• Мақала
  • 30 Қаңтар, 2025

Ұлттық сана һәм рухани иммунитет (пәлсапалық-эссе)

Ұлттық сананың бес ұстыны бар: Ұлттық тіл, бұл өз бойында әдебиет пен тарихты қамтиды. Екінші, жер аумағы. Үшінші ділі яки салт-дәстүр, мәдениеті. Төртінші діні. Бесінші ұлттық кәсібі, шаруашылығы. Ұлттық санасы бар халық қана жеке ел болып тұра алады және ұлттық санасы жетілген сайын кемел елге, үздік халыққа айнала алады. Бұл адамзат тарихы бойында дәлелденген аксиома. Олай десек, «қазақ деген халық ұлттық санаға жеткен бе?» деген сұрақты осы аталған бес ұстын-негізінде анықтай аламыз. 
 

Иә, қазақ халқы бүгінге дейін ұлттық санасы кемелденген ел болған еді. Жоғарыда аталған ұлттық сананың бес ұстынындағы алғашқы тұрған ұлттық тіл, жер иеленудің алғы шарты әрі ең қуаттысы. Кең сахарамызды қорғауда найза мен қылыш, садақпен бірге ана тіліміз де қатар соғысқан! «Қобыланды», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» сынды батырлық дастан-жырлар, аңыз-ертегілер, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер сол кезеңнің туындылары. Көрші Ресейдің жерімізге ауыз сала бастаған шағындағы «Жайықты келіп алғаны, жағаға қолды салғаны....» дейтін жыраулар кезеңі, одан кейінгі, Махамбеттің «Темір қазық жастанбай, қу толағай бастанбай ерлердің ісі бітер ме!?» деп, жалғасқан ел-жерді қорғау жолындағы адуын жырлар соның айғағы.
 Ресейдің екі-үш ғасырға жалғасқан ауыр, зардапты отаршылдығына дейін бізде өте бай тіл, соған сай кемел әдебиет болғаны талассыз. 
Енді, ұлттық тілдің бір тармағы сол халықтың тарихын қамтиды дедік, ол қазақ халқында рулық шежіре түрінде генетикалық туыстықты сақтаған ғаламат кодтық сипатта қалыптасты. «Отарлық опатта» қырық тарапқа шашылып жан сауғалап кеткен жүз мыңдаған қазақ қауымы осы шежірелік кодтың арқасында, соңғы отыз жылда қазақ елін қайта жаңғыртып жатқаны соның нәтижесі. 
Сонымен, «Ұлттық сананың» бастапқы екі ұстыны осылайша бір-бірі арқылы анықталды. 
Үшінші аталған «діл» осындай тілі бай, жері бар халықта ғана қалыптасады. Ділге ерекше салт-дәстүрі, тұрмыстық жай-күйі, киім-киісі, тамақтану ұстанымы, мінез-құлқы яғни бүкіл мәдениеті, өте көп ерекшеліктері қамтылады. Анықтап айтсақ, баяғыда атпен алты айшылық жол саналған, қазір пойызбен үш күншілік, ұшақпен үш сағаттық қашықтықта жатқан Алтай мен Ақжайық, Атырау, Маңғыстау қазақтарының ділі өте ұқсас болған, ал бір-біріне ұқсас бола тұра көз тартарлық әдемі ерекшеліктерінің өзі бір халықтың өте мол діл байлығын көрсетеді. 
Төртінші аталған «дін» деген ең маңызды ұстынды да тілі, жері, ділі бар халық қабылдай алады. Егер, алғашқы үш фактор болмаса, яки шала болса, ол халықта ортақ дін де бола алмайды. Қазақ қауымының ең соңғы хақ дін – исламды толық қабылдауы, алғашқы үш ұстынның мықты болуынан. Осындай бір сенім, ортақ наныммен келген дінді қазақ халқы өз болмысына сіңіріп алды. Халықтың кейінгі кемел дәстүрлері осы хақ дін арқылы қалыптасты. 
Отаршылардың, тілден кейін дінге тиісе бастауы, яғни өз діндеріне кіргізу үшін діни миссионерлікті үздіксіз жүргізуі осы діни ұстынның өте маңызды екенін білгенінен. Қазақ халқының оған ұзақ жылдар төтеп беруі ең соңында Советтік-фашистік, атеистік өкіметтің террорлық жаныштауы және дінсіз соцреалистік әдебиетті өрістетудің жойқын шабуылынан әлгі мұсылман қазақ халқы жарты ғасырдай аз уақытта «коммунист, атеист» болып өзгеруі, қазақ халқының ұлттық санасына соққы болғанын, енді-енді әрең түсінудеміз. 
Ұлттық сананың ең соңғы маңызды ұстыны – «дәстүрлі кәсіп». Иә, бұл қазақ қауымы үшін ең негізігі тіршілік көзі көшпелі мал шаруашылығы болғаны белгілі (қосалқы аңшылық, егіншілік, қолөнершілік те қатар болды). Халқымыз төрт түлік малдың бүкіл жайын тамаша білді, яғни алып сахараны малдың өріс, қонысы арқылы реттеді. Осы малдың бүкіл өнімі арқылы өзінің ішкі тұрмыс қажеттілігін толық өтеді. Үй-жай, киім-кешек, тамақтың бүкіл түрі, қазіргі тілмен айтсақ ең жоғары деңгейде қанағатандырылды. 
Бүкіл халықтың үлкен-кішісі түгел осы малды бағып-қағу бойынша дені сау, шыныққан, табиғат қиындықтарына көндіккен ерекше дала халқы бола білді. Осындай дара тұрмыс, ерекше өмір салты арқылы ғаламат дала өркениетін қалыптастырды.
Әйткенмен, дәуірлер алмасуы, еуропалықтардың технократиялық өркениетке жетуі, одан үлгі алған отаршыл бағытты ұстанған Ресейдің күшеюі, дала өркениетінің құлдырауына, оның қадірінің қашуына, оның ендігі кезеңде бұрынғыдай өмір кеше алатындай мүмкіндігінің қалмауына әкеп соқты. 
Нәтижеде, қаншама жылғы күрес, қарсылық қазақ қауымы үшін алапат жеңіліспен аяқталды. Ұлттық сананың бес ұстынын күйретіп, қазақтың алып сахарасын түгел бодандыққа түсірудің, басыбайлы құл етудің отаршыл сұрқия жоспары толық іске асты.
Қазақтың халық ретінде санын сақтап тұрған ең басты тірегі мал шаруашылығын яғни дәстүрлі кәсібі бесінші ұстынын «Советтік шаруашылықты ортақтастыру» саясатын террорлық әрекетпен іске асырып қазақтың үштен екісі екі-үш жылда жойылып кетті. Елдің аштан қырылуының, көрші елдерге жан сауғалап босып кетуінің басты себебі, қазақ даласында тігерге тұяқ мал қалмаған.
Сонымен, сөз түйінінде мына сұрақ қойылады:«Қазақ елінің қазіргі кездегі ұлттық санасы қандай?» Бұл басты сұрақты саралауды қазіргі ұлт зиялылары, саясаткерлер қолға алуы тиіс.
Иә, ұлттық сананың негізгі тірегі ұлттық тіл қазір қандай халде? Бұл жағдай жеріне жеткізіле айтылып келе жатқандықтан, қайталай берудің өзі санаға жүк. Елдің басқарушы үкіметі толық қазақтілді емес, тәуелсіздіктен кейінгі жаңа буынның өз ұлттық тілінде емін-еркін сөйлеуінде, қолдануында көптеген мәселелер бар, еліміздің азаматы бола тұра өзге диаспоралардың жаппай қазақ тілін білмеуі деп, бір шолып өтсек біздің «Ұлттық сананың» бірінші ұстыны көңіл көншітерлік деңгейде емес. 
Онда, осы негізгі ұстынға байланған ұлттық сананың қалған төрт ұстыны да өте әлсіз десек, олай емес, деп бір данышпан дәлелдеп берсе, қатты қуанар едік.Сонда, қиялмен «Қазақ ел болған кезде қандай еді?» деп, салыстырар едік. Соған қарап, біз кемелдендік пе, төмендедік пе, соны байқай аламыз. Кемелденген халық, «Теңіз болам десең, тамшы атыңды ұмыт!» деген даналық сөз айтыпты, яғни бүкіл халқы өзімшіл емес, көпшіл-ұлтшыл деген сөз. Ондай жетілген елдер теңіздің ортасында тұрған соң, солай деген шығар. 
Ал біздің қазақ қауымы одан кем емес ғаламат сөз айтқан екен: «Көп түкірcе көл болады» депті. Сонымен, «Ұлттық сана» деп, жүргеніміз, «бір ел бір адамдай болу» деген сөз екен. Көптен бері талай саясаткер қоғамтанушылардың тынбай айтып келе жатқан «Ұлттық идеология» дегені, осы «Ұлттық сананың» бес ұстыны. Ресми тәуелсіздік алып, жеке елге айналсақ та осы ұстынның ең негізгісі қазақ тілін елдің тілі ете алмай келеміз.  Өз тілін өзі білмеу сол ұлттың туған өкіліне ұят. Еліміздегі өзге этностар да қазақ тілін білмегеніне қиналмайды. Осындай «рухани иммунитетпен» жаңа ғасырдың екінші ширегіне өтіп барамыз... 

Абай МАУҚАРАҰЛЫ


 

 

624 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз