- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
Экологиялық сауат және география

Қоршаған орта жағдайының ғаламдық және аймақтық деңгейде күрделі сипат алуы нақты іс-шаралар кешенін жүргізуді қажет етеді. Табиғи экожүйенің бүлінуі, атмосфераның, су көздерінің ластануы, биологиялық әралуандылықтың азаюы және басқа мәселелерді шешу үшін бүкіл халық жұмылуға тиіс. Осы мақсатта қолға алынған «Таза Қазақстан» бастамасы – еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Бастаманың ауқымы өте кең және жан-жақты қолдау тауып жатыр. Соның ішінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, мектеп оқушыларын табиғатты аялауға баулудың маңызы ерекше.
«Таза Қазақстан» акциясы бір реттік шара емес, мемлекеттің қолдауымен, азаматтық қоғамның қатысуымен жүргізілетін тұрақты әрекеттер жиынтығы екен белгілі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ерекше маңыздылығын айта келе, «Біз Қазақстанға қамқорлық жасауымыз керек – бұл өмір салтына айналуға тиіс. Бүкіл Қазақстан таза болуы керек, бұл бізге және жастарға байланысты» деген болатын. Өзі өмір сүріп отырған ортаға жанашырлық, жауапкершілік қасиеті адамның жас кезінен бастап қалыптасады. Сондықтан да мектептегі география пәні беретін білімнің рөлі зор. Мектеп бағдарламасында экология жеке өткізілмейтіндіктен, бұл міндет география пәні аясында іске асырылады.
Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, мектептегі география оқулықтарының авторы Ұлжалғас Есназарованың айтуынша, мектептегі география курсында оқушыларға Қазақстан табиғатының әсем әрі алуан түрлілігі, қазба байлықтарға аса бай мекен екені оқытып-үйретіледі. «География пәнінің міндеті – осындай табиғи байлықтың елдің экономикалық әлеуетінің артуына тікелей әсері бар екенін түсіндіре отырып, экологиялық мәдениет қалыптастыру. Қазақстанның географиясын оқыту барысында еліміздің табиғат жағдайлары мен ресурстарының рөлін талдау маңызды. Балалар туған жерінің, өзі тұратын өлкенің географиялық ерекшелігі, табиғаты мен байлығы туралы ақпаратты біліп өсуі керек. Сонда олардың бойында өз Отанына құрмет сезімі қалыптасады. Мектепте экологиялық тәрбие беру география пәнін оқытумен ұштастыра жүргізіледі. Әрине, экологиялық білім көптеген пәндердің: дүниетану, биология, химия және басқа пәндердің құрамында бар. Алайда мектептегі география басқа пәндермен салыстырғанда қоршаған ортамен тікелей байланысты. Бұл пәнде экология мәселелері үш деңгейде: жаһандық, өңірлік және жергілікті, яғни өлкетану деңгейінде қарастырылады. Бастауыш сыныптарда балалар жалпы табиғат туралы білім алса, ортаңғы сыныптарда адам-табиғат қатынасының күрделі екенін, экологиялық мәселелердің неден туындайтынын түсініп, өз ойы қалыптасады. Жоғарғы сыныптарда шаруашылық пен экономиканың түрлі салаларын, адамның іс-әрекетін талдау, салыстыру негізінде проблемалардың себептерін анықтау, оларды шешу жолдары сияқты білімдерді игереді. Мұғалімдер әрбір сабақта экология тақырыбын қозғауға тиіс. Біртіндеп оқушылардың бойында экологиялық мәдениет қалыптаса бастайды, мектеп бітіргенде олар осы жағынан сауатты тұлға болып шығады», – дейді Ұлжалғас Әмзеқызы.
Ұстаздың айтқанындай, расымен де мектеп мұғалімдерінің экологиялық мәдениет қалыптастырудағы рөлі айрықша. Әр пәнді қызықты етіп және қоршаған ортаның хал-жағдайы туралы ақпаратпен үйлестіре жүргізу балалардың санасына әсер ететіні сөзсіз. Әрбір адамның оңды іс-әрекеті қоршаған ортаға пайдасын тигізсе, керісінше, теріс әрекетінен табиғат зардап шегеді. Сондықтан да табиғатқа жанашырлықпен қарау, дұрыс мінез-құлықты дамыту бала кездегі тәрбие мен білімге байланысты. Мысалы балалар адамдардың айналаға қоқыс тастауына сыни көзбен қарап, ол әрекетті қайталамаса, өзі құралпы балалардың теріс әрекетіне ескерту жасап, тыя білсе – экологиялық сананың қалыптаса бастағанын білдіреді. Айналып келгенде, табиғаттың тазалығы мен адамның денсаулығы өзара тығыз байланысты. Айналаны таза ұстау, ұқыптылық, үнемділік, еңбексүйгіштік қасиеттері де география пәнінде берілетін біліммен ұштасып жатыр.
Мұғалімдердің оқушыларды шығармашылық жұмысқа тартуы да экотәрбиенің тиімділігіне әсер етеді. Экологиялық плакаттар әзірлеу, қабырға газетін шығару, қоршаған орта тақырыбына суреттер салу, түрлі жобалар әзірлеу, шығарма жазу, - осының бәрі балаларды ойлануға, талдауға, салыстыра отырып бағалауға үйретеді. Олар шығармашылық жұмыс барысында түрлі ақпаратты қарайды, оқиды, ізденеді, соның нәтижесінде табиғат туралы өз көзқарасы пайда болады. Мектептегі география пәнінің апталығы, мектепішілік және аудандық олимпиадаларға, байқауларға қатысу және басқа іс-шаралар балалардың экологияға қызығушылығын туғызып, тіпті мамандық таңдауына да ықпал етуі сөзсіз.
Кішкентай балалардың табиғатты қорғаудағы әрбір әрекеті: жан-жануарларды тамақтандыру, көшеге қоқыс тастамау, қыстыгүні құстарға жем салатын үйшік жасап іліп қою, өсімдіктерді қорғау және басқасы өсе келе оның мінез-құлқының бір бөлігіне айналады. Ересек мектеп оқушылары еріктілер қатарында, «жасылдар» қозғалысына қатысып, табиғатты қорғауға өз үлесін қосады.
Мектептегі география пәнінен берілген сабақтардың тиімділігі оқушылардың экологиялық мәдениетімен өлшенеді. Экологиялық білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі мұғалімнің рөлі, оның шығармашылықпен жұмыс істеуі өте маңызды. Шығармашылықпен, ізденіспен, жауапкершілікпен өткізілген сабақтар балалардың экологиялық санасын қалыптастырып, нәтижелі болады. Айналадағы табиғатқа, жан-жануарлар мен құстарға, өзен мен көлге, жасыл желек пен тау-тасқа қызыға, таңғала қарамайтын бала жоқ. Тек олардың білуге құмарлығын қолдап, ары қарай жүйелі білім алуына көмектесу керек. Адам да – табиғаттың бел баласы, бір бөлшегі. Осы қағиданы мектеп кезінен баланың санасына сіңіріп, адамның парызы табиғатты қорғау және оған қамқор болу керек екенін сезіндіру қажет. Жоғары мәдениетті, экологиялық саналы да сауатты адам осылай қалыптасады. Қоршаған орта туралы сапалы білімнен экологиялық-адами құндылықтар туындайды. Мектептегі география пәні курсының мазмұны мен мән-мағынасы да осында.
Дина Тазабекқызы
«Aqiqat»

619 рет
көрсетілді0
пікір