- Мақала
- 18 Наурыз, 2025
Халық танитын тұлғалар неге аз?

Мемлекеттің, ұлттың дамуы үшін халық қадірлейтін, жұртқа сөзі өтетін тұлғалардың болуы маңызды. Себебі «Тарихты тұлғалар жасайды» және мемлекеттің негізін де солар қалыптастырады. «Жалпы, тарихтағы тұлғалардың іс-әрекеті тарихта әртүрлі бағаланады. ХХ ғасырдың басында ұлтының болашағы үшін жанын пида еткен қаншама зиялы тұлғалар болса, бүгінгі таңда ұлтына ақыл айтатын, бағыт-бағдар сілтейтін зиялы қауым өкілдерінің аздығы, олардың халыққа деген ықпалының болмауы барша азаматтарға да ой салуы тиіс.
Саясаттану, философия, психология ғылымдарында лидер-көшбасшы, тұлға деген ұғымдар әртүрлі түсіндіріледі. Жалпы, тұлғаға басқа азаматтарға ақыл айта алатын, әсер ете алатын, белгілі бір салада жетістікке жеткен азаматтарды жатқызады. Құқықтық жағынан келгенде, біз кәмелет жасына толған, яғни өзінің іс-әрекетіне толық жауап бере алатын азаматтарды да тұлға дейміз.
Жоғарыда айтылған түсініктер көрсетіп отырғандай, құқықтық мәнде әрбір азамат тұлға болса, философиялық тұрғыда кез келген азамат тұлға бола алмайды. Себебі тарихты тұлғалар жасайды. Олардың іс-әрекеті де әртүрлі бағаланады. Мысалы, халқының болашағы үшін еңбек етіп, Үндістан мемлекетінің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Махатма Ганди ағылшындардың жауы болған. Сондай-ақ біз Шыңғыс ханға өз тарихымызда әрқилы баға беріп келеміз. Кейде тұлғалардың ойларын, атқарып жатқан істерін халқы қолдамай, қарсылық білдіріп, сынға алып жатады. Сондай тұлғалардың бірі – Ұлыбританияны 80-90 жылдары басқарып, халқының қарсылығына қарамастан батыл шешімдер қабылдау арқылы дүниежүзіндегі ең «Ықпалды» мемлекеттер қатарына қосқан, «Темір әйел» атағымен тарихта қалған Маргарет Тэтчерді келтіруге болады. Маргарет Тэтчер ұсынған реформалар ағылшындардың қарсылығына ұшыраса да, нәтижесі біраз жылдан кейін көрініп халқы мемлекет басшысы туралы ойларын өзгертті. Сондықтан жетістікке жете білген көшбасшылар халықтың есінде қателіктерімен емес, жетістіктерімен қалады.
Тұлға мемлекеттің, ұлттың дамуы үшін өте маңызды деп айттық. Дүниежүзі мемлекеттерінің тарихын зерттесек, сол мемлекеттердің алға қадам басуы, мықты мемлекет болып қалыптасуы белгілі бір тұлғалардың есімімен тығыз байланысты. Қазақ халқының болашағы үшін Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Абылай хан, Кенесары хан, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және т.б. тұлғалар көп еңбек сіңірді. Жалпы, ХХ ғасырдың 20-шы жылдары қазақ даласында өз ұлтының болашағы үшін еңбек еткен тұлғалар жетерлік. Ал қазіргі адамдардан қандай тұлғаларды білесіз деп сұрасақ, көпшілігі мемлекет басқарып тұрған Президент Қ.Тоқаев және бірқатар мемлекеттік қызметшілердің аты-жөндерін ғана атай алады. Елімізді дүниежүзіне танытып келе жатқан әнші Димаш Құдайберген, боксшы Геннадий Головкин, ережесіз жекпе-жекте өнер көрсетіп жүрген Шафкат Рахмоновтан басқа азаматтарды біздің халық онша тани бермейді. Бұл, жалпы, ойландыратын мәселе.
ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары ұлтымыздың болашағы үшін еңбек етіп, халықты ұйыстырып, шоғырландыра білді. Кеңес өкіметі кезінде де қарапайым халықтың ойынан шыққан біршама зиялы қауым өкілдері болды. Ал бүгінгі таңда қажет болған кезде халыққа ақыл айтып, тоқтау салатын жан бар ма? Әрине, белгілі бір қалада, ауданда ондай азаматтар бар, мысалы Кентау қаласында Мұхан Тұрысбеков деген қайраткер азамат болды. Ал жалпы барша қазақ халқы арасында танымал, халқы қолдайтын тұлғалар бар ма? Жоқ десек те болады. Жалпы, мұндай жағдайдың орын алуы мемлекет үшін өте қауіпті, оны 2022 жылы орын алған Қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді. Себебі Алматыда жиналған жастарға тоқтау айтатын зиялы қауым өкілінің болмауы бәрімізді ойландырды.
Ал осыған ұқсас болған Шымкент қаласында 2019 жылы жаз айында Арыс қаласының тұрғындары, алғашқы кезде «Бекжан» базары жанында жиналып, Түркістан облысының және Шымкент қаласының әкімдерімен кездесуі нәтижесіне қанағаттанбаған Арыстықтар Шымкент қаласының Темірлан көшесімен жүріп, бұрынғы орталық алаңға шоғырланған кезде, сол азаматтарды ақылға шақырып, тоқтау айтып, тыныштыққа шақырған бірде-бір зиялы қауым өкілінің болмағаны ойландырды.
Бұл орайда Абылай ханның Бұхар жырауға айтып берген түсі еске түсіп, ұлтымыз ұсақталып бара жатыр ма деген ойға келесің. Әрине, бұндай жағдайдың орын алуының тарихи себептері де бар, оның басты себебі 30 жылда мемлекетімізде қалыптасып қалған Нұрсұлтан Назарбаевты ғана дәріптеу саясаты десек те болар. Бірақ ол кісі биліктен кеткеніне бес жылдан асса да халықтың көңілінен шығатын зиялы қауым өкілдерінің көптеп қалыптаспауына өзіміз де кінәлі шығармыз. Себебі, халық арасында танымал болып, өзінің жеке пікірін айта бастаған кейбір азаматтарды қарсыластары кемшілігін тауып жариялап жатса, баршамыз соларға қосылып табалаумен әлек боламыз
ХХ ғасырдың басында өз елінде орын алып жатқан қиыншылықты көріп, ұлтының болашағына алаңдап, өздерінің идеяларымен біріктіре алған, алдағы жұмыстарға жұмылдыра алған Алаш зиялылары қазақ халқының мәңгі есінде сақталды. Бүгінде де дүниежүзіндегі геосаяси жағдайдың шиеленісіп жатуы, мемлекеттер арасында әртүрлі сылтаулармен қақтығыстардың орын алуы қазақ халқын ойландыруы тиіс. Ал сол халыққа ой салып, бірігіп жұмысқа жұмылдыра алатын, тоқтау сөз айта алатын зиялы қауымды қалыптастыру мемлекет үшін маңызды шаруа болуы қажет деп санаймын. Көптеген дамыған мемлекеттердің тарихын зерттеу барысында бір мәселеге таң қаласың, сол елге қауіп-қатер төнген жағдайда олар әрдайым халық өздерінің арасынан тұлғаларды шығара білген және сол тұлғалар өздерінің бас қайғысын емес, ұлтының болашағы үшін еңбек еткен.
Қазіргі танда мемлекет қарапайым еңбек адамдарын барынша дәріптеуге тырысуда, әрине, бұл құптарлық іс. Себебі тәуелсіздік алған жылдары барлық азаматтар заңгер мен экономист болғысы келіп, қарапайым жұмыс істегісі келетін азаматтар не қалада, не ауылда қалмай қалды. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау еліміздің экономикасы үшін маңызды, ал еліміздің руханияты үшін халық алдында сөз сөйлей алатын, ой толғай алатын зиялы қауым өкілдерін: мұғалім, дәрігерлер, кәсіпкерлерді, экономистерді, заңгерлерді, инженерлерді барынша дәріптеп насихаттау қажет деп ойлаймын.
Қанат БАҚБЕРГЕН,
Кентау көпсалалы
колледжінің мұғалімі
(Түркістан облысы)

808 рет
көрсетілді0
пікір