- Мақала
- 18 Наурыз, 2025
Азаматтық қоғам қандай қоғам?

Елімізде азаматтық белсенділік жылдан-жылға артып келе жатқаны белгілі. Қоғамдық-саяси процестерге, биліктің шешімдеріне, қабылданып жатқан заңдарға, т.б. түрлі саладағы өзгерістерге байланысты қоғам мүшелері белсенділік танытып келеді. Әсіресе, әлеуметтік желілердің, түрлі интернет платформаларының дамуы, пікіралмасу алаңдарының пайда болуы азаматтық қоғамның қалыптасуына оң ықпалын тигізіп жатқаны сөзсіз. Иә, қоғам алға жылжуы үшін ой еркіндігі керек. Елде болып жатқан проблемаларды қозғау, олардың шешілу жолдарын көрсету, қоғамдағы кереғар мәселелерге назар аудару, әлбетте, азаматтық қоғам жүйесін ілгерілетумен қатар, құқықтық сананың өсуіне, сананың ашық болуына бастайтын дүниелер.
Жалпы, азаматтық қоғамның тарихына тоқталатын болсақ, азаматтық қоғам туралы идеялар Ежелгі Грецияда, Ежелгі Римде, Ортағасырлық кезеңдерде өріс алып дамығаны белгілі. Мысалы, Аристотель тұңғыш рет мемлекет пен қоғам ұғымдарының аражігін ашып, азаматтық белсенділіктің маңыздылығын атап көрсеткен. Ежелгі Римде жекелеген қоғам қабаттарының автономиясын қамтамасыз ететін заңдық категориялар қабылданса, Ортағасырларда азаматтық қоғамның белгілі бір көрінісі ретінде қалалық коммуналар, цехтар, университеттер пайда болған. XVII ғасырда Томас Гоббс, Джон Локк және Барух Спиноза қоғамдық келісімшарт теориясын дамытып, билік бөлінісі мен мемлекеттен қоғамның тәуелсіз болуын негіздеген. XVIII ғасыр – Ағартушылық дәуірде Жан-Жак Руссо, Шарль Монтескье, Адам Смит, Иоган Гердердің идеялары еркін қоғамның, азаматтардың өз-өзін ұйымдастыруы, саясатқа араласу құндылықтарына баса мән берген. Неміс ойшылы Гегель ең алғаш рет «азаматтық қоғам» терминін экономикалық, құқықтық және әлеуметтік институты кіретін отбасы мен мемлекет арасындағы аймақ ретінде қарастырған. Ал Карл Маркс болса, азаматтық қоғамды сынға алған. Ол азаматтық қоғамды буржуазияның жұмысшыларды бақылау құралы деп есептеген.
Еуропада Парламенттік демократияның, баспасөз еркіндігінің, кәсіподақтардың, қоғамдық ұйымдардың дамуы азаматтық қоғамды нығайта түсті.
ХХ ғасыр азаматтық қоғам үшін өрлеу де, құлдырау ғасыры болды. Мысалы, 1917-1945 жылдардағы тоталитарлық режимдер (КСРО, фашистік Германия) азаматтық қоғамды тұншықтырды. 1945-1991 жылдары, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс демократиясы азаматтық қоғам институттарын нығайтты, яғни ол үкіметтік емес ұйымдарды қолдап, құқық қорғау қозғалыстарын, кәсіподақтардың жұмысын ілгерілетті. КСРО-да азаматтық қоғам шектеулі формаларда, көбіне диссиденттік қозғалыс түрінде дамыды. 1980-1990 жылдары аралығында КСРО-ның күйреуімен, коммунистік режимдердің құлауымен Шығыс Еуропа мен Ресейде азаматтық қоғамның жаңа кезеңі бастау алды.
ХХІ ғасырда азаматтық қоғамның кеңістігі ұлғайып, қанатын кеңге жая түсті деп айтуға болады. Ол енді цифрлық дәуірдің өріс алуымен, сондай-ақ әлеуметтік желілердің дамуымен жаңаша екпін алды.
Алексис де Токвиль: «Азаматтық қоғам бұл – демократия мектебі, ол жерде адамдар бірлесе әрекет етуді, қоғамдық пікірді қалыптастыруды үйренеді» деген екен. Сонымен қатар Гегель: «Азаматтық қоғам бұл – әртүрлілік аймағы, ол жерде әркім өзінің мүддесін ойлайды, бірақ сол арқылы жалпы қоғамдық игілік орнайды» деп пікір айтса, Юрген Хабермас: «Азаматтық қоғам – бұл мәдени үстемдік, идеологиялық көшбасшылық үшін күрес жүріп жататын қоғамдық аралас-құраластықтың кеңістігі» деп баға берген. Ал Джон Локт «азаматтық қоғам – адамдар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін топтасқан кезде пайда болатынын» айтқан.
Иә, осындай пікірлер легі азаматтық қоғам туралы ой, ұғым, түсінікті кеңірек қалыптастыруға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Замана ойшылдары, қоғамтанушылар азаматтық қоғамның қалыптасуына баса мән бере отырып, оның қоғамдық-саяси маңызына айрықша ден қойған. Тәуелсіз Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы елдегі азаматтық бастамалардың, қоғамдық қозғалыстардың пайда болуымен байланысты деп айтуға болады. Әсіресе, егемендіктің бастапқы кезеңдеріндегі азаматттық белсенділік мемлекетіміздің саяси бағыт-бағдарын айқындауда, қоғамның жаңа болмысын қалыптастыру жұмыстарында көрініс тапқаны сөзсіз. Азаматтық пікіралуандықтың болуы, саяси өмірге байланысты түрлі көзқарастардың ашық айтылуы, баспасөз еркіндігі сол кезеңдердегі азаматтық қоғамның өзіндік ерекшелікке толы бет-бейнесі деп қарастыруымызға болады. 1990 жылдардың басында елімізде тәуелсіз кәсіподақтар, экологиялық қозғалыстар қарқынды жұмыс істей бастағаны мәлім. Соның бірі «Невада-Семей» қозғалысы азаматтық қоғамның алғашқы институттарының бірі ретінде қанат жайды. «Невада-Семей» қозғалысының мақсаты – Қазақстандағы ядролық сынақтарды тоқтату, полигон алаңдарын жабуға бағытталды. Осы қозғалыс арқылы халықтың үні бір арнада тоғысып, азаматтық ұстанымдарын белсенді жариялауға мүмкіндік алды. Осылайша билік пен халық арасындағы туындаған мәселелерді шешудің оңтайлы жолы азаматтық қоғам институты екенін уақыттың өзі дәлелдеді.
2003 жылы Президенттің қатысуымен азаматтық форум өткені мәлім. Бұл азаматтық қоғам институтының жүйелі құрылымдануына негіз болған форумға айналды. 2005 жылы «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс» туралы заң қабылданып, үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жағдай туғызды. Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенділері өздерін толғандырған мәселелерді айтудан ешуақытта қалыс қалған емес. Алайда, олардың дауысы, көтерген бастамалары әрдайым діттеген межелеріне қол жеткізе алмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғанда «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидасын жариялауы да осындай факторларды ескеруден туындаған қағида деп айтуға болады. Яғни, қарапайым халықтың талап-тілегіне құлақ асатын Үкімет болмайынша, азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Себебі азаматтық қоғамның белсенділігі, билік органдарымен ашық диалог орнатуға деген қадамдары билік тарапынан қолдау таппаса, қоғамды толғандырған мәселелер ушыға беретіні түсінікті. Бір айта кетерлігі, еліміздің азаматтық қоғамның институты стихиялы түрде емес, заңдық-құқықтық негізде дамығаны жақсы. Өйткені, өркениетті қоғамның көрінісі ең алдымен заң талаптарының сақталуымен ерекшеленеді. Президент Тоқаевтың азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған реформалары елімізде жүргізілген саяси реформалармен де тығыз байланысты. Қазіргі қоғам бұрынғыдай емес, халықтың да көзқарасы билік өкілдерінің ашықтығын қалайды. Азаматтық қоғам қашанда өз бастамаларының нәтижелі болғанын көргісі келеді. Демек, атқарушы билік өкілдері де азаматтық қоғам институтының мүддесімен санасуы тиіс екені сөзсіз. Ұлттық құрылтайдың құрылуы, елдегі көкейкесті мәселелердің Парламентте талқылануы, әкімдердің, министрлердің халық алдында есеп беруі, осының бәрі де азаматтық қоғамның дамуына серпін беретіні сөзсіз. «Бірлігіміз – алуандылығымызда», «әртүрлі көзқарас – бір мүдде» қағидалары да азаматтық қоғамның өркендеуіне негіз болатын тұжырымдар.
Бүгінгі таңда Қазақстанда заңды түрде тіркелген 22 мың үкіметтік емес ұйым бар екен. Олар әлеуметтік, экологиялық, құқық қорғау мәселелерімен белсенді түрде шұғылданып келеді. Яғни, үкіметтік емес ұйымдар қоғамның барлық салаларында жұмыс атқарып, маңызды бастамалардың қозғаушы күші ғана емес, ірілі-ұсақты түйткілдерді шешуге атсалысып келеді. Әрине, үкіметтік емес ұйымдардың барлығы бірдей азаматтық қоғам институтын дамытуға үлес қосып келеді деп айтудан аулақпыз, дегенмен, азаматтық қоғамның бір көрінісі ретінде олардың да маңыздылығын жоққа шығаруға болмас. Мемлекет басшысы өз сөздерінде азаматтық қоғамды дамыту және оның мемлекетті нығайтудағы маңызды рөлін бірнеше рет тілге тиек етті. 2022 жылғы сұхбатындағы Қазақстандағы азаматтық қоғамның есейгенін айтса, 2023 жылы билікті сынау азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі екенін, алайда жалаң сынау емес, конструктивті сынның маңыздылығына тоқталды. Ал 2023 жылы болған ХІ Азаматтық форумда үкіметтік емес ұйымдардың, белсенділердің және еріктілердің азаматтық қоғамды дамыту мен жалпы ұлттық диалогты нығайтудағы үлестерін атап өтті.
Мемлекет басшысы былтыр БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде елімізде Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артқанын, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түскенін айтты. «Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен айтқанда, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады» деді.
Елдегі азаматтық қоғам институтының жаңа бір кезеңі Президент Тоқаевтың саяси реформаларынан кейін басталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі азаматтық қоғам биліктің жағдай туғызуымен ғана дами алады. Билік тарапынан қолдау таппаса, азаматтық қоғам өркен жая алмайды. Сондықтан азаматтық қоғам институтының дамуына ең алдымен биліктің өзі мүдделі болуы өте маңызды көрсеткіштің бірі.
Азаматтық қоғам институтының негативті аспектілері де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Солардың бірі – популизм мен манипуляция. Мысалы, кейбір қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар ақпаратты бұрмалап, өздерінің популистік ұрандарын айтып, олардың ұсыныстары шынайы мәліметке құрылмаса да, қоғам назарын аудартқысы келеді. Оларға протестік акцияларды қоғамның тұрақтылығын бұзу үшін қолданатын радикалды топтар жатады. Екіншіден, шет мемлекеттер ықпалының артуы. Шет мемлекеттерден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдардың болуы мемлекеттің ішкі мәселелеріне шет елдердің араласуына әкеліп соғуы да мүмкін. Үшіншіден, әртүрлі көзқарастағы топтардың көбеюі әлеуметтік конфликтілерді ушықтырып жіберуі де мүмкін. Төртіншіден, қоғамдық қозғалыстар өзгерістерді талап еткенімен, өздерінің нақты ұсыныстары болмағандықтан, реформалардың іске асуын қиындатып жіберуі мүмкін. Билік көбіне-көп азаматтық қоғамның әртүрлі топтары арасындағы мүдделер қайшылығымен бетпе-бет келуге мәжбүр болады. Бесіншіден, кейбір үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік мәселелерді шешуге емес, гранттар және бюджет қаражатын игеру үшін құрылатыны жасырын емес. Бұл азаматтық қоғам институтына деген сенімді әлсіретеді. Алтыншыдан, азаматтық қоғам бақылауда болмаса, олардың кейбірі радикалданып, қоғамдық тәртіпке қауіп тудыруы да мүмкін.
Қалай дегенмен, азаматтық қоғамның дамуы еліміздің ұлттық мұрат-мақсатымен үндесе дамығаны жөн. Азаматтық қоғам институтының өкілдері ұлттық құндылықтарды насихаттап, тәуелсіздігімізді қорғауға, нығайтуға, тіл мен дәстүрді сақтауға, қоғамның бірлігін күшейтуге, билік өкілдерінің жұмыс сапасын арттыруға үлес қосып, барлық қажыр-қайратын мемлекеттік мүдде жолында сарп ете білгендері абзал.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Aqiqat»

1307 рет
көрсетілді0
пікір