• Ел мұраты
  • 18 Наурыз, 2025

Су тасқыны мәселесінде ғалымдардың зерттеуін ескеру қажет

Елдің, өңірдің дамуы табиғи-климаттық факторлар кешеніне тікелей тәуелді. Жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты табиғи тосын құбылыстар жиіледі. 2024 жылғы еліміздің бірнеше аймағында болған су тасқыны табиғи апат болумен қатар, су нысандарының жағдайы, сумен қамту, маман даярлау саласында шешімін таппаған мәселелер бар екенін көрсетті. Су тасқыны болып жатқан кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасады. Ол үндеуде «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Жіберілген олқылықтарды түзеп, одан сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес» деген еді. Табиғи апаттардың салдарын неғұрлым азайту, су нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, маман даярлау және осы саладағы басқа да мәселелер кешенді көзқарасты қажет етеді. Бұл мәселелердің жан-жақты ғылыми зерттеусіз шешілуі неғайбыл. Халықаралық білім беру корпорациясының Ғылым және инновациялар департаментінің директоры, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары, PHD Шахислам Лайсхановпен сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді. 
 

 

– Былтыр Абай, Ақмола, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Ұлытау облыс­тарында болған табиғи апат елімізді біраз әбігерге салып, материалдық шығын келтірді. Жалпы сарапшылар мұндай табиғи апаттардың басты себебі климаттың өзгеруінен дейді. Географ ғалым ретінде климаттың өзгеруі деген не, әңгімемізді осыдан бастасақ. 
– Климаттың өзгеруі деп тем­ператураның және ауа райы жағдайының ұзақ уақыттық құбылуын айтамыз. Климаттың өзгеруі жөнінде көптеген ғалымдар зерттеу жүргізген. Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі ұйымының (FAO) зерттеулері бойынша, ХІХ ғасырдың екінші жартысымен, яғни 1850 жылмен салыстырғанда, қазіргі кезде ғаламдық температура 1,1-1,5 көрсеткішке дейін жылынып кеткен. Сондықтан қазіргі кезде әлемде болып жатқан көптеген құбылыстар осы климаттың өзгеруімен тікелей байланысты. Арсений Шнитников деген бұрынғы кеңестің үлкен ғалымы бар. Ол бір климаттық цикл 1500-2000 жылды құрайды деп көрсетеді. Ол құрғақ, салқын және ылғалды кезеңдер деп бөледі, мысалы 500-700 жыл құрғақ және жылы болса, 700-800 жыл аралық кезең. А.Шнитниковтің есептеуі бойынша, 1850 жылдан бастап біз құрғақ және жылы кезеңге аяқ бастық, яғни кезеңдер алмасып, климат үнемі өзгеріп отырады. Ол климаттың өзгеру теориясын жасаған ғалым. 
– Климаттың өзгеруі несімен қауіпті?  
– Климаттың өзгеруі табиғаттағы, экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуына ықпал етуімен қауіпті. Егер температура көтерілетін болса, таулардағы мұздықтар қарқынды ери бастайды. Мұздықтар, Антарктида, Арктикадағы мәңгі тоң ерісе, олар ғаламдық мұхит деңгейінің көтерілуіне алып келеді. Сондай-ақ, дүние жүзі халқының үштен бір бөлігі жағалауда қоныс тепкен. Демек, жағдай осылай кете беретін болса, болашақта ол адамдардың қоныстары, мекен еткен жерлері су астында қалуы ықтимал. 
– Қазақстан мұхиттан алыс орналасқан ғой, соған қарамастан өткен жылы елеулі дәрежеде табиғи апаттар болды. Жалпы осы Батыс Қазақстан өңірінде сексен жыл төңірегінде мұндай су тасқыны болмаған екен. Бұның себебі неде? 
– Бұл жерде нақты бір себепті көрсету қиын. Мұндағы факторларды екіге бөліп қарастыру керек: табиғи және антропогендік себептер. 
 – Антропогендік дегеніміз адамның қатысы бар деген сөз ғой. 
