• Ел мұраты
  • 18 Наурыз, 2025

«Қазақтың бір сөзі де артық емес»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сансызбай Мәдиев жуырда мерейлі алпыс жасқа толды. Сансызбай Мәдиев қазақтың руханиятына, білімі мен ғылымына көп еңбек сіңірген қайраткер тұлға. Жуырда ғалымның құрметіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы баспа ісі: редакциялаудың және дизайнның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. 

С.Мәдиевтің ғылыми-шы­ғармашылық жұмыстарына тоқталатын болсақ, 2 монографиясы, 300-ден астам публицистикалық, 30-дан астам ғылыми мақалалары, баспасөз бетінде жарық көрді. Академик З.Қабдоловтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. 1998 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының редакторы, 2002 жылдан бастап он жыл ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бөлімінің жетекші маманы, журналистика, дайындық факультеттерінің аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының менеджмент және халықаралық байланыстар жөніндегі директорының орынбасары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы қызметін атқарды. «Дәуір тарланы», «Бес мүшел белесінде», «Зиябек ақын мұрасы», «Болашаққа барар жолда» атты кітаптардың авторы. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жылнамасы» (І, ІІ, ІІІ том), ғалымдар, ҚазҰУ ректорлары Т.Т.Тәжібаев, Т.Б.Дарханбаев көп томдықтарының жауапты шығарушысы, 20 шақты кітап құрастырушысы. «Хабаршы-Вестник» ғылыми журналының жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сонымен қатар ғылыми ізденістері көне түркі жазба ескерткіштеріне, көне ауыз әдебиетінің жазбаларына, сондай-ақ репрессияға ұшыраған журналист Зиябек Рустемов мұрасына байланысты жазылған. Мерейтой қарсаңында ардақты азаматпен жолығып, әңгімелесудің сәті түсті. 

– «Алпыс – тал түс» дейтін белеске көтерілген шағында әрбір адам өзінің өткен ғұмырына зер салып, белгілі бір ой түйетіні анық. Философиялық сұрақтарға жүгінбесек те, осы бір кемел шағыңыздағы көңіл-күйіңізбен бөліссеңіз? 
– Ең бірінші айтарым, адамда шүкіршілік болу керек. Атқан таңыңа, батқан күніңе шүкіршілік еткен дұрыс. Өйткені бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Барын бағалай білмеген адамда қанағат жоқ деген сөз. Мен көңіл-күйімді әрдайым позитивті ұстауға тырысамын. Қазақта: «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген мақал бар. Мен еңсемді түсіріп жүрсем, отбасымның еңсесі қалай биік болады. Сондықтан «Бөрі арығын білдірмес, жұртқа сыртын қампитар» деп, кейде жон арқамызды күжірейтіп қойып жүре береміз.
– Туып-өскен жеріңіз, өскен ортаңыз – Атырау облысы Құрманғазы ауданы. Туған жеріңізден бойыңызға қандай қасиеттер дарыды. Өміріңізге бағдар болған, ұстанымдарыңызды айқындаған қандай құндылықтарды үйрендіңіз? 
– Жалпы, қай адамның болса да туған жері өзіне ыстық болады ғой. Адамның қалыптасуы туған жерінің топырағына, тарихына, ол жерден шыққан ұлы тұлғалардың шарапатына байланысты. Туып-өскен жерім Атырау өңірінің бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданының Ганюшкин ауылы Еділдің сағасында орналасқан. Бұл енді тарихи жер. Бір кездері қазақ хандығының астанасы болған. Қарға бойлы Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Асан қайғы, одан бері келсек, Құрманғазы, Мұрат Мөңкеұлы, Исатай, Махамбеттер, кешегі Жұмекен Нәжімеденовтер өмірге келген киелі топырақ. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, елдегі жақсы қасиеттің барлығы біздің бойымызда бар. Құрманғазы ауданы адамдарының бір ерекшелігі – сертке беріктігі болатын. Айтқан сөзін, берген уәдесін екі етпейтін. Құм қазағы айтпайды, айтса сөзінен қайтпайды. Мен өскен орта сондай болды. Құдайдың бір аты уәде дейді. Уәде еттің бе, демек сол уәдеңде тұр, орында. Артық сөз, өсек, ғайбат көп болмайтын. Мұндай нәрселерді біз көрмей өстік. Оқыған мектебіміз де жақсы болды. Білімді де, білікті мұғалімдерден тәлім алдық. Соғыстың заманында өмірге келген ұрпақ қой. Олардың өмір тәжірибесі, пайым-парасаты, зиялылығы бөлек еді. Білімдері өте жоғары болды. Шәкірттерді жан-жақты етіп тәрбиеледі. Бір саламен ғана емес, математикадан да, химия, физика және тағы да басқа пәндерден жақсы білім алдық. Мақтанғаным емес, мен әлі күнге дейін физика, математиканың есептерін шеше аламын, Пифагор теоремасы, инерция заңдары, траектория дегеніміз не, осының бәрін терең меңгердік. Себебі сабақ берген ұстаздарымыз сондай болды, оқыған пәнімізге қызығып, жаттап өстік. 
