• Мақала
  • 30 Қаңтар, 2025

Мәні өзгерген «бауырмашылдық» бізді қайда апарады?

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі әрі ұлт қалыптасуының басты фак­торларының бірі. Әсіресе, бүгінгі таңда жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу басты мақсат болып отыр. Себебі, елдің жиырма-отыз жылдан кейінгі болашағымыздың қандай болатыны бүгінгі жастарға да байланысты. Демек, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында ұлттық құндылықтар зор рөл атқарады.
 

Жалпы, құндылықтар адам бала­сының тәрбиесіне, іс-әрекетіне әсер етпей қоймайды. Құндылықтарды түсіну үшін, біз «Құндылықтар адамзат үшін не себепті манызды?» деген сұраққа жауап табуымыз қажет. 
Құндылықтар бірнеше түрге бөлінеді: жалпы адамзаттық, ұлттық, материалдық және рухани құндылықтар. Мысалы, жалпы адамзатқа жататын құндылықтарға: адамгершілік, махаббат, достық, сүйспеншілік, адамның өмірін құрметтеу жатса, ұлттық құндылықтарға – әрбір ұлттың өзіне ғана тән құндылықтары жатады. Олардың ішіне дәстүр, әдеп жүйесі, т.б. кіреді. 
Бүгінгі таңда кез келген дәстүрлі діндерді алсаңыз, бірінші болып адамның өмірін жоғары құндылық ретінде қарастырады. Адамгершілік, гуманизм идеологиясы ғылымға ХVI ғасырда еніп, адамзаттың басты құндылығы ретінде қалыптасты. Ал енді адам адамгершіліктен, адамның өмірін құндылық ретінде қарастырудан қалса, онда не болады деген мәселеге келейік. Менің ойымша, егер адамзат адам өмірін құндылық ретінде қарастырмаса, онда өз болашағына балта шапқанмен бірдей, тіпті болашағы да бұлыңғыр деп айтсақ қателеспейміз. 1996 жылы дүниежүзін «Доли» деп аталған қойды клондау әдісі таң қалдырды, сол кезде дәстүрлі дін басшылары, ғалымдар бұл ғылыми жетістікке қарсы шықты. Алғашқы кезде мен олардың не үшін қарсы шыққанын түсінбедім, кейін «Остров» деген кино көріп себебіне қанық болдым. 
Киноның мазмұны келесідей: бір жердің астындағы бункерде адамдар өмір сүреді, сөйтіп жер бетінде апат орын алады. Оларға жер бетінде өмір сүруге болмайды деп түсіндіріліп, сол адамдар арасында белгілі бір уақыт өткен сайын лотерея ойнатылып, ұтқандары басқа планетаға ұшып кетеді деп сендіріп қойған екен. Ал, расында бұл адамдар бай кісілердің клондары екен және оларды сол бай адамның ДНК-сынан алып шығарған және сол бай адамдардың ауырып жатқан ішкі органдарын ауыстыру үшін өсіріп шығарғаны белгілі болады. 
Кино мазмұны көрсетіп отырғандай адам өмірінің құндылығы жоқ екенің көрсетіп дәлелдеуде, яғни бір адамды тірі алып қалу үшін, басқа адамның өмірінен айыру қажеттігін көрсеткен. Ал егер біз адам өмірін құндылық ретінде қарастырудан қалсақ, онда адамның бірін-бірі жойып жіберу санасы да қалыптасуы бек мүмкін. Адам өмірінің құндылығының жойылуы бұл – адамзаттың жойылуымен пара-пар дүние. 
Қазақ халқының өзіне ғана тән құндылықтары бар. Мысалы, бүгінгі таңда инстаграм желісінде қазақ халқының жылқыға деген көзқарасын әзіл ретінде көрсеткен, яғни шетелде жылқының аяғы сынып жатса, оны ота жасап емдеп жатса, Қазақстанда аяғы сынған жылқыны соғымға сойып жатқанын көрсетіп жатады немесе әзіл ретінде жылқының бір орыс жігітіне «қазақтарға бермеші мені, олар менен соғым жасайды деп» жалынып жатқанын көрсетіп қойған. Қазақ халқы жылқыны жоғары бағалаған халық, тарихи тұрғыда біздің ата-бабаларымыздың осындай кең байтақ жерді иемденуі де жылқыға байланыс­ты, көшпелі мемлекеттердің да үлкен алып империялар құрып, ХVI ғасырға дейін Еуразия құрлығында беделді күш болуының да басты себебі жылқы болды. Мысалы ежелгі заман, орта ғасырда орын алған шайқастарды суреттеу барысында тарихшылар әскер санын көрсету барысында атты әскер аз екенін, олардың шайқас барысында жеңіске жету құралы ретінде көрсетіп отырған. Ал ХVI ғасырдан бастап отырықшы мемлекеттер көшпелі елдерден басым түсе бастауы ол зеңбірек пен мылтықты меңгеріп алуы. 
Жылқы өз заманында көшпелі халықтардың отырықшы халықтардан әскери тұрғыда жоғары болуының басты құралы, технологиясы болды. Сол үшін де біздің халық жылқыны жоғары бағалаған, құндылық ретінде қарастырған, оған халқымыздың «Ат – ердің қанаты» деген сөзі дәлел бола алады. Мен алғашқы кезде ата-бабамыздың бір-бірімен кездескенде не үшін «Мал-жан аман ба?» деп сұрасатынын түсінбейтінмін, кейінірек тарих, философия ғылымдарынан осы сұраққа жауап алдым. Халқымыздың өмірі сол малдың амандығына байланысты екені, яғни малымыз бізге тамақ, сусын, киім, көлік болған, ал климаты контитенталды жерде өмір сүрген ата-бабамызға малдың амандығы – жанның амандығына алып келгенін кейін түсіндім. Сол үшін де біздің ата-бабамыз аяғын сындырған малды қинамай, етін обал қылмай келген. Жылқыдан бөлек халқымыз дастарханды, нанды да құндылық ретінде қарастырған. Жерде жатқан нанды көрсе, оны жоғары көтеріп қоятын болған, ал дастарханнан аттап, басып жүрмеген, яғни құндылық ретінде көрген. 
Құндылық ол, қарапайым тілмен айт­қанда, адамның санасында қалыптасқан бағдарлама. Мысалы, біз бүгінгі таңда роботтарды құрастырып, сол роботтардың іс-әрекетін басқаратын бағдарламалар жазып шығарамыз. Роботтар сол программа бойынша іс-әрекет етеді. Сол сияқты құндылық та ұлттың коды, бағдарламасы, яғни атадан балаға рухани мұра ретінде беріліп, санасына құйылып, адамның іс-әрекетіне әсер етіп, басқарып отырады. 
Философияда адамзаттың био­логиялық, әлеуметтік, материалдық қажеттіліктері бар деп көрсетеді. Биологиялық қажеттіліктерге – тамақ ішу, ұйықтау, ұрпақ жалғастыру жатса, әлеуметтік қажеттіліктерге – жұмыс істеу, мансап өсіру, өз еліндегі өтіп жатқан саяси процестерге қатысу, саясатқа араласу жатады, ал материалдық құндылықтарға – үй, пәтер, машина, киім-кешек, қымбат бұйымдар жатады. Ежелгі грек ойшылы осыдан 2 мың жыл бұрын «Дүниесі жоқ азаматтың Отаны жоқ» деп атап кеткен екен. Бұл сөздің мағынасының маңызды әлі де өз салмағын жоғалтқан жоқ. Саясаттануда «Тұрақты мемлекет» және «Тұрақсыз мемлекет» деген түсінік бар. Тұрақты мемлекетке халықтың әлеуметтік жағдайы жоғары, тұрғындардың 60-70 пайызы орташа дәулетті, 5-10 пайызы бай, ал кедейлері – 20 пайызды құрайды. Тұрақсыз мемлекетке бай тұрғындары – 5 пайыз, орташа дәулеттілері – 20-30 пайыз, 60 пайыздан астамы кедей болып келеді. Сол кедей тұрғындардың атында не жері, үйі, пәтері және басқа да мүлкі болмағаннан кейін олар мемлекеттің тұрақты дамуына мүдделі болмай, төңкеріс болғанын, сол арқылы өз жағдайларын жақсартып алуға бейіл болады екен. Оған дәлел ретінде дүниежүзінде болған төңкерістер, революциялар жастардың қолымен жасалған және жасалып келеді, себебі сол жастардың не дүние-мүлкі болмаған, не болашағы бұлынғыр болып келген. Ал керісінше тұрақты мемлекетте пәтері, үйі, кәсібі, басқа да дүние-мүлкі бар орташа дәулетті азаматтар елінің тұрақты болуын қалап, бүлікшілерге қарсы жұмыс жасап, өз Отанын қорғауға дайын болады. 
Кейбір кезде біз мемлекеттік һәм ұлттық мүддені жеке мүддемізден жоғары қоя алмай келеміз деген ойға тоқтайсың. Ал дамыған мемлекеттердің тарихын зерделеп қарасақ, сол мемлекеттің алдыңғы қатарда болуының басты себебі, ел басқарған азаматтар өз жеке мүдделерін мемлекет, ұлт мүдесінен биік қоймаған. Егер біз дамыған мемлекетте өмір сүргіміз келсе, онда ұлттық мүддені, жеке мүддеден жоғары қоя білуіміз қажет немесе перефирияда қалып қалған мемлекеттердің біріне айналуымыз мүмкін. 
Сол себепті еліміздің болашағы үшін мемлекет жастардың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеріп, жастардың сана-сезімінде барынша Отанға деген сүйіспеншілікті, құрметті артырып, тәрбиелеу қажет болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар құр сөзбен ғана емес, іспен дәлелденуі қажет. Олай болмаған жағдайда біз елімізді алға жылжытатын, жаңаша технологиялар ойлап табатын жастардан айырылып қалып жатырмыз, себебі олар өз елінен үмітін үзіп, шетелге қоныс аударуда. Мұндай оқиғалардың орын алуының бірден-бір факторы ол – өз ұлтымыздың құндылығындағы заманға байланысты өзгеріске түскен мәселелер. 
Сондай құндылықтардың бірі ол – бауырмашылдық. Бүгінгі таңда осы құндылықты біз барынша дәріптеп отырмыз. Әлеуметтік желілерде кішкентай ағасының өзінен кіші інісіне қамқорлық әрекеттерін көріп, ел сүйсінуде. Қазақ халқының бауырмашылдықты дәріптейтін аңыздар да көп, солардың бірі төмендегідей: 
– Бір жаугершілік заманда әкесі баласын атқа мінгізіп, жаудан қашып бара жатса, жолда жаяулатып қашып келе жатқан інісін көріп былай деген екен: «Әкесі бөлек аттан түс, әкесі бір атқа мін» деп баласын тастап, бауырын атқа мінгізіпті деген аңыз бар. Бауырмашылдық – үлкен маңызға ие құндылығымыз. Қайғыға тап болған кезде, қуанышқа да толы күндерде қасыңда ет-жақын бауырларыңның тұрғанын қалайды екенсің. Дей тұрғанмен, бауырмашылдығымыз «Бәке», «Жаке», «Сәкеге» ұласып кетіп жатқаны да ойландырмай қоймайды. Ол кейде ұлтымыздың дамуын тежеуші факторларға да айналып барады. 
Соңғы жылдары Қазақстаннан жастардың шетелге оқып, жұмыс істеу үшін көшуі жиілегенін жоғарыда айттық. Әсіресе, 2014-2019 пандемияға дейінгі жылдар аралығында жастардың көшуі күрт көбейді. Ал сол жастардың елден көшу себептерінің бірі – елдің болашағына сенімсіздікпен қарауы десек, мұндай сенімсіздіктің туындауына сол «Бәке», «Жаке», «Сәкенің» кесірінен десек, қателеспейміз. Жұмысқа орналасу кезіндегі жұмысқа қабылданатын азаматтың білімі, кәсіби құзырлығы жоғары сұранысқа ие болмай, бірінші кезекте туыстық жақындығы, сенімді адамы болуы жоғары бағалануда. Қазақстаннан 173 мың азамат көшіп кеткен болса, соның 70 пайызы 18-35 жас аралығында жастар, онда шамамен 5 жыл көлемінде елімізден көшіп кеткен жастардың мектепте оқуына кеткен қаржы көлемі шамамен 1,3 млрд долларды құрайды. Ал сол көшіп кеткендердің арасында қаншама дарынды жастар бар. Қазір олар шетел экономикасының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатыр. Мысалы, Мұхтар Тайжанның баласы Санжар Тайжан Ұлыбританияда білім алып, жастайынан заманауи технологияларды меңгерумен айналысып келеді. Санжар Тайжанның стартапы электроқуатымен ұшатын ұшақтарды шығарумен айналысатын Vertical Aerospace компаниясына 5 млрд доллар келісім шарт жасауға мүмкіндік берді. Ал осындай қаншама талантты жастар өзінің болашағын өз Отанымен байланыстырмай, шет мемлекеттердің экономикасын дамытуда.
Міне, осындай мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады. Сондықтан жастарды елдегі қызметке қалдырудың оңтайлы, тиімді жолдарын ойластырғанымыз жөн. Тамыр-таныстық емес, шынайы талант пен қарым-қабілет, ой-сана бағаланатын мүмкіндіктерді көбірек қалыптастыруымыз қажет. 

Қанат БАҚБЕРГЕН,
Түркістан облысы Кентау көпсалалы колледжінің мұғалімі

 

 

636 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз