- Ел мұраты
- 18 Наурыз, 2025
Фирдоуси және «Шаһнаме» эпопеясының қазақ руханиятына әсері

Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд.
АБАЙ
Туста Фирдоусидей әулие өткен,
Әлемді Шаһнамесімен көркейтіп.
Ұлы жырын мәңгілікке жазып кеткен,
Сол себепті ұлық атын бергім келген.
АСАДИ
Оныншы ғасыр адамзат өркениеті үшін елеулі ғасыр болып тарихта қалды. Шығыс өркениеті адамзат ғылымхәлі мен әдебиетіне қаламы қуатты, шығармашылығы шуақты ғұламаларды сыйлады. Солардың ішінде Түркі халықтарына аты мәшһүр Әбілқасым Мансур ибн Хасан Фирдоуси өзінің әйгілі «Шаһнаме» шығармасы арқылы әдебиет пен тарих тақтасында өз есімін алтын әріптермен қалдырды.
Ол Хорасан өлкесіне қарасты Тус аймағы Баж ауылында Хасан диқанның шаңырағында 941 жылы дүние есігін ашады. Фирдоусидің өмірі мен шығармашылығы хақында шығыс халықтарының көптеген ақын-жазушылары ой толғады, өздігінен шығармаларын аударды. Кейде «Шаһнаме» негізінде төл дастандарын жазды.
Қазақ әдебиеті мен мен философиясына шығыстық шайырлардың белгілі деңгейде әсері болды. Тіптен қазақтың эпостық жыр-дастандарында да шығыстық сарын мен леп айқын сезіледі. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің бас ақыны Абайдан бастап, оның мектебінен түлеп ұшқан ақындардың шығармалары «Шаһнамамен» рухани сабақтасып жатады. Оны осы мақала барысында жыр жолдарымен дәлелдейтін боламыз.
Әбілқасым Фирдоуси әйгілі шығармасын жазу үшін 30 жылдай уақытын арнаған. Таңқаларлығы, ол көзі тірісінде көлемді туындысының атын «Шаһнаме» деп атамаған. Ондай атты өзінен кейінгі өмір сүрген шайырлар берген. Ендеше Шығыс халықтарына ортақ қайталанбас ғажап туынды жаза білген Фирдоуси салып кеткен даналық жолына бойласақ.
Оның отбасы Ислам діні мен парсылық дәстүрге бекем шаңырақтардың бірі болды. Оны біз Фирдоусидің шығармашылығымен танысқанда айқын аңғардық.
«Шаһнаме» шығармасын қазақтар арасында бірнеше қайраткер тұлға ана тілімізге аударды. Бірақ, кең көлемде аударған әйгілі Тұрмағанбет Ізтілеуұлы болатын. Тұрмағанбет нұсқасындағы аударма негізінен түпнүсқамен дәлме-дәл келе бермейді. Әйтсе де, ең жақыны осы аударма болды. Әйгілі дастанды Тұрмағамбет прозалық нұсқасынан аударған деген де түрлі болжамдар бар. Расында әйгілі дастанның әлемде бірнеше нұсқасы сақталған. Оның ең алғашқы қолжазба нұсқасы 1276 жылы қағазға түскен. Бұл кезде Фирдоусидің өмірден өткеніне 250 жылдан асқан болатын. Келесі нұсқасы 1333 жылы жазылған. Бірінші нұсқа мен екінші нұсқаны салыстырғанда бірнеше жерінен өзгешеліктер байқалған. Қазіргі таңда аталмыш қолжазба нұсқасы Санкт-Петербургтің Орталық кітапханасының қолжазба қорында сақталып келеді. Ғалымдар арасында мойындалған қолжазба нұсқасының үшіншісі шамамен 1445 жылы қағазға түскен деген болжалды байламдар бар.
1960 жылдардың басында Қазақ КСР Ғылым академиясының мұрындық болуымен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының аудармасы негізінде «Шаһнаме» дастанының бір бөлімі «Рүстем-дастан» деген атаумен «Көркем әдебиет» атты мемлекеттік баспадан жарық көреді. Аударма дастанның алғы сөзін жазған қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов болса, мәтінін редакциялауға Әбділда Тәжібаев пен Өтебай Тұрманжанов сынды белгілі ақындар атсалысты.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында Әбілқасым Фердоусидің бірнеше кітаптары сақталғанын айта кетелік. Олар:
Парсы тілінде:
1) Фирдоуси А. Шаһнаме. «Нул кашур. Иқбал» баспахансы. 1287 (1870);
Өзбек тілінде:
2) Абулқасым Фирдоуси туси. Шаһнаме. – Ташкент: Аристотель «Арифжанов» литографиясы. 1326 (1908);
3) Әбулқасым Фирдоуси туси. Шаһнаме. – Ташкент: «О.А. Порцев» литографиясы. 1326 (1906).
Өмірінің соңғы жылдары, яғни 1960 жылдың қыркүйек айында «Шаһнаме» дастанының аударма нұсқасына жазған алғы сөзінде Мұхтар Әуезов: «Батыр Рүстемнің аты – қазақ халқының ортасына көп заманнан жайылған ауызша аңыз әңгімелер, ертегілерден мәлім болған аса даңқты ат. Оның жайын жалғыз қазақ халқы емес, қазақпен туыстас, тілдері жақын өзбек, түркмен, қырғыз, татар, қарақалпақ елдерінің бәрі де көбінше қара сөзбен айтылатын ертегі, аңыз, әңгіме ретінде баяндайтын. Сол бар тілдегі Рүстем жайындағы әңгімелердің түп негізінің бірі – атақты Шығыс классигі Әбілқасым Фирдоуси жазып шығарған «Шаһнаме» болады. Бірақ, Рүстемнің жайы жалғыз Фирдоусиден басталмайды. Ол турасындағы көне аңыз, әңгімелер Фирдоусиден бұрын да көп жайылған болатын. Осы баспада оқушыға ұсынылып отырған «Рүстем Дастан» жыры Фирдоусидің «Шаһнамесінен» жасалған аударма емес. Ол арғы-бергі (соның қатарында Фирдоусидің де еңбегінен ауысқан) ауызша да, жазбаша хикаялардың бәрінен құралып, қазақ халқы арасындағы ертегіше тарап кеткен батыр жорықтарының жиынтық жыры. Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде XIX ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған. Қазақтың кейбір ақындары «Мың бір түн» ертегілерінен алып жыр-дастан жазатын. Мына тұста да Тұрмағамбет тәжірибесінен біз сондай еңбек мысалын көреміз. Сонымен Рүстемнің жайы туысқан тәжік әдебиетінің ұлы классигі Фирдоусидің Шаһнамесінде болғанмен, мынау еңбекті Фирдоусидің «Шаһнамесінен» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фирдоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша варианты дейміз» [1, 3 бет], – деп аталмыш аудармаға әділ бағасын береді.
Фирдоусидің мутакариб өлшеуі, бәйіт ұйқасымен жазылған «Шаһнамесі» бірнеше өзгеріске ұшырағандығын қазақ публицистикасында алғашқылардың бірі болып Әуелбек Қоңыратбаев пен Мардан Байділдаев 1960 жылдардың басында «Қазақстан мұғалімі» журналында жазды. Фирдоусидың 120 мың жолдық «Шаһнамасы» XI ғасырдың басында қолжазбаға түсіп, XIII, XV және XVI ғасырларда дүркін-дүркін көшіруге, толықтыруға, қоспаға ұшыраған. Басында Рүстем көбіне өзінің баласы Сүһраппен ғана соғысатын болса, XV ғасырдан соңғы сюжеттерде ол өзінің бірнеше баласымен соғысатын болып шыққан. «Барзу-нама» XV ғасырда қосылған делінеді. Дарап, Жаһангер, Пәраміріз, Шапат жайындағы аңыздардың да кейінірек толыға беруі болған. Тұрмағамбеттің Рүстем-дастанында Рүстемнің өз ұрпақтарымен соғысып табысуына айрықша көп орын берілген. Фирдоуси жыры ескі сананың екі мың жылын, жаңа сананың жеті жүз жылын қамтиды. Жырдың негізгі идеясы – араб-түрік басқыншыларына қарсы күрес, иран-тәжік елдерінің бірлігін, тәуелсіздігін жақтап, дәріптеу. «Шаһнаме» өзінің образдылығы, тілі бай мифологиясымен ғана емес, осындай халықтық идеясымен айрықша құнды. Бұл тәжік-иран елінің төрт мың жылдық тарихы мен аңызын, халық өмірі мен оның арманын баяндайтын ұлы эпопея деңгейіндегі көркемдік көкжиегі кең шығарма.
Мұтакариб өлшемінде аударған Тұрмағамбеттің «Рүстем-дастаны» Азия мен Африка жазушыларының екінші конференциясында көрмеге қойылып, көпшілік көзайымына айналды [2, 1 бет].
Шығыс халықтарына ортақ дастан қалдыра білген Әбілқасым Фирдоуси бұл шығарманы алғаш жаза бастағанда өзіне дейінгі шайырлар мен хафиздерді толық оқып шықты. Орта ғасырлар кезеңінде патшалар өз атын тарихта қалдыру мақсатымен тарихи жырлар мен әдеби дастандар жазуды дәстүрге айналдырды десек те болады. Иран тарихында Әбу Жәфар Тәбәри да араб тіліне көп аударма жасады. Бұл аудармалардың барлығы дерлік кейінірек ирандықтардың ұлттық санасының ояну кезеңінде, қайтадан жаңаша қалыптасқан парсы (дәри) тіліне аударыла бастады. Өз ұлтының келешегі үшін тер төккен ғалымдар аударма мәселесімен тереңінен айналысты. Мысалы, Әбу Әлі Бәләми 983-986 жылдар аралығында Әбу Жәфәр Жәрир Тәбәридің араб тілінде 839-924 жылдар аралығында жазылған «Тәбәри тарихы» атты еңбегін парсы тіліне аударды. Осы еңбекті аударма барысында кейбір тарауларын толықтыра отырып, түсініктеме бергені үшін оны ғалымдар «Бәләми тарихы» деп те атап кеткені тарихтан белгілі. Сонымен, ІХ ғасырдың бастапқы кезінде Иран текті әмірлер аймақтық билікке қол жеткізе бастаған шақта, ұлттық саяси талаптарына орай араб тіліндегі ежелгі Иран тарихына қатысты көптеген дүниелер парсы тіліне аударылды. Солардың бірі – прозалық «Шаһнаме» жинағы болатын. Бұл еңбекті Хорасан өлкесінің әмірі болған Әбу Мәнсүр Мұхаммед ибн Әбдіраззақтың (958-961ж.) бұйрығымен уәзірі Әбу Мәнсүр Мұхаммед Моһмәри ежелгі Иран дастандарынан жасалған аудармалар мен қариялардың жадындағы дастандар негізінде жинақтады. Содан оны «Шаһнаме Мәнсүр» деп атады. Шаһнаменің осы жинағы Фирдоусиден бұрынырақ Әбу Шәкур Бәлхи, Рудәки, Мәсуди Мәрвәзи, Дәқиқи Туси сынды Иранның атақты ақындары тарапынан толықтай жырланбақ болды. Өкінішке қарай ол іске аспай қалған болатын. Алайда солардың ішінде Әбу Мәнсүр Дәқиқи Туси «Шаһнамені» жырлауды бастап, аяқтауға біршама қалғанда сәтсіздікке ұшырап, Мерв қаласында өз қызметшісінің қолынан қаза тапты деген деректер кездеседі.
Осы ретте Әбілқасым Фирдоуси өз жұмысында Дәқиқидің жартылай қалдырған еңбегін тауып алып, қайта жырлап шыққаны айтылады. Тек қана Дәқиқи жырлаған «Гәштасп» дастанының мың бәйітін сол күйінде өз «Шаһнамесіне» қосқан. Өйткені, Дәқиқи мен өз жырының айырмасын оқырманға ұсынбақ болған шығар. Себебі, Фирдоуси Дәқиқи хақында Шаһнамеде әжептәуір мәлімет берген.