– Мақала жазуды мектепте бастадыңыз ба? 
– Бесінші сыныпта өлең жаздым. Бірақ, мен жазу өнерінде талғамды жақсы көремін. Жазатын адамның барлығы жазушы емес. «Әйелдің сайқалынан жазушының сайқалы жүз есе, тіпті мың есе қауіпті» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Осы сөзді санама жете сіңіріп, бейнелеп айтқанда маңдайыма ойып тұрып жазып алғанмын. Сол принципті өмір бойы ұстанып келемін. Яғни, қалай болса, солай емес, бағалы, лайықты туынды жазбасаң, қалам ұстаудың қажеті жоқ. «Ол анда барды, мында барды, сөйтті, бүйтті» деп жазудың не қажеті бар? Жазған соң, жан-дүниеңе әсер ететін туынды жазғанға не жетсін. Жалпы, менің стихиям ол – Жұмекен Нәжімеденов. Жұмекенді оқыған соң өлең жазуды қойдым. Өйткені Жұмекен арқылы поэзияның құдіретін түсіндім. Жалпы, Жұмекен Нәжімеденов болсын, сол замандағы Асқар Сүлейменов, Қадір Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Қалихан Ысқақ сынды көрнекті ақын-жазушылардың қай-қайсысы да қазақ әдебиетінің сапасын жаңа биікке көтерді. Әдебиеттің даму бағытын мүлдем жаңа арнаға бұрып жіберді. Жазуда түрен салды. Біз мұны әлі түсіне алмай жүрген болармыз. Әлем әдебиетінің өзіне де, меніңше, олар жаңа өзгеріс әкелді. Әрине, бұл айтып отырғаным жаңалық болмас. Бұл жалпыға белгілі ақиқат. Мен қазіргі заманның әдебиетіне де сол биіктен қараймын. Әдебиеттен сондай деңгейді іздеймін. Мысалы үшін, Рақымжан Отарбаевтың «Моно Лизасы» тұнып тұрған сурет қой. Жазған соң осындай татымды, оқуға лайықты дүние жазған дұрыс. Сондықтан қойыртпақ қылып жазатындарды қабылдай алмаймын. Себебі әдебиетке деген өзімдік талғамым бар. Ол менің бойымда бала кезімнен қалыптасқан. Өлең жазуды қойып кеткенім де сол. Себебі нағыз әдебиеттің рухын сезген соң, оның мәнісін түсінген соң, өзіңе де биік талап қоя бастайсың. Жақсы жазбасаң, жұрттың берекесін алып жазбаған артық деп ойлаймын. 
Қазір белгілі бір тақырыпты терең жазатын адамдар жоқтың қасы. Қазақстанның тарихи даму жолында өзіндік орны бар тұлғаларды қит етсе ол сатқын деп, жамандап шыға келетін әдет пайда болды. Мысалы, ұлт қайраткері Сәкен Сейфулиннің тырнағына да татымайтын адамдар жаңағыдай әңгімелерді айтады. Сәкен 27-28 жасында «Халық комиссарлары кеңесі» комитетінің төрағасы болды. Өзі айтқандай, «тар жол, тайғақ кешу» уақыттардан өтті. Түрлі азапты, қорлықты көрді. Ол жазды ма, айтты ма, айтпады ма, ол да белгісіз. Күштеп қол қойдыртқан шығар. Оның архивын бүге-шүгесіне дейін тексермейді де құрғақ долбарға негізделген әңгімелерді айтады, мысалы. Шәкәрімді Қарасатов атқан дейді. Ол да шындыққа жанаспайды. Архивте бұл туралы деректер тұр. Атқан айдаладағы адам. Осындай мәселелерді тереңдеп жазбаған соң, өкінішке қарай, халыққа ақиқатқа жанаса бермейтін әңгімелер таралып кетеді. 
– Журналистика мамандығына қалай келдіңіз? 
– Журналистика мамандығын таңдауыма бойымдағы намысшылдығым себеп болды. Әдебиет пәнінің мұғаліміне «Батырлар жырын қате айтып тұрсыз» дегенім үшін маған төрт қойды. Сол кісіге өзімді дәлелдеуім үшін журналистикаға түсіп, оны үздік тәмамдап, дипломымды әкеліп көрсеттім. Әйтпесе, мен негізі математиканың, физиканың адамымын. Мақтанғаным емес, бұл пәндерден олимпиадалардың алдын бергенім жоқ. 
– Еңбек жолыңызға қарап отырсам, көптеген жауапты қызметтерді атқарған екенсіз. Солардың ішінде өзіңізге қай лауазым, қай қызмет жақын болды? 
–  Мен қызмет таңдағаным жоқ. Қайда шақырды, сонда бардым. Ең көп жұмыс істеген салам бұл білім саласы болды. 
– Ал журналистік қызметіңізден не себепті кеттіңіз? 
– Бұл сол кездегі саяси жүйеге байланысты орын алған жағдай болды. «Хабар» агенттігі жеке адамның қолына өткеннен кейін журналистиканы қойып, оқытушылық қызметке ауыстым. 
– Ішкі принциптеріңізге қайшы болды ма? 
– Иә, солай болды. Мысалы, біз кезінде халыққа, партияға деп жұмыс істедік қой. Енді бір адамға ғана жұмыс істеуің керек болды. Сол үшін журналис­тикадан кеттім. 
– Қабдоловтан дәріс алдыңыз. 
– Шәкіртімін ғой. Соңғы қор­ғағандардың бірімін. Қорғамай жүргем ғой, маған керегі жоқ деп. Бір күні Зекең: «Әй, мен сені ғылым докторы ма деп жүрсем, сені әлі қорғамағансың ба?» деп, Зейнол Бейсенғалиевке алып барды да, диссертациямды қорғауыма жол ашты. 
– Ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық, дәстүр жалғастығы бүгінгі таңда қаншалықты сақталады?
– Жұмекеннің «Москвадағы Пушкин ескерткіші түбінде» деген жыры бар. Үзіндісін оқиын. Сонда былай дейді: 
Мен үшін сен ұстаз едің,
батыл тым
шықса сөзім – өзімсіну шәкірттік,
ұстаз бар ма менсінбейтін шәкіртін?!
Оян, ақын!
Қайғылы ойды таста әрі,
Өлеңіңді оқышы өзің тастағы.
Халық келді,– заман келді басқа бір –
Оян, ақын!…
Бұйра басын сілкіп тастап ұлы ақын,
Жүрегінен оң қолын ап,
сұрапыл
ырзалықпен созды маған;
бір оймақ қуаныштың шықты бетке нұры ойнап.
Менің ыстық алақанымды ұстады –
Қабыршақ боп тастар сынып түсті, әне.
Жазылды да желеңінің қат-қаты
Тас-тұғырдан түсіп келе жатты ақын, – деп аяқтайды. 
Бұл өлеңінде ұстаздың шәкіртке деген тағзымын керемет жеткізген. Шәкіртке тағзым идеясы Сағдидің «Гүлстан» поэ­масында да бар. Оны Сергей Есенин де жазды. Шәкірт алдындағы ұстаздың қолын жүрек тұсына қойып, тағзым етуін кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов өз дәрістерінде қолданған. Кейін ол дәстүрді шәкірті Зейнолла Қабдолов жалғастырды. Мен де қазір сол әдісті қолданамын. Бұл – дәстүр сабақтастығының бір ғана көрінісі. Әрине, ұстаздарымыздан үйренген өзге де ғибратты дүниелерді ұмыт қалдырмайтынымыз анық. 
– Қазіргі ғылымға не жетпейді? Қандай кемшін тұстары бар? 
– Ғылымда тазалық болса деймін. Тазалық болмаған жерде татымсыз дүниелер, зерттеп-зерделенуі аз ғылыми еңбектер пайда болады, пайда болып та жатыр. Осындайға көңілім тола бермейді. Әл-Фараби айтқандай, ғылым адам баласының қажетіне жарауы керек. Яғни, біздің өмірімізге нақты бір пайдасын әкелуі керек. Мен ғылымның адам баласына пайдалы болғанын қалаймын. Теориялық ізденістер керек шығар, бірақ зерттелетін тақырыптың, жазылған ғылыми еңбектердің практикалық пайдасы болмаса, қоғамдағы нақты бір мәселені шешуге үлесін тигізбесе, ол ғылымның қандай пайдасы бар? Айталық, «Жалғаудың көсемшеге әсері» деген тақырыптар өмірге қандай пайда береді? Өкінішке қарай, бүгінгі ғалымдар бір саланы ғана біледі. Ал бұрын ғалымдарға «Халифа» деген атақ беретін болған. Халифа атына сай болу үшін он үш ғылымды игеруің керек. Философия, әдебиет, астрономия, биология, математика, химия және т.б. Осы салалардың барлығын білген ғалымды ғана «Халифа» деген. Яғни, халифа атанамын деген адам ғылымға тереңдеп кіреді. Мысалы, академик Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың «Толық адам» ілімін зерттеді. «Толық адам қандай болу керек?» деген мәселені адамға пайдалы болатындай етіп тұжырымдады. Жұмекен Нәжімеденовтің де концепцияларын біз осылай ашуымыз керек. Ол бірнеше ғылымның тұрғысынан зерттегенде ғана мүмкін болады. Әл-Фарабидің «Музыка туралы трактаты» алайық. Музыка деген тербеліс. Мәселен, тербелістің заңдылықтарын түсіну үшін физикадан, биологиядан, гендік инженериядан, тағы басқалардан хабарың болуы керек. Ол сатылап кете береді.     
Біз көбінесе сөздің абстрактілі жағын ғана қабылдаймыз. Айталық, «тілі сумаң-сумаң етіп» дейміз. Ал сумаң деген не сөз? «Сумаң» деп судағы қара жыланның кішкентай түрін айтады. Сол жыланның қимыл-қозғалысына байланысты айтылған сөз. «Ботакөз» деп айтамыз. Ботакөздің қандай болатынын ботаның көзін көрген адам ғана біледі. «Намыс» дейміз. Ол не нәрсе? «Намыс» деген биологиялық тұрғыдан зерттелді. Ол қанда болатын кішкентай түйіршіктер екен. Миға қажетті сигнал барғанда қандағы түйіршік бұрқ етіп, адамның намысы қозып шыға келеді екен. Намыс жас баланың бойында 5 пен 7 жастың арасында қалыптасады дейді ғалымдар. «Қорқыныш», «қанағат», «ұят» деген нәрселердің барлығы да сондай. Мұның барлығы медициналық тұрғыдан дәлелденіп отыр. Адамның бет терісінде үш рецептор болса, терінің ең соңғы қабаты адам ұялғанда қызарады екен. Айта берсек, осындай мысалдар жетерлік. Қарап тұрсақ, қазақтың бір сөзі артық емес. Сөздің құдыретін басқа ғылымдармен байланыстыра зерттей білсек, оның ішкі сыры, кеңістігі де ашыла түсер еді. 
– Бүгінгі білім жүйесі туралы ойыңыз қандай? 
– Білім саласына ұлттық саясат керек деп ойлаймын. Біз білім беру жүйемізде ұлттық мазмұнды көбейтуге күш салмасақ, ертең көп нәрседен айырыламыз, айырылып та жатырмыз. Білім саласына шетелдік дүниелер көп ендіріліп жатыр. Олардың бәрі біздің ұлттық болмысымызға, дүниетанымымызға сай келе бермейді. Мектепте «Аяз би» ертегісінің орнына Андерсен ертегісін оқыту балаларды ұлттық сана-сезімнен алыстатары сөзсіз. Әлемдік әдебиетке қарсылығым жоқ, бірақ бала ең алдымен бастауыш сыныпта өзінің ұлттық әдебиетінен, ұлттық мәдениетінен сусындауы керек емес пе?
Әрбір мамандықтың өзіне тән жүйелі оқыту жолы болады. Мамандықтың іргетасын дұрыс қаламасақ, әрі қарай дұрыс жолмен дамыта алмаймыз. Журналистика туралы да соны айтуға болады. Журналистке ең бірінші тіл керек. Оны үнемі айтып келе жатырмыз. Техниканы мықты меңгергенімен, егер тілі дұрыс қалыптаспаса, жақсы журналист шықпайды. Тілді жақсы біліп шығу үшін грамматикалық сауаттылықты, әдебиетті оқытуымыз керек. Ал қазір кейбір жастар көрнекті ақын-жазушылардың шығармашылығы тұрмақ, есімдерін де біле бермейді. Жасанды интеллектіні меңгерген жақсы, бірақ онымен тым әуестеніп, өзінің шығармашылық ойлау қабілетін, жазу қабілетін дамытуды қалыс қалдыруға болмайды. Жасанды интеллектінің керек жері бар шығар, бірақ ол рухани нәрселерді бәрібір тереңдеп көрсете алмайды. Сондықтан дәстүрлі білімнің озық үлгілерін ұмыт қалдырмай, заманның жаңа талаптарымен ұштастыра білгеніміз орынды деп санаймын. 

Әңгімелескен 
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

 

1229 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы