- Заманхат
- 06 Наурыз, 2025
ӘЙЕЛ ТАҒДЫРЫНЫҢ ГАЛЕРЕЯСЫ

Сөз суретшілерінің қазіргі заманғы саңлақтарының арасында жазушы Заря Жұманованың орны ерекше. Бүгін оқырман қауымды осы бір ғажап сөз шеберінің шығармашылығымен таныстырғым келіп отыр. Заря Жұманованың шығармаларын алғаш «Аружан» журналынан оқыдым. Талантты жазушының шығармашылық лабораториясындағы ең маңызды тақырып саналатын «әйел тағдыры» мені бірден баурап алып кетті.
Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінде әйел тағдыры Бексұлтан Нұржекеұлы, Шәрбану Бейсенова, Кәмила Құдабаева, Маркиза Базарбайқызы, Заря Жұманова сынды қаламгерлердің еңбегінен маңызды орын алған. Жұманованың шығармаларында замандастарының күнделікті өмірі, олардың ішкі жан дүниесі, арман-тілектері, уайымы мен толғанысы, кешегі және бүгінгі ұрпақтың басынан өткерген проблемалары бейнеленген. Олардың барлығындағы басты ой – ұлт пен қоғамның негізі әйел, оның рухани-адамгершілік қасиеті, мәдениеті мен рухы дегенді жас ұрпаққа түсіндіру. Автор шығармаларының барлығы дерлік әйел отбасының ең басты ұйытқысы, үйдегі тәртіп пен тыныштыққа, отбасы мүшелерінің әл-ауқатына жауапты адам екенін еске салады. Ол бүкіл үй шаруашылығын шебер басқарып, бала тәрбиелеп, күйеуіне қамқорлық жасап, үлкендерге құрметпен қарап қана қоймай, білікті дипломат ретінде бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан адамдар арасындағы тамаша қарым-қатынасқа жағдай жасап, жақын адамдар мен туыстар арасындағы өзара түсіністік пен қолдаудың ретін келтіре білгені жөн. Халық арасындағы «Ағайынды алыстататын да, жақындататын да – әйел», деген сөз бекер айтылмаған ғой. Үйдің жылуы әйелге байланысты, ол үйдің ішінде жақындары үнемі асығатын ғажайып аура жасайды және оны толықтырады. Туыстарды игі істерге шабыттандыратын ғажайып әрі жылы көңіл-күй тудыратын да өзі.
Әйел тақырыбын ашуда қалам шебері қоғам дамуын қыз балалардың рухани тәрбиесімен тығыз байланыстырады. Өйткені «Қыз бала – ұлттың жаны». Автор ұлттың дамуы әйелге байланысты екенін әйел кейіпкерлердің образы арқылы айқындап, тамаша әңгімелер топтамасын жазып шыққан. Ол әңгімелер тек әйелдер ғана емес, ерлердің де отбасылық құндылық пен бала тәрбиесі туралы деген көзқарасына айтарлықтай әсер етеді. Заря Жұманова нағыз сөз шебері ретінде соншалықты қарапайым және түсінікті, дегенмен жақындары толық мойындай қоймайтын «Әйел бақытты болса, бүкіл отбасы бақытты» деген маңызды шындықты жеткізеді. Сол себепті әйелге деген қарым-қатынас өте нәзік әрі мінсіз, мейірімге толы болғаны жөн. Ол ең алдымен ана! Оның болмысы сенімнен, даналықтан, кең пейіл мен мейірімнен жаралған. Әңгімелердің барлығының сюжеттік желісі «Әйел – үйдің шырағы» деген даналықтың күнделікті өмірдегі маңызын айқындай түседі. Шығыста «Отбасының отағасы – ер адам», деген мызғымас ұғым берік орнаған. Отбасындағы ең маңызды рөл де ер адамда. Дегенмен әйелдің де рөлі өте маңызды екенін ескергеніміз жөн, сол себепті де оны қадірлеп үйдің шырағына теңейді. Ол өзінің нұрын шашып, мейірімін төгіп, жақындарын қуантып, барлығын үйлестіріп, жайма-шуақ күй қалыптастырады. Жазушы Заря Жұманова бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен шедевр туындылар жасайтын қазіргі қазақ әйелдерінің образын шебер ашады. Текті әулеттің келіндері мен аналары өздеріне жүктелген киелі шаңырақтың ұйытқысы деген міндетті жетік түсініп, бар ынта-ықыласымен соған лайық болуға жанын салады. Шығыс отбасында ер адам маңызды рөл атқарса, отбасының шаруашылық ісінде әйел басты тұлға болып саналады. Мәселен, құдалық, балаларды үйлеу, өмірге бала келу, оның өсіп-жетілуі, осы ретте сақталатын барлық салт-дәстүр мен атқарылатын жөн-жоралғының барлығының басы-қасында әйел адам жүреді. Әйелдің нәзік иығына өте көп жүк артылған. Соның өзінде ол өзіне жүктелген тікелей жауапкершілік – ұрпақ тәрбиесі туралы еш ұмытпайды. Алайда уақыт ырғағы өзінің ығына жығып, өзгерткендіктен қазір отбасының рухани-адамгершілік негізі сетінеді. Күнделікті ұсақ ұрыс-керістен берік ұстанымдарға сызат түсіп, отбасылық үйлесім бұзылды. Неге олай болды? Ұлы дала заңы бойынша отбасы – ерлі-зайыпты бірдей сақтауы тиіс, ұстыны берік тірек емес пе?.. Автор отбасының ең белді мүшесі, барлығы оған бағынатын ер адам кенет мойнындағы барлық міндетті тастай салып, отбасынан неге кетеді? Өзі сүйіп алған жарын неге жалғыздыққа душар етеді? Ғасырлар бойы берік сақталған ұрпақ сабақтастығы неге үзілді? Өздерін ғаламның иесі санайтын отағалардың өздері мақтан ететін тектілігі мен ерлігі қайда? Шығыс отбасында әйелді ердің қабырғасынан жаралған деп айтудан жалықпайтындар көп емес пе?, деген сұрақтарға жиі тіреледі. Жазушы оқырманның есіне даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді», – деген сөзін салады. Бұл сөзді біз шынында жадымызда сақтауға тиіспіз.
Автор өмірден түйгені мол нағыз шығыс ханымы ретінде тағдырдың қандай тәлкегіне түссе де отбасының бас иесі ер азамат екенін қайталаудан танбайды. Әке ретінде ер адамның орны қашан да биікте әрі оны әйел адам балаларының көзінше еш аласартуға жол бермейді. Иә, әрине ол нағыз ер азамат ретінде толық қалыптаспаған болар, бірақ, оның әке ретіндегі рөлін ешкім жоққа шығармайды.
Жазушының шығармаларында әкенің о баста қалыптасқан жақсы атын балалардың жүрегінен ешқандай жағдайда өшіруге болмайтыны қызыл жіппен кестелегендей анық айтылады. Өйткені, бала – әкенің жалғасы емес пе?!
Заря Жұманова ер мен әйел арасындағы күрделі қарым-қатынастың себебіне үңіледі, «әйелге тән нәзіктік», «әйел абыройы» және оның өмірдегі мақсаты деген ұғымдарға ден қояды.
Жазушы әйелдердің жарқын образын паш ете отырып, оның мінезі мен денсаулығы өмір ағысымен, айналасындағы адамдардың әсерінен, тұрмыстық жағдайлар мен мүмкіндіктердің әсерінен өзгеретінін түсіндіруге тырысады. Әйел ғашық болады, тұрмысқа шығады, өмірге перзент әкеледі, үйдің шырайын келтіреді, кәсіби жетістікке жетеді, өзінің шығармашылық қабілетін дәлелдейді, осының барлығына үлгеруі керек. Кейде бұл жүкті көтере алмай қалатындар да бар. Әйел тағдыры тым қиын әрі әрқилы.
Сонымен, Заря Жұманова қаламынан туған әйелдер оқиғасы бізге қандай ой айтады? Бүгін біз жүйрік қалам иесінің үш әңгімесін талқылаймыз.
Әрбір қыз сүйген адамына тұрмысқа шығып, тату-тәтті әрі үлкен отбасын құрғысы келеді, бақытты ана, сүйікті жар болуды армандайды. Бірақ ондай бақыт барлығына бірдей бұйыра ма? Осындай нәзік әрі сырлы әуезбен «Уақытша» неке әңгімесі басталады.
Бас кейіпкер студент Күлшат 18 жасында әкесінен айырылады. Оның отбасы үшін бұл өте ауыр қайғы. Өйткені әкесі отбасының асыраушысы. Жерлеуден кейін Күлшат оқуға жиналады, қызын шығарып салып жатқанда анасы көз жасына ерік берді. Ата-әжесінің қолында өсіп, шешесінің атын атап өскен Күлшат оған
– Күнтай, – деді қатқылдау үнмен, – Мен сені тым-тәуір әйел ғой деп жүрсем... жаман біреулер құсап, мырқылдап жылай бердің ғой. Болды, жетер енді. Мынша баланы қалай жеткіземін деп уайымдама. Аман жүрсем, бәрін өзім өгіздей өрге сүйреймін! – деді ол тәуекелге бел буған, кесімді үнмен. Тік мінезді, адуын енесі тіріліп келгендей селк етіп ес жиған Күнтай жылай-жылай ісіп кеткен көзін әзер ашып:
– Тентек қыз-ау, сен – жолы жіңішке қыз баласың ғой. Қайтып өрге сүйремексің? Кейін күйеуің, ата-енең не дейді? – деді қарлығыңқы үнмен... Күлшат екі қолын айқастыра құшақтап, қасқая қарап тұрды да:
– Саспа! Күйеуге шықпаймын! – деді де есікті сарт жауып, темір жол стансасына апаратын салдырлақ сары автобусқа мініп, қалаға тартып кетті.
Одан бері талай уақыт сырғыды. Күлшат әлдеқашан оқуын бітіріп, жұмысқа тұрған. Жас маман ретінде оған жатақханадан бір бөлме берілген. Кіші бауырлары бірінен соң бірі қалаға оқуға түсуге келіп, соның қолында. Олардың тамағы мен киімі де Күлшаттың мойнында. Балалар үшін жалғыз пана – Күлшат. Оқуы біткен соң бауырлар ауылға кетеді. Қазір де ең кіші інісі инстиутта оқып жүр.
Күлшаттың тыныш, бірқалыпты өмірін шешесінің телефон қоңырауы бұзды. Аяқ асты хабарласқан ол жақсы жаңалық, үлкен ұлдың үйленгелі жатқанын айтты.
–Үйленсе, үйленсін. Жасы жиырма бестен асқан жоқ па соның? Жас емес қой... Ол түгілі анау сүт кенжең де ерік берсем, қазір үйленетін түрі бар... Тек менен қорыққаннан жүр-ау деймін. Шашын сипалап, айна алдынан кетпейді. Телефонына да тыным жоқ.
– Солайы солай ғой... Бірақ..
– Не «бірақ»?
– Жұрт сөз қылатын көрінеді... «Үйінде күйеуге шықпай отырып қалған апасы бар» деп... Інілеріңнің бетіне сол шіркеу боп жүр...
– Қызық екен. Елдің бізде не шаруасы бар? Жұрттың сөзін қайтесің?!
– Бұл бұрқан-талқан ал кеп ашулансын.
– Жарайды, ашуланбашы. Жұрт айтты демесең... олардың да сөзінің жөні бар сияқты. Сенен жаман қыздар байға тиіп, бала сүйіп, ақар-шақар үй боп отыр ғой... Сен кімнен кемсің? Тіфә, тіфә, тіл-аузым тасқа. Білім десең білімің, қызмет десең қызм...
Күлшат телефон тұтқасын тарс еткізіп стол үстіне тастай салды. Көзін бір нүктеге қадаған қалпы, тас мүсін құсап, тапжылмастан ұзақ отырды. Іші алай-дүлей. Япырау, сонда бұл қалай болғаны? Бұның күйеуге шықпағаны өзінен кейінгі інілерінің бетіне шіркеу болар деп бұрын-соңды ойлап па?! Біреу жұдырықтай жүрегін парша-парша тіліп, арасына тұз себелегендей, шыбын жаны шырқырап кетті. «Осындай бауырмал, қамқор апасы бар, қандай бақытты жігіт!» деп жұрт қайта бұлардың сыртынан қызығатын шығар деп ойлап жүрсе... Неткен аңғалдық!
Уақыттың көз ілеспес жылдам екенін, ай астында ешнәрсе мәңгі емес екенін қалай сезбеген?.. Бала өседі, туған үйінен қанат қағып ұшады, өз отбасын құруды бастайды, әрқайсының өз тағдыры, өз жолы бар. Өмірдің күйбең тірлігі мен әбігеріне ілесемін деп жүріп, қартайып қалғаныңды байқамайсың. Ал адамның ең басты міндеті ұрпақ жалғастыру емес пе! Күйеуге шықпаймын деп ойлаған кезде қандай ақымақ әрі аңғал болған? Жалғыздық оның шырайын кіргізбейді.
Бұл жағдайды жөндеу керек деген ой, Күлшатты шырмап алды. Бірақ, қалай? Кімге тұрмысқа шығады? Ол апыл-ғұпыл тұрмысқа шығуға болады-ау, деген жігіттерді есіне ала бастады, бірақ олардың барлығы құмсағаттың құмындай мұның жадынан бірден көше бастады.
«Е, айтпақшы, анау жүдеу өңді, орта бойлы жігіт... тергеуші ме, адвокат па, кім еді? Жарайды, мамандығын қайтеді? Анда-санда іздеп кеп жүретін. Қашан, қалай танысқандары есте жоқ. Кезінде дұрыстап мән бермегесін, ұмытып та қалыпты. Әлде соған тисем бе екен? Дәм-тұзым жараспаса, ажырасып кетермін. Әйтеуір, «отырып қалған», «кәрі қыз» дегеннен гөрі, сол дұрыс болар. Ажырасып, байдан қайтып келу дегенге қазір жұрттың көзі үйренген жоқ па?!.
Сол арық жігіт қазір қайда жүр екен өзі? Талай рет келгенінде, «Мені жоқ деңдер», деп тілдеспей, тығылып қалғаны тағы бар.
Басындағы шырмауық ойды кіші інісі үзді:
– Күлшат апа, сізге келіп тұр, – деді інісі, иегімен есікті нұсқап.
– Кім?
– Кім болушы еді, баяғы... Әділбек қой!..
– Неге жақтырмай тұрсың, ол саған неге жақпай қалды?
– Күлшат дәлізге қалай шыққанын өзі де байқамай қалды.
Әділбекті тыңдаған соң екеуінің тағдыры ұқсас екенін түсінді. Шешесі қайтыс болған соң Әділбектің әкесі қайта үйленіпті. Енді оның жаңа отбасы, басқа уайымы бар. Қарындастары тұрмысқа шығып кеткен, бұл жалғыз қалыпты. Біраз жылдан бері жалғыз.
Ол біраз әңгіме айтып, жан сырын ақтарды. Күлшаттың оны түсініп, қолдағанын қалап тұрғаны белгілі.
– Жас қыздардан сенің жолың да, жөнің де бөлек. Айналып-үйіріліп, қайта-қайта неге саған келе береді дейсің?!. Болды, ертең ЗАГС -ке өтініш береміз! – деп Әділбек Күлшаттың қолынан аялай ұстап, алақанына салды.
Күлшат өзін алдында бақытты отбасылық ғұмыр күтіп тұрғанын, күйеуінің көп туысына ерекше қамқор боларын білген жоқ.
Заря Жұманова шедеврлерінің ішінде «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» әңгімесі маңызды орынға ие. Мен оны жазушының ең керемет шығармасы деп санаймын. Бас кейіпкер – балалар үйінің тәрбиеленушісі Толқын Тоқтарбекке күйеуге шығады. Шексіз бақытты. Енді оның өз отбасы бар, жақсы көретін күйеуі, дана, қамқор, мұны өз қызындай қабылдаған ата-енесі бар. Дүниеге перзент әкеліп, қарияларды қатты қуантты. Енді олар бар өмірін немересіне арнайды. Толқынның отбасылық өмірі өз ағысымен жылжып жатыр. Алайда, уақыт өте келе тағдыр оған басқа сынақ берді. Жолдасының жалындаған сезімі суи бастады. Ол үлкен отбасы болғанды армандаушы еді, ашу үстінде Тоқтарбек әйелін көп бала тумадың деп жиі кінәлайтынды шығарды. Жалғыз қызы баяғыда бойжетіп, алысқа оқуға кетіп, тұрмысқа шығып, сонда қалды. Қарттарды енді немересінің шетелден жіберген түрлі-түсті суреттері ғана жұбататын. Бірақ осы жалғыз жұбанышы уақыт өте келе олардан алыстап кетті, ең өкініштісі немересі ата-әжесі қайтқанда келіп топырақ та салмады. Өмірді болжау мүмкін емес. Оның буырқанған мұхитында кіммен бір кемеде жүзетінің белгісіз. Тоқтарбекпен 19 жыл бірге тұрып, Толқын онымен қалай айырылысып кеткенін байқамай қалды. Күйеуін албасты басып, ажырасқан келіншекпен шатысыпты, ол жүкті екен. «Ақ сақалға, сайтан қабырғаға» дегеннің кері келді. Бірақ бұл ың-жыңсыз, тыныш ажырасу болды. Ішкі жан дүниесінің бос қалғанын сезген Толқын, бұл сезімін салған суреттері арқылы шығаратын, суреттері тәп-тәуір. Өткен күндерге көз тастағанда өмірдің тым жылдам екенін түсінді, 19 жыл Тоқтарбекпен бірге тұрмағандай көрінді. Осылай, «Өмір кеше, бүгін, ертең деген үш кезеңнен тұрады» дейтін шығыс халқының даналығын еске алды. Қызық! Оны алда не күтіп тұр екен? Толқын жападан жалғыз қалды. Жалғыздықтың тұтқыны болу қандай қиын десеңізші! Алайда ол мына жағдайдың барлығынан биік болуы керек. Ол терезеден үйіне түскен күннің сәулесіне, қалыпты өткен бір күніне қуануы керек. Өмірден ләззат алуы тиіс. Уайым-қайғының бетін аулақ қылсын! Жан жадырататын көктем келді емес пе! Ал көктем үміт пен арманға қанат бітіріп, қалғып кеткен сезімдерді оятатын мезгіл! Көктем келсе әр адам жаңа, жарқын, сәулелі нәрсе күтеді. Достар, ғажайыпқа сенесіздер ме? Ғажайып тек ертегілерде болмайды. Ертегі желісі өмірден алынады ғой. Демек, ғажайып болатыны шын! Тек оған шын сену керек. Ғажайыпқа балалар ғана емес, үлкендердің де сенгені жөн. Сонда олардың арманы міндетті түрде орындалады. Толқынның есігін ғажайып қағатыны оның үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ. Жаңа пәтерге көшіп бара салысымен тағдыр оған тосынсый даярлап қойыпты. Дәл сол күні ол тағдыры қиын болғанымен сырлы ер адаммен танысты...
«Шие ағашы көңілсіз тербелген кез» атты әңгімесінде де жалғыздық пен ішкі сағыныш басты әңгіме болады. Институтты бітірген бас кейіпкер мектепке мұғалім болып орналасып, сол жерде болашақ күйеуі Еркешпен танысады. Еркеш – сымбатты, бойшаң, еңселі жігіт. Ұяң, үркек қызды өзіне тез баурап алды. Құралай басына бақ қонғанын байқамай да қалды. Жанында сүйген жары бар, одан артық қандай бақыт болуы мүмкін! Ол өз-өзіне көңіл бөле бастады, сән әлеміндегі журналдарға қарап киінуді әдетке айналдырды, сұлулық салонына жиі баратын болды. Бірақ осы бір жаймашуақ, бірқалыпты өмірдің шырқын бұзардай, жігіттің одан бақандай он жасқа кіші екенін айтатын сыпсың сөздер жиі естіліп қалып жүрді. Еркеш өлең жазады. Өлеңдері тек оқырмандардың ғана емес, сыншылардың да көңілінен шықты. Танымал ақын болды, оқырмандармен кездесуге жиі-жиі барады. Олардың арасынан муза табылды. Уақыт өте келе Еркеш өзгеріп кетті. Құралай екеуінің ара-қатынасынан салқындық сезінді, бұрынғыдай емес тым бөтен. Бастапқы сезім мен жылу жоқ. Жанкүйерінен хат келген күні ол Еркештен біржола айырылысты. Құралай күйеуінің шабаданын өзі жинап жүр. Біржола кететініне сене алмайды. Қазір ол заттары мен кітаптарын алып, мына есіктен біржола шығып кетпек. Мұны жалғыз қалдырмақ. Неге бұлай болды? Адамдар жылдар бойы өзінің жұбын іздеп, тапқан соң бақыт мухитына шомып, сосын аяқ асты неге айырылысады? Сонда отбасының міндеті мен мақсаты не? Айырылысуға не себеп болады? Құралай «бұл әлемде бақыт жоқ» деген ақынның өлең жолын еріксіз еске түсіріп, қатты жылап алды. Күйеуі кетіп қалды деген ой еңсесін езіп жіберген. Жалғыз жұбанышы мен қуанышы – ұлы. Ол болмаса Құралай әрі қарай қалай өмір сүрер еді? Енді міне, екеуі ғана қалды. Құралай мына бір қиын өмірде тек бақытты болу жеткіліксіз екенін, бақытты ұстап тұра білу керек екенін түсінді. Сол сәт оның көзі терезенің алдында өсіп тұрған шие ағашына түсті. Шиенің бұталары төмен салбырап, әйелдің қайғысы мен мұңын бөлісіп тұрғандай самал желмен баяу тербеліп тұр еді.
Майра АЙЖАРЫҚОВА
Орыс тілінен аударған
Назым ДҮТБАЕВА

2166 рет
көрсетілді0
пікір