• Ел мұраты
  • 18 Наурыз, 2025

Ұлттық идеологиямыздың маңызды бағыты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алатынын айтқан болатын. «Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады... Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын» деп атап өтті Президент. 
Осы ретте Мемлекет басшысының пі­­кірін негізге ала отырып, «Таза Қазақстан» идеясын ұлттық идео­логиямыздың маңызды бөлігіне айналдыру бағытындағы өзекті ойларымды ортаға салуды жөн көрдім. 
Ең алдымен «Таза Қазақстан» атауының мәні тым тереңде жатқанын байыптай білуіміз керек. Бұл атауды тек экологиялық ортаның тазалығы деп санап, берісі отырған үй-ауламыздан тартып, арысы көше, ауыл-аудан, қаланы, тұтас елімізді қоқыстан арылтсақ болғаны деп білсек, онда шанақы ойдың шеңберінен шыға алмаған боламыз. 
Тазалықтың қамтитын аумағы көп, мазмұны да сан-салалы. Ендігі жазар ойымызды тазалық ұғымының рухани-әлеуметтік астарларына үңіле отырып, тарқатып көрелік. 

 
 

 Тіл тазалығы – діл тазалығы

 

Бұл екі ұғым – халқымыздың темірқазығы іспетті. Тілімізді дамытып, сақтау үшін ұлттық бірегейлік мәселесіне ден қоюымыз керек. Тіл жөнінде бізде мынадай міндеттер тұр: сақтау, кемелдендіру және мәртебесін көтеру. Мемлекеттік деңгейде мәртебесі көтерілсе, қолдауға да, қорғауға ие болады. Ғалымдар, тіл мамандары, аудармашылар, басқа да білікті қайраткерлер бай тілімізді одан әрі кемелдендіруге, жоғалтудан сақтауға, тазалығын дәріптеуге алаңсыз атсалыса алады. 
Тіл – бір ұлттың сатылмас байлығы. Бір ұлттың толық ұлт екендігін дәлелдейтін аса маңызды факторлардың бірі. Дүниежүзінде табиғи жоғалып бара жатқан тіл де, саясаттың салдарынан шетқақпай көріп, амалсыз жоғалуға бет алған тіл де бар. Құдайға шүкір, еліміздегі ана тіліміздің мәртебесі де күн сайын көтеріліп келе жатқаны шындық. 
Меніңше, тіл тазалығына жәй бұқарадан бұрын ақпарат, баспасөз құралдары мен ақын-жазушылар, журналистер баса мән берулері керек. Баспасөздегі қателік, орынсыз қолданылған сөз көпшілік назарына ілігіп, айналымға енуі бек мүмкін. Тілің таза болса ділің де таза болады дейтініміз сондықтан. Десе де, бұл күнде ақпарат, баспасөздегі тілдің тұнықтығы да лайланып бара жатқаны жасырын емес. 
Әлеуметтік желілерде қазір «отан­сүйгіш, еңбексүйгіш, халықсүйгіш» деген сөздер пайда бола бастады. Сонда зат есімге «шыл, шіл» жұрнақтары жалғанып жасалатын тілімізде бұрыннан бар «отаншыл, еңбекшіл, халықшыл» сөздері қайда кетті? «Намысшыл», «көпшіл» дегендерді «намыс сүйгіш», «көп сүйгіш» десек, қисынға келе ме? Әрине, келмейді. 
Қоғамдық орындардың есігінде: «Өзіңе қарай, өзіңнен ары» деп жазылғанын да байқап қалып жүрміз. «Тарт, итер» сынды қарапайым сөздерді білмегендерге жанымыз ашиды.
Тіл ол үлкен бір ғылым ғой. Технологияның дамып, жаңа заттардың пайда болуына, қолданысқа түсуіне орай әр ұлттың тілі кемелденуге мұқтаж. Ана тілін түп-тамырынан зерттеп, тіл тазалығы жөнінде өміршең көзқарас білдіріп жүргендерге ұлтшыл деп қарайтындар жоқ емес. Осы ұстанымды түсінбеймін, себебі тіл тазалығы үшін күресіп жүргендер діл тазалығының да, сана тазалығының да дұрысталуына үлес қосады. 
Мысалы, тіл қолданысына самсап еніп жатқан термин сөздерді, шет тіліндегі атауларды да өз тіліміздің табиғатына икемдеп, айтуға жеңіл, мағынасы нақты болатындай сәтті қылып аударып, әлеуметтік желілерде, газет-журналдарда насихаттап, дәріптеп, ортақ жүйеге келтіруіміз керек. Сонда ғана ала-құла атаулардан арыламыз. Көп ұлтты елдердің коғамдық жағдайына зер салсақ, тіл бірлікке келмей діл де бірлікке келмейді. Ділі бірлікке келмеген ұлттың біртұтас болуы да қиын. 
  Жан тазалығы – арлылық 
Әрбір жеке тұлға – қоғамның бір жасушасы іспетті. Қазақстанның тазалығын жүзеге асыру үшін, жеке тұлғалардың тазалығы шынайы әрі сапалы жүзеге асуы керек. Жеке тұлғаның тазалығы тән тазалығы мен жан тазалығынан құралады. Өркениетті қоғам тұрғысынан алғанда жеке тұлғаның «жан тазалығы» бәрінен маңызды. Өйткені, тәнің кірлесе, сумен жуып тазартасың, ал жаныңды жамандық жайласа, одан тазару қиын. 
«Арлы арына қараса, арсыз жеңдім дер» дейді халық даналығы. Арлы адам – ұятты адам. «Ұят болады»-ны санасына сіңіре білген адам әрбір сөзі мен іс-әрекетін пайымдай алады. Күлкіге қалудан арланып, аңдап іс қылады. Мәдениетті ортаға өзін тез бейімдейді. «Ақымақ адам өмірді өзіне бейімдегісі келеді. Ақылды адам өмірге бейімделеді» деген тамаша сөз бар. Олай болса, жеке тұлға үшін мәдениеттіліктің түп тамыры – әдептілік, әдептіліктің қозғаушы күші – саналылық, мәйегі – тектілік, арқауы – сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан (қазіргі күнде бояуы бозарып, елеусіз қалып бара жатқан) ырым-тиымдар мен таңдаулы дәстүрлер.
«Жаман болады», «Ұят болады», «Обал болады» деген үш ауыз сөзден ұлтымыздың сонау ертеден қалыптасқан сенім-нанымдарын, дүниеге көзқарасын, өмір мен өлім туралы танымын, арман-тілегін, сондай-ақ тіршілік қайнарын, жер ана мен ұлы табиғатты көздің қарашығындай аялай білетін қастерлі идеясын түсіну қиын емес.
«Ұят болады» жоғалған жерден құрмет құрыдымға кетіп, бейбастақтық тарап, ессіздік етек алады; «Жаман болады» мен «Обал болады» жоғалған жерде жанашырлық жоғалады, сүйіспеншілік сұйылады, өзімшілдік, пайдакүнемдік асқынып, аран ашылып, ындын кетіп, қара ниеттік қабындайды.
Егер әрбіріміз өркениетті қоғамның мәдениетті мүшесі болуға құлшыныс жасап, сапалы адам болудың талаптарын орындай алсақ; мәдениетті адамдардың сөз-әрекетінен тәлім алсақ; ұлтымыздың әдеп-иба жайындағы ырым-тиымдарын заманға сәйкестіріп, ұтымды қолданып, тірлігіміздің үзілмес арқауы ете білсек, өңіміз жылы, әрекетіміз ибалы, сөзіміз әдепті, жанымыз таза болары даусыз. 
Арың тазармай барың тазармақ емес. Әр адам арлы, жанашыр, ұятты болса, арын да, айналасын да былғамайды, көрінген жерге қоқыс тастамайды. Әр азамат «обал боладыны» санасына мықтап сіңіріп, жанашырлықпен зер салса, ары таза қоғам қалыптасса, әр ата-ана жұдырықтай ұл-қызының қауіпсіздігіне алаңдамас та еді. 

Азық-түлік тазалығы – денсаулық кепілі

Ішпек-жемек, адамзат тіршілік қимылы заттық негіздерінің бірі болу тұрғысында мына бірнеше шартты міндетті түрде әзірлеуі тиіс. Әуелі, белгілі қоректік құрамға және қоректік құнға ие болуы керек. Екіншіден, адам денесіне кері әсерін тигізіп, залал келтірмеуі тиіс. Үшіншіден, жеке тұлғаның көз, мұрын сынды сезім мүшесіне жағымды ықпал жасайтын күйде болуы, сондай-ақ, адамдардың дағдылы түйсік ұғымына ыңғайлы келуі шарт. Ішпек-жемек тазалығы мәселесін макролық жақтан қарастырсақ, арысын айтқанда, бір мемлекеттің, берісін айтқанда, бір ұлттың (жеке тұлғаның) тұрмыс әдеті, мәдениет өресі және сапалық білігі тәрізділерін бір қырынан айқын бейнелеп бере алады. Ашаршылық жылдары ата-бабаларымыз не жеуге бас қатырса, ит май жемейтін мына бақуатты заманда, шыны керек, не жеуге емес, нені жемеуге көп ой жүгіртетін болдық. Көрші елдерден келіп жатқан, дәмін бір алсаң тіліңді арбап, өзіне еріксіз құнықтырып алатын қоректік құрамы жоқ, «сырты бүтін, іші түтін» ащы-тұщы тағамдарға қауіпсіздік танымы саяз балаларымыздың үйір бола бастағанын жасыра алмаймыз. Қалтасына түскен теңгеге мәз болып, сапалық сараптаудағылар мен сатарман отыр көзін жұмып. Ақшаға құнығып, арын әдіра қалдырып, жанашырлықтан жүген ұстаған алаяқ саудагерлер шекарадан енгізген азық-түлік, ішпек-жемекке қатаң бақылау және шынайы сапалық сараптау жүргізбесек, «іс бітті, қу кетті» деген күнге қалып, ұрпақтарымыздың денсаулығынан қай-қайдағы кінараттар байқалғанда, өкінуге де үлгірмей қаларымыз даусыз. 
Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде ұрпақтарды тазалыққа насихаттап, әр жақтан ақаусыз ержетуге жебеп отыратын «астың бетін ашық тастама», «саусағыңды сорма», «суға дәрет сындырма», «көгерген нанды жеме» деген сынды көптеген ырым-тиымдар бар. Бұлар бізге «Денсаулық – зор байлық», «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген халық даналығы арқылы айпара (белгілі). Қай қазақ болсын, асқа отырарда және астан кейін міндетті түрде қолын жуатын. 
Жапония мемлекеті бір рет көшедегі қайыршылардың жаппай денсаулығын тексеруден өткізген. Бір ғажабы, сол қайыршылардан тек тұрмыс деңгейі жоғары ақ жағалыларда көп кездесетін «қан қысымы, қандағы май құрамы, қандағы қант құрамы жоғары болу» сынды көрсеткіштер байқалған. Қоғамдық тексеруден белгілі болғандай, жарамдылық мерзімі бір тәулікпен ғана шектелген азық-түліктердің кешке дейін сатылмай, тұтас ел бойынша қоқсық шелегіне тасталғандарын қайыршылар тұтынады екен. Дүкеншілер жарамдылық мерзімі өткен азық-түліктерді отандастарына сатуды опасыздық, халқына, адамзатқа жасаған ауыр қиянат, жауыздық санаған. 
Егер әрбір өндірушілеріміз бен сатармандарымыздың ары таза, «обал боладыны» жадына сіңірген, заңдық бақылау қатаң болса, ашыған нан, көгерген бөлке, сасыған ет, иістенген самса, шіріген картоп, қайнары белгісіз жемектік сияқтылардан аулақ болар едік. 

Заң саласының тазалығы – қауіпсіз қоғамның тағантасы

Президентіміз дәріптеп отырған «Әділетті Қазақстан» құрудың өзі осы «Таза Қазақстан» құрумен терең тамырласып жатыр. 
Жанұя жарасымды, әлеуметтік қоғам қауіпсіз болса, жай бұқараның көңілі алаңсыз, жұтқаны жұмырына жұғын, ұйқысы тыныш болады. 
Қазақстан қоғамы әділетті болу үшін, міндетті түрде, заң салтанат құруы керек. Біздің қоғамда билік жүргізіп отырғандар әділетті болуы шарт. Әділетті болу үшін парақорлық, жемқорлық, «қабақ қақты, көз қыстылық» түбегейлі жойылуы тиіс. «Тура биде туған жоқ» деген аталы сөзіміз бар. Ұры-қары, алдамшы-алаяқ, қарақшы сынды заңды аяққа таптайтындарды жөнге салып, алаңсыз орта, таза қоғам қалыптастыру үшін ең әуелі заң атқарушылар өздері құлан-таза болулары керек. Заң атқарушылар қылмыскермен жемтіктес, қарақшымен табақтас, ұрымен үндес, бұзақымен сыбайлас болмай, тұтас заң саласы жемқорлықтан, төрешілдіктен, босбелбеуліктен, немқұрайлықтан, сүйреп-салдылықтан міндетті түрде, түбегейлі тазаруы шарт. 
«Ертеңнен бастап үйіңді жөндеуге кірісемін. Зың қыламын» деп бір алаяқ көршіміздің 500 мың теңгесін алдап алып, қарасын көрсетпей кетті. Көршім аудандық сақшы мекемесіне арыз берді. «Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ» деген сараптама шығарып, қолына ұстатып: «Ақшаңды алған адамды өзің тауып, азаматтық сотқа арыз беріңіз» депті. Сонда, ұры мен алаяқты өзіміз тауып алуымыз керек болса, бұқараны қорғайды, қоғамды жамандықтан тазартады» деп сенген сақшылар не істейді? Неге керек?
Қазір Алматыдағы Тастақ сынды базарлардың алдында «Нәпсі қоздырғыш», «Арпалыс арттырғыш», «Төсек қуаты», «Мелжемдеткіш» сынды Қытайдан келген дәрі-дәрмектердің сатылымда жүргенін көзіміз шалып, құлағымызбен естіп жүрміз. Бұлар елімізге қалай кірді? Жыныстық қабілетті күшейтетін бұл дәрілер жастардың тап-таза қалыпты бүйрегін бүлдіреді. Қытайда мұндай дәрілер тек қарттарға ғана сатылады. Ал бізде шектеу жоқ. 
Заң атқаруда бұқаралық күшке өнімді сүйеніп, жалпы халықтық бақылауды жүзеге асырып, заңсыздықты белсене әшкерелеуге сыйақы тағайындап, әшкерелеушінің жеке құпиялығын берік сақтауға кепілдік ету сынды жолдар арқылы жалпы қоғамның заңсыз әрекеттер мен заң бұзушылықтардан тазаруына бұқараның көп болып атсалысуын жолға қоюымыз керек. 
Заң толық салтанат құрған қоғам орнату еліміздегі аса шұғыл әрі маңдай алды міндет. Заң қатайса, әділ атқарылса, «ауызы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегеннен арылып, заң атқарушыларымыз білікті, жұмысына жауапкер, бұқараға жанашыр болса, мекеме-мектептерге темірдей тәртіп орнаса, қоғам былықпалықтан тазарар еді. 
Заң бұзғандарға «қалқан» болғандар құрықталса, «көрсе де көрмеске салған» жауапкерсіздер қатаң жауапқа тартылса, қалтасына теңге салса тектеусіз жіберетін жемқорлық желкеленсе, қарапайым бұқараның үкіметке сенімі артып, үйде де, түзде де алаңсыз жүрер еді. Заң әділ, халық қамсыз болса, қоғам орнықты, жұрт тыныш, ел іргесі берік болады. 
Оқу-ағарту тазалығы – ұрпақ қамы
«Тәрбие тал бесіктен басталады» дейтін, ұрпағын ұлағатты етіп тәрбиелеуге баса мән беретін текті ұлт едік. Бірақ, мына экономика есірген нарық заманында бесікті қойып, мектептегі ұрпақтарды ақша табудың құрбанына айналдырып отырған алаяқтарға шектеу қойылмай отыр. Қастерлі ағартуымызды лайлап, ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарайтын жағдайларды мүлде болғызбау керек. Оқу-ағартудың тазалығы мен сапасы болашақ ұрпақтың жан кіршіксіздігіне, біліктілігіне негіз болады. Ұлағатты ұстаздан өрелі шәкірт жетіледі.
Бір танысым әңгімелеген мына істі ай­тайын: бастауыш мектеп оқушылары­на ар­­налған республикалық мақала жарысының құлақтандыруы бойынша, баласы жазған мақаланы тиісті мекенжай бойынша поштаға жіберіп, неше күннен соң, «балаңыздың мақаласы сараптаудан сәтті өтті, түген қалаға келіп салтанатты марапаттауға қатысса болады, ол үшін пәлен мың теңге тапсырасыз» деген хабарлама алған. Мұндай марапат алуға бала, әрине, өте қызығатыны даусыз. Барам деп байбалам салады. Осыдан ата-анаға түсетін экономикалық салмақ аз ба? Оны қойғанда, кем дегенде 50 баладан осылай ақша жинаса, ұйымдастырғандарға бірер миллион теңге ақша түсіреді. Бір беттік марапат қағазын жасауға ары кеткенде 500 теңге жұмсалар.
«Жердегі дән аспандағы құсты ұятқа қалдырады», «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, бізше болғанда, осындай атағын ат көтере алмайтын «басы жұдырықтай, аяғы қылдырықтай» жалған жарыстарды өткізетін ұйымдарға оқушы жөнелтіп берген мұғалімдерге белгілі бір сыйақы немесе қандай да бір пайдалы нәтиже берілетін болуы мүмкін. Өйтпегенде, олар оқушыларды мұндай жалған байқауларға қатысуға жан сала қузамас та еді. Әрекет көп қайталанса әдетке айналады. Жастайынан марапат қағазын ақшаға сатып алуға дәніккен бала, университетке түсе қалса дипломды да сатып алуды ойламайды, жалғандыққа, бодаусыз пайда табуға бой алдырмайды, барлық нәрсені ақшамен шешуге бейімделіп «кімнің тарысы піссе соның тауығы» болуға дайын тұратын психология қалыптастырмайды деп, кім кесіп айта алады!?
Оқушыларға бағытталған білім байқауы іс-шаралары ақысыз өтуі, оны оқу-ағарту салалары қаржыландыруы тиіс. Ұлт үміті ұрпаққа бөлінбеген қаржыны кімнен аяймыз. 
Оқу-ағарту министірлігі, білім академиясы, білім басқармасы, білім бөлімі сынды оқу-ағарту тарауларымен селбесіп құзырлы орындар (Журналдар, қоғамдық ұйымдар т.т) өткізген түрлі жарыстардың бейнежазбалары, байқауға қатысқан мақала сияқтылар марапатталу дәрежесі бойынша арнау­лы сайтқа жүктеліп, қоғамға ашық жариялануы керек. Бұл, «бармақ басты, көз қыстылықтан сақтанып», қоғамдық бақылауды күшейтіп, оқу-ағартудағы әділдікті жүзеге асыруға, әділ, ашық бәсекені дамытуға, оқушыларды анағұрлым ынталандыруға өте пайдалы.

Әлеуметтік желі тазалығы – санаөріс (идеология) тазалығының кепілі
Ақпарат құралдары – адамдардың санаөрісіне баяу ықпал жасайтын жұмсақ қарудың қайнар көзі. Сана-өрісіне ықпал жасайтын бұл дәрінің адамға пайдалысы да, залалдысы да бар. 
Қазір әлеуметтік желіде бәдік фильм­дер, демократия дегеніміз ауызына келгенді айту деп санап, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғып, елге жағымсыз, жалған ақпарат беретіндер, сондай-ақ жыныстық қатынас барысын батпыйтып ашық айтып отыратын нәзік жандылар бар. Олардың мақсаты ойсыздықтан олжа, тәрбиесіздіктен тәлім қабылдауға бейім, санасы төмен, көкірегі соқыр адамдар мен ой-сезімі толық орнықпаған жастарды баурап, парақшаларының көрілімін арттыру. «Атың шықпаса жер өрте» деген осы.
Мәселен, Қытайда жастарға кері тәрбие беріп, азаматтардың дұрыс жолдан азуына себеп болатын, психикасын бұзатын «бәдік фильмдер» сайттарына түгелдей шектеу қойылып, бұғатталған. Қалай іздесең де «бұл сілтемені ашу мүмкін болмайды, өйткені ол заңсыз сайт болып есептеледі. Ашсаңыз, таратсаңыз заң бойынша жаза тағайындалады» деп шыға келеді. Немесе, осындай сайттарға хакерлік вирус қосылған. Бір-екі рет ашсаң компьютеріңіз немесе телефоныңыз істен шығады. Осындай тәжірибені біздің елге де енгізу керек. Бәдік филімьдер мен бәдік жазбалар жылыстап кіріп, сананы улап жатыр. Құзыретті органдар ғаламтор кіршіксіздігін қалыптастыруға күш салып, бәдік түсірілімдерді батыл шектеп, әлеуметтік желіде мұндай «рухани дерттендіргіш» таратқандарды қатаң жазалағандары жөн. 
Демократия дегеніміз көзді тарс жұмып алып, ауызға келгенді айту яки қоғамға жүйесіз, негізсіз, жағымсыз ақпарат тарату емес. Заң арқылы басқарылатын өркениетті қоғамда «Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін» табуы керек. Қысқасы, ғаламторды тазарту да заңның әділдігіне жүгінеді.

Орта тазалығы – Отан келбеті
Ғаламдық түс алған үш ірі қауіп: Жаратылыстық байлықтардың азаюы, экологиялық ортаның бүлінуі немесе тіршілік ортаның ластануы. Экологиялық ортаны қорғау бұл күнде әлдеқашан ғаламдық сипат алған басты мәселелердің біріне айналды. Әр елдің, өңірлердің экономикалық даму өресі мен ұлы табиғатты қорғау жағындағы танымының біркелкі болмауы себебінен қоршаған ортаны қорғауға мән беру, қолданған түрлі шарасы ұқсамаса да, барлығындағы көкейтесті ортақ мақсат – тіршілік атаулыға пана болған Жер ананы қорғау екендігі анық. 
Табаны тиген жердің әрбір тал шөбінен тартып сол ортадағы тіршілік атаулыны қорғауды тіршілігінің алғышарты ете білген ата-бабаларымыз экологиялық ортаны көздің қарашығындай қорғап, табиғаттың бүлініп, экологиялық тепе-теңдік бұзылуының алдын алу үшін «Көк шөпті жұлма, көктей орыласың», «Жалғыз ағашты кеспе, Жалғыз қаласың», «Құстың жұмыртқасын шақпа, бетіңе шұбар қаптайды», т.б көптеген ырымдар мен тиымдарды ойлап тауып, оларды отбасы тәрбиесіне сіңіріп, ұлтымыздың бөгенайы бөлек таңдаулы ұрпақ тәрбиесін барлыққа келтірген. Ұлы табиғатқа деген жауапкершілік пен жанашырлық тәрбиесінің арқасында, күлді көміп, көшкенде жұртын да тазалап кететін халқымыз қоныс тепкен таулы өңірлердің орманы ортаймай, аңы азаймай, ортасы ойрандалмай, суы тұнық, шөбі шүйгін, ауасы таза қалпында сақталған. 
Қоршаған ортаны ластайтын бас­ты факторлар негізінен: өнеркәсіп өндірісі, егін-мал шаруашылығы, қатынас-тасымал, бұқара тұрмысы, қазба байлықтарды ашу барысында туындайды. Бұлардың кейбірі мемілекеттік деңгейде бақыланса да, жеке тұлға өз ісіне өзі жауапты болу танымын берік орнатуы керек. Жай бір мысал алсақ: Дыбыстың халықаралық бірлігі децибил деп аталады. Дамыған елдер күндізгі шуылдың 55 децибелден, түнгі шуылдың 45 децибелден, өнеркәсіп шоғырланған өңірлерде күндізгі шуылдың 65 децибелден, түнгі шуылдың 55 децибелден аспауын түзімдендіріп, қатаң заңдастырған. Олардың көшесінен «дарылдап» бара жатқан жағымсыз дауыс мүлде естімейсің. Еліміз үкіметінің халықтың жағдайын ойлап, артынан будақ-будақ ыс-түтін шығаратын көне машиналардың жолға шығуына шектеу қоймай отырғаны бәрімізге белгілі. Десе де, көшедегі дауы­сы құлақты жаратын мотоцикілдер мен өздері «дауыс зорайтқыш» салып алған көліктерге шектеу қоюға әбден болар еді. Сайып келгенде ортаны қорғаудың өзі жеке тұлғаның сапасы мен санасына бағынышты. Келер-кетерді, пайда-зиянды, обал-сауапты, ұятты білетін аңғарлы да саналы адамға ереже-түзімнің түк те қажеті жоқ. Әрбір отандасымыз «отбасы – мемлекеттің сұлбасы» деп біліп, өз басымен өнеге болып, адамдық ары мен отан алдындағы борышына жауапкер болып, тұрмысындағы лас су, қоқыс, жарақсыз газ, шуыл сынды ортаны ластайтын әрекеттеріне ең жоғары мүмкіндікпен шектеу қойып, саналы бір жайлы ете білсе, ортамыздың тазалығы, отанымыздың көркем келбеті, әрине, бұзылмас еді. 
Тағы бір маңызды мәселе. Ана тіліміздегі кино-фильмдердің күннен-күнге көбейіп келе жатқаны тақиямызды аспанға атарлық тамаша жағдай. Жастар да қуана-қуана көретін болды. Десе де, ұлттық құндылықтарымыздың мән-мағынасын солғындататын, бояуын бозартып, нәрін сұйылтып, жастардың өсіп-жетілуіне кері тәрбие беретін, ұлттық ғұрып-әдетке жат, ұлт бірлігі мен отан тұтастығын сақтауда идеологияға кері ықпал жасайтын кино-фильмдерді жөргегінде тұншықтырып, көрілімге ұсынылатын фильмдерді білікті мамандар мен құйма құлақ қарттар қатаң саралаудан өткізуі керек. 
Одан кейін «Балаңды мектепке емес, дін оқуына бер» дейтіндердің бар екені де шындық. Бұқараны қу тілімен ұйытып, дінді ақша табудың құралына айналдырып отырған молдалар да жоқ емес. Бет-ауызымды бүркеп хиджап кисем ғана мұсылман боламын дейтін қыздар, баласын ғылым-білім алудан шеттетіп, тек дін оқуын оқуға беретін ата-аналар көбейді. Ислам дінінің ізгілікке жебейтін тұстарын жастардың білгені жақсы. Десе де, ғылым-білім алып, технология үйренуден құр алақан қалмаулары керек. «Бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай ораза тұтқаннан жақсы» (Хадис). Білім-ғылымның қадірі мен қасиетін жастар ұғына білсе деймін. 
Қорыта айтқанда, «Таза Қазақ­стан» құрудың түп тамыры әрбір отандасымыздың санасы мен арында жатыр. Қоғамда заң үстемдік алса; әр адамда Отанымыздың шымшым топырағы мен бір түйір тасын көз қарашығындай қорғайтын өршіл рух, ортаны ойрандауға қарсы тұратын берік майдан мен батыл жігер, жер тазалығын отбасы тазалығынан кем көрмей, терең мән беретін салмақты сана болса; жасаған ортасына қоқыр-қоқсық тастап, негізсіз өсек-аяң, бәлдір-батпақ жазбаларымен әлеуметтік желіні ластап, жұртшылық санасын былғауды арсыздық деп таныса, тәрбиесіз, мәдениетсіздігін намыс көрсе; жастарымызды әуейілікке, ұятсыздыққа бой алдыртпай, әр ата-ана мен ағай-апайларымыз бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ізгілікке, адамдыққа жебейтін мәні зор, мәйегі мол ұлттық ғақлияларымызды, ырым-тиымдарымызды, мақал-мәтелдерімізді, т.б мазмұндарды ұрпақтардың санасына өнімді сіңіре біліп, оқу-ағарту саласы «Ұлттық құндылықтар» атты оқулықтар құрастырып, қолданысқа салып, оқушыларды нағыз отаншылдыққа, шынайы жанашырлыққа, дені сау, жаны таза болуға баулыса, көк туымыз мәңгі желбіреп, аты затына сай «Таза Қазақстан» идеясы толыққанды орнайтын еді. 

Қаусылхан ҚАСЫМХАНҰЛЫ,
 этнограф, мәдениеттанушы,
 Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

 

1209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы