- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
Сусамыр: Дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері

Қазақстанда 505 мыңнан астам адам қант диабетіне шалдыққан. Республика бойынша күніне шамамен 100 жаңа пациент тіркеледі. Мұндай мәліметті «Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамы» қоғамдық қоры таратты.
Сусамыр сырқатын бақылау ауруды басқару, ауру туралы хабардар болу, диабетпен өмір сүру негіздерін және көмірсулар алмасуын өтеу деңгейін түсіну секілді негізгі әдістерге байланысты. Өкінішке қарай, диабетпен ауыратын қазақстандықтардың тек 30% ғана өз ауруын басқара алады.
«Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамы» қоғамдық қоры «Қазақстан Республикасындағы қант диабеті: пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері» атты жиын өткізіп, БАҚ өкілдерін осы мәселемен тереңірек таныстырды.
Осы жиында айтылған мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасында бұл топтағы адамдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету толығымен тегін. Оған жұмсалатын шығын 45 миллиард теңгеден асады немесе елдегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бюджетінің 27,1% құрайды. Бұл онкологиялық ауруларға, сирек кездесетін ауруларға және жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларына жұмсалатын шығындардан асып түседі.
«Қазақстандық диабетті зерттеу қоғамы» ҚҚ-ы 2020 жылы Қазақстан Республикасындағы қант диабетіне жұмсалатын қаржы сомасын зерттеп, оның тікелей, жанама және қосымша шығындарды қоса алғанда 1 миллиард АҚШ долларды құрайтынын анықтаған.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі АДҚ (Амбулаторлық дәрілермен қамту)-ны оңтайландырудың әртүрлі модельдерін қарастыруда. Осыған орай «Қазақстанның диабетті зерттеу қоғамы» ҚҚ-ы серіктестерімен бірге «Қазақстан Республикасында қант диабеті бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің оңтайлы моделін әзірлеу» бойынша зерттеу жүргізген екен. Зерттеу нәтижелерін баспасөз мәслихатында «Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамы» қоғамдық қорының президенті Жанай Ақанов таныстырды.
– Дәрілік заттарды тиімсіз пайдалану айтарлықтай көп (23,3%) болып, ол бюджетке айтарлықтай шығын келтіреді (10 миллиард теңгеден астам);
– Балалар мен жасөспірімдерге арналған инсулиндік помпа бағдарламасы толығымен ашық емес, нақты деректер мен бағдарлама әкімшілігі жоқ. АДҚ-дың шығындар құрылымында бұл бағдарламаға кеткен шығын 9 миллиард теңгеге жуықтайды.
– Қазақстанда қант диабеті салдарынан аяқты жоғары ампутациялау (1894) және оның бөліктерін ампутациялау (жылына 16000-ға дейін) саны тым жоғары. 20 миллион халқы бар ел үшін 5 жоғары (сан) ампутация жасалуы жақсы көрсеткіш емес. Жоғары ампутация жасалған адамдар арасында 5 жылға дейін өмір сүру көрсеткіші 24%, яғни төмен болғаны, елде диабеттік аяқ синдромы мен аяқ ампутациясының алдын алу шаралары жоқ екенін нақтылайды.
– Гемодиализге тәуелді барлық пациенттердің 49%-ы қант диабетімен ауыратындар. Бір пациенттің гемодиализбен емделу шығыны жылына 5 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар, 2023 жылы жан басына шаққандағы медициналық қызметтер құны 379 АҚШ долларды құраса, диализдегі бір пациентке 10 000 АҚШ долларынан асып түскен;
– Көздің көру қабілетінің нашарлау себептерінің ішінде диабеттік ретинопатия катаракта, глаукома және көз жарақаттарынан кейін 4-ші орында тұр. Сауалнамаға қатысқандардың тек 13,4%-ы ғана диабеттік ретинопатия қант диабеті асқынғанда болатынын біледі, ал ДР-ның дамуы туралы хабардар болған диабетпен ауыратындардың 12,7%-ы оның көздің мүлде көрмей қалуына душар ететінін білмейді. Қант диабетімен ауыратындардың 44,2%-ы сырқатқа шалдыққан 10 жыл ішінде офтальмологқа бірде-бір рет көрінбеген;
– Қазақстанда қант диабеті мен ЖҚЖ (жүйелі қызыл жегі) диагнозы қойылған пациенттердің саны бойынша нақты статистика, таралуы мен өлім-жітімі бойынша деректер жоқ;
– Қазақстанда пациенттерді инсулин препараттарымен және олардың биосимилярымен қамтамасыз ету саласында түсінікті саясат қалыптастыру қажет. Пациенттерді бір инсулин/биосимиляр түрінен екіншісіне ауыстырудың нақты көрсеткіштерін анықтау керек. Дәл осындай саясат дженерик (бренд препараттарға балама дәрі-дәрмек) препараттарға да қатысты болуы қажет;
– Қазақстанда пациенттің АГП (Ауызша гипогликемиялық препараттар) -тен инсулин терапиясына өту уақыты 6-8 жылды құрайды, бұл, сөзсіз, популяциядағы инсулинизация деңгейіне әсер етеді. Бұл процесті ЭЫДҰ елдерінде 13-15 жыл алады. ПСС тиімді пайдаланудың саясаты ЕО елдеріне қант диабетімен күреске бөлінген ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің бюджетінің 2-5% дейін үнемдеуге мүмкіндік береді;
– Қазақстанда қант диабеті мен оның асқынуларының эпидемиологиялық деректерін ескере отырып, диабетология қызметін дамыту қажет. Осы мақсатқа қол жеткізуге арналған негізгі құрал – Эндокринология және метаболизм бойынша ғылыми орталық және Қазақстан Республикасында қант диабетімен күрес бойынша ұлттық бағдарлама құру.«Қазақстанның диабетті зерттеу қоғамы» ҚҚ-ы өткізген жиында елдегі қант диабетіне байланысты осы жайттар айтылды.
Біз осы орайда «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ» Эндокринология кафедрасының меңгерушісі Лаура Бақытжанқызына бірқатар сауал жолдадық.
Кешенді алдын алу шаралары сырқат санын азайтуға жол ашады
– Сусамыр сырқатына шалдыққан жандар үшін қазір ең үлкен мәселе қандай?
– Қант диабетімен ауыратын адамдарға қатысты өзекті мәселе –қандағы глюкозаны дұрыс бақыламау, бұл оның одан әрі асқынып, одан басқа да созылмалы сырқаттарға (диабеттік ретинопатия, нефропатия, нейропатия, жүрек-қан тамырлары аурулары) шалдықтырып, өмір сапасының төмендеуіне әкеп соғады.
– Эндокринолог мамандар бұл сырқатты емдеуде немесе алдын алуда ең бірінші қандай мәселемен бетпе-бет келеді?
– Эндокринологтар диабетті емдеуде бірінші кезекте гликемияны бақылау, яғни қандағы қант деңгейін нысаналы мәндер шегінде ұстауға жіті көңіл бөледі. Алайда, мұнда комплаенс проблемалары көп. Ол дегеніміз, пациенттер көбінесе тамақтану, дәрі-дәрмек және физикалық белсенділік тәртібін бұзады.
Мамандар бетпе-бет келетін тағы бір мәселе қант диабетіне шалдыққан адамдарда ілеспе аурулар (артериялық гипертензия, дислипидемия, семіздік, нефропатия) жиі кездеседі. Біз маман ретінде тек қант диабетімен қатар осы сырқаттарды жіті бақылауға міндеттіміз.
Қант диабетінің асқыну қаупі – микроваскулярлық (ретинопатия, нефропатия, нейропатия) және макроваскулярлық (инфаркт, инсульт) болып бөлінеді.
Осы жайттардың барлығын ескеріп, мамандар әр сырқатқа жеке терапия жүргізеді. Пациенттің жасын, ілеспе ауруларды және науқас ағзасының ерекшеліктерін ескере отырып емдеу жолын таңдайды.
Ем-домнан нәтиже шығу үшін емдеу кешенді түрде жүргізіліп, оған пациент міндетті түрде мұқият қатысуы керек.
– Қазір қант диабетіне шалдыққан балалар мен жасөспірімдер помпа қолданатыны белгілі. Ол қаншалықты тиімді? Оны қолдану жолында қандай да бір кедергі немесе түзету қажет тұстар анықталды ма?
– Балалар мен жасөспірімдерде помпалық инсулин терапиясын қолданудың бірнеше артықшылығы бар:
– Гликемиялық бақылауды жақсарту: инсулинді үздіксіз жеткізу және дозалау икемділігі арқылы қандағы қанттың тұрақты деңгейі. Бұл гипо және гипергликемия қаупін азайтады;
– Қандағы қант мөлшерін бақылауды жеңілдету, бұл әсіресе белсенді балалар мен жасөспірімдер үшін өте маңызды. Аз инъекция процесі денені аз жарақаттайды;
– Тамақтану және белсенділік икемділігі: инсулин режимін физикалық белсенділік және дұрыс тамақтанбау сияқты жеке қажеттіліктерге бейімдеу мүмкіндігі;
– Асқынулардың алдын алу: ұзақ уақыт қолдану метаболикалық бақылауды жақсартады, бұл қант диабетінің асқыну қаупін азайтады.
