• Тарих толқынында
  • 18 Наурыз, 2025

ҚАҺАРМАНДЫҚТЫҢ, БАТЫЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

Біздің ең алғаш кездескенімізге жиырма үш жыл боп барады. Ол кезде Талғат Бигелдинов жасы жиырма екіге жаңа келген, әрі албырт, әрі қызу, әлі оты басылмаған алаулаған жігіт еді. Талдырмаш, бала жүзді, әдеміше жас жігіт СССР-дің үлкен картасының алдында тұрып, өзінің оқыған, жаумен соғысқан жерлерін көрсетті. Әңгіме оқу туралы болғанда, ол біресе Саратовты, біресе Орынборды көрсетіп: 
– Мына Саратов қаласында барлаушы ұшқыштар әзірлейтін мектепте оқыдым. Ал мына Орынборда кәдімгі штурмовиктер әзірлейтін училище бітірдім. Осы жерден майданға, солтүстік батысқа, Великие Луки, Старая Русса түбіне бардым.
Ол кезде Талғат осындай жалпылама сөзден әрі кете алмайтын. Әрбір шайқас, әрбір жауынгерлік тапсырманы қалай орындағаны жайында ежіктеп сұрамасақ, айта қоймайтын. Мұның себебі де бар еді, оған өзі істеген тамаша ерліктері әшейін бір күнделікті тапсырмаларды орындау ғана тәрізді боп көрінетін. Дегенмен, өрімдей жас жігіттің көкірегіндегі екі Алтын Жұлдызы мен толып жатқан ордендері, медальдары оның бір емес, көп ерлігінің куәсі болатын. Алымды да алғыр жігіт майданда ерлік қана емес, естілікті де, ептілікті де, тапқырлықты да көрсете білді. Мысалға оның майданда алтыншы тапсырманы қалай орындағанын айтып көрелік.
...Майданға жетіп, жаумен бетпе-бет келуді, жауынгерлік тапсырманы орындауды көп армандаған жас ұшқыш (сонда Талғат не бары он тоғызда) бұған дейін аспанға бес рет көтерілген еді. Оның бесеуінде де өзінің командирі лейтенант Почивальниковтың соңынан еріп, сол не істе десе соны істеп жүрді. Бұл әрине, майданға жаңа келген, ұрыста тәжірибесі жоқ, уыздай жас сержант үшін аз жұмыс емес-ті. Дегенмен, майданда, жауынгерлер арасында «ұшатын танк» атанған «ИЛ» самолетіне отырған соң, ұшқыш талапты, жүректі болса, не істесе де жарасып тұрады емес пе! Ал көбінесе тәртіп, заң, ереже дегендердің талаптан жоғары тұратыны тағы бар. Әсіресе аспанда, жау әскері тұрған аймақтың үстінде сақтықтың өзі заңдылық. Өйткені майданға алаулап келген жас ұшқыштарды көргенде, авиация бөлімінің командирі, Совет Одағының Батыры полковник Н. Каманин айтқан бір сөзді Талғат есінде ерекше ұстады.
– Кімде-кім Отанына адал қызмет істегісі келсе, әрі ұзақ, әрі жемісті еңбек көрсеткісі келсе, әскери тәртіпті қатаң сақтауға тиіс.
Алғашқыда құлаққа қарапайым, күнде естіп жүрген сөз сияқты болғанмен, кейінірек Талғатқа бұл терең мәнді, салиқалы сөз боп көрінді. Өйткені ерлік деген осы, Отанға қызмет еткен деген осындай болады деп, жанған өртке, пайдасы аз өлімге тура жүрудің қажеті не, жақсылығы қайсы? Қиын күнде Отанға жауынгер, айласы бар, ақылмен ойлап соғысатын есті солдат керек. Талғат осының бәрін біле тұра, өзі іштен қорытып, жаттап алғандай жадында сақтай тұрып, әлгі айтқан алтыншы сапарда бір қылық істеді. 
Қақаған қыс, ақ қар, көк мұз болатын. Орыстың ескі қалаларының бірі 
Старая Русса түбіндегі жауды біраз соққылауға тапсырма берілді. Талғат аэродромға, өзінің бұдан бұрын бес рет ұшқан самолетінің қасына келді. №13 штурмовиктің қанаты, бүкіл денесі жамау-жасқау. Талай оқтың астында болған. Тіпті кейінгі кезде, Талғатқа дейін он үшінші номер болғансын кесір-кесапаты бар деп, мұнымен ешкім ұшпай қойған-ды. Жас ұшқыштың кейінгі кездегі серігі осы. Ол бұл самолетпен жаудың адам күшін, алғы шебін бес рет бомбалады. 
Ал бүгін алтыншы сапар. Басы онша сәтті болмады. Атқыш Яковенко ауырып қапты. Талғат не істерін білмей тұр еді, командир Степан Почивальников топты көбейтіп, бізбен бірге жүр дегенді айтты. Командирдің жай сөзінің өзі жас ұшқышқа бұйрықтай боп көрінді. Жамауы көп, «кесірлі» самолетке жалғыз отырып, ол командирдің соңындағы тізбекке қосылды. Бұлар Старая Русса түбіндегі жау бекінісін тәуір-ақ бомбалады. Жау көп шығынға ұшырады. Жаудың тартар шығыны бұдан да көп болар еді. Олар өздерінің авиациясынан көмек сұраған көрінеді. Кенеттен жаудың бір топ истребителі шыға кеп, төмен ұшатын, жайбасар штурмовиктерге киліге кетті. Шапшаң ұшатын жеңіл самолетпен ұрысқа түсуге, қарсыласуға болмайды. Қаша қорғанып, бұрынғыдан да төмен ұша бастады. Төменнен зенитшілер атып жатыр. Талғаттың онсыз да жамау-жасқауы көп самолетін бірнеше жерден оқ тесіп өтті. Бомба тастап, оқ атпақ түгіл, самолетті игерудің өзі қиындай түсті. Осы жайды байқап қалған Почивальников:
– Сержант Бигелдинов, базаға тез қайт! – деген бұйрық берді. 
Топтан сытылып шыға бергені-ақ мұң екен, жаудың бір истребителі оның соңына түсіп кеп берді. Мұндайда атқыштың жоғы қиын. Арт жақтан келген жауға қарсылық көрсете алмай, ол атқан кезде самолетті бір жоғары, бір төмен түсіріп, шайқақтатып, өзі білетін айланың талайын жасап та көрді. Жау ұшқышы әбден әккі, тәжірибелі қу болса керек, самолеттің шалажансарлығын, құйрығындағы пулеметтің жұмыс істемейтінін немесе атқыштың жоқтығын сезсе керек, еркінси бастады. Ол ең алдымен атуын тоқтатты. Шапшаң самолеттің жылдамдығын бәсеңдету үшін дөңгелегін төмен түсіріп жіберді. Оң жақтан шығып қатарласа беріп, кабинадан қолын шошайтып, «алдыма түс» деген ишарат берді. Өзі күліп қояды. Кабинадан оның ақсиған тісін көріп Талғаттың ызасы келді. Тағы да қабаттаса беріп, қолын шоштитып: мен көрсеткен жаққа бұрыл, әйтпесе жоқ етемін деп кіжіне қарап, жұдырығын түйді. Талғат басын шайқады. Фашистің ойын Талғат түсіне қойды. Алдына сап, өз аэродромына айдап кету екен. Мұндай оқиға талай болған. Неміс ұшқышы қолын қайта шоштитып, «алдыма түс» деген кезде Талғат та қолымен нұсқап, «түссең түс алға» дегенді айтты. 
Мұның көнбесін білгесін, жау бұрылып артқа түспек болды. Арт жаққа енді шықса шынында да құртып жібереді. Талғат та осыны ойлап, самолетті аздап төмендете бастады. Сол кезде бұрылып артқа шығуды ойлаған жау көтеріле беріп, Талғат самолетінің қарсы алдына кеп қалды. Көп ойлауға уақыт аз. Ең соңғы айла жаудан не өліп, не өлтіріп құтылу ғана екенін білді. Қарсы алдында, нақ көкірегінің тұсында тұрған пулеметті басып-басып жіберді. Оқтың алғашқы кезегі жау самолетінің құйрығынан, қанатының астыңғы жағынан дәл тиді. Самолет түтіндеп, қисая бастады. Неміс ұшқышы үлкен шебер екен. Құлап бара жатқан самолетті түзеп ап, тұмсық жағын жоғары көтеріп, оған бұрыла бір қарады да жерге қарай кетті. Секіруге болмады. Жер тым жақын еді. Орман арасындағы алаңға, қалың қардың үстіне қондырды. Самолеті бықсып жанып жатыр. Талғат аэродромға қайтты.
– Біздің жерге жанып түскен дұшпан самолетіне қарай жүгірген бір топ жауынгерді, кабинадан жүгіре шығып, тоғайға қарай қашқан ұшқышты анық көрдім! – деді Талғат бір күннен кейін, бұл оқиға ұшқыштар арасына түгел жайылған кезде айтылған бір әңгімесінде. 
Талғат сол күні аэродромға әрең қонды. Самолеттің құйрығындағы басқару винтін жұлып кеткен екен. Ұшқыштар осындай самолетпен базаға қалай жеткеніне, жеткеннің өзінде қалай қонғанына аң-таң қалысты. Ал жаудың ұшқышымен екі арада болған оқиғаны Талғат ешкімге айтпады. Мынадай істен шыққан самолетпен жаудың истребителін атып түсіріпті дегенге ешкім нанбайды деп те түйді. Екіншіден, әуе ұрысы боп жатқан жерден қайтып кеткен ұшқыштың, атқышы жоқ самолеттің осындай ерлік жасағанына кім иланады? Ең бастысы самолетте өзінен басқа куә жоқ. Егер Талғат осыны өз аузымен айтқан болса оны ұшқыштар келеке еткен де болар еді. Ол мұны да ұқты, «менің міндетім жаудың истребительдерімен әуе ұрысын ашып, оны атып түсіру емес, олардың алдыңғы шебін, әскери күшін, эшелондарын, берік қамалдарын бомбалап талқандау емес пе» деп түйген. 
Бірақ әңгіме Талғаттың ойлағанындай болмай шықты. Ертеңіне-ақ оны дивизия штабына, полковник Каманинге шақырды. Бұл – кәдімгі челюскиншілерді құтқаруға қатысқан, Ұлы Отан соғысынан бұрын-ақ Совет Одағының Батыры атанған атақты ұшқыш Каманин. 
Жас ұшқыштың жүрегі лүпілдеп, штабқа әрең жетті. «Неге шақырады, не істеп қойдым» деген күдікпен келді. Тагы да олай болмай шықты. Полковник Каманин нақ бір баласы келгендей күле қарсы алды. 
– Жолдас полковник, Сіздің шақыруыңызбен келіп тұрған сержант Бигелдинов! – Бір кезде атын естіп, сондай болсам, атақты ұшқыш болсам, адамдарды өлімнен, апаттан құтқарсам деп армандаған жас жігіттің даусы сол адамның өзін көргенде әрі шіңкілдеп, әрі дірілдеп, әнтек шықты.
– Жақсы келдің, жолдас сержант, жақсы келдің! – деп полковник қасына жақындап, оның иығына қолын салды. – Кеше, сағат кешкі бес шамасында алғы шептен №13 штурмовикпен ұшып өткен сенбісің, жолдас Бигелдинов? 
– Иә, мен едім.
– Жарайсың, жолдас сержант Бигелдинов, жарайсың, өте тамаша іс істедің! 
Бигелдинов мәселенің мәніне енді түсіне бастады. Полковник «отыр» деп орындық көрсетті. Өзі кеп қасына қатар отырды.
– Кеше сенің жаудың әккі болған өте айлалы ұшқышымен қалай айқасқаныңды алғы шепте бақылап тұрған жаяу әскер командирі түгел айтты. Оның бәрін білемін. Самолеттің ұшқышы тірі қапты. Осы жаңа ғана тылға жібердік. Ал сенің атып құлатқан сол ұшқышың бұрын Францияда, Чехословакияда, Польшада – әлденеше ұрыстарда болып, 108 самолет атып түсірген, ең белгілі, ең атақты ұшқыштардың бірі екен. 
Сені атып түсірген майданға жаңа келген, небәрі бес-ақ рет жауынгерлік тапсырма орындаған жас ұшқыш, небәрі он тоғыз-ақ жаста дегенге нанбады. Нанбаса нанбасын, өзіміз оны жақсы білеміз. Сенімен кездестіруді өтінген еді. Сәл кешігіп қалдың. 
– Ол қолын шоштитып, жұдырығын түйіп, мені қорқытып еді. Көргенде болатын еді. 
– Айтпақшы, қапы қалдым деп өкініп отыр. Жойып жіберуге әбден болатын еді. Аэродромға айдап барғым кеп еді. Ондайды талай жасағанмын да, бұл жолы өзіме де обал жоқ деп өкініп отыр. 
Полковник орнынан тұрып, сейфтен бір қорап алды. 
– Жолдас сержант Бигелдинов, кешегі көрсеткен ерлігің, тапқырлығын үшін, жаудың ең кәнігі ұшқыштарының бірін атып түсіргенің үшін Жоғарғы Бас командованиенің атынан «Даңқ» орденімен наградтаймын! – деп оның кеудесіне орден қадады. 
Талғат қуанып қайтты. Оның ерлігі елеусіз қалмады. Тіпті орден алды. 
Оны бұл өзінің бір кезде қиялы, арманы болған үлкен ұшқыштың қолынан алды. Тағы да ең тұңғыш наградасы, тұңғыш алғысы. Бұл алты рет қана жауынгерлік тапсырма орындаған жас сержантқа үлкен абырой еді. 
Осы бір алғашқы жеңіс оны көптің қатарына қосты, ұшқыштардың арасында абыройы, беделі арта түсті. Подполковник Митрофановтың «бойың кіші, жасың жас, әлі жауынгерлік тапсырма орындауға әлің келмейді» деген күдікті сөзі де артта қалды.
Қазақстанның атақты ұшқыштарының бірі Сергей Луганский мен Талғатты қалай, қандай жайда кездескені де қызық. 
Майданның осы бір бөлігінде толас еді. Осы толасты пайдаланып қалуды ойлаған Талғат жолға шықты. Көрші тұрған полкке, ұшқыш самолеттердің полкіне бармақ. Мұнда көрмесе де, аты-жөнін көп естіген бір адам бар. Сонымен бетпе-бет көрісіп, жүзбе-жүз сөйлеспек. 
Көктем исі аңқиды. Қар басқан жер арса-арса боп жатыр. Соғыстың тозаңы мен датынан сарғыш тартқан ақша қар жентек-жентек. Бас жағын қалың былғарымен тыстаған, бұғы терісінен тігілген ауыр етігімен Талғат малтып келеді. Бірақ өзі әлдебір өте жақын адамын сағынып, соны көруге асығып келе жатқандай көңілді. 
Орман арасындағы ирек жол жақын да болса ұзақ көрінді. Кештетіп жетті. Ұшқыштар асханада екен. Талғат сыртта күтпестен асханаға енді. Ішке еніп үлгерместен босаға жақта отырған тұнық көк көзді, орта бойлы, ақ сары жігітке қарап:
– Жолдас аға лейтенант, сіз ұшқыш Сергей Луганскийді білесіз бе? – деп сұрады. 
Ана жігіт болса көз алдында тұрған, бойы ғана емес, өңі де бала пішіндес, аласа бойлы, аяғына ауыр етік, үстіне шолақ былғары тон киген, өңі қоңыр, көзі қара, шашы қара жігітке тесіле қарады. Бұрын көрмеген адамы. Үстіндегі ұшқыш киімі болмаса, әлі мектеп баласы деуге болатындай.
– Оны не қылайын деп едің? 
Аға лейтенант атағы да, дәрежесі де белгісіз жас ұшқыштан дөрекілеу сұрады. Бірақ Талғат та ыққан жоқ. 
– Керек болғансын іздеп жүрмін де! 
– Өзің қайдан келдің? 
– Мына көрші полктен, штурмовиктерден. 
– Шамасы әрі тығыз, әрі құпия шаруаң бар ғой. 
– Дұрыс айтасыз. 
– Құпияңды айта бер, ондай болса. 
– Луганский деген Сіз бе?
– Айта бер айтарыңды. 
– Сіз кәдімгі Сергей Луганскийсіз бе? 
– Иә, нанбай тұрсың ба?
– Әлде басқа біреу ме деп тұрғаным ғой. Біз бұрын көріспеген екенбіз, сержант Талғат Бигелдинов! – деп бұл қолын созды. 
Сергей де орнынан тұрып, мұның қолын қысып амандасты. 
– Біз бір-бірімізді көрмегеніміз болмаса, талай-талай кездескенбіз! – деп күлді Сергей. 
– Бірақ жерде емес, аспанда кездестік. Тіпті бұдан екі-үш күн бұрын кездестік пе деп тұрмын. 
– Ол да мүмкін.
– Алдыңғы күні түс қайта Великие Луки үстінде 47-номерлі истребительмен ұшқан Сіз емессіз бе?
– Иә, менмін, әлгі 13 номерлі штурмовиктегі сен бе едің? 
Екеуі құшақтаса кетті. Басқалар қарап қалды. Көптен кездеспеген ескі достарша құшақтасып көрісті. 
– Қарның ашқан болар, екі орта талай жер ғой! – деп Сергей Талғатқа ас әкеп берді.
Осы бір алғашқы кездесуде екеуі ұзақ сөйлесті. Сергей Талғатқа біраз қарап отырды да: 
 – Осы екеуміз жерлес те боп жүрмейік! – деді. 
 – Ол да ғажап емес. Мен қазақпын.
 – Міне қызық, мен қазақстандықпын. 
 – Мен Фрунзеде тудым. 
 – Мен Алматыда тудым. 
 – Екеуміз де ақ басты Алатаудың бауырында туған екенбіз ғой, – деп Талғат Сергейдің қолын қайта алды. – Жерлес екенбіз. Соны білгендей, алдыңғы күні Сіз мені өлімнен аман алып қалдыңыз.
– Алдыңғы күні дейсің бе? Әлгі 13-номерлі штурмовикті айтып отырсың ғой. Ол күнде кездесетін жайлар ғой. Ол менің міндетім еді.
– Міндет те міндет. Азаматтық болмаса құр міндет орындаудан ештене шықпас та еді. 
– Дұрыс айтасың, әрбір істе міндетпен қоса азаматтық ар-ождан араласа жүрсе ғана оңды болады. 
– Сонау бір күндері аспаннан «мен Луганскиймін, Луганскиймін. Сендерді аспаннан қорғаймын. Мен Луганскиймін» дегенді естігенде-ақ сенімді, ержүрек адамның үнін естігендей боп едім. Енді өзіңізді көріп отырмын. Таныс болдық. Жерлес болдық. Енді әрі біліс, әрі туыс болайық. 
– Өте дұрыс. Ал сен алдыңғы күнгі оқиғаңды айтшы. Жаудың екі истребителін көрдім де жоғарыдан төмен қарай шабуыл жасадым. Олар ұрыстан қашып, тайқып шыға келді. Одан төменірек, өзіміздің тылға қарай сен ұшып бара жаттың. Одан өзгесін білмеймін. 
– Мен топтан ажырап қалдым. Самолетке бірнеше жерден зенит оғы тиіп шұрық тесік болған еді. Сонымен әрең келе жатқанда екі истребитель ортаға алып қалғаны бар емес пе?! Мен төмендей бердім. Одан басқа айла қалған жоқ. Енді жақындап келе жатқанда жоғарыдан қанатында «47» деген номері бар қызыл жұлдызды истребитель шыға келді. Таныс номер. Көзіме жарқ ете түсті. Жау тайқып шыға берді. Оқ таусылып, самолетің жарақаттанып, өзіңе әрең көніп келе жатқанда тұтқиылдан жау тисе не болады. Сіз шыға келмегенде өлім еді. 
– Мен осы жайдың бәрін біліп келді деймісің. Төңіректі шолып көтерілгенмін. Тек уақыт дәл келіп қалды да... 
– Дәл келсе де сәтті келді. 
Әрі жеңіл, әрі ұшқыр самолеттің ұшқышы Сергей Луганский мен ауыр штурмовиктің ұшқышы Талғат Бигелдинов бұдан кейін де талай кездесті. Аспанда да, жерде де кездесті. Солтүстік-батыста, Орел-Курск түбінде, Украина жерінде, тіпті Берлинді аларда қатар жүрді. 
Соғыста хауіп-қатер болмай тұрмайды. Талғат осы соғыста екі рет өлімнен қалды. Бірінде ол Старая Русса түбіндегі жаудың алғы шебін бомбалады. Бомбаларды барынша еркін тастап, енді қайтуға бұйрық алған кезде жүгінен арылып, жеңілдеп қалған самолетті төменгі жағынан селк еткізіп көтеріп-ақ тастады. Зенит оғы дәл тиген екен. Самолет құлдырап төмендей бастады. Құлап бара жатқан самолеттің тұмсық жағын көтере түсіп, әрең дегенде орман арасындағы ашық алаңға әкеп қондырды. Атқыш екеуі кабинадан жүгіре шығып, орман арасына кеп тығылды. Далада қалған машинаға келгендер өзіміздің жауынгерлер екен. Екеуі қатты қуанды. Жаяу әскерлермен құшақтаса көрісті.
– Сіз тамаша ерлік істедіңіз, әрі бұзылған машинаны шебер қондырдыңыз! – деді оған жаяу әскер командирі...
Ұлы Отан соғысы жылдарында жас ұшқыш, қанатты жігіт өсе берді, шыныға берді. Белгород түбіндегі шайқаста көрсеткен асқан ерлігі үшін оған Совет Одағының Батыры атағы берілді. Екінші рет Корсунь-Шевченко, Яссы-Кишинев, Сандомир және Берлин түбіндегі ұрыстардағы ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағы тағы берілді. Сөйтіп Талғат Бигелдинов жасы жиырма екіге енді ғана толғанда майданнан оралды, Алматыға келді. Сонда жас капитанның көкірегінде оншақты орден мен медаль, екі Алтын Жұлдыз бар еді. Нақ осындай абыроймен Сергей Луганский де майданнан оралды. Бұған қазақстандық ұшқыштар Иван Павлов пен Леонид Беда қосылды. Сөйтіп, әлденеше жүздеген қазақстандық батырлардың ішінде төрт адамда қос-қос Алтын Жұлдыз бар еді. Бұл төртеуі кейін әскери академияда да бірге оқыды, оны бірге бітірді...
Талғат Бигелдиновты, жас коммунисті өзінің жерлестері СССР Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады. Ол соғыстан кейін академияны бітіріп, ұшқыштар әзірлейтін бөлімдерде басшы қызмет атқарды. Қазір ол бірнеше жыл бойы Азаматтық Әуе флотының Қазақстандағы аймақтық басқармасы бастығының орынбасары боп істейді.
«Қазақстан коммунисі» журналы
№1, 32-36 беттер, 1968 ж. 

 Мәтінді нөмірге 
дайындаған Д.Имамбай

786 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы