- Мақала
- 30 Қаңтар, 2025
Президент сұхбатынан қандай ой түйдік?

Күнтізбелік жаңа жылымыз басталған тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты кең көлемді сұхбаты жарық көрді. Президент сұхбаты мемлекеттің арғы-бергі стратегиялық мәселелерін парықтаумен, қоғамдық жүйені салмақтаумен, өзекті түйткілдердің байыбына барумен, қоғамды толғандырған сауалдарды таразылаумен, келешектің көкжиегін айқындаумен ерекшеленді. Қоғамдық құбылыстарға, саяси үдерістерге де нақты баға берілді.
Иә, қоғам өзгеріп, заман алға жылжыған сайын адамдардың ой-санасы, психологиясы, дүниетанымы, пайым-парасаты да өзгеретіні заңдылық.
Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу тарихын зерделеп отырсақ, оның мәдениеті, экономикасы, т.б. салалары қалай дамығанын, нендей өзекті мәселелер туындағанын осы отыз жылдық кезеңде ғұмыр кешкен отандастарымыздың бәрі де көрді. Көптеген өзгерістерге куә болдық. Басымыздан өткіздік. Сондағы негізгі пайым мынау: мемлекет пен халық біртұтас ұғымға айналғанда алынбайтын қамал болмайды. Қандай қиындық болса да, халықтың ерік-жігерімен, азаматтардың белсенді іс-қимылымен бәрін жеңіп шығуға болады.
Мемлекет басшысы айтқандай, бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана дағдарыстарды да, қиындықтарды да еңсереміз. Бірлікті күшейтіп, ынтымақты арттыру үшін де оның алғышарттары қоғамның іргетасы ретінде ерте бастан жасала беруі керек. Мысалы, ел мен жердің қадірін білу, оларды басты құндылық ретінде насихаттау, отаншылдық идеяларын азаматтық сананың бір көрінісі ретінде орнықтыру жұмыстары бізде әлі де кемшін соғып жатқаны жасырын емес.
Қазір жұртшылық әлеуметтік желіге байлаулы. Әлеуметтік желілер белгілі бір дәрежеде тәрбие құралына айналып кетті. Бірақ, онда таралып жатқан дүниелердің бәрі де маңызды, елге қажет деп айту қиын. Бұған басы бүтін кіріп кеткен адам осы елде не болып жатыр, оның мұрат-мақсаты қандай, қоғамға қандай үлес қосуым керек, қандай пайда келтіре аламын деп жан ауыртпайтыны түсінікті. Өйткені олар сол жерде таралып жатқан дүниелерді белгілі бір құндылық ретінде қабылдап, оның ақиқаты мен шындығына көз жеткізе алмай, санасы уланып, жүрегі қарайып қалуы әбден мүмкін. Мысалы, былтыр бірқатар елдер «Тик-ток» әлеуметтік желісіне шектеу қойып, оның таралымын тоқтатып тастады. Яғни, әлемде жеңіл-желпі дүниелерді насихаттайтын желілерге деген көзқарас бірте-бірте өзгеріп келеді. Оның негізгі себебі – халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухани саулығын, ой-сана тазалығын сақтап қалу мәселесінен туындап отыр.
Президент өз сұхбатында ғылымды қаржыландыру көлемі арта түскенін, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп, бұқаралық спортты дамытуға баса мән беріліп жатқанын айтты. Мұның барлығын азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция ретінде атады.
Бізде ұзақ жылдар бойы ғылым мен мәдениет салаларына жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келгені рас. Яғни, қаржының аз бөлінуі бұл салалардағы жұмыстардың қарқынды дамуын тежеді. Ал ғылымсыз елдің болашағы бұлыңғыр екені белгілі. Ғылым мен білім болмаған жерде ілгерілеу де болмайды. Ғылым мен білімге қол созған елдердің қандай биік дәрежеге жеткенін көріп отырмыз. Қазір бізде бұл салаларға қомақты қаражат бөліне бастағаны қуантады. Бірақ, ол қомақты қаражат тағы да рәсуа болып, діттеген мақсатына жұмсалмай кете ме деген де алаңдаушылық жоқ емес. Ғылым мен білімнің, мәдениеттің сапалық көрсеткіштері артпаса, мемлекеттің дамуын ілгерлетпесе, азаматтық сананы кемелендірмесе, отандық инновациялық технологияларды әр адам сезінетіндей жағдай туындамаса, бәрі бекершілік болып кетпей ме деген күдік-күмән санамыздың бір түкпірінде қылаң беріп тұрғаны сөзсіз. Ғылымды ұйымдастыру жұмысы көлденең көк аттыға емес, сол саланың шынайы өкілдеріне, оның өзінде де ниеті дұрыс, ары таза, менменшілдіктен ада, көзбояушылыққа ұрынбайтын, рухы, елдік намысы жоғары азаматқа қасиетті аманат ретінде жүктелуге тиіс.
Ал енді мәдениетке келетін болсақ, мұнда да түйткілдер аз емес. Бір ғана «Қазақфильм» мәселесін айтсақ та жеткілікті. Жаңа басшылық пен бұрыннан келе жатқан ұжым мүшелері ылғи да тіл табыса алмай, қырғи қабақ болатыны ойландырады. Белгілі киноактер А.Сатыбалды басшылыққа келген тұста «Қазақфильм» киностудиясының ауласы қытай көліктерінің тұрағына айналғаны туралы ақпарат желдей есті. Шәкен Аймановтың қолының табы, аяғының ізі қалған «Қазақфильм»-ге пайданың көзі, табыстың бұлағы ретінде қарау белең алды. Мұндай көзқараспен біз ұлттық киномызды өрлетіп, көсегесін көгерте алмасымыз хақ. Басынан дау арылмаған мекеменің шаруасы бүтінделіп, дәстүрлі қалпына қашан келер екен деген сауал бүгінде басы ашық күйінде қалып отыр. Бір жақсылық орнағандай болып келе жатады да, ол баянды болмай, арты талас-тартыс, қызылкеңірдек айтысқа ұласып кетіп жатады. Жуырда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеме жасап, «Қазақфильмге» байланысты мәселеде жағдай дұрысталатынын, қаржы-қаражат оларға тікелей қаржыландыру жолымен бөлінетінін айтты.
Жалпы, «Қазақфильм» болсын, қандай да бір театр, өнер мекемелері болсын қалай дегенмен де қоғамдағы мәдени құндылықтарды, мәдени талғамды қалыптастыруға қызмет ететін іргелі ұжымдар ғой. Олардың басынан дау арылмай жатса, жұмыстарында береке болмай жатса, билік өкілдері үнсіз қалмай, мәселені созбаққа салмай, туындаған түйінді тарқатуға ең бірінші болып мүдделі болуы керек. Ал бізде көп жағдайда мәселені дереу шешуге емес, өнер адамдарының тартысы немен аяқталады екен деген сияқты сырттай бақылау ғана бар. Қазір әрбір сағат, әрбір күн бағалы. Ондай дүрдараздыққа уақытты босқа жұмсау – кино мен өнер саласының дамуына кері ықпалын тигізетінін айтып жатудың өзі артық. «Жаңа басшылық» деген ұғым бүгінде сәнге айналды. «Жаңа басшылық» – жаңа тәртіп, жаңа жүйе орнатпақ болып, ұжымдағы дәстүрді елеп-ескермей, бәрін жаңадан жасағысы келеді. «Жаңа басшылық» білгенін істеуге емес, ұжымның жинаған тәжірибесін әрі қарай дамытуға, жоба-жоспарларды бірлесе талқылауға ниеттестік танытпаса, жағдайдың соңы ушығып кететініне «Қазақфильмнің» мысалы айқын дәлел.
Ойымызды әрі қарай сабақтай түссек, Президент өз сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алатынын, Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екеніне баса мән берді. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы дер шағында қолға алынған игі бастама болды. Экологияны сақтау, тұмса табиғатты қорғау ел болып атқаратын ауқымды шаруа. Неге десеңіз, өтпелі кезеңдерде біз табиғатымыздың қадірін кетірдік. Кез келген жерге қоқыс тастап жүре беретіндер көбейді. Әсіресе, адамдардың демалыс аймақтары, күре жолдардың бойы шашылған қоқысқа толып кететіні біздің елдегі экологиялық мәдениеттің қаншалықты деңгейге төмендеп кеткенін көрсетеді. Мұның бәрі сана-сезімнің де төмендігі демесімізге лаж жоқ. Өйткені, саналы адам, ішкі мәдениеті жоғары адам ешуақытта табиғатқа, Жер-анаға зиянын тигізбейді. «Таза Қазақстан» акциясы, Мемлекет басшысы айтқандай, кезекті науқанға айналмауы тиіс. Ол озық ойлы қоғамды қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа.
Еліміздің экологиялық ахуалы онсыз да мәз емес. Ірі қалалардағы қаптаған көліктер, зауыттар мен ТЭЦ-терден күні-түні будақтайтын түтіндер, олардан таралатын зиянды заттар, мұның барлығы халықтың денсаулығына теріс жағынан әсер етіп жатқан факторлар. Сондықтан Президент ұсынған «Таза Қазақсан» акциясы экологиялық ой-санамыздың көкжиегін кеңейтіп, нәтижесінде табиғат пен адамның рухани үйлесіміне әкелсе, ортақ мақсатымыздың орындалғаны деп білуіміз қажет. Өкінішке қарай, біз табиғатқа демалуға ғана баратын жер деп қарап кеттік. Ал шын мәнінде, табиғат – өміріміздің өзегі, тіршілігіміздің тірегі екенін қаперімізден мүлдем шығарып тастадық. Өзен-көлдерді ластап, орман-тоғайларды өртеп, аң-құстарды атып, табиғаттың қалыпты дамуын бұзып, зиянды әрекеттер жасаудың соңы неге апарып соқтыратынын ойлаудың өзі қорқынышты. «Таза Қазақстан» акциясы осындай жолсыздықтардың алдын алып, үлкен қоғамдық күшке айналғанын қалар едік. Экологиялық мәдениет тәлім-тәрбиемен, үйретумен, насихаттаумен ғана қалыптасатынын ұмытпайық.
Президент өз сұхбатында тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Ол – заң мен тәртіп қағидаты.
– «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет. Бұл қағидатқа қарсы шығатындар «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамға іріткі салып, түбінде қазақ мемлекеттігін жоюды көздейтіні айдан анық. Бұған еш көнуге болмайды. Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы. Бұл мақсатқа жету оңай емес, – деді.
Әрине, оңай жолмен байығысы келетіндер, жемқорлықты қолдайтындар, заңсыздықты қалайтындар, тәртіп талаптарын айналып өткісі келетіндер біздің қоғамда, өкінішке қарай, өте көп. Бұл өткен кезеңде қоғамға терең тамырын жіберген сыбайластықтың, ым-жымдықтың тікелей әсері. «Заң мен тәртіп» қағидасы мұндай қоғамда оп-оңай жүзеге асып кетеді деп айту да қиын. Себебі оған қарсылар міндетті түрде табылады. Өйткені «заң мен тәртіп» қағидаты орнай бастаған елде мәселені тамыр-таныстықпен шешуге жол берілмейді. Бір айта кетерлігі, бізде осы қағиданы орнатуға байланысты көптеген заңдар қабылданып, реформалар жасалып-ақ жатыр. Бірақ, ол жоғарыдағы дөкейлерге емес, қарапайым халыққа бағытталып жасалып жатқандай әсер қалдырады. Мысалы, айыппұл көлемдерінің көбеюі, айыппұлдардың жиі салынуы қоғамда «Штрафстан» деген ұғымды тудырды. Қарапайым халықтың қалтасын жұқартуға, әлеуметтік топтар өмірін қиындатуға бағытталған осындай шешімдерді бүгінгі Әділетті Қазақстанның депутаттары неге тоқтатпайтыны түсініксіз болып отыр. «Заң мен тәртіпті» айыппұлдар көлемін көбейту, жазалау шараларын күшейту арқылы емес, құқықтық сананы өсіруге бағытталған жұмыстарды қолға алу арқылы жасалуы керек. Әйтпесе, сол заң мен құқық саласының өкілдері де пара алудан тартынар емес. Жол патрульдік қызметкері тоқтатқан көлік жүргізушісін тергеушідей тергеп, одан әйтеуір бір заңсыздық әрекеттерін тауып алуға, теңгесін қағып қалуға тырысатынын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Әрине, бәрі бірдей емес. Бірақ, оларға әбден сіңісті болып кеткен психологияны түбегейлі жойып жіберу мүмкін еместей көрінеді. Демек, айналып келгенде барлығы да жеке адамның сана-сезіміне, ішкі пиғылына байланысты. Адамның ниеті дұрыс жаққа қарай өзгермесе ол қайткен күнде де заңды айналып өтуге бейіл болып тұрады. Оны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әйтпесе, том-том заңдарда осының бәрі жазылмады емес, жазылды. Қызметтік этикаға дейін қатталып, бекітілді.
Мемлекет басшысы айтқандай, біз қазір құқықтық мемлекет, яғни Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Құқықтық мемлекетті толық мәнде іске асыру – маңызды мәселе. Сол өзіміз мақсат етіп отырған құқықтық мемлекетті құруға құқық қорғау органдары алдыңғы шепте тұрып бәріне үлгі-өнеге көрсетсе дейсің. Әйтпесе, құқық саласының қызметкері деген мәртебелі атқа кір келтіріп жүргендер аз емес. Ондайлардан арылу осы саланың басшыларына жауапты сын болмақ.
Қорыта айтқанда, Президент сұхбатында көп мәселе қамтылды. Оны қоғамдық ойдың көшбасшылары бүгінде жан-жақты талдап, түсіндіріп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізуде. Шын мәнінде, сұхбаттың қоғамға ой салар тұстары аз емес. Президент көп дүниені шынайы парықтап, әділ бағасын беріп отыр. Ендігі мәселе – бұл сұхбаттан қоғам қандай ой түйді? Ең маңыздысы да сол болмақ. Әркім өзіне керегін алып, елімізді өркендетуге, дұрыс қоғам қалыптастыруға үлесін қосса, бұл тәуелсіз мемлекетіміздің жылдан жылға нығайып, тұғырының биіктей беруіне, сөзсіз, өз ықпалын тигізеді.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat»

632 рет
көрсетілді0
пікір