– Иә, антропогендік фактор деп адамның шаруашылық әрекеті арқылы қоршаған ортаға ықпал етуін айтамыз. Табиғи факторлар – температураның құбылуы, жауын-шашынның көп түсуі. Өзендердегі мұздың кептелісі де бар. Антропогендік фактор ретінде өзен жайылмаларының және арналарының тарылуы, түрлі гидротехникалық құрылыстардың тозуы немесе оның апаттық жағдайға жетуі, гидрологиялық есептеулер кезінде адамдардың қателік жіберуі деген себептерді айтуға болады. Мысалы Орал қаласы маңайындағы су белдеуінде саяжайлар салынбағанда көп шығын болмас еді. Өкінішке қарай, ұзақ уақыт су баспаса болды, ойланбастан тұрғын үй, ғимарат сала береді. Мұның бәрі айналып келгенде адамдарды әбігерге салады және мемлекетті экономикалық, қаржылық жағынан шығынға әкеліп тірейді. 
– Өткен жылы су тасқыны болып жатқан кезде Президент Қ.Тоқаев атап айтқан олқылықтардың қатарында маман тапшылығы мәселесі бар. Жалпы осы гидролог, гидротехник сияқты мамандар елімізде қандай оқу орындарында даярланады және олар дәл осы су тасқыны бойынша білім ала ма? 
– Өте орынды сұрақ. Мемлекет басшысы Үкіметке білікті маман даярлау жөнінде тапсырма берген болатын. Қазіргі кезде жалпы су мәселесіне байланысты мәселелердің көбейіп кетуі осы саладағы мамандарға деген қажеттілікті арттырып отыр. Су мәселесімен гидрологтар, экологтар мен географтар айналысады. Гидрология бойынша білім беру бағдарламасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бар. Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де бұл бағдарлама бойынша білім беріледі. Сондай-ақ су ресурстарына қатысты білім беру бағдарламаларының тобы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде, Астанадағы агротехникалық және аймақтық университеттерде де бар. Басты мәселе – сапалы кадр және осындай апаттар туындаған жағдайда соларды шешуге құзыретті мамандарды даярлау. 
 –  Шахислам Ұзақбайұлы, сіз атап өткен білім беру бағдарламаларында табиғи апаттар сияқты заманауи сын-қатерлерге қатысты пәндер қамтылған ба? 
Нақты қандай пәндер екендігін айту қиын, бірақ жалпы ғаламдық мәселелер, оның ішінде табиғи апаттарға қатысты мәселелер барлық білім беру бағдарламаларында бар. Дегенмен де біз үшін табиғи апат дегенде бірінші кезекте су тасқыны ауызға ілігеді. Былтыр Қазақстандағы тасқын соңғы сексен жылда болмаған табиғи апат ретінде танылды. Баршамыз білетіндей, он облысты су басты, төтенше жағдай жарияланды. Бірнеше қаланың маңайы, жүздеген ауыл су астында қалды. Осындай сын сағатта су саласы білікті маманға зәру екені байқалды. Сондықтан да гидрология, география мамандықтарын оқытатын оқу орындарындағы білім беру бағдарламасының құрамында міндетті түрде су тасқынына қатысты пән болуы керек деп есептейміз. Осы орайда біз 2024 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қаржыландыруымен, яғни ректордың ішкі интеграциялық грантының аясында Батыс өңірдегі су тасқыны мәселесін зерттеп, соны оқу процесіне енгізу бойынша біршама зерттеу жұмысын жүргіздік. Зерттеу бойынша екі мақала және бір оқу құралы дайындалды. Бір мақала шетелдік беделді басылымға жарияланды. 
– Бұл мақалалар батыс облыс­тарда болған су тасқындарын зерттеу негізінде жазылды ма? 
– Иә, біз осы өңірдегі су тасқынына ғылыми талдау жасадық. Су тасқыны өңір тұрғындарының үй-жайларын, егістікті, бау-бақшаны басып қалды, қаланы су алды. Бұл құбылыс әсіресе аридті аймақтарда орналасқан елді мекендер үшін өте өзекті болып саналады.
 – Қазақстанның қай аймақтары аридті өңірге жатады? 
– Бұл шөлді-шөлейтті аймақтар. Аридтік климат – температурасы жоғары және оның тәуліктік ауытқуы үлкен, атмосфералық ылғалдылығы жеткіліксіз, ал буланғыштық мөлшері жылдық жауын-шашын жиынтығы мөлшерінен артық болған жағдайда қалыптасатын құрғақ климат. Ондай өңірде судың булануы жауын-шашыннан бірнеше есе жоғары болады. Топырақта ылғал аз болғандықтан өсімдік сирек өседі, ауа мен жер беті күндіз қатты қызып, түнде едәуір салқындауы салдарынан тау жыныстары үгіліп құмға айналады. Мұндай аймақтарда егін тек қолдан суландыру жолымен ғана егіледі. Қазақстан аумағының үштен екісі аридтік аймақта орналасқан. Бұл оңтүстік, оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс және орталық Қазақстан. 
– География, гидрология, гидротехника мамандықтарында оқып жатқан студенттер тыңғылықты білім алып жатыр ма? Оқу-әдістемелік құралдар жеткілікті ме? 
– Су тасқынына арналған оқулықтардың және оқу-әдістемелік құралдардың толыққанды болуы өте маңызды. Өйткені су мәселесі жылдан-жылға күрделене береді. Оның күрделілігі мынада: жаз уақытында су тапшы, ал көктемде көл-көсір. Бұл болашақтың да мәселесі. Сондықтан жоғарғы оқу орындарында оқитын мамандар сапалы білім алуы керек. 
Жалпы су ресурстары туралы оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар жеткілікті. Бірақ су тасқындарына байланысты оқу құралы жоқтың қасы екен. Тек осыдан он жыл бұрын Көкшетауда төтенше жағдайлар бойынша курсанттарға арналған бір әдістемелік құрал шыққан, орыс тілінде. Ал осы уақытқа дейін қазақ тілінде су тасқынына қатысты бірде-бір оқу құралы әзірленбепті. 
Демек, қазіргі заманғы табиғаттағы өзгерістерді, климаттың өзгеруін ескере отырып білім беретін оқулықтар дер кезінде әзірленбеген дейсіз ғой. 
Иә. Бұл тақырып бірінші кезекте университеттердегі білім беру бағдарламаларына пән ретінде енгізілуі керек. Ол үшін ең алдымен оқу материалы ретінде ұсынылатын оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар әзірлеп отыру керек. Барлығы бір-бірімен байланысты жүзеге асырылады. Ал бізде осы уақытқа дейін кейбір білім беру бағдарламаларына арнайы пән енгізілмеген, өйткені бұл сала бойынша оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар жоқ. Оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар әзірленген соң осы мамандықтарды оқитын студенттерге пән ретінде өтіледі. Негізгі реті осылай, яғни әр пәннің қамтамасыз етілу картасы деген болады. Сол карта бойынша оқулықтар, оқу құралдары жеткілікті болуға тиіс. Ал егер ешқандай материал жоқ болса, оны пән ретінде енгізу өте қиын. Су тасқыны тақырыбы пән ретінде енгізілмеуінің бір себебі осы деп ойлаймыз. 
– Шахислам Ұзақбайұлы, сіз және сіздің әріптестеріңіз әзірлеген «Су тасқындарының географиясы» деген оқу құралын қысқаша таныстырып өтсеңіз және бұл оқулықты қандай мамандықтарда оқытуға болады? 
– «Су тасқындарының географиясы» оқу құралын біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қаржыландырған жобаның аясында әзірледік. Оқу құралының негізгі ерекшелігі мәселенің ғылыми негізделуінде. Авторлар қатарында менің докторантым Жанболат Нұрмағанбетұлы және География және су қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Ахан Мырзахметов пен Жанерке Шарапханова бар. Бәріміз бірлесе дайындап шықтық. Оқу құралының мазмұнында су тасқынының теориялық негіздері қамтылған, одан кейін су тасқындарын зерттеу әдістері, мониторинг жасау деген тақырыптар қарастырылған. Сонымен қатар су тасқындарының алдын алу, оның зардаптарын жою, одан кейін суды басқару мәселесі де қарастырылған. 
– Бұл оқулық қазақ тілінде жазылды ма? Орыс тіліне аударыла ма? 
– Иә, қазақ тілінде жазылды. Егер жоғарғы оқу орындарынан сұраныс түсіп жатса, біз міндетті түрде орыс тіліне аударамыз. Әзірше қазақ тілінде ұсынылып отыр. 
– Қазіргі заманда барлық салада шешім қабылдағанда ғылыми зерттеулерді ескеруге тиіс. Осы тұрғыда атқарушы билік орындары ғалымдардың зерттеулерін, олардың ұсыныстарын негізге алып жүр ме? Әсіресе табиғи апаттардың алдын алу, болжау мәселесінде ғылымға сүйену қажет қой. 
– Бізде жалпы мынадай бір парадокс бар. Елімізде орман қоры өте аз, бірақ орман өрті жиі болады. Суға тапшы елміз, бірақ су тасқыны орын алып жатады. Меніңше, көптеген мәселелердің жүйелі шешілмеуі оның жылда қайталануына себеп болады. Мәселен, былтыр су тасқынынан кейін үкімет осы мәселеге көңіл бөліп, оның зардаптарын шешуге тырысты, миллиардтаған қаржы бөлінді. Енді ондай оқиғалардың зардабы ауыр болмас үшін ғалымдармен бірлесе отырып, зерттеулерді негізге ала отырып шешу керек. Шетелдік тәжірибені де ескерген жөн. Мысалы Жапонияның, Нидерландының, Малайзияның тәжірибесі өте жақсы. Жапонияда су тасқынына қарсы коллектор жобасын жүзеге асырған. Токиода автокөлік жүретін жолдардың астында коллекторлар бар. Су тасқыны кезінде су құдықтар арқылы туннельге түседі, туннельден резервуарға ағады. Ал резервуардағы суды көгалдандыру, т.б. жұмыстарында пайдаланады. Малайзияның да тәжірибесі керемет. Негізі Куала-Лумпур тарихта ұзақ уақыт бойы су тасқынынан зардап шеккен қала. Оларда смарттуннель деген бар. Туннель жай күндері көлік қатынасы үшін қолданылады. Ал су тасқыны кезінде көлік тоқтатылады да, суды айдайтын арна ретінде пайдаланылады. Апатты жағдай кезінде Куала-Лумпурға жақындаған су сол туннель арқылы ағып, қаланы айналып барып өзенге құяды. Бізге де осындай технологиялар, модельдер керек сияқты. Өкінішке қарай, бізде суды үнемдеу, тиімді пайдалану жағы әлі де кемшін. 
Еліміздегі бүкіл су қорының тек екі-үш пайызы ғана тұщы су екен. Суды дұрыс пайдалану, үнемдеу, ысырапқа жол бермеу жөнінде не айтар едіңіз? 
Бізде үлкен бір ғаламдық мәселе бар. Ол Арал теңізі. Былтыр Оралда су тасқыны болғанда ол суды Аралға қарай бұрып, оны толтыруға болатын еді дегендей сөздер болды. Өкінішке қарай біз суды басқара алмаймыз. Су жоқ емес, бар. Жауын да жауып жатыр. Бірақ бұл табиғи құбылыс болғандықтан, ол қай айда, қай уақытта, қанша мөлшерде жауатынын біз білмейміз. Егер жауын көп жауса, сол суды сақтайтын қоймалар, резервуарлар салу керек. Әсіресе, мынау аридті климат жағдайында жерасты резервуарлары өте тиімді. Бұл жағынан Қытайдың, Біріккен Араб Әмірлігінің тәжірибесі бар. Бізге де осындай жұмыстарды қолға алу керек. Суды басқара білуіміз керек. Суды сақтап, оны реттеп, тиісті кезде тиімді пайдалану жағын да қарастырған жөн. 
Ал күнделікті өмірде суды қалай пайдаланған жөн? 
Қазақстан суды көп тұтынатын елдердің қатарында. Бізде әр адамға шаққанда күніне 3,5 мың литр тұтынады, бұл әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда өте жоғары. Біз суды барынша тиімді пайдалануға тиіспіз, өйткені еліміз су ресурстарына бай емес. Өзен торлары бізде сирек. Әсіресе оңтүстікке жылжыған сайын сирей түседі. Сондықтан да қазірден бастап суды ұтымды пайдаланып, ауыл шаруашылығында да, күнделікті тұрмыста да үнемдеу қажет деп санаймын. 
Сіз жоғары оқу орнында оқытушы болып жұмыс істейсіз. Қазіргі студенттердің, жастардың осы география ғылымына, экологияға қызығушылығы қандай? Олардың бәрі болашақ маман ғой. Ғылымға ұмтылған жастар баршылық па? 
Қазіргі жастардың білім алу мүмкіндігі өте жоғары. Мен негізінен магистранттарға сабақ беремін. Өзімнің сабағымды зерттеулерге сүйене отырып түсіндіруге тырысамын. Тақырыпқа сәйкес жүргізілген зерттеу жұмысын таныстырып, зерттеу әдістері мен нәтижесін көрсетеміз. Мен «Ғылыми зерттеулерді картографиялық тұрғыдан қамтамасыз ету» және «Ғылыми жобаларды басқару» деген пәндерден дәріс беремін. Сабақ барысында біз жүргізіп жатқан зерттеулердің көп көмегі тиеді. Білім алушыларға да сол маңызды, әрі қызық. 
Қазір ғылымды коммерцияландыру талап етіледі. Бар ойымыз ғылыми зерттеу нәтижесі өндіріске енбей қалмасын дейміз. Ал зерттеудің нәтижесін білім беру жұмысында қалай пайдалануға болады деген сұрақ бар. Өйткені ол өзекті мәселе төңірегінде жасалды ғой. Білім алушыларға сапалы және нақты білім беруіміз керек. Ал ондай білімді бізге ғылым береді. Одан кейін ғылыми білім деген бар. Жоғарғы оқу орнынан кейінгі бағдарламалар бойынша, яғни магистратура, докторантурада білім алушыларға біз ғылыми білім беруіміз керек. Ғылымның нәтижелерін оларға таныстыруымыз керек. Қандай зерттеулер жүргізіліп жатыр, нәтижесі қандай? Ол зерттеулерде қандай әдіс-тәсілдер қолданылды? Осы мәселелерді де ойлауымыз керек. Білім кешенді, жүйелі түрде болуы керек. Өкінішке қарай, ғылыми-зерттеу институттары өз алдына зерттеу жұмысын жүргізеді, есебін береді. Ал соны білім беру үдерісіне енгізу жағын да ойласа, біз сапалы кадр дайындайтын едік деп ойлаймын. 
Соңғы жылдары мектептегі білім беру бағдарламасынан Қазақстан географиясы пәні қысқартылып кетті деп географ мұғалімдер дабыл қағып жүр. ЖОО-дағы білімнің негізі мектепте қаланады емес пе. Осы тұрғыда орта білім саласындағы география пәні жөнінде не айтар едіңіз? 
Негізі қазіргі оқулықпен де Қазақстан туралы білім беруге болады. Әйтсе де мұғалімдер көбінесе оқулықпен ғана шектеліп қалады. Оқулықтың мазмұнында Қазақстан туралы аз жазылса немесе жазылмаса түк жоқ деп шығады. Негізінде әр оқулық қажетті ақпараттың ары кетсе елу пайызын ғана береді. Ары қарай мұғалімнің өзі ізденіп, мәліметтерді тауып жинақтап, білім алушыға ұсына білуі керек. 
Жетпейтіні – қосымша оқу-әдістемелік құралдар. Мұғалімдердің өздері оқу құралдарын дайындаса болады. Мысалы, су тасқыны тақырыбы мектептегі оқулықтарға бір тақырып болып кіруі керек қой. Оныншы сыныптың географиясында «Адамзаттың ғаламдық проблемалары» деген тақырып бар, оған бірнеше сағат бөлінген. Соның аясында Қазақстандағы мәселелерді көбірек оқытуға болады. Өйткені Қазақстан ғаламның бір бөлшегі ғой. Сондықтан бұл жерде мәселе мұғалімнің деңгейі мен қалай сабақ бергеніне тікелей байланысты. Оқулықпен ғана білім беремін деген дұрыс емес. Соңғы ақпараттарды қамтып, болып жатқан оқиғаларды балаларға жеткізу мұғалімнің біліміне, қызығушылығына, құзыретіне байланысты. 
– «Су тасқындарының география­сы» оқулығы және осы бағыттағы зерттеулер жалғасын таба ма? 
Бұл оқу құралы Абай университетінің ғылыми кеңесінде мақұлдаудан өтті. Білім алушыларға су тасқыны туралы білімдер барынша толық берілуі керек және олар су тасқындарын зерттеу дағдыларын да меңгеруі керек. Бұл әзірше бір жылдық зерттеу, алдағы уақытта жалғасады. Біздің топ болмаса да, міндетті түрде жалғасын табады деп ойлаймын. Су тасқыны Нысаналы бағдарламалық қаржыландыру аясына да кіретін тақырып. 2025-2027 жыл аралығында бүкіл Қазақстанның су мәселесін қарастыратын бағдарлама жүзеге асқалы жатыр. Оған көптеген ғылыми мекемелер қатысуы мүмкін. 
География ғылымы басқа ғылымдар сияқты іштей бірнеше салаға бөлінеді, олардың даму үрдісі қалай? 
Географияның жалпы үлкен екі бағыты бар, олар – физикалық және экономикалық-әлеуметтік география. Біздің зерттеуіміз физикалық география саласына жатады. Мен өзім физгеографпын, оның ішінде ландшафттанушы. 2024 жылғы су тасқынынан кейін Мемлекет басшысы құзыретті органдарға осындай табиғи апаттардың алдын алу, болжау жөнінде тапсырма берді. Біз де бұл іске ғалым ретінде өз үлесімізді қосқымыз келді. Қазіргі заманда ғылыми жобалар бір саланы ғана емес, бірнеше саланы қамти отырып жүргізіледі. Біз ғылыми зерттеу жұмыстарында Географиялық ақпараттық жүйелерді (ГАЖ), одан кейін жерді қашықтан зондтау әдістерін пайдаланамыз. Зерттеу барысында ғарыштық түсірілімдерді, яғни геоақпараттық жүйелерді қолдандық. Бұның бәрі өте күрделі жұмыс. Әсіресе жоба жетекшісі ретінде мен үшін жауапкершілік үлкен болды. Көптеген материал жинап, танысуымызға тура келді. Сол жұмыстардың нәтижесінде осы оқу құралын дайындап шықтық. 
Шахислам Ұзақбайұлы, сіздер зерттеу жүргізу кезінде су тасқынына байланысты көбірек мәліметті зерделейсіздер, көпшілік біле бермейтін жайттарға тап боласыздар. Сондай-ақ тың ойлар мен тұжырымдар туатыны белгілі. Су тасқыны және басқа табиғи апаттардың ауқымы қаншалықты, сол жөнінде айтсаңыз. 
Елімізде, әлемде су тасқындары жиілеп барады. Бұндай табиғи апаттар экономикалық, әлеуметтік зардаптарға әкеп соғатынын көріп отырмыз. Оның ішінде жергілікті инфрақұрылымға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тигізетін зардаптар бар. Ондай зардаптарды жою үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қалпына келтіріледі. Алайда су тасқындарының экологияға тигізген зардабына үнемі көңіл бөлінбейді, елеусіз қалады және оның жойылуы да қиын. Мысалы, топыраққа, өсімдікке, жануарлар дүниесіне қалай әсер етті, зардаптары қандай, сол жағы зерттелмейді. Ең өкініштісі сол. 
Зерттеу барысында біз Құлсары қаласының маңында жаңадан су нысандарының пайда болғанын анықтадық. Шағын көлшіктер. Олар бұрын судың жайылмасында болған, кішігірім көлемде. Су тасқынынан кейін осы көлшіктердің аумағы үлкейіп кеткен. Біз ғарыштық түсірілімдер арқылы осы көлшіктердің 3-4 ай бойы құрғамай жатқандығын байқадық. Бұл бір қарағанда жағымды құбылыс сияқты, бірақ бұның өзіндік зардабы бар. Өйткені ондай көлшіктер ұзақ уақыт бойы құрғамайтын болса, ол жердің топырағына, өсімдігіне кері әсерін тигізеді. Әсіресе зональды топырақ жамылғысына зиян, өйткені ол жерде лайлану, саздану процесі жүреді. Су кеуіп кеткен соң тақыр пайда болады. Сазды жерде өсімдіктің тамырлары мен дәндері ұзақ жатпайды, жойылып, шіріп кетеді. Өткен жылы батыс өңірде, Құлсарының маңында жауын-шашын көп болды, біздің зерттеуіміз бойынша жауын-шашынның орташа жылдық мөлшерімен салыстырғанда қырық төрт пайызға жоғары. Келесі жылы ондай болмауы әбден мүмкін, өйткені ол жердің табиғаты бөлек. Өткен жылғы көлшіктердің орнында су жатпайды, құрғақ болады. Ал өсімдіктің тамырлары, тұқымы шіріп кеткені анық.
– Жергілікті флораға орны толмас зиян келтірді дейсіз ғой. Мұның орны жуық арада тола ма?
– Ол  жерде  лайлану, саздану процесі жүргендіктен, топырақ құрамындағы пайдалы элементтердің барлығы жойылып кетеді. Химиялық пайдалы элементтер, қарашірік азаяды, топырақ құнарлылығы төмендейді. Сондықтан тақыр жерге айналып, тұздану процесі жүруі мүмкін. Топырақтың тұздануы жөнінде ғалымдардың зерттеулері көп, біз оларды да қарастырып, мақаламызда келтірдік. 
Су тасқынының материалдық зардабын жылдам орнына келтіруге болады, ал экологиялық зардабын болашақта тартуымыз мүмкін. Міне, су тасқынының адамдарға, флора мен фаунаға, өсімдіктер дүниесіне, шаруашылыққа келтіретін осындай зияны бар. Сондықтан алдын ала кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіп, нақты болжамдар жасау, ғалымдардың ұсыныстарын ескеру қажет. 
 – Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЙ

1360 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы