- Ел мұраты
- 06 Наурыз, 2025
Қазақ жазушылары мен өнер қайраткерлерінің кейбір сәттері

(Ресей Мемлекеттік әдебиет және өнер архиві құжаттарынан)
Соңғы жылдары «Архив – 2025» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты: Қазақстан тарихына қатысты алыс-жақын шетел архивтеріндегі құжаттарды, өзге де елдердің архив қорында сақтаулы, ғылыми айналымға түспеген тарихи жәдігерлерді жинақтау, қазақ тарихының «ақтаңдақтарын» толықтыру, көпшілік назарына ұсыну. Бағдарламаның жүзеге асырылуына ҚР Орталық мемлекеттік архиві де өзіндік үлесін қосуда. Осыған орай архив қызметкерлері 2024 жылғы 12-31 мамыр аралығында Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша архивтік құжаттарды іздеу, анықтау және жинақтау мақсатында Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивіне (РМӘӨА - РГАЛИ) арнайы ғылыми археографиялық іссапарға барып қайтқан еді.
Көрсетілген уақыт аралығында біздің Жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс бөлімінің қызметкерлері аталған архив пен басқа да мемлекеттік мекемелерде ХІХ-ХХ ғғ. Қазақстан тарихына тікелей де жанама қатысы бар материалдар мен құжаттарды жинау және анықтау бойынша қыруар жұмыс атқарды. Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінен (РГАЛИ) жинақталған құжаттар алынған қорлар, істер және алынған құжаттардың көшірмесі арнайы жасалған жеке есепте берілді. Археографиялық экспедиция барысында төмендегідей бағыттар бойынша материалдар жинадық: Ең алдымен Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінің қорлары, оның бағыттары және жұмыс тәртібімен толық танысу және әріптестік қарым-қатынас орнату жұмыстары жүргізілді. Екіншіден, мүмкіндігінше РМӘӨА-нің қорларындағы қазақ жазушылары, қаламгерлері мен мәдениет қайраткерлері туралы құжаттардың көшірмесін толық алуға баса назар аударылды;
Үшіншіден, ҚО ОМА Жеке тектік қорларындағы құжаттардың қатарын толықтыру жұмыстары да көзделді. Атап айтқанда, атақты майдангер жазушы, бірақ сол кезеңдегі Қазақ пединститутының фолькор бойынша аспиранты Мәлік Ғабдуллинның Соколов Юрий Матвеевичқа өзінің оқуын Москвада аспирантурада жалғыстырғысы келетіндігі және жетекшілік етуін, мұнда ғылыми жетекшісі М.О. Әуезов екендігі туралы 1939 жылы 29 наурызда жазған хаты [1], М. Төлебаевтың «Мысли о казахской музыке» атты қолжазбасының түпнұсқасы [2], А.Жұбановтың «Казахская музыкальная культура и театр», «Казахская опера» атты мақалалары [3], Е.Г.Брусиловскийдің «Боз айғыр» атты қазақ тақырыбына арналған алты пьесасының [4] және т.б. мазмұны маңызды әдеби-тарихи шығармалар мен құжаттардың көшірмелері әкелінді. Алаш қайраткері, ақын Жұмабаев Мағжан Бекенұлының Жоғары әдебиет және өнер институтындағы студенттік жылдарына қатысты (1923-1925 жж.) [5], қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың (1937-1976 жж.) [6], белгілі қазақ жазушысы, тарихи «Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннің (1947-1950 жж.) [7], актер, режиссер, КСРО халық әртісі Айманов Шәкен Кенжетайұлының (1947-1952 жж.) [8], драматург, аудармашы Жұмағали Сәрсековтың (1960 ж.) [9], жазушы, аудармашы Бейсембай Кенжебаевтың (1938-1943 жж.) [10], жазушы, драматург, публицист Қапан Сатыбалдинның (1938 ж.) [11], Қазақстанның халық әртісі, биші Шара Жиенқұлованың (1952-1953 жж.) жеке істері [12] және т.б. бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген, әрі қазақстандық архивтерде кездеспейтін тың құжаттардың көшірмелері алынды. Сондай-ақ М.Әуезов, С.Мұқанов, К.Байсейітова және Р. Жамановалардың жеке түскен фотосуреттері, Н.И.Сацтың жеке және К.Байсейітованың қызымен топпен түскен суреті және т.б. бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттердің көшірмелері алынды [13].
1935 – 1936 жж. Қазақ студиясының жұмысы туралы есебі, 02.12.1937-16.12.1937 жж. Қазақ студиясын бітірушілердің мәселелері жөніндегі кеңестің стенограммасының, 1938 және 1941 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақ КСР бойынша материалдар мен хат алмасулар (пікірлер, хаттар, жеделхаттар, жұмыс жоспарлары), көшірмелері алынды [14]. Осы алынған құжаттардың ішінде тарихи маңызы бар құжаттардың бірі – Жоғары әдебиет және өнер институтының студенті Мағжан Жұмабаев Бекенұлының жеке ісі (1923-1925 жж.). Істе Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіндегі (ВЦИК) ҚКСР өкілі Мухамедхафий Мырзағалиевтің қолы қойылған Қырғыз (Қазақ) Республикасының мемлекеттік стипендиаты Жоғары әдебиет және өнер институтының студенті Мағжан Жұмабаев Бекенұлына берілген №423 куәлік пен өз қолымен толтырған декларация, студенттік жеке іс-парағы сақталған [5, 1-4-қ. пп.]. Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивіндегі ҚазКСР Халық әртісі, Алматы мемлекеттік консерваториясының директоры, өнер ғылымдарының докторы, атақты композитор Ахмет Жұбановтың жеке ісімен [15] жұмыс барысында кейбір тың деректер мен ел арасында көп айтыла бермейтін кейбір жағдаймен таныстық. Әдеттегідей жеке істе кадрдың есепке алу жөніндегі (1946 ж. 20 қаңтар) жеке іс-парағы толтырылған. Соғыстан кейін 1946 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы өнер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Сақтаған Бәйішевтің КСРО Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Өнер жөніндегі комитеттің төрағасы М.Б.Храпченконың атына жазған қатынас хатында А.Қ. Жұбановты Алматы мемлекеттік консерваториясының директорлығына тағайындау туралы ұсынысында оған өте жоғары мінездеме берген: «...Жұбанов А.Қ. – қазақтың көрнекті музыкалық қоғам қайраткері, қазақтың музыка мәдениетін дамыту саласында қарқынды жұмыс істеп жатқан қазақтың тұңғыш ғалымы – музыкатанушы. Жұбанов А.Қ. 1934 жылы музыкалық театр училищесін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі. Көп жылдар бойы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының халық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметтерін атқарды. Бірқатар музыкалық шығармалар жазған дарынды қазақ композиторы» [15, 1-п.], – деп аз ғана жолдарға оның қазақ өнеріне сіңірген еңбегін сыйғыза мадақтап өткен. Осы ұсыныстың негізінде ҚазССР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы өнер бөлімінің меңгерушісі Серғали Толыбеков қол қойған 1945 ж. 27 желтоқсандағы №378 және КСРО Жоғары білім министрлігінің 1946 ж. 27 мамырдағы №465/к, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Өнер істері жөніндегі комитеттің 1949 ж. 25 маусымдағы №501 бұйрықтардың көшірмесінде көрсетілгендей А. Жұбанов директорлыққа тағайындалады [15, 2, 19, 20-пп.]. Жеке істе А. Жұбановтың Ленинград мемлекеттік консерваториясын тарихшы-музыка теоретигі мамандығы бойынша 1939 ж. 15 қазанда бітіргендігі туралы куәліктің, өнертану ғылымдарының докторы дипломының, «қазақ ұлттық аспаптары» кафедрасы бойынша профессор ғылыми атағын алғандығы жөніндегі аттестатының көшірмесі және еңбектерінің тізімі берілген [15, 9-13-пп.]. Сондай-ақ А.Қ. Жұбановқа 1944 ж. 11 тамызында Қазақ КСР Халық әртісі атағы берілген куәліктің де көшірмесі бар. Барлық көшірмелер нотариалды түрде заңдастырылған.
Осы істе берілген құжат арқылы А.Жұбановтың 1950 ж. қараша-желтоқсан айларында қазақ және өзбек әртістерінен құралған үлкен топ Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінің Үрімші, Құлжа, Қашғар, Жаркент (Яркинд), Хашал аймақтарында 400 мыңнан астам көрерменді тартқан 80 концерт бергендігі үшін КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Өнер істері жөніндегі комитеттің 1951 ж. 17 қаңтардағы бұйрығымен алғыс берілген. Осындай көз қуантарлық жақсы құжаттармен қатар, 1950-шы жылдардағы ұлт интеллигенциясын қайта қудалау тұсында қайталанған айтулы тұлғалардың бір-бірін қаралау мақсатында жазылған дүниенің де кездесуі өкінішті. Ұлт мақтаныштарының бірі, атақты композитор, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, ҚазКСР еңбегі сіңген өнер қайраткері М.Төлебаевтың «Казахстанская правда» газетінің 1951 ж. 28 қыркүйектегі санында «О неправильном направлении в музыковедении Казахстана» атты мақаласы Ахмет Жұбановтың шығармашылығын қаралауға арналған [15, 22 а-п.]. Мақалада қазақ өнертану ғылымының кеңестік кезеңде жаңа бағытта дамып келе жатқандығын айта келіп, өнертанушылардың, оның ішінде музыкатану ғылымының артта қалуы Қазақстанның музыкалық мәдениетінің дамуына кері әсерін тигізіп отырғандын көрсеткен. Тіпті халық арасында кеңінен танымал болған шығармалардың музыкатанушылардың еңбектерінде толықтай бағасын алмағандығын және қазіргі композиторлар туралы монографиялық еңбектер жазбақ түгілі, өткен дәуірдің халық композиторларының шығармашылығына маркстік-лениндік тұрғыдан дұрыс баға берілмегендігін жазады. Бірақ музыкатанушылардың тікелей міндеті композиторларға олардың жетістіктері мен қателіктерін түсінуге көмектесу екендігін көрсетеді. Әзірге халық музыкасының тарихына арналған Қазақстандағы жалғыз монография – ҚазКСР Ғылым академиясының толық мүшесі, өнертану ғылымдарының докторы А.Жұбановтың қаламынан туған «Қазақтың халық композиторлары» атты еңбек. Мақалада «Автор өте үлкен және жауапты тақырыпты алған, бірақ оны қажетті мүддеге қарай шешкен. Кітап ешбір жағдайда біздің жастарды тәрбиелеу мақсатына қызмет ете алмайды. Онда идеологиялық, саяси, теориялық және әдіснамалық өрескел қателіктерге жол берілген», – дей келе А.Жұбановтың Қазақстанның Ресейге қосылуының маңыздылығы мен орыс халқының озық мәдениетінің қазақ халқына тигізген зор ықпалын жоққа шығарғысы келетіндігін айтады. Ал керісінше ол бай-сұлтандар заманын, өткенді дәріптейді, «бұрынғы көшпелі кеңістікті» және «жоғалған халықтың еркіндігін» аңсайды. Әбілхайыр заманын «қайғылы және қараңғы дәуір», ханның өзін сатқын және тұрақсыз деп сипаттайды. Кенесары мен Наурызбайларды, тіпті моңғолдың жаулап алушысы Темірланды ұлықтайды. Өз ойын «Автор XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының реакцияшыл элементтерінің Ресейге қарсы күресін қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрес деп бағалайды. Тарихи фактілерді өрескел бұрмалай отырып, ол қазақ халқының атқа қонып, өзінің адал жауынгерлерін Ресейге қарсы аттандырғанын айтады.
Мұндай тұжырымдар кездейсоқ, қазақ халқының шынайы тарихын білмеумен ғана түсіндіріледі деп ойлауға болмайды. «Қазақ халық композиторлары» кітабының бірінші бетінен соңғы бетіне дейін тұтастай буржуазиялық-ұлтшылдық рухта жасалған», – деген жолдармен жалғастырған. Сондай-ақ осы мақалада кітапта берілген Абай, Жаяу Мұса, Сарымолда, Ақан сері, Дәулеткерей, Біржан сал және т.б. шығармашылығын бұрмалау, асыра көрсету мен бағалау бар екендігі жеке-жеке талдай келіп, тіпті кейбір шығармаларды қазақтың руларымен байланыстыратындығы жас музыкатанушыларды шатастыратындығын қатаң түрде ескертеді [15, 22 а-п.]. Бір ғана осы мақаланың өзінен 1946 – 1950 жылдардағы ұлттық интеллигенция өкілдеріне қарсы, оларды іштен бір-біріне айдап салу секілді жүргізілген сталиндік қуғын-сүргіннің үшінші толқыны басталған тұстағы идеологиялық саясаттың салқын ызғарын байқауға болады. Егер түсінген адамға мұнда жоғары жақтың тапсырысынан туындаған мақала екені анық. Осы мақаладан байқап отырғанымыздай, сол кездегі партиялық бюрократияның қазақтың дарынды композиторы Ахмет Жұбановқа қарсы шығуын қолдап, әрі жоғары партиялық шенеуніктердің қолдауымен рухтанған ол сталиндік репрессиялық науқанға белсене араласып, оған «ұлттық қателіктерді жоюшы» ретінде түбегейлі қарсы шыққаны өте өкінішті. М.Төлебаев халық музыкасына идеялық және таптық көзқарастарды ескере отырып, осы мақаласын жариялады, онда ол Қазақстанның музыка өнерінде орын алған кейбір іргелі кемшіліктерді көрсете отырып, сонымен бірге бұл үшін тікелей А.Жұбановты кінәлайды. Сөйлеген сөзінің мазмұнынан көрініп тұрғандай, мұндай шабуылдар тоталитарлық мемлекеттің ұлттық зиялы қауымның ерекше тұлғаларына қарсы бағытталған репрессиялық саясатының аянышты салдары болды.
Ахмет Қуандықұлы Жұбановтың жеке ісіне арнайы тоқталып отырғандығымыздың басты себебі – ҚР Орталық мемлекеттік архивте ізденушілер мен зерттеушілер тарапынан көп сұраныс болатын тұлғаның жеке тектік қоры өткізілмеген. Сондықтан осындағы кейбір мәліметтермен оқырманды толығырақ таныстыра кетуді жөн көрдік.
Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивіндегі сақталған қазақ қаламгерлері мен өнер қайраткерлеріне қатысты құжаттардың біраз бөлігі 1943-1944, 1961-62, 1966, 1971, 1980, 1981 жылдардағы шығармалары үшін жүлде, Лениндік сыйлық, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алмаған кандидаттардың жеке істері [16]. Мысалға, 1943-1944 жж. опера және балет бөлімі бойынша сыйлыққа ұсынылған К.Байсейітова, Х.Омарова, Ә.Б. Үмбетбаевтың, суретшілер: 1961-62 ж. - Ә. Қастеевтің, 1966 ж. - Е.М.Сидоркин, жазушы І. Есенберлиннің, опера әншілері Р.Жаманова, Е. Серкебаевтың құжаттарында олардың өмірбаяны мен бұрын еш жерде жарияланбаған олардың шығармашылығына берілген сын-пікірлердің, облыстық, қалалық, аудандық деңгейде өткен талқылаулар, конференциялардың хаттамалары, ұсыныстарының, жеке авторлардың берген пікірлерінің құндылығымен маңызды десек болады. Өкінішке қарай кейбір құжаттарда оларға неліктен сыйлықтың берілмегендігі туралы қорытынды сараптама берілмеген.
Осылардың ішінде атақты жазушы Ілияс Есенберлиннің 232 парақты құрайтын жеке ісінде 1980 ж. Лениндік сыйлыққа ұсынылған үш кітаптан тұратын тарихи эпопеясы «Көшпенділер» трилогиясына (1-кітап – «Алмас қылыш», 2-кітап - «Жанталас», 2-кітап - «Қаһар») ғана әдебиет саласы бойынша ұсынылған талапкердің шығармашылығын қарау туралы анықтама берілген.
Партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген Ілияс Есенберлиннің бұл шығармасы – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихи-көркем пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі. Трилогияның негізгі өзегі болған бес ғасырлық XV–XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығының кезеңі көркем әдеби тілде суреттеледі. Кейіпкерлері – тарихи тұлғалар, қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстау кезеңнің басында тұрған, ел билеген хандар, ел мұңы мен арман-тілегін жырлаған ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ үшін шайқасып, Отанын қорғаған батырлар. Берілген анықтамада: «Хан Кене» романы 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, Комитетте талқыланып, одан әрі талқылау тізіміне енгізілмеді.
Комитет президиумы трилогияны тұтастай қарауға қабылдады.
***
1980 жылы 7 сәуірде өткен әдеби секция отырысында І.Есенберлиннің кандидатурасы қызу талқыға түсті. В.Кожевников трилогиядағы бірқатар тарихи қателіктерді атап өтіп, жасырын дауыс беру тізіміне І.Есенберлиннің кандидатурасын қоспауды ұсынды. Ш.Айтматов жазушының ерен еңбегін атап өтіп, жасырын дауыс беретін тізімге енгізуді ұсынды. Әдебиет бөлімі Лениндік сыйлыққа ұсынылған кандидаттардың барлығын салыстыра отырып, жасырын дауыс беру тізіміне І. Есенберлинді енгізу мүмкін емес деп тапты» [17], – дей келе «Қабылдамау керек» деген қорытынды жасаған. Ал, осы трилогияны қайтадан 1981 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанда тағы да кері қайтарылған. Бұл жолғы берілген анықтамада бастапқыда І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы Лениндік сыйлық бойынша қаралып, одан Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған. Талқылауға қатысқан Г.Марков, А.Ананьев, Г.Бердников жазушының түпкі ойы мен идеясының кеңдігін, «Қазақ халқы тарихының әр түрлі кезеңдерін қамтитын бұл ұлы шығарманың» оқиғаларының ауқымды екенін сөзге тиек етті (Г.Марков). Осы ретте республиканың өз ішінде сынға ұшыраған кейбір тарихи сәттердің берілген пікірлерде көрсетілуі дау туғызған. Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін секция мүшелері трилогияға әртүрлі көзқарастардың болуы оны кеңестік үздік шығармалар қатарынан орын алуға мүмкіндік бермейді деп бағалаған. Сөйтіп кандидатураны талқылаудан алып тастау керек деген қорытынды берілген [18]. Ал осындағы қорытындылар мен сын-пікірлерді берушілер КСРО және ҚазКСР ҒА-ның тарих институттарының мықты мамандары: тарих ғылымдарының докторы В.Я. Басин, т.ғ.к. – А. Сабырханов, К.А. Пищулина (1974 ж. 12 қазан), т.ғ.д., КСРО ҒА Шығыстану институты Г.Ю. Алиев (1973 ж. 20 қазан), ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор Бек Сүлейменов (1974 ж. 14 тамыз және 1976 ж. 27 қазан), т.ғ.к. А.Сабырханов (1974 ж. 17 мамыр), т.ғ.к., КСРО ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері Н.Е. Бекмаханова (1976 ж. 11 желтоқсан) І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын өз ескертулері мен көзқарастарын білдіре отырып, жоғары бағалаған [18, 34-74-пп]. Москвадағы қоры бай ірі архивтердің бірі саналатын Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивіндегі сақталған құжаттардың келесі бір кешенді бөлігі жеке тұлғалардың әр жылдарда түсірілген, ғылыми айналымға түспеген фотосуреттері мен жазған хаттары, шығармаларының қолжазбалары да маңызды екендігі ақиқат. Археографиялық экспедиция барысында көшірмелері алынған кез келген құжаттар бұрын еш жерде жарық көрмеген және Қазақстанда ғылыми айналымға тартылмаған болып есептеледі. Сондықтан барлық құжаттар ерекше маңызды. Қорыта айтқанда, «Архив-2025» атты жобасының барысында елімізге көшірме түрінде болса да оралған құжат ұлт тарихы мен мәдениетінің жазылмаған парақтары мен архив деректерінің қатарын толықтыра түседі.
Анар ӘШІРОВА,
ҚР ОМА Жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы,
Елена ДЖУНУСОВА,
Қулай ДӘУІТ,
бөлімнің жоғары санатты архивистері
Пайдаланылған деректер:
1.Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архиві (бұдан былай - РМӘӨА). 483-қ., 1-т., 1151-іс, 2-3-пп.
2.РМӘӨА. 654-қ., 4-т., 273-іс, 1-14-пп.
3.РМӘӨА. 970-қ., 17-т., 535-іс, 1-18-пп.; 536-іс, 1-18-пп.
4.РМӘӨА. 2929-қ., 1-т., 684-іс, 1-44-пп.
5.РМӘӨА. 596-қ., 1-т., 337-іс, 1-4-пп.
6.РМӘӨА. 631-қ., 39-т., 125-іс, 1-4-пп.
7.РМӘӨА. 962-қ., 28-т., 1602-іс, 1-8-пп.
8.РМӘӨА. 962-қ., 24-т., 33-іс, 1-19-пп.
9.РМӘӨА. 631-қ., 39-т., 2196-іс, 1-32-пп.
10.РМӘӨА. 632-қ., 1-т., 1680-іс, 1-53-пп.
11.РМӘӨА. 632-қ., 1-т., 4532-іс, 1-28-пп.
12.РМӘӨА. 962-қ., 28-т., 1646-іс, 1-7-пп.
13.РМӘӨА. 2855-қ., 1-т., 652-іс; 2325-қ., 1-т., 24-іс; 32-іс; 2663-қ., 1-т., 146-іс; 1859-қ., 1-т., 90-іс, 1-53-пп.
14.РМӘӨА. 650-қ., 2-т., 184-іс; 261-іс; 631-қ., 6-т., 230-іс, 595-іс, 794-іс,
15.РМӘӨА. 962-қ., 28-т., 1657-іс, 1-27-пп.
16.РМӘӨА. 2073-қ., 9-т., 10-іс; 2916-қ., 1-т., 357-іс; 2916-қ., 2-т., 227-іс; 563-іс, 595-іс; 3-т., 325-іс; 4-т., 34-іс және т.б.
17.РМӘӨА. 2916-қ., 3-т., 325-іс, 1-п.
18.РМӘӨА. 2916-қ., 4-т., 34-іс, 1-п.

3578 рет
көрсетілді0
пікір