Алайда помпа арқылы инсулин қабылдаудың құрылғы мен техникалық қызмет көрсетудің қымбат тұруы, науқас пен отбасы мүшелерін оқытуды қажет ететін, техникалық ақаулар қауіпі секілді кемшіліктері де бар.
– Қант диабетімен ауыратын қазақстандықтардың 22 пайызы ғана өз ауруын бақылай алады деген статистика айтылады. Өз ауруын бақылау дегенді анығырақ түсіндіріп бересіз бе?
– Бағана айтқанымдай сырқатқа шалдыққан жандар мамандар бекіткен негізгі нұсқаулықтарды мұқият ұстанса ағзасындағы қантты бақылай алады, яғни сырқатының беталасын бақылайды.
Тамақтану: көкөністерге, ақуыздар мен дәнді дақылдарға баса назар аудара отырып, қант пен қарапайым көмірсулардың теңдестірілген диетасын ұстау.
Дене белсенділігі: тұрақты жаттығулар (күніне 30 минут, аптасына 5 күн) глюкоза деңгейін бақылауға көмектеседі.
Глюкозаны бақылау: қандағы қант деңгейін глюкометрмен үнемі өлшеу.
Дәрі-дәрмектерді қабылдау: дәрігердің тағайындауларын дәл орындау (инсулин немесе қантты төмендететін дәрілер).
Салмақты бақылау: салмақты азайту және сақтау қант диабетін бақылауды жақсартады.
Асқынулардың алдын алу: дәрігердің тұрақты тексерулері, қан қысымын, холестеринді және аяқтың күйін бақылау.
Білім: Сырқат туралы жан-жақты ақпарат алу, түсіну және өзін-өзі бақылау дағдыларын үйрену. Бұл шаралар асқыну қаупін азайтуға және өмір сапасын бір қалыпты ұстауға көмектестеседі.
– Бұл сырқатты емдеуге бөлінетін қаржы онкологиялық ауруларға бөлінетін қаржыдан көп екен. Бұл елімізде осы сырқатқа шалдыққандар көп екенін білдіреді ғой. Оны азайту үшін алдын алу керек екені белгілі. Ол қалай жүзеге асқаны жөн деп ойлайсыз?
– 1 типті қант диабеті – абсолютті инсулин тапшылығы бар аутоиммунды ауру екенін түсіну маңызды. Қант диабетінің бұл түрі тұрақты инсулин терапиясын қажет етеді.
Ал, 2 типтегі қант диабетіне келсек, алдын алуға арналған кешенді шаралар мұқият атқарылса сырқатқа шалдыққандар саны азаюы мүмкін.
Алдын алу шаралары дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және жаман әдеттерден бас тартуды қоса алғанда, салауатты өмір салтын ұстануға негізделеді.
Ерте анықтау да бұл сырқаттың бетін қайтарудың бір жолы. Ол үшін, яғни предиабет пен қауіп факторларын уақытылы анықтау үшін скринингтік бағдарламалар жүргізу, одан уақытында өту аса маңызды.
Халыққа білім беру, яғни қант диабеті, оның белгілері және алдын алу әдістері туралы анық әрі жиі ақпарат тарату. Медицинаның қолжетімділігі: эндокринологиялық көмек пен дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Бұл айтқандардың барлығы еліміздің денсаулық сақтау саясатына негізделеді. Осының негізінде Қазақстанда қант диабетін емдеу, зерттеулер мен инновацияларды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда.
– ТМД елдерімен салыстырғанда бізде бұл сырқатқа шалдыққандар саны көп пе аз ба?
– Қазақстанда 2 типті қант диабетіне шалдыққандар саны айтарлықтай жоғары, бірақ Ресей мен Өзбекстан сияқты басқа ТМД елдерінде науқастардың саны әлдеқайда жоғары. Бұл ондағы халық санының көптігіне және физикалық белсенділіктің төмендігі, дұрыс тамақтанбау және семіздік секілді өзара ұқсас қауіп факторларына байланысты.
– Елімізде инсулин өндіріле ме?
– Қазақстанда инсулин өндірісі қолға алынған. 2020 жылдан бері Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚФК) Санкт-Петербургтегі Герофарм компаниясымен бірлесіп гларгин инсулинін шығара бастады.
– Мәліметі мол сұхбатыңызға рақмет!
Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА
«Aqiqat»

637 рет
көрсетілді0
пікір