- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
«Заң мен тәртіп» қағидасы іске асып келеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аna tili» газетіне берген сұхбатында бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Мәселен, Әділетті Қазақстанды орнатуда «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың өзектілігін атап көрсетті. Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі болып табылатын демократиялық құндылықтар заң үстемдігі орнаған қоғамда жүзеге асатындығы белгілі.
Құқықтық мемлекетте азаматтардың заң алдындағы теңдігі, заңдар мен нормалардың жалпыға бірдей міндеттелуі қатаң түрде сақталады. Әділетті Қазақстан құруда «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда қалыптасқан құндылықтар жүйесіне енгізу, сондай-ақ, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізу маңызды болып саналады.
Құқықтық реформаның көрінісі ретінде өткен жылы қабылданған заңдар әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтсақ, әйелдер құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заңның қабылдануы; «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізінің жасалуы; медицина қызметкерлерін құқықтық жағынан қорғауға қатысты шаралар мен медицина қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктердің күшейтілуі; бұзақылық және вандализм жасаған, біреудің мүлкін қасақана бүлдірген адамдарға берілетін жазаның қайта қарастырылуы секілді жұмыстар атқарылды.
Құқықтық реформалардың нәтижелерінің бірі ретінде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмыстары арқылы азаматтар өз құқықтарын қорғай алатын болады. Сондай-ақ, қоғамның жаңа бір форматы ретіндегі ақпараттық қоғам жағдайындағы цифрландырылу процесінің нәтижесі жасанды интеллект технологияларын дамытуға қажеттілік туындатып отыр. Кейбір дамыған мемлекеттерде жасанды интеллектіні қолдану қағидалары және қолдану барысындағы этикалық мәселелерді ескеретін заңдар қабылданып үлгерді. Біздің елде жаңа заман талаптарына сәйкес жасанды интеллектіні қолдануға байланысты заң жобасын жасау жоспарлануда. Еліміздегі реформалар заң үстемдігін орнату, экономиканы дамыту, азаматтардың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталғаны орындалған жұмыстардың нәтижесін көрсетуде. Оған мысал заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерден қайтарылған қаржылардың маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға, басқа да әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалғаны заңның орындалу көрінісі деп айтуға болады.
Қорыта айтқанда, заң саласындағы аталған өзгерістер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың құқығын қорғау тұрғысынан маңызды іс-шаралар болып табылады.
Мейрамкүл Ибадуллақызы ИСАЕВА,
Саяси зерттеулер орталығының
ғылыми қызметкері,
PhD

632 рет
көрсетілді0
пікір