Қалай болғанның өзінде «Хұдайнама» кітабы пәһләви тілінен араб тіліне, одан қайтадан парсы тіліне аударылып, «Шаһнаме Мәнсүр» жинағының негізгі құрауы, Иран ақындарының жыр шумағының ұйтқысы болады. Шаһнаме түрлі кезеңдердің түрлі жағдайын баяндайды. Кейде бір-біріне кереғар көзқарастар да көрініс табады. Сондықтан, аңыз бен ақиқат арасына қиял мен арман селбестіруші болып жатқандай сезіледі. Фирдоуси дастанның сюжетін жырлауда, образдарын сомдауда, персонаждардың істері мен көзқарастарын баяндауда өзінің талғампаз шығармашылық талантын пайдаланып, өзгерістер жасауға тырыспайды. Соның айғағы ретінде «Шаһнамеде» бір-біріне қарама-қарсы көзқарастар жеткілікті. Иран ғалымы Мүһит Табатабаидың қорытындысына сүйенер болсақ: «Шаһнаме» жырында зәрдөш, иәһуди, христиан, ислам дінімен қатар, Сасан дәуірінде ( 226-652 жж.) пайда болған Мани және Мәздәк нанымы жайында, һәм үнділер, қытайлар, тұрандықтар, һиталдықтардың діні жөнінде мәліметтер бар. Фирдоуси болса дастандардың мәтініндегі діни көзқарастарды өз қалпында өзгеріс жасамастан жырлаған».
Жоғарыдағы құнды деректерді қазақтың қабырғалы ғалымы Ислам Жеменей өз зерттеуінде келтіреді, оларды осыдан жиырма жыл бұрын ғылыми айналымға енгізген болатын. Расында профессор Ислам Жеменейдің келтірген көптеген деректері қазақ философиясында Шығыс ғалымдарының алар орнын біршама айшықтап береді. Осы орайда назарларыңызға И. Жеменейдің «Шаһнамені» ұзақ жылғы зерттеуінің нәтижесінде қол жеткізген жетістігі ретінде көлемді дастанның мазмұнын кесте түрінде ұсынғанды жөн санадық (Кесте-1).
Иран-Тұран әдебиеті мен тарихын зерттеп-зерделеп, оқырман қауымға насихаттап жүрген профессор Ислам Жеменей қазіргі таңда қазақ оқырмандары оқып жүрген «Шаһнаме» дастанының бір бөлігі «Рүстем-дастанның» тарихи мазмұндылығы мен ғасырлық сабақтастығы жөнінде: «Тұрмағамбет Ізтілеуов Шаһнамені толықтай аудармаған. Оны «Рүстем-Дастан» мен Шаһнаменің мазмұнына көз жүгіртсек байқаймыз. Дегенмен, шығарманың негіздерін сақтаған.
Мәселен, Жәмшит патшаның ұшан-теңіз игіліктерін баяндай келе, соншама тәкаппарлыққа кіріптар болып, өзін құдайға теңеп, елдің келешегіне кесірін тигізгенін суреттеген. Әрі оның орнын басқан Заһакты Мұрдастың ұлы, араб тегінен екенін жырына қоспаған және Заһактың бастапқы бес жылдық ғұмырын жақсы тұлға ретінде бейнелеген. Ал, Фирдоуси Шаһнамесінде Заһак тума жауыз адам болып суреттеледі. Ежелгі Иран-Тұран елдері бірде жауласып, бірде достасып жатса да көрші болғандықтан, тағдыр маңдайларына ажырап кетуді жазбаған. Сондықтан Фирдоусиде Рүстем-Тәһмине, Фарнгис пен Сияуыш, Сияуыш пен Жәрире, Ирәж бен Тұрдың тағдырларын бір-біріне ұштастырып, Иран-Тұран елдерін тұтас бір елдей етіп қуаныш пен өкінішін бөлістірген», – деп нақты дереккөздерге сүйене отырып, өз пікірін жазады [3, 83-88 бет].
Иран халқының мыңжылдықтарға ұласқан шежірелі тарихын ауқымды етіп жырлаған Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамесі» тіптен Адам әлейһиссәләм пайғамбарымыздан бастап өз заманына дейінгі аралықты толықтай сипаттай алған. Оған мүлде талас жоқ. Дәлелденген шығарма.
Аңыз бойынша, Газнидің Сұлтаны Махмұт Фирдоусиге «Шаһнаменің» әрбір шумағына алтын ұсынды. Ақын ақшаны эпосты аяқтағаннан кейін біртіндеп алуға келісті. Ол оны өзінің туған жеріндегі бөгеттерді қалпына келтіру үшін пайдалануды жоспарлады. Отыз жылдық жұмысынан кейін Фирдоуси өз туындысын аяқтады. Сұлтан оған 60 мың алтын тиын беруге дайындалды. Алайда Махмұт ақшаны сеніп тапсырған сарай нөкері Фирдоусиді жеккөріп, оны күпірлік жасады деп санап, алтын тиынды күміспен алмастырды. Фирдоуси сыйлыққа ие болған кезде моншада болады. Ол алтын емес, күміс екендігіне көз жеткізіп, ақшаны монша қызметкеріне, тісбасар сатушысына және ақша жеткізген құлға бөліп берді. Сарай нөкері болған жайтты сұлтанға жеткізгенде ол қатты ашуланып, оны өлтірмек болады. Фирдоуси Хорасаннан қашып, Махмұтқа алғашқы сатирасын жазды және өмірінің қалған бөлігін қашқында өткізеді. Соңында Махмұт сарай нөкерінің айласы туралы білгенде, оны не елден қууға, не өлім жазасына кеседі. Осы уақытта қарт Фирдоуси Тусқа оралды. Сұлтан оған 60 000 алтын тиын сый жіберді. Бірақ ақшаны алып шыққан керуен Тус қақпасына кіргенде, басқалары оны жерлеуге шығарып бара жатады. Ақын жүрек ұстамасынан қайтыс болады.
Көркемдік көкжиегі мен тарихи сабақтастықты тамаша үйлестіре білген аталмыш шығармада ұлы ақын сол кездегі Иран шаһтарының даму тарихы мен құлдырау кезеңдеріне жалғандықтың қоспасын араластырмай, ақиқаттың алдаспанын көтере білді. Фирдоусидің тағы бір тапқырлығы – тарихи оқиғаларды жырлай отырып, адамзатқа ескерту де жасап отырған. Мысалы, Рүстем-дастандағы ақын Шапаттың Рүстемге жасаған қиянатын жауыздыққа теңеп, ешуақытта алаяқтық, арамдықпен биік мақсатқа жету мүмкін еместігін:
«Бойымен сол жығылған жанын кешті,
Рүстемнен бұрынырақ өзі көшті.
Күншілдіктің күні туып, көңілі өспейді,
Ешкіммен есің болса болма өшті», – деп жырласа, осы бір қастандықты:
«Кетті деп көзін салса Шапат қайда,
Күліп тұр ат үстінде анадайда
Білді де Рүстем санын соқты,
Болғанын бұл сұмдықтың сонан пайда», – деп аянышты хәлді тамаша суреткерлікпен оқырманның көз алдына елестетеді.
Әбілқасым Фирдоусидің шығармашылық әлемін зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне сүйенер болсақ, Фирдоуси өзінің айтқысы келген жасампаз ойлары мен келешекке деген көзқарастарының біразын Рүстемді жырлауда пайдаланған. Негізінен Шаһнаменің үштен бір бөлігін қамтитын Рүстем-дастанның аяқталуы арқылы батырлар бөлімі тәмәмдалады. Яғни Рүстемнің опат болуы арқылы дастанның үштен бірі қорытындыланады. Бұл жөнінде отандық ғалымдарымыздың да өз зерттеулері бар [4, 58 бет].
Әлемді мойындатқан әйгілі жырдың үштен бірін қиын-қыстау шақта қазақша сөйлеткен Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Рүстем-дастан» аудармасының кіріспе бөлімі былай басталады:
«Болған соң жаратылып жер менен көк,
Тау мен тас, теңіз, бұлақ, ағаш пен шөп.
Дүниеге қоныстауға қол ұстаса,
Келді Адам, Һауаменен ұзамай көп.
Бұлардан туды екі мың төрт жүз бала,
Ұрпақтап өніп-өсті олар жаңа.
Ойынша өздерінің тас пен құмнан,
Кент, қышлақ әр орнынан салды қала.
Дүниеден Адам менен көшті Һaуа,
Бұлттай-ақ жазғытұрғы жауа-жауа.
Дегендей басшысыз халық – байсыз қатын,
Бәрі де бет-бетімен кетті ауа.
Адамнан қалған әдет, жоба-жолды,
Ұмытып, барлығы да кәпір болды.
Бұларға бірлігімді айт менің деп,
Нұхқа бір Құдайдан жарлық келді», –
деп Адам атамыздың дәуіріне бойлайды. Және де, көп жерде кездесе бермейтін Адам ата мен Һауа анамыздан тараған «екі мың төрт жүз ұрпақ» турасында сөз етеді. Яғни Жаратуышының жер бетіндегі пенделерін тәрбиелеу мақсатында Нұх пайғамбардың жіберілгенін де жазады. Бір сөзбен айтқанда Тұрмағамбеттің бұл аудармасы арқылы Ислам тарихынан біраз ақпарат алуға болады.
Әрине, қазіргі біздің заманымызда Ислам тарихы жайында қазақ тілінде жазылған дүниелер баршылық. Ал Тұрмағамбеттің бұл дастанды аударған уағы қазақ даласында қылышынан қан сасыған Кеңестік билік бой көтере бастаған тұс болатын. Ешқандай илеуге көнбей, тарихи шындықтан аттамай Алланың бір, Пайғамбардың хақтығын өз аудармасында қызыл сөзбен бүркемей, анығын жазған Тұрмағамбет жыраудың ерлігі расында айтарлықтай.
Ақындық шеберлігі айрықша Тұрмағамбет ақын тарихи білімге де кенде емес-тін. Егер ол Тұран-Иран тарихымен қоса Ислам, қала берді адамзат тарихынан хабардар болмаса, ол бұл дастанға маңайлай алмас еді. Тіптен асылық айтқандық болмас, кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда Ізтілеуұлының аудармасы түпнұсқадан мысқалдай кем түспейді.
Жалпы Абайдан басталған қазақ аудармасы әлемдік аударма дәстүрінен оқ бойы озып, дараланып тұрады. Өйткені олар тек қана жырды өз ана тіліне сөзбе-сөз аударып қоймайды. Оған ұлттық, дәстүрлік шапанды кигізіп, болмысына сызат түсірмей, тарихи әділетсіздікке де душар етпей қазақша сөйлете біледі. Тұрмағамбет Рүстем-дастанды бастар алдында жазған «Шаһнамеге кіріскенде (оқушыларға)» деген өлең жолдарында былайша ағынан ақтарылады:
«О баста оқыған соң фарсы, араб,
Жазушы ем хикая-жыр оған қарап.
Ұнатып оларымды оқығандар,
Ішкендей есіруші еді шарап.
Осындай өнерімді естіген соң,
Жүргенов шақырып ап, шашын тарап.
Бұйырды «Шаһнамені» сөз қылуға,
Ойласып Мирзоянмен ойға сарап.
Бедеудей басым шұлғып, «болады» деп,
Күйіме күннен-күнге түстім жарап.
Қолға алып қаламымды құрастырдым,
Ойласып ойымменен, өлшеп танап.
Әр түрлі әңгімелер ішінде бар,
Аңыз боп ел аузына кеткен тарап.
Қалайша халық таңырқар іс болмасын,
Кезінде сол ерлердің Рүстем, Сүһрап!
Фирдоуси оны отыз жыл жазған екен, (он айда)
Алтыннан алмақ болып неше қадақ...
Өлеңмен он бір буын он ай жазып,
Бітірдім, «мінеки» деп, бердім санап.
Талайлар таға алмай сын тарқап кетті,
Көргенмен әркімдер де аудармалап.
«Өмірлік соның үшін пенсия», – деп,
Айына бес жүз сомды берді қалап.
Ойлаймын: осынша еткен еңбегімді
Оқушым қабылдар деп шын бағалап!», – деп жырды аударуға көмектескен Темірбек Жүргеновтің де еңбегін жазады. Шығыстық тілдерге тілі жатық Тұрмағамбет о бастан Фирдоусимен рухани таныс болмаса, оның «Шаһнамесін» оқымаған болса, тек қана Темірбектің айтқанымен ғана аударды дегенге сену қиын. Әрине, Алматыға шақырып, бар қолайлықты жасаған Жүргеновтің атқарған еңбегі елеулі. Тұрмағамбет жырау осы жырды қазақшалауға барын салды. Алайда жырды аяқтап болған соң ол көп өмір сүрмеді.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы 1937 жылы «Халық жауы» деген жалған жаламен түрмеге түсіп, 1939 жылы абақтыдан шығады. Осы жылдың 15 мамырында көкірегі көне кітап болған жырау бақиға аттанады.
Фирдоуси: «Парсы тілі тірі тұрғанда мен өлмеймін, өйткені өлмейтін сөздердің тұқымын шашып кеттім» деген жолдарын назира үлгісін тамаша меңгерген Тұрмағамбет былайша қазақшалайды:
«Тоқтатты Тұрмағамбет келген ойды,
Соңына «Шаһнаменің» қолын қойды.
Балаша бағып-қағып, бабын тауып,
Өсірдім сүйріктей қып сұлу бойлы.
Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,
«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау» деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім», –
деп өз аудармасына сенімділігін жеткізеді [5, 450 бет].
Қазақ философиясы мен әдебиетіне Шаһнаменің еткен әсері аз болған жоқ. Тырнақалды жырларын Шығыстық үлгіде жазған қазақтың бас ақыны, хәкім Абай болатын. Ол ең алғашқы өлеңдерінің бірінде:
«Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд», – деп, Шығыстың жеті жұлдызын өзіне рухани ұстаз тұтады. Олардың қатарында Әбілқасым Фирдоусидің болғанын осы бір шумақтан байқаймыз.
Шығыс жауһарлары тек қана қазақ философиясына әсер еткен жоқ. Күллі түрк әлеміне үлгі бола білді. Оларды оқыған ақындар мен ойшылдар сол стильде жазса да өзіндік тың жол сала білді. Алаш қайраткері, публицист Мұхамеджан Сералин Троицкіден шығарған «Айқап» журналында «Рүстем-Сүһрап» атты тақырыппен Ораз Молладан кейін аударылған нұсқасын бірнеше рет бастырады. Бірақ, журналдың жабылуына байланысты бұл жұмыс соңына дейін жетпейді.
Осы тұста «Шаһнамеге» алғаш қызығып, Тұрмағамбетке дейін бірнеше үзіндісін аударған қазақ оқымыстыларына тоқталсақ. Ең бірінші болып Ақмешіттен шыққан Ораз Молла «Кейумерс пен Кейқысырау» аралығын жырлағанда басты кейіпкер етіп Рүстемді алады. Одан соң Сердалы атты қазақ ақыны 1988 жылы Қазанда «Қисса-и-Рустам» атты шығармасын бастырса, В.А. Жуковскийдің орысша аудармасынан «Рүстем-Сүһрап» деп аударған Мұхаммеджан Сералин туралы жоғарыда аз тоқталдық. Осы орайда айта кететіні, В.А.Жуковский Фирдоуси шығармашылығы хақында үш бірдей мақала жазғандығы жалған емес. Ақын Қалмақан Әбдіқадыров, Мәжит Дәулетбаевтар «Шаһнаме» турасында азды-көпті қалам тербетті.
1908 жылы Ташкент шаһарында басылып шыққан нұсқасы негізінде қара сөзбен қазақшалаған Аймангүл Тәжібаеваның да еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевтың анасы болатын. Бүгінгі таңда Аймангүл Тәжібаеваның аудармалары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұр деген дерек бар. Сонымен қатар, Аймангүл Тәжібаеваның аударма жасаған қолжазбалары «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорында да сақталып келеді.
Жүз жыл жырлаған алып жүрегімен Жамбыл да кезінде «Шаһнаме» негізінде «Рүстем» атты тарихи дастан жазған екен. Бір өкініштісі, ол сол күйі хатқа түспей ұмыт болған деседі. Бұл туралы Жамбылдың өз аузынан осы дастанды естіген ирандық ақын Әбілқасым Лаухутидің өмірлік жолдасы Ц.Бану-Лаухути 1957 жылғы естелігінде ерекше тебірене жазады.
Күллі түрк дүниесіне темірқазық болған «Шаһнаме» стилін Низами, Науаи, Абай, Шота Руставели сынды ақындардың шығармашылығынан анық байқауға болады. Сонымен қатар Абай ақындық мектебінен түлеп ұшқан барша ақындардың ойлау жүйесі мен шығармашылығына Фирдоуси әлемі белгілі деңгейде әсер етті.
Шығыстанушы, профессор Өтеген Күмісбаевтың жазуына қарағанда, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқы «Шаһнамеге» ерекше қараған. Атақты археолог, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланнан жеткен деректер бойынша, күйеуге ұзатылып бара жатқан қыз жасауына Шаһнамені қоса берген екен [6, 50 бет]. Сөз соңында айтарымыз, Тұран мен Иранның ортақ мәуелі бәйтерегіне айналған Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнаме» атты көлемді шығармасы бүгінгі күннің өзінде зерттеушілердің назарынан әсте тыс қалған жоқ. Жылдар өтіп, дүние дидары ауысып жатқан жаһандану заманында көне жәдігерліктер қатарынан орын алған аталмыш дастан арқылы түрк халықтарының түп тарихы бір арнадан бастау алатынын анық дәлелдеуге мүмкіндік бар.
Шығыс ойшылдарының қазақ философиясына әсері туралы жоғарыда бірнеше рет айттық. Тіптен Абайдың өзі бата сұраған Шығыстың жеті жұлдызының қатарында Әбілқасым Фирдоусидің де бар екені Шаһнаменің қазақ философиясына әсер еткеніне анық дәлел емес пе? Ал Абайға әсер еткен бұл дастан оның ақындық мектебінен түлеп ұшқан тұңғыш қазақ кәсіби философы Шәкәрімнен бастап, кешегі Алаш қайраткерлерінің шығармашылығына әсері де анық байқалады. Дегенмен бұл ретте қазақ философиясы тек қана Шығыс ойшылдарынан бастау алды деген пікірден аулақпыз. Қазақ философиясының түп тамыры Ан-Арыстың өзінен басталады. Бірақ, Шығыс ойшылдарының, оның ішінде Фирдоуси шығармашылығының қазақ философиясына белгілі деңгейде әсер еткені ақиқат. Өз кезегінде қазақ философиясы да Шығыс ойшылдарының қазақ руханиятында кеңінен танылуына дәнекер болғаны тарихтан белгілі.
Қанат АЛТЫНБЕК,
ҚР Ұлттық кітапханасы
Ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының магистранты
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Ізтілеуұлы Т. Шаһнаме (Фирдоуси «Шаһнамесінің» желісімен жырланған тарихи дастан). Т. І. – Астана: «Сарыарқа», 2009. – 452 бет.
2.Қоңыратбаев Ә., Байділдаев М. Шығыстың ұлы эпопеясы // Қазақстан мұғалімі. – 1962. – 22 март. – 1 б.
3.Жеменей И. Адамзаттың асыл мұрасы – «Шахнама» // Абай. – 2006. – №1. – 83-88 бб.
4.Батырхан Б.Ш., Тоқтарбекова Л.Н. Фирдоусидің «Шаһнаме» поэмасындағы даналық сөздері // ҚР ҰҒА Хабаршысы. Қоғамдық және гуманитарлық ғылым бөлімі. – 2015. – №1. – 57-59 бб.
5.Ізтілеуұлы Т. Шаһнаме (Фирдоуси «Шаһнамесінің» желісімен жырланған тарихи дастан). Т. ІІ – Астана: «Сарыарқа», 2009. – 454 б
6.Күмісбаев Ө. Фирдоуси және қазақ ақындары // Мәдениет. – 2009. – №1 (28) қаңтар. – 47-50 бб.

778 рет
көрсетілді0
пікір