• Мақала
  • 18 Наурыз, 2025

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЗЕРТХАНАСЫ АШЫЛДЫ

Елімізде Қазақстан мен Қытайдың «Кеңістік-уақыт өлшеміндегі жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасы» құрылады. Осы мақсатпен «Ғылым ордасында» ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Қытай ғылым академиясының (СAS, Қытай) академиктері бірлесіп, Чжэцзян технологиялық университеті (ZJUT), сондай-ақ ҚХР-дың жоғары технологиялық компаниялар тобы, Чжэцзян технологиялық университетімен бірге Қазақстан-Қытай ғылым және технологияны трансферлеу орталығын ресми түрде ашып, меморандумға қол қойды. 

 

Бұл жоба Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және озық технологияларды дамыту бағытындағы маңызды қадам болмақ.
Бүгінде Қытайдың DeepSeek нейрожелісі бүкіл әлемге танылып, кеңінен қолданылып жатқаны белгілі. Қытай ғалымдарының көмегімен Қазақстанның өз ЖИ қосымшасы әзірленеді, ол DeepBas деп аталады. 
Қазіргі таңда климаттың өзгеруі және басқа сын-қатерлерге байланысты табиғи ресурстарды басқару ісі табиғи апаттар және экономиканың цифрландырылуы, жасанды интеллект (ЖИ) пен кеңістіктік-уақыттық деректерді талдауға негізделген инновациялық тәсілдерді талап етеді. Қытаймен бірлесіп ашылған зертхана жасанды интеллект, қашықтан зондтау, геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) және болжамды модельдеу саласындағы озық технологияларды біріктіретін озық зерттеулер орталығына айналады. 
«Бұл орталықтың мақсаты – инновациялық тәсілдерді табиғи апаттардың алдын алу, ауыл шаруашылығында, логистика, жасыл энергетика саласында қолдану. БҰҰ бағдарламасы бойынша әлем елдері көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге тиіс. Сондықтан да жаңа зертхана Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қосады», – деді қытай делегациясының басшысы. 
Зертхананың негізгі зерттеу бағыттары: 
– ЖИ және геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) технологияларын қолдану арқылы су ресурстарын мониторингтеу және басқару; 
– Су тасқындары, көшкіндер мен қар көшкіндері сияқты табиғи апаттар туралы ерте ескерту жүйелерін әзірлеу; 
– Қоршаған орта өзгерістерін болжауға мүмкіндік беретін деректерді талдау үшін жасанды интеллектіні қолдану; 
– Энергетикалық ресурстарды интеллектуалды энергия тарату жүйелері арқылы оңтайландыру; 
– Ауыл шаруашылығын цифрландыру және «ақылды егіншілік» технологияларын енгізу.
Зертхананың құрылуы Қазақстанға: Халықаралық ғылыми жетістіктерді ұлттық тұрақты даму жүйесіне үйлестіру, ЖИ саласында маман даярлау, шетелдік жетекші ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықты нығайту, табиғи апаттардың алдын алу және басқа мүмкіндік береді. 
Биыл елімізде ІІ «Қытай – Орталық Азия» саммиті өтеді. Қазақстан-Қытай ғылым және технология трансфері орталығының құрылуы – осы бағыттағы маңызды оқиға. 
Айта кетерлігі, Қытай ғалымдары 2024 жылы Қазақстанның бірнеше облысында болған су тасқыны жайында зерттеу жүргізген. Деректер интернеттегі ашық көздерден алынған. Зерттеу 1932-2024 жылдарды қамтиды. Ғалымдардың айтуынша, жасанды интеллект көмегімен су тасқыны және басқа табиғи апаттардың болатынын 3-5 күн немесе 1-2 ай алдын ала білуге болады. 

Дина ИМАМБАЙ

834 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы