- Ел мұраты
- 18 Наурыз, 2025
ОСЫ ЖҰРТ ЕЛЕУСІЗДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
1934 жылдан Қазақстанға аты шыққан әйгілі халық ақыны Елеусіз Байырбековтің өзіммен бір ауданда туған жерлес екенімді осы уақытқа дейін білмей келіппін. Сөйтсем, жалғыз мен емес, бүкіл аудан халқы ол кісінің Созақта туғанын білмейді екен. Яғни ақын есімін Отырар өңірі Шәуілдірден шыққан тұңғыш халық ақыны ретінде жақсы білгенмен, өзінің туған өңірінің халқы білмеген. Ақынның алыс туыстары негізінен Созақ өңірінде ұйысып отырса да, туған жерінен ерте қол үзіп кеткен ақын ұмытылған. Осы уақытқа дейін баспадан шыққан аудан тарихынан мағлұмат беретін анықтамалықтар, өлкетанушылар шығарған көптеген кітаптардан да есімін кездестірмейсіз. Яғни бұл – алдыңғы аға буынның өзі өз жерлестерін білмеді деген сөз. Осыған қарап ойланасың, адам тағдырына оның есімі әсер етеді дегенге иланасың. Шынымен де, атына заты сай елеусіз қалған тұлға.
Ал ақын Елеусіз Байырбеков кім еді? Ол кісі 1937 жылдан КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, 1939 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Өмірден қайтқанына 80 жылдан, туғанына 130 жылдан асқан. Аз уақыт емес. Асыл қанжарды да тот басады, жаңғыртылмаған нәрсе жұрт жадынан ұмытылады деген осы. Замандастары тұрмақ бүгінде баласымен жасты адамдардың да көзі тірілері сирек қалды емес пе. Сол сиректің бірі, Елеусіз Байырбековтің артында қалған жалғыз қызы, көзі тірі Перде Елеусізқызы бүгінде 84 жаста. Әкесінен ерте айырылғанда Перде апамыз бар болғаны төрт жастағы бала екен. Түрі мынандай дейтіндей көз алдына елестете алмайтын сәби жаста. Әкесінің ең болмаса артында қалған суреті де қолына түспеген. Сонау 1959 жылы Алматыға келіп, студент болғаннан бері осы Алматыда тұрады. Өмірбойы жұмысбасты болып, бала, отбасы деп жүріп әрі қолында ешқандай дерек болмағандықтан, әкесінің өлеңдерін қайтіп іздеуді де білмепті. 40 жыл балабақшада тәрбиешіліктен бастап әдіскер, меңгеруші болып жұмыс істеген. Бір күні өзі меңгеруші болып жұмыс істейтін Алматыдағы №204 орталық балабақшаға академик ғалым Рахманқұд Бердібаев немересін жетектеп келеді. Содан ғалым ақсақалмен танысып қалмай ма. «Шәуілдірденмін» деген соң, «Елеусіз Байырбеков деген ақын болып еді, сен соның қызы емессің бе?» дейді Рахаң. «Иә». «Әкеңнен не мұра қалды, қолыңда сақталған не бар?». «Ештеңе жоқ, ең болмаса артында бір жапырақ суреті де қалмаған». «Әкеңді бала күнімнен білуші едім, мұның жарамайды, мұрасын іздемей не бітіріп жүрсің?» дейді. Не айтарын білмеген Перде апай қатты сасады. Содан бастап ой түседі. Бірақ тағы да қызмет, отбасы, бала-шаға деп жүріп, уақыт зымырап өте береді.
2012 жылы қызы Гүлнәзді бір үлкен жиында бір кісілер көріп: «Сен осы Перденің қызы емессің бе?» деп сұрайды. «Иә» десе, «сен атаң мен әжеңнің қандай адамдар боланын білесің бе, Шәуілдірдің мұражайында мәрмәр таста аты-жөні қашап жазылған ескерткіш тұр» депті.
Осы қуанышты хабарды қызынан естіген соң Перде апай байыз таба алмай, бір күні жалғыз өзі пойызбен Шәуілдірге тартып кетеді. Темір стансасынан түсіп, сол күні қайтарға билет алады. Елден сұрастырса, Шәуілдірде екі музей бар екен. Соның бірі «Руханият – Әбунәсір әл-Фараби мұражайына» барады. «Сіз кімсіз?» дейді музей директоры. «Халық ақыны Елеусіз Байырбековтің туған қызымын» десе, «Ол кісіден қалған ұрпақ бар ма еді» дейді таңғалып. Сол музейде жергілікті суретші салған үлкен полотно тұр екен, көп адамның ішінде мұның әкесін де бейнелепті. «Мынау суреттегі сіздің әкеңіз» дегенде, жетпіс жылдан соң әкесінің суретін бірінші рет көріп тұрған Перде апай жылап жібереді. Музей директоры Абдулла Жұмашұлы деген кісі «Отырар алқабының ақындары» деген кітапқа әкесінің өлеңдері мен суретін де енгізіпті. «Апа, босамаңыз, шүкіршілік етіңіз, әлі басқа да өлеңдері табылып қуанасыз» дейді ол. Сөйтіп Алматыдағы мұрағаттан архивті іздеудің жолын да айтып, түсіндіріп береді.
Содан бастап Перде апай жатпай-тұрмай іздестіру жұмыстарын бастайды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде, Орталық Мемлекеттік мұрағатта, Орталық Ғылыми кітапханада, Ұлттық кітапханада, қысқасы 2014-2015 жылдары екі жыл бойы табан аудармай мұрағатта отырады. Сөйтіп, әкесінің өлеңдерін, құжаттарын, үзеңгілес болған кісілердің естеліктерін, халық ақындарының жоқтау, көңіл айту өлеңдерін, терме-толғауларын, өз қолымен жазған дастандарын табады. Ұлы ақын Жамбылмен бірге түскен фотосын Жамбыл ауылындағы ақын музейінен табады. Яғни 1938 жылы Жамбыл мерейтойына қатысқан халық ақындарының бір тобымен бірге түскен. Солдан оңға қарай бірінші болып қолына домбыра ұстап тұр. Тағы бір жалғыз түскен фотосын мұрағаттан тауып алғандағы Перде апаның қуанышын айтсайшы! Әкесі Молда Мұсадан (Байзақұлы) сауат ашып, айтулы ақын Нұралы Нысанбайұлынан бата алған. Аудармашы жігіттер әкесінің мұрасын араб әліпбиінен қазіргі жазуға аударып береді. Жинап-терген деректерінің бәрінің бас-аяғын келтіріп, компьютерге тергізіп, құрастыру жұмыстарымен айналысудың өзі қаншалықты қиын екенін сонда барып түсінеді.
Асыл әкесінің ағаштан тұтас шапқан домбырасы Перде апайдың үйінде сақтаулы болыпты. Ертеректе қарашаңырақтан Алматыға алып кеткен екен. Осы домбыраны атақты Жамбыл ақын ұстап көріп «шешен домбыра» екен депті. Майлықожа-Құлыншақтың елінен келген екенсің деп батасын беріпті. Осы домбыраны және әкесі шай ішкен сары самаурынды, отбасы тұтынған сырмақты, басқа да тұрмыстық заттарды Перде апай Шәуілдір музейіне апарып тапсырады.
Елеусіз Байырбековтің туған жері әрқалай аталады. Деректер әр түрлі. Мұның себебін соңыра түсінесіз. Мәселен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан өз қолымен жазылған өмірбаянында: «Түркістан ауданы Иқан деген қыстақта тудым» деп жазыпты. Ал КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өткен жеке парағында: «Түркістан ауданы «Қызыл Түркістан» колхозы» деп жазылған. 1977 жылы шыққан «Ақын-жыраулар» атты жинақта туған жері «Қызылқұм ауданының «Арыс» совхозы деп көрсетілген. Ал ең дұрысы ол кісі қайтыс болғанда «Советтік Шәуілдір» аудандық газетінің 1944 жылғы 5(789) санында жарияланған қазанамада туған жері «Созақ ауданы Раң ата өзені бойында» депті. Қазанама соңына халық ақындары Белгібаев Айтпай, Тебеев Балтабай, әдебиетші Байтанаев Әбіш секілді сол замандағы белгілі адамдар қол қойған.
Созақта туып, Теріскейден жиырма жасында Күнгейге ауғанын ақын «Мекенім Раң еді таудан ары» деп аталатын өзінің өмірдеректік өлеңінде былай өрнектейді.
«Мекенім Раң еді таудан ары,
Созақтың өскен жерім аудандары.
Бір таудың жатушы едік қуысында,
Барғандай арқар, құлан аулағалы.
...Нағашым келдім жоқтап жетімдерді,
Жасым да жиырмаға жетіп еді.
Иқанның жанай көшіп малын баққан,
Сол екен бұл ауылдың кәсімдері.
Иқанның мен де келіп бақтым малын,
Мәпелеп өз малымдай сарттың малын.
Қабаттап орақ орып, кетпен шауып,
Осындай жоқшылықтың тарттым дәмін».
Бұл өлең жолдары ақынның Созақтың тумасы екенін, жоқшылық зардабынан Иқандағы нағашысын сағалап, Теріскейден Күнгейге ауғанын айқындайды. Раң ата ауылы Созақ ауданында әлі де бар. Кеңес заманынан тәуелсіздік алғанға дейін Қызылбайрақ ауылы деп аталып келді. 90-шы жылдан бері қарай бұрынғы тарихи Раң ата атауына қайта ие болды. Ақынның туған жері туралы деректердің әр түрлі болуына 1930 жылы ақпан айында болған әйгілі Созақ көтерілісінің себеп болғаны анық. Өйткені ол көтеріліске тек Тама руы ғана емес, Орта жүз рулары, оның ішінде Елеусіз ақынның руластары да қатысқан, атылған. Сол кезде ақынның соңына НКВД шырақ алып түсуі әбден мүмкін. Сондықтан түбі созақтық екенін жасырған болу керек.
Ал 1916 жылы Созақтан Күнгей асып кетуіне жоқшылық өз алдына, 1916 жылғы қазақтан окоп қазу жұмысына солдат алмақ болан патша жарлығы себеп болыпты. Ол кезде Созақтағы Қаратау болысының адамы болғандықтан Күнгей асса да артынан старшын, елубасылар қуып келгенін:
«Қаратау жазулымын болысында,
Күнгейдің жүргенменен қонысында,
Николай сол жыл жұртқа салық салды,
Белгісіз жұмысы ма, соғысы ма?
...Шауыпты таудан асып маған қарай,
Баруға менен «епті» адам болмай,
Сыртымнан жібермекке ұйғарыпты,
Лаждап басқа жерден амалдамай» – деп жазады өзінің «Өзгерген өмір» атты дастанында («Термедегі пернелер» жинағы (1965).
Ал өз қолымен жазған өмірбаянында әкеден ерте жетім қалып:
«...Ауылдастардың қозы, лағын қайырып, он алты жасқа жеткенімде тоғыз жасар, он бір жасар екі інім болды, сол балаларға бас болып иқандық өзбектің қойын бақтым. Революцияға іліндік, содан кейін қойды тастап, кетпен шауып, арық қазып күн көріп, 30-жылға дейін жүрдік. Одан бергі жерде колхозға ұйыстық», – деп жазады. Соған қарағанда Иқансудан 1930 жылы Шәуілдірге көшіп келген болу керек.
Елеусіз Байырбековтің артында бір ұл, бір қыз қалған. Ұлы 1921 жылғы, ал қызы Перде апай 1941 жылғы. Жалғыз ағасы Жамалбекпен арасы жиырма жыл. Анасы тұңғыш ұлынан кейін жиырма жыл бала көтермеген екен. Зарықтырып барып дүниеге келген қызы перделі болып туыпты. Перделі болып туған нәрестенің сыртындағы пердесін тез жыртпаса (пышақпен емес ырым бойынша қолмен жыртады) бала өліп кетеді екен. Содан атын әкесі Перде деп қойған екен.
Елеусіз ақынның жары Жүсіпқызы Күләйша «әкең сені қолына алып көтеріп жүріп:
Перде, Перде, Перде қыз,
Бүйтіп жылай бермеңіз.
Бүйтіп жылай берсеңіз,
Отырғызам жерге сыз», – деп жұбататын еді дейтін, – деп еске алады қызы Перде апай.
Осы қызы Перде туған жылы алапат соғыс басталған. Ұлы Жамалбек соғысқа аттанады. Ал Елеусіз ақынның өзін 1942 жылы қыста жұмысшы батальонына алып кетеді. Елеусіздің жары Күләйша ері мен баласын майданға аттандырып, жалғыз қызын құшақтап жалғыз өзі қалады. Тумысынан көзі ашық қайратты әйел ферма бригадирі болады. Фермабастық болған соң атпен малшыларды аралайды. Ондайда бір жастағы бөбегін құндақтап атдорбаға салып, ердің басына іліп жүреді екен.
Елеусіз Байырбековтің «Елеусіздің 1942 жылы жұмыс армиясына бара жатып жазған өлеңі» деп ат қойылған көркемдігі келісті он екі шумақ өлеңі сақталған.
«Біз шықтық поселкеден түйдектеліп,
Тоқсанның бас кезінде күзді өткеріп.
Жылады бала-шаға жасын сығып,
Олардың жылағаны – біз кеткендік.
Онында декабрьдің мініп едік,
Шуылдап, кетті көше күңіреніп.
Халықтың сай-сүйегі сырқырады,
Құлаққа жылағандар үні келіп» деп басталады да, бір вагонға сексен адам мінгенін, эшолон Түркістанға тоқтағанда:
«Сұлтанға зияпат қып түнемедік,
Сыртынан сыйындық та жүре бердік.
Еркіміз өзімізде болмаған соң,
Алланың салғанына шүкір дедік» деп суреттейді.
Осы жерде оқырманның көкейінде бір сұрақ кептеліп тұрары анық. Бұл кезде Елеусіз ақын «Халық ақыны» деген ресми атағы бар әрі жасы елудің үстіндегі адам. Оған қоса жалғыз ұлы майданда. Ақынды жұмысшы батальонынан броньмен қалай алып қалмаған деген сұрақтың тууы орынды.
Сол кезде Елеусіз ақынмен жастары қатар адамдардың бәрі ауылда қалып, майдандағы қара жұмысқа кеткендердің жасы үлкені жалғыз өзі болған сияқты. Мәселен, құрдасы ақын Айтбай Белгібаев (академик Өмірзақ Айтбаевтың әкесі) т.б. ауылда қалыпты. Соған қарағанда, тура айтатын, өткір тілді Елеусізді жергілікті шенді-шекпенділердің ішінде жақтырмайтындар болып, тізімге іліктіріп жіберген секілді. Әйтпесе НКВД соғыс кезінде еңбек армиясына негізінен жер аударылған ұлт өкілдерін апарғанын ескерсек, солай жорамалдауға болады. Сол соғыс жылдары Елеусіз ақынды Алматыда өтетін әлдебір айтысқа қатыстыру үшін астанадан Шәуілдірге шақырту келеді. Ол кезде ақын әскердің қара жұмысында. Содан Алматыдан хабар барып, Елеусіз ақынды Қызыл деген қаладан қайтарады. Сол жақтан қатты ауырып келеді. Қызыл деген қала Ресейдің Сібірінде, қазір Тыва респуликасының астанасы. Суығы жақпады ма, әлде денсаулыққа зиянды жұмысқа салған ба, ауырып кеп, көп ұзамай есіл ақын қайтыс болады. Ол кезде төрт жасқа толар-толмас кезі болса да Перде апайдың есінде білектеріне шүберек байлаған адамдар көп жиналып, улап-шулап жылағаны, әкесін арбаға жатқызып алып кеткені жадында қапты. Жамалбек ол кезде соғыста, әкесі жалғыз ұлын көре алмай көз жұмады. Ең өкініштісі, Елеусіз ақын қайтқанда сары майдай сақтап жүрген бір сандық қолжазбасынан артында қалған жары айырылып қалған. Аудан, облыс басшыларымен бірге көңіл айтып келген ақын шәкірті: «Елекеңнің өлеңдерін беріңіз,ұлың мен қызыңа нан болады, кітап қып шығарып беремін» деген екен. Содан жары бір сандық қолжазбасын Шымкент қаласынан келген әлгі ақынның қолына ұстатып жіберген. Оны көзі жұмылғанша өкінішпен айтады екен. Ол алып кеткен ақын кім десек, Перде апайдың айтуынша, бүгінде көзі жоқ, 1993 жылы қайтыс болған, Оңтүстік өңірге аты белгілі Омарбай Малқаров деген ақын дейді. Ол кісің сол кезде арабша сауаты бар Елеусіз ақыннан сабақ алып жүретін шәкірті болған екен.
Елеусіз ақынның жалғыз ұлы Жамалбек 1945 жылы соғыстан мүгедек болып оралады. Анасынан әкесінің өлеңдерін сұрайды. Алып кеткен адам әкеңе тірі кезінде келіп тұратын еді деп, аты-жөнін, қайда тұратынын айтады. Жамалбек ол кісіге үш рет пойызбен Шымкентке барады. Ол кез болса да жоқшылық заман, жол қаражаты жоқ, кейде тауар таситын пойызға жабысып барады. Үшінші рет барғанда әлгі кісі: «алғаным жоқ» деп қуып шыққандай болыпты. Содан тауы шағылған баласы іздестіруді тоқтатқан.
1947 жылы кәдімгі Сәбит Мұқановтан «Қызыл Түркістан» колхозына арнайы хат келеді. Дәу конверт, сыртында мөрі бар. Сәбит Мұқанов онда Жазушылар Одағын басқарып тұрған әйгілі жазушы. Елеусіз ақынның қолжазбасын кітап етіп бастыру үшін сұратыпты. Өкініштісі, сол кезде ешкім ақын мұрасын Сәбит Мұқановқа тауып бере алмаған.
Негізі, 1936 жылы Сәбит Мұқанов ақынды Алматыға да шақыртқызған екен. Бара алмапты жоқшылықтан. Өкінішке қарай, ол хаттар бүгінде сақталмаған.
Ол заманда НКВД жендеттері арабша жазылған кітаптарды, қолжазбаларды сыпырып алып кететіндіктен, Елеусіз ақын сондай құнды мұраларын қалай да сақтап қалуды ойлап, әйеліне жасырын қораға тыққызтып отырады екен.
Әкесінің өлеңдерін таба алмаған соң, ақынның ұлы Жамалбек көзін көрген кісілерден Елеусіз айтатын дастандардың біразын жазып алыпты.
1950 жылы Елеусіз ақынның артында қалған отбасы: әйелі Күләйша ұлы мен қызын алып Шәуілдірден жаңа салынып жатқан Кентау қаласына көшіп барады. Сөйтіп, бұл отбасының Шәуілдірмен байланысы ерте үзілген. Ақынның ұлы Жамалбек 1981 жылы, ақынның жары Күлайша Жүсіпқызы 1986 жылы қайтыс болады. Шәуілдірде қалған Елеусіз ақынның жалғыз қарындасы Мәрия 1997 жылы өмірден өтеді. Жамалбектен тараған ұрпақтар қазір Кентау қаласында тұрады. Осылай ақын ұрпағы Шәуілдірден де, атамекені Созақтан та алыстап, екеуінің қақ ортасындағы Кентау қаласында тұрақтап қалған. Ақын қызы Перде Елеусізқызы бүгінде 84 жасқа келіп отырғанын жоғарыда айттық. Әке алдындағы перзенттік парызын өтеуде тынбай еңбек сіңірген анаға туған жері қалай бас исе де жарасады. Ал ақын мұрасы әлі де шынайы іздеушісі мен жоқтаушысы табылып жатса, әдебиет әлеміне елеулі үлес болып қосылары ақиқат.
Төреғали ТӘШЕНОВ,
«Aqiqat»
531 рет
көрсетілді0
пікір