- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
Әлібек ИБРАИМ, «SU Racing Team» командасының жетекшісі, Satbayev университетінің докторанты: «FORMULA-1» үлгісі бойынша көлік жасай бастадық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің талантты жастарын қолдауға баса мән беріп келеді. Қабілеті мен қарымы мол осындай жастарды жуырда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінен жолықтырып, редакциямызға шақырдық. Олардың көбісі әлі студент болса да, ізденуге, жаңа білімдерді игеруге деген талпыныстарымен қуантты. Команда мүшелері жарыс машиналарын әзірлеумен шұғылданады екен. Ең алдымен жобасын дайындайды, дизайнын жасайды, құрылымын ойлап табады, оған қажетті бөлшектерді жинайды, олардың бірнеше нұсқаларын шығарады, қысқасы, идея туындағаннан бастап оны іске асырғанша тыным көрмейді. Өмірге келген көлік құралына әдемі етіп қазақша атау береді, мысалы: Зымыран, Алдаспан, Тайбурыл деп атап, әлемге танымал халықаралық жарыстарға жол тартады. Бұл беделді сайыстарды да ғаламтор арқылы өздері табады, байқаудың шарттарымен танысады, жеделдетіп құжаттарын рәсімдейді, демеушілер іздейді, сөйтіп мақсаткерлігі мен табандылығының, ынта-жігерінің арқасында барған елдерінде топ жарып, жүлделі орыннан көрініп қайтады. «SU Racing Team» командасының жетекшісі әрі ұйымдастырушысы Әлібек Ибраим студент шағынан осы іске зейін қойып, бет бұрып, бірнеше курстасының басын біріктіріп, жарыс машиналарын елімізде алғаш рет дайындауға білек сыбанып кірісіп кетеді. Студент кезінен әуестенген ол келе-келе бұл жұмыста біршама тәжірибе жинап, оқуын аяқтаған соң да сүйікті кәсібінен қол үзбей, докторантурада білім алып жүрсе де ізінен ерген студенттерге білгенін үйретіп, жаңа мақсаттарды игеруге күш салып келеді. Команда құрамы он шақты адамнан құралған. Жуырда редакциямызға «SU Racing Team» командасының жетекшісі Әлібек Ибраим бастаған бірқатар топ мүшелері – Расим Асылбай, Ерасыл Сакенов, Фариза Қойлыбаймен қонақ болып келіп, олармен әңгімелесудің сәті түсті.
– Жарыс машиналарын дайындау идеясы қайдан келді? Жалпы, осы жұмыстар қалай басталды?
Әлібек Ибраим: Бұл жұмыстар алғаш рет 2017 жылы қолға алынған болатын. Жарыс машиналарын жасап көрсек, оларды әлемдегі жарыстарға апарып қатыстырсақ деген ой туды. Группаластарымен ақылдаса отырып, әлемде осындай бағытта қандай қызықты жарыстар бар екен деп іздей бастадық. Солардың ішінде екі жарыс шықты, біреуі «Formula Student» және «Shell Eco Marathon». Екеуін салыстыра келе біз үшін қаражат жағынан ең тиімдісі «Shell Eco Marathon» болды. Алдымен байқауға қатысатын көлігіміздің эскизін жібердік. Жарысқа жай қатысып көрсек деген ниетімізбен. Көп ұзамай ұйымдастырушылар тарапынан жарысқа өттіңдер деген хабар келді. Әрине, басында сенген жоқпыз, ресми шақырту алған соң жарыс машинасын жасауға кірісіп кеттік. Ол кезде тәжірибеміз болмаған соң жарыс машинасын дайындауға байланысты көп сұрақтар туындады, қалай жасаймыз, неден бастаймыз дегендей. Өзіміз әлі студентпіз. Дегенмен, «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, тәуекел деп бастап кеттік.
– Сонда бұл машиналардың ерекшелігі қандай?
– Біріншіден, қаңқасы өте жеңіл болуы керек. Екіншіден, энергия шығыны аз болуы керек. Алғашқы жасаған көлігіміз «Айсу» деп аталды. Ол «Хонда» көлігінің қозғалтқышы негізінде дайындалды. Салмағы 95 келі болды. «Shell Kazakhstan» компаниясы демеуші болуға ниеті танытты. Жарты шығынымызды «Satbayev» университеті көтерді. Сөйтіп, 2018 жылы Сингапур елінде өткен, әлемнің жиырмадай мемлекетінен келген 120 командамен бірге халықаралық ірі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Сол жарыста біздің дайындаған машинамыз «Ең әдемі көлік» аталымын жеңіп алды. Қазылар алқасының құрамы дизайнды жоғары бағалады. Бұл жерде айта кететін нәрсе, көлігіміздің дизайны ең соңғы сәтте жасалды. Алғашында шыны талшықты материалдармен жұмыс істегендіктен машинаның сырты мұндай тартымды болған жоқ, кедір-бұдыр жерлері көп болды. Соларды ретке келтіру үшін сыртын бір суретші қызға өтініш жасап, әдемілеп бояттық. Нәтижесінде көліктің түр-сипаты жарқын болып шықты. Ұйымдастырушылар тарапынан жоғары баға алды.
– Мұндай көліктер сағатына қанша жылдамдықпен жүре алады? Әлде жылдамдық басты мақсат емес пе?
– Иә, жылдамдық басты мақсат емес. Басты мақсат – энергия тиімділік. Көлік қаншалықты энергия тиімді болса, соншалықты бағалы болып шығады. Мысалы, біздің ол жарысқа дайындаған көлігіміз сағатына елу шақырым жылдамдықпен жүрді. Жанармайы – этанолдан жасалды. 1 литр этанолмен 100-150 шақырымды жүріп өтті.
– Өте керемет екен. Ал мұндай көлік құралдарымен қала көшелерінде жүруге бола ма?
– Бұл енді арнайы байқауларға ғана дайындалатын көліктер болған соң, күнделікті өмірде кәдімгі көліктер сияқты жүруге арналмаған. Қалада сынақтан өткізіп көрдік. Бірақ жолға шығуға болмайды. Екінші жасаған көлігіміздің салмағы тіпті жеңіл, 40-50 келінің айналасында ғана.
– Сіздердің жобаларыңызды бүкіл әлемге танымал «Formulа» үлгілерімен жасалатын көліктерге жатқызуға бола ма?
– Бұлар «Formulа» үлгілерінен сәл басқаша. Ал «Formulа» үлгілері бойынша дайындауды биылдан бастадық. Бірақ олардың бағасы мыналармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Екі есе деп айтуға болады.
Расим Асылбай: Мен университеттің 2 курсында оқып жүргенімде осындай ұйым бар екенін білдім. Бұл ұйымның ерекшелігі машина жасау бағытында болғанымен, әртүрлі мамандықтарды қамтиды. Ол жерде біз тек қана бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Жылдам жүрісті көліктерді де дайындаумен айналысамыз және энергия тиімділігі жоғары көліктерді де әзірлеумен шұғылданамыз. Бастапқыда «3D» моделін құрамыз. Одан кейін визуалды түрде саралап көреміз. Ойымыздан шыққан соң негізгі конструкциясын жасауға көшеміз. Осы күнге дейін жасалған төрт көлігіміз бар. Олардың барлығы да 2017 жылдан бері әлемдегі әртүрлі жарыстарға үздіксіз қатысып келе жатыр. Мысалы, біз осы 2024 жылы «Safe team», яғни «Ең қауіпсіз команда» деген аталымды ұтқан болатынбыз. «Shell Eco Marathon» жарыстарында жақсы тәжірибе жинадық деп айта аламын. Енді алдағы жылдарда «Formula Student» жарысына қатысу ойымызда бар. Бұл идеяны жетекшіміз Әлібек Ибраим көптен бері жоспарлап жүр. Бүгінде біз «Zymyran» деп аталатын электрболитті дайындау үстіндеміз.
– Көлік жасауға қажетті құрал-саймандарды қайдан аласыздар? Арнайы тапсырыс беріп алдырасыздар ма?
Расим Асылбай: Арнайы тапсырыспен елімізден және шетелден алдырамыз. Біздің негізгі демеушіміз – Сәтбаев университеті екенін айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар «Porshe Kazakhstan», «Shell Kazakhstan» компаниялары да демеушілік қолдау көрсетіп келеді. Осындай қолдаудың арқасында біз өзімізге қажетті материалдарды, жабдықтарды елімізден немесе көршілес мемлекеттерден тапсырыспен алдырамыз.
– Командаларыңызда техникалық жұмыстарды кімдер атқарады? Мысалы, көлік дөңгелектерін бекіту, қаңқасын дәнекерлеу тәрізді қызметтерді кімдер жасайды?
Расим Асылбай: Ондай жұмыстарды атқаратын топ мүшелері бар. Жалпы, командамызда әрқайсымыздың атқаратын өз функциямыз бар. Мысалы, мен машинаның конструкциясын жасаймын. Яғни, алғашқы қаңқасын дайындаймын. Кейбір балалар «SMM», «3D» моделімен айналысады. Әртүрлі бағыттарды бөліп алып, сол арқылы нәтижеге бірге жетеміз. Біздің командада әр адам өзіне ыңғайлы, өзіне ұнайтын іспен айналыса алады. Студенттік ұйым болған соң бізде сынау жоқ. Қолымыздан келгенін жасаймыз.
– Жаңа бір сөзіңізде «Formula Student» жарысына қатыспақшымыз деп айтып қалдыңыз. Бұл жарыс қай елде өтеді?
Расим Асылбай: «Formula Student» жарысы ол ауқымды жоба, себебі ол жарысқа командалар ұзақ уақыт дайындалады. Екі-үш жылын арнайды. «Shell Eco Marathon»-ға жылда қатысамыз және әр жыл сайын өзіміздің нәтижемізді жаңартып отырамыз. «Formula Student» Германия мемлекетінде өткізіліп келеді. Германия машина жасау саласында алдыңғы орындарда екені белгілі. Сондықтан Германияда өтетін жарысқа қатынасып, тәжірибе жинап қайту біз үшін басым мақсаттардың бірі болып тұр.
– Жарысқа қатысу үшін құжаттарды рәсімдеу жұмысы қалай атқарылады?
Фариза Қойлыбай: Құжаттарды рәсімдеу жұмыстарымен мен айналысамын. Ұйымдастырушылар тарапынан белгіленген уақыт мерзім ішінде барлық керекті құжаттарды дайындап, жөнелтемін. Көліктің құжаттары, команда мүшелері туралы мәліметтерді жолдаймын. Ұйымдастыру комитетімен хат-хабар алмасу, құжат рәсімдеуге байланысты кейбір ескертпелерін түзеп, дұрыстап қайта жіберемін. Маған осы командада қызмет атқарған ұнайды. Екінші курста оқып жүргенімде команда туралы инстаграм желісінен көріп, бірден қызықтым, мамандығыма пайдалы дүниемен айналысқым келді, сондықтан командаға мүше болып кірдім. Барлық жұмыстарды жетекшімізбен ақылдаса отырып орындаймын.
– Елімізде заңдық тұрғыдан бұл мәселелер қалай реттеледі? Студенттердің шығармашылығы екені түсінікті ғой. Бірақ, мұндай көліктерді тіркеуге қою керек пе? Патент, лицензия алу мәселесі қалай?
Әлібек Ибраим: Негізінен осы машиналарға бізде патенттер бар. Биылдан бастап бірнеше бөлігіне патент алуға өтінім берген болатынбыз. Біздің жасаған машиналарымыз сағатына 40-45 шақырым жылдамдықпен жүретін болғандықтан, ондай машиналарға жолға шығу үшін ешқандай құжат керек емес. Қазақстанның «Жол ережесі» заңы бойынша, мұндай машиналарды тіркеу қажет емес. Бірақ, жолға шығатын болса, міндетті түрде габарит оттарын қоюмыз керек. Көліктерді жүргізіп, басқаратын пилотымыз бар, ол – Ерасыл Сакенов.
– Ендеше Ерасыл мырзадан сұрап көрейік. Көліктерді жүргізу барысында оның мүмкіндігін, артық-кем тұстарын саралайсыз ба?
Ерасыл Сәкенов: Міндетті түрде саралаймын. Командаға өз ойымды айтып отырамын. Мен бірінші курстан бастап осы ұйымда жұмыс атқарамын. Және бірінші жылдан бастап Индонезияға жарысқа бардым. Сол жылдан бері жүргізуші, пилот міндетін атқарамын. Әрине, бірінші тәжірибем болған соң алғашқы кезде қорқыныш сезімі болды. Сонда да ойымды жинақтап, өзіме берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырыстым. Индонезия аралдарында күн өте ыстық болды. Күннің ыстық болуы біршама қолайсыздықтар тудырды. Ауаның жоғары температурасында жарты сағат бойы жүруге тура келді. Машина менің денеме лайықталып жасалған. Бірақ, күннің әсерінен іші де ысып кетті. Оның үстіне басымызға шлем киеміз, жарыс формасы бар, қауіпсіздік белдігі бар. Осындай қолайсыздықтарға қарамастан намысты қолдан бермеуге тырыстық. Жолды жүріп өткен соң кемшін тұстарын бірден сезесің. Мен пилот болғаныммен, конструкциясына да жауап беремін. Жүрген кезінде ақау шықты ма, электр жүйесінде кедергілер туындаған жоқ па, бәрін байқап, қадағалап отырамын. Жүріп келген соң анықталған кемшіліктерді бірден командама айтамын.
– Көлік құралдары этанолмен жүреді дедіңіздер? Осыған қалай қол жеткіздіңіздер?
Әлібек Ибраим: Иә, біз этанолдың мүмкіндіктерін зерттедік. 2018-2019 жылғы көліктеріміз этанолмен жүрді. 250-270 шақырым қашытыққа бір литр этанол жұмсалды. Этанолды өзіміз жасадық. 95 пайыздық этил спиртін алып, оны 99 пайызға жеткіздік. 1 пайыз жанармай мен май қосып, өзіміздің үлгімізді жасадық. Ал жарыста бізге этанолды өздері береді. Оларда жанармайдың бірнеше түрлері болады. Су тегінен бастап, дизель отыны бар, этанол, бензин бар және ток бар. Соңғы екі-үш жыл аясында біз токпен жүретін машиналарды жасап келе жатырмыз. Марафонға қатысқан машинамыздың атын да «Ток» деп қойдық. Өйткені ол тоқпен жүреді. Оған біз инновация ретінде «3D» принтермен арнайы моторды орнатқалы жүрміз. Қазір команда мүшелері сол жұмыстармен шұғылдануда. Егер барлығы дұрыс болса, осы жылы қолданатын шығармыз деген үміттеміз.
– Сіздер жасаған көліктердің пішіндеріне зер салсақ, олар әртүрлі үлгіде, әртүрлі өлшемде дайындалғанын байқауға болады.
Әлібек Ибраим: Пішіндерді байқау ұйымдастырушылары ұсынады, осындай көлемде болуы керек деп. Кейбір пішіндерді өзіміздің жобамыз бойынша дайындаймыз.
– Жарысқа апаратын көліктерді тасымалдау кезінде белгілі бір қиындықтар туындай ма?
– Қиындықтар туындаған кездер болды. Карантинге дейін логистика қызметі арзан болатын. 2022 жылы қатысқан кезде логистиканың қымбаттағанын байқадық. Сол себепті апаратын машинамызды алты бөлікке кесуге тура келді. Өйткені, солай тиімді болды. Индонезияға апарған соң қайтадан жинадық. Келесі жолы «Ток» машинамызды ықшамдау етіп жасадық. Тасымалдауға ыңғайлы болу үшін. «Ток» соңғы жасаған машинамыз. Негізінен ол қай жағынан алсақ та, алдыңғы машиналарға қарағанда барынша жетілдірілген. Оның ортасында карбонды манакок бар. Алдыңғы машиналардың қаңқасы дюралюминиден жасалған болса, «Токтың» ішінде дөңгелегін ұстайтын үш бұрыш бар, қалғаны карбон монокок, кәдімгі «Формула 1» машиналарындағыдай монококка ұқсайды. Оның идеясы да сол жерден туған болатын. Және бұның салмағы, таза күйінде отыз үш килограм. Бірақ, біз оны шашып жинаған соң, оның салмағы биыл 42 килограм болды. Толық жиналған күйінде, белдіктерімен бірге бірінші машинамен салыстырғанда екі есе жеңіл, өйткені мұның салмағы 90-95 килограмм болатын. Жарыстарға қатысқан кезде салмақ жағынан шектеу қойылатынын да айта кеткеніміз жөн. Жарыс машиналарының салмағы 120 килограммнан аспауы керек.
– Басқа елдердің көлік құрастырушыларымен тәжірибе алмасып, үйрену жағы қалай?
Расим Асылбай: Біз әр жарысқа барған сайын өзімізге керекті мағлұмат жинауға тырысамыз. Және өзімізді әрдайым басқа командамен салыстыра жүреміз. Яғни, біз олардың жақсы жағын аламыз. «Shell Eco Marafon»-да қатысушы командалар бір-бірімізге көмектесу арқылы машиналардың минус, плюстарын саралаймыз. Әрбір жарысқа қатысқан сайын шеберлігімізді дамытып, сапалық көрсеткіштерімізді арттырып отырамыз. Ол сапалық көрсеткіштер техникалық тұрғыдан, дизайндық тұрғыдан, басқа да қасиеттеріне байланысты толыға түседі. Салыстырмалы түрде алған кезде өзіме Индонезия елінің көлігі ұнады. Франция елінен келген команданың жұмыстарын үйренер үлгісі бар деп айтуға болады.
– Алда тұрған жоспарларыңыз қандай?
Әлібек Ибраим: «Shell Eco Marafon»-ның келесі жарысы Катар елінде өтеді. Қазір сол жарысқа дайындалып, демеуші іздеп жүрміз. Оған «Ток» машинасын апаратын шығармыз. Айта кетейік, біз елімізде «Shell Eco Marafon»-ға қатысқан алғашқы командамыз. Егер бәрі ойдағыдай болса, Еуропада, Қытайда өтетін жарыстарға да қатысу жоспарымыз бар. «Shell Eco Marafon»-ға бес рет қатысып, үш рет жүлдегер атандық. Барлық жұмыстарымызды Сәтбаев университетінің «Технопаркінде» атқарамыз.
Сұхбатты жүргізген
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Aqiqat»

629 рет
көрсетілді0
пікір