қорғауға қатысты шаралар дұрыс жүргізілмесе, олардан айырыламыз. Біздің мамандар өсімдіктің дәрігері тәрізді қызмет атқарады. Мысалы арамшөптер мен зиянкес жәндіктер – мәдени дақылдардың жауы, олар паразит секілді топырақтағы пайдалы заттарды, ылғалды сіңіріп алады, сөйтіп астыққа орасан зор зиян келтіреді. Арамшөп көбейсе дақылдардың өнімділігі төмендейді, астық көлемі азаяды. Тыңайтқышты да дұрыстап пайдаланбаса зиян. Бірақ арамшөптермен күрескен кезде табиғатқа зиян тигізбеу керек. Ол үшін өсімдіктерді биологиялық құралдармен қорғау жұмысы жүргізіледі. Сондықтан да ауыл шаруашылығы мамандары өсімдік қорғау саласындағы ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Міне, біздің мамандығымыз осындай жан-жақты, – деді Бақытжан Әлішерұлы.
Институт басшысы айтқандай, қазір әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Қоршаған ортаның ластануы, топырақ қабатының құнарын жоғалтуы, жылдар бойы табиғатты аяусыз пайдалану, климаттың өзгеруі және басқа ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына елеулі ықпал етіп отыр. Экологияның нашарлауы және климаттың өзгеруі жағдайында мәдени дақылдарды өсіру және олардан өнім алу қиындайды.
«Ауыл шаруашылығы – халықты тағаммен қамтамасыз ететін сала, таза тамақ – адам денсаулығының кепілі, – дейді Бақытжан Әлішерұлы. – Қазір тағам өнімдерінен көптеген аурулар шығып жатыр. «Ауру – астан» деп халқымыз тегін айтпаған. Өйткені мәдени дақылдардың құрамында ауыр металдар, түрлі микотоксиндер, пестицидтер, тыңайтқыш құрамында болатын нитраттар мен нитриттер бар. Кейбір фермерлер технологияны сақтамайды, тыңайтқышты көп берсем, өнімді көп аламын деп ойлайды. Өсімдік жылдам өскен кезде оның иммундық жүйесіне зақым келеді, түрлі ауруларға душар болады. Сол себепті өсімдік ауруларын зерттеу, зиянкестерге қарсы күресу – ғалымдардың міндеті. Біздің мамандар түрлі дақылдардың жаңа сұрыптарын әзірлеуге де қатысады, яғни өсімдіктің иммунологиялық бағасын береді, қандай ауру түріне төтеп беретінін анықтайды. Бұл өте сан салалы, өте маңызды ғылым саласы. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) есебінше, әлемде зиянды организмдердің кесірінен жыл сайын астықтың 40%-ы жойылады екен. Олармен күрес орасан зор қаржыны қажет етеді. Мысалы, Түркия жыл сайын мәдени дақылдарды зиянкестерден қорғауға 200 миллион АҚШ долларын жұмсайды. Егер өсімдік қорғау саласының мамандары болмаса, біз бүкіл астықтан айырыламыз», – дей келе, ҒЗИ басшысы балаларға биолог, микробиолог ғалымдар жұмысының маңызын түсіндіріп берді.
Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда зиянды организмдердің жүз шақты түрі бар, арамшөптің 120 түрі бар. Ауыл шаруашылық дақылдарына 70 түрлі ауру зиян тигізеді. Мысалы, бір ғана мәрмәр қандала деген зиянкес 300-ден аса ауыл шаруашылығы дақылын зақымдайды. Оның бәрімен күресетін маман – биолог ғалымдар. Алайда, бұл салада білікті маман жетіспейді. Сондықтан да институт ғалымдары колледж, мектеп оқушыларымен кездесу, дәріс оқу, ғылымға қызығушылығын туғызу, ғылымды насихаттау сынды іс-шаралармен де айналысады.
Зертхана – зерттеу алаңы
Директор бастаған ғалымдар бұдан кейін балаларды зертханаларға бастады. Ең алдымен есігін ашқан энтомология зертханасының негізгі міндеті – зиянкестерді идентификациялау, анықтау. Мұнда ғалымдар дәстүрлі тәсілмен және заманауи құралдармен жұмыс істейді. Бұдан кейін биологтардың тұжырымы келесі зертханаға беріліп, өсімдікті емдеу тәсілдерін іздестірумен жалғасады. Ғалымдардың ұсынысы ауыл шаруашылығында нақты қолданысқа енгізіледі, сөйтіп диқандар мәдени дақылды қорғауға кіріседі.
Бактериология және вирусология зертханасы өсімдік ауруларын анықтайды. Қысқы уақытта ғалымдар фитоэкспертизамен айналысады. Яғни жыл сайын көктемгі егіске дайындалған шаруалар түрлі дақылдардың тұқымын, өнгіштігін тексертіп алады. Энтомология зертханасы зиянкестерді зерттесе, гербология зертханасы дақылдар мен арамшөптердің тұқымдарын анықтайды. Бактериология зертханасы заманауи құралдармен жабдықталған, оның ішінде климокамера, центрифуга және басқа жабдықтар бар.
Молекулярлық генетика және биохимия зертханасы өсімдіктердің ДНҚ-сы мен РНҚ-сы негізінде зиянды организмдерді анықтаумен айналысады. Мұнда заманауи жабдықтар арқылы бидай, күріш пен арпа тұқымдарына ПЦР жасалады, дәл диагностика мен дәл идентификация жүргізіледі. Сондай-ақ мұнда ауыл шаруашылығы дақылдарының арасындағы гендік-модификацияланған организмдерді (ГМО) анықтауға болады. Балалар зертхана қызметкері Альнура Тұрсыноваға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғалымдардың қызметімен жете танысты.
Айта кетерлігі, Молекулярлық генетика және биохимия зертханасына талдау жасатуға көбінесе шетелдіктер қызығады екен. Біздің фермерлер өздері өсіретін мәдени дақылдар тұқымдарының ГМО еместігін анықтауға аса мән бермейді, – дейді зертхана қызметкері А.Тұрсынова.
Бұдан кейін оқушылар институт жылыжайын – Орман және жасыл өсімдіктерді қорғау зертханасын аралап көрді. Мұнда түрлі жемістердің тұқымдары, гүлдер мен көкөністер өсіріледі. Институт ғалымдары қазіргі таңда жойылып бара жатқан терек және тораңғы ағаштарының тұқымдарын өсірумен айналысып жатыр. Жылыжай Ғылым қорының қаржысына салынған, заманауи құралдармен және әдіс-тәсілдермен тәжірибе жұмыстары жүргізіледі. Тораңғы – Қызыл кітапқа кірген өте бағалы ағаш.
Пестицидтер токсикологиясы зертханасы – ауыл шаруашылығы дақылдарын қолданған кезде ауыр салдарды болдырмау бағытындағы экологиялық зерттеулер жүргізетін ауқымды бөлім. Зертхана меңгерушісі Гүлнисам Рвайдарова мұнда тұқымдар мен жеміс-көкөніс үлгілері зерттеліп, пестицидтер мен нитраттар бар-жоғы анықталады дейді.
– Халық қандай өнімдерді тұтынады, немен тамақтанып жүр, бұл көпшілікті алаңдататын сұрақ. Кейбір фермерлер зиянкестермен күресеміз, көп өнім аламыз деп пестицидтерді қалай болса солай шаша береді, бұл қате. Рұқсат етілген норма бар, егер препараттарды дұрыс қолданса, ол жеміс піскенге дейін ыдырап үлгереді. Сондықтан ғалымдар ұсынған технологияны сақтау керек, – деп түсіндірді Бақытжан Әлішерұлы.
Зертхана меңгерушісі Гүлнисам Рвайдарованың айтуынша, қазір шетелден келетін алмаларда пестицид көп. Ал елімізде өсетін қауын-қарбызда нитраттар көп кездеседі. Технология сақталмай өсірілген жеміс шіриді, шіріген жемісте патогенді организмдер пайда болады, олардан бөлінген микотоксиндер адам ағзасына кері әсер етеді. Микотоксиндер – зең саңырауқұлақтарының кейбір түрінде болатын табиғи текті улы заттар. Мысалы, ботулизм, улану осы саңырауқұлақтардан болады.
Бұл зертханада өсімдік құрамындағы мырыш, кобальт, мыс және қорғасын сияқты ауыр металдар да анықталады, олар мөлшерден асып кетсе жеміс жеуге жарамсыз деген сөз. Әр жеміс-көкөністің құрамындағы нитраттар мен ауыр металдар санитарлық нормадан аспауға тиіс.
Ғылыми лагерь оқушылары институттың басқа да зертханаларын аралап, өсімдік қорғау, аурулармен, зиянкестермен күресудің әдіс-тәсілдерімен танысты. Келесі кезекте оқушылар Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесіне қатысып, ғалымдардың зерттеулері жайында ақпарат алды және өздерінің жобалары туралы айтып берді. Институт басшысы Б.Дүйсембеков ғылыми мекеменің бағыт-бағдары туралы айта келе, осы салаға қызығатын жастардың жобаларына қолдау көрсететінін жеткізді. Мысалы Индонезияда өткен ғылыми конкурс жеңімпазы Темірлан Марат осы институт ғалымы Жан Ниязбековтің тікелей басшылығымен жүзеге асырған жобасын қорғап, алтын медаль алған болатын. Кеңес барысында ғалымдар өздері айналысып жүрген жобалары бойынша жеткен нәтижелерін баяндады, оқушылардың сауалдарына жауап берді.
Осылайша, ғылыми лагерьге қатысушы балалардың бір күні нағыз ғылыми ортада – Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының қабырғасында өтті. Институттағы қызықты кездесу соңында Ләззат Абайқызы оқушылардың ғылыми мекемені көздерімен көргені бөлек екенін айтып, ғалымдарға алғысын жеткізді. Бүгінгі мектеп партасында отырған балаларды ғылымға қызықтыру ертеңгі ғылыми кадрды даярлаудың бір бағыты екені белгілі. «Ғылымдағы балалар» жобасына қатысып жүрген балалардың барлығы ғалым болып кете қоймас, бірақ осы білім, осы машықтар олардың өмірінде кәдеге жарайтыны сөзсіз. Ғылыми сауатты әрбір адам өмірден өз орнын табады.
Дина ИМАМБАЙ

746 рет
көрсетілді0
